БҰЙРЫҚҚА БЫЛҚ ЕТПЕЙ ОТЫРҒАН КІМДЕР?!

Білім
886 Views

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі К.Н.ШӘМШИДИНОВА ханымға

Құрметті Күләш Ноғатайқызы!

Сіздің ұзақ жылдар бедерінде ұстаздық қызмет атқарып, Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) ректоры лауазымында жемісті жұмыс істегеніңізді жақсы білеміз. Егемен еліміздің білім ордаларына тәжірибелі мамандар даярлаудағы тындырымды тірліктеріңіз қалың жұртшылықтың жадында. Бүгінде шәкірттеріңіздің сан түрлі салада еселі еңбек етіп жүргені баршаға аян. Осылайша елдің, Елбасының сенімінен шыққан білікті басшы ретінде таяуда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалып отырсыз. Сізді осы жоғары лауазымдық қызметіңізбен шынайы құттықтап, алдағы кездегі жұмыстарыңызға да толағай табыс тілейміз!

Осы орайда өзіңізге мына бір ыңғайсыз жағдаят жөнінде мәлімдегіміз келеді. Сіздің әріптесіңіз, Қазақстан Республикасының бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев 2018 жылғы 8 қарашада «Конкурс өткізу туралы» № 28-к бұйрық шығарған болатын. Онда экс-министр «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ректоры бос лауазымдық орнына конкурс өткізуді тапсырған еді. Алайда, қол қойылған күнінен бастап күшіне енген бұл бұйрық әлі күнге дейін орындалмай отырғаны түсініксіз жағдай. Арадан үш айдан астам уақыт өткеніне қарамастан, баспасөз бетінде конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру жариялауды қамтамасыз етпеген. Бұл жөнінде аталмыш жоғары оқу орнының баспасөз хатшысына бірнеше рет хабарласып, байланыс орната алмадық. Қазіргі ректор Оңалбай Аяшевтің зейнет жасында екені жұрттың бәріне мәлім.

Елбасы Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарының беделін арттырып, оларды Назарбаев университетінің деңгейіне көтеру жөнінде тапсырма бергені бәрімізге белгілі. Осылайша ондағы тәлім-тәрбие алып жүрген жастардың білім және біліктілік дәрежесін төрткүл әлемдегі өркениетті елдердегідей етуге болатынын сан мәрте қадап айтқаны тағы бар.

Сол себепті Сізден аталмыш конкурстың неліктен өтпей қалғаны жөнінде арнайы тексеріс жүргізуге ықпал етуіңізді сұранамыз. Сіздің берген жауабыңызды өзара келісім бойынша газетімізде міндетті түрде жариялайтын боламыз.

Әбдісаттар ӘЛІП,

республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің жауапты хатшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *