БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТА БІЛЕЙІК!

Құттықтаймыз
939 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы қалың жұртшылыққа жақсы белгілі. Автор ел тарихына жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, халқымыздың ежелгі тарихын қайта зерделеу, түрлі пайымдарды қайта тұжырымдау қажет екеніне назар аудартады. Қазақ халқының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін қайта саралап, зерттеу жүргізуді ұсынады. Наурыз – еліміздің негізгі ұлттық мейрамы екені баршаға белгілі. Бұл мерекені қазақтан басқа Күншығыс жұртының көбі тойлайды. Алайда, бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрамы етуі айрықша сыйымды, дәлелді екені даусыз.

Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт жайлы сөз қозғағанда қазақтың атқа міну мәдениетіне тоқтамай өтуге болмайды. Осы орайда Елбасының:

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны белгілі.

Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.

Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты», – деген сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады.

«Мінсең көлік, жесең ет, ішсең қымыз» саналатын жылқының қадір-қасиеті мол. Талай батыр, бағыландарымыз жүйрік ат, сымбатты сәйгүлік пен асау арғымақты өзіне серік етіп, қаһарлы жауға қарсы атой салғаны баршаға белгі. Одан беріде бәйге, тай жарыс, ат жарыс, құнан жарыс, дөнен жарыс, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, тағы басқа да сан түрлі ұлттық спорт ойындары мен жарыстары қалың жұртшылықтың делебесін қоздырмай қоймайды. Осы орайда Байшұбар, Құлагер, тағы басқа да атақ-даңқы жер жарған жүйрік жылқыларымыз қаншама.

Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді кеңінен дәріптеу мақсатында шапан, камзол, бөрік секілді киімдерімізді, киіз үйлерімізді, қазақы тағамдарымызды, хош иісті қызғалдақтарымызды, дәмі тіл үйірер алмаларымызды кімге болса да аса бір мақтаныш сезімімен ұсына аламыз. Әрі мұның бәрі елімізге саяхаттап келген кез келген қадірменді қонақтарға ұялмай көрсететін тұрмыстық бұйымдар екені баршаға белгілі.

Наурызды тойлау арқылы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек. Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, талқан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік және тағы басқаларын әдемі де шақты етіп әзірлеу процесін жолға қоятын мезгіл жетті.

Қымбатты отандастар! Сіздердің бәріңізді күллі мұсылман қауымының жаңа жылы – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз!

Әбдіжәлел АҚКӨЗОВ,

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясы Шымкент көлік колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *