МЕНІ ШЫҢДАҒАН УНИВЕРСИТЕТ

Білім
90 Views

 Қазақстан Республикасында жоғарыбілімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 2-параграфында озық кадрлық қамтамасыз ету туралы тапсырма берілген. Онда университеттібітіргеннен кейін өз түлектерін қолдауға арналған «жаңарту» орталықтарын құруғабағытталған.

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Осыны ескере келе әрбір шәкірт тәрбиелеуші білім ошақтары, ұстаздар қауымы білімді өнермен, мәдениетпен тоғыстырып, дарынды шәкірттердің жолын ашып, дарынын одан әрі өрбіту керек.

 Осы жолда білім мен өнерді ұштап, шәкіртінің дарынын дамытып, қолдау көрсетіп, жаңадан үлкен өмірге қадам басқан жас студенттің бар қабілетін шыңдап, өмір атты теңізде өз кемесін жасап, жүзіп өтуге жол көрсеткен Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті.

 Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған оқу орны.

Сыйластық пен шынайы достықтың мекені. Менің оқу ордам – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Университет негізін қалаушы химия ғылымдарының докторы, академик, Капица сыйлығының лауреаты, ғалым Әбдімұса Мұратұлы. Көзі тірісінде әлемді мойындатқан ұлы тұлғаның батасын алған бақытты шәкірттің бірімін. Сол себепті де, мен өзімнің оқу ордамда өткен төрт жылымды өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын.

 Университетіміз – ұлағатты ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген таусылмас білім ордасы. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ғұлама әл-Фараби айтқандай, тәрбиеге толы құндылықтармен қатар, студенттердің білім көкжиегін жан-жақты көбейтуде жақсы істер атқарылуда. Шымкент қаласында рейтингті жоғары ЖОО қатарында көшбасшы орынға ие. Мен оқыған кездің өзінде оқу үдерістерінде студенттердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік жасау базасы толықтырылып, оқу дәрісханалары ыңғайлы, бейнекөрсетілімдер үлгілерімен жабдықталған болатын. Ал қазіргі таңда әр барғанымда оқу орнымның күннен-күнге қарыштап дамығанына, өзгеріп жатқанына өзім куә болып қайтамын. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің Студенттер үйіндей заманауи студенттер жатақханасын кез-келген оқу орнынан кезіктіре алмаймыз. Жатақханада студенттердің білім алуына барлық жағдайды қалыптастырған. Өткен айда университетте болып, ғылыми-зерттеу орталығымен таныстым. Ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын жастар үшін мүмкіндіктер мол. Университет өзінің жан-жақты қызметін кең ауқымда жүргізіп, қарқынды дамып, жастардың бойында азаматтық, ұлтжандылық сезімдерін, ұрпақтар сабақтастық дәстүрлі үрдісін қалыптастыруда зор еңбек етуде.

 Осы университетке әкем құжат тапсыртқанда ренжіген болатынмын, арман қуып Алматыға кетемін дегенім де жібермеді деп. Әр істің бір қайыры бар. Менің оған көзім анық жетті. Оқу ордама аяқ басқан бірінші күнімнен-ақ менің бетімнен қақпай, ұстаздарым тек алға тартты. Соның арқасында кім екенімді әуелі өз-өзіме дәлелдей алдым. Студенттік күндерімнің бір күні босқа өткен жоқ. Тек даму үстінде болдық, студенттік декан атандым 1-курсымда, арадан көп ұзамай «Алаң» дебат клубының президенті болып сайландым. Жаныма бәсекеге қабілетті жастарды жинап, университет президенті техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қуатбеков Нұрлан Әбдімұсаұлының қолдауымен Қазақстанның ең үздік оқу орындарына байқауларға, конгрестерге, симпозиумдарға, дебаттарға барып, басшылықтың үмітін ақтап, жүлдемен оралып жүрдік. Сонымен қоса еңбегім бағаланып, университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Әбдімұсақызы құрылтайшылар тарапынан берілетін грант иегерлері қатарына қосуға бұйрық шығарды. Үздік студент ретінде 4 жыл оқу төлемақысын төлемей, тегін білім алдым.

 Міне, осындай қолдаудың арқасында ауыз толтырып айтатындай тұлға болып қалыптастым. Біздің оқу орнының басшылары әрбір студентті өз баласындай қабылдап, жүрегімізге иман нұрын ұялатқан, студенттердің еркіндігін қалыптастырған, адами қасиеттері жоғары тұлғалар. Мен, университет ректоры Рабиға Әбдімұсақызының қарапайымдылығы мен білікті басшылығын көрдім. Студенттер үшін есігі әрқашан ашық болатын. Әрбір студентті тыңдап, мәселесін шешіп беретін. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында сапалы білім мен саналы тәрбие берілуін күн тәртібінен түсірмейтін. Қазіргі таңда, өзім бір білім ордасының білікті ұстазы болып, мені шыңдап шығарған оқу орнымнан тәжірибе алмасу мақсатында жас студенттерді қабылдап, өз тәжірибемді бөлісіп жүрмін. Менің білікті маман иесі – ұстаз болуыма үлкен еңбек сіңірген, «Филология» кафедрасының оқытушы – профессорларына, меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайырбекова Ұлбосын Серікқызына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қабілетімді шыңдап, бәйгеге қосып, ғылыми бағытта тәрбиелеп, қанатымды қатайтып ұшырды.

Қазіргі таңда Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті – қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан экономикасының өсуіне, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауда белсенді жүзеге асырып отырған білім ордасы. Білім көкжиегін кеңейтіп, әр салада маман дайындайтын оқу орны түлектері университет атын бүгінде республика көлемінде, әлемдік деңгейде танытып жүр. Білім жолындағы асқақ арманын жиып келген талай жасты қара шаңырақ құшақ жая қарсы алып, озық тәжірибе мен ғылымның биігін бағындырған білікті ұстаздар білім нәрімен сусындатуда. Қазіргі таңда университет түлектері қазақ билігінде, саясат пен заңды қатар алып жүріп, мемлекет ісіне белсене атсалысып, спорттың биігінде, ұстаздықтың ұлы жолында жүр. Соның бірі – мен.

«Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан» деген Абай атамыз. Ғұламаның ұлағатты ойы академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде білім алған студенттің ұстанар ұраны, мызғымас, берік мақсаты. Студент мүддесін басты орынға қойып, білім беруде озық ойлы ұстаздар күндіз-түні талмай еңбек етуде. Еңбектеріңіз еш кетіп жатқан жоқ, мақтанышым – университетім, ұлағатты ұстаздарым!

 Ұстаздық жолын таңдап, маған берген сенімділігіңді, артқан үмітіңді ақтаудамын – мені шыңдаған оқу ордам!

Сүйіндік Диана Әлімжанқызы,

№138 Жалпы орта білім беретін мектебінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті,

Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының түлегі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *