ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ҰЯТҚА ҚАЛДЫ

Спорт
848 Views

Ресейдің Красноярск қаласында өткен ХХІХ Бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындары мәреге жетті. Оған қатысуға келген 58 елдің 3000-дай саңлағы спорттың 11 түрінен 76 медальдар жиынтығын сарапқа салды.

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы жартылай финалға шықты. Қазақстан Словакиядан 0:4 есебімен ұтылып қалды. Сөйтіп, жерлестеріміз канадалықтармен үшінші орынды сарапқа салды. Бұл ойында да отандастарымыз қарсыластарына 0:3 есебімен жол беріп қойды. Екінші жартылай финалда Ресей Канададан 5:1 есебімен басым түсті. Шешуші ақтық финалдық олар Словакияны 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Қазақ спорт және туризм академиясының ІІІ курс студенті Павел Колмаков шаңғы спортының фристайлшылар арасындағы параллельдік могул сайысында екінші орынды еншіледі. Ол жапон жігіті Икума Хорисимеден ғана қалып қойды.

Жерлесіміз Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің IV курс студенті Жанбота Алдаберенова шаңғы спортының фристайл акробатшысы 2017 жылы Алматы универсиадасында да қола медаль иеленген. Аралас жұптық бәсекеде Бағлан Іңкәрбековпен бірге алтыннан алқа таққан болатын. Ол Еуропа кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері атанған. Еуропа кубогы 2015-2016 жылдардағы кезеңінің абсолютті чемпионы. Әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері. Ол биылғы универсиадада да қола медаль еншіледі.

Қазақ спорт және туризм академиясының ІІІ курс студенті Әсет Дүйсенов шаңғы спортының еркін стильдегі спринтерлік жарысында 2:49,41 минут нәтиже көрсетіп, екінші орынды еншіледі. Ресейліктер Александр Терентьев (2:49,39) жеңімпаз, ал Андрей Собакарев (2:51,46) қола жүлдегер атанды.

Шорт-трекшілердің бес шақырымдық эстафеталық жарысында Қазақ спорт және туризм академиясының студенттері – Нұртілек Қажығали, Денис Никиша, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері – Еркебұлан Шамұханов, Мерсаид Жақсыбаев үшінші орынды еншіледі. Олар тек Корея мен Ресейден ғана қалып қойды.

Ал шорт-трекші әйелдердің арасындағы үш шақырымдық эстафеталық жарысында Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің І курс студенттері – Әлия Әмірғалиева, Хадиша Бақыткереева, Қазақ спорт және туризм академиясының І курс студенттері – Яна Хан, Алена Воковницкая да үшінші орынға иелік етті. Олардың алдын тек Ресей мен Жапония спортшылары ғана орап кетті.

Қазақ спорт және туризм академиясының І курс студенті Элизавет Тұрсынбаева мұз үстінде мәнерлеп сырғанаудан қысқа бағдарламада 67, 57, ал еркін бағдарламада 147,20, сөйтіп қоссайыс қорытындысы бойынша 214,77 балмен күміспен күптелді. Жапониялық Маи Михара (220,68) алтынмен апталып, ресейлік Станислава Константинова (205,91) қола медальді иеленді.

Элизавет төрт құрлық (Америка, Азия, Африка, Мұхиттар аймағы) чемпионатының күміс жүлдегері. Бүгінде ол ресейлік мамандар – Этери Тутберидзе, Даниил Глейхенгауз, Сергей Дудаковтан тәлім-тәрбие алып жүр. Бұрынғы бапкері – канадалық маман Брайан Орсер болатын.

Шаңғышылардың 7,5 шақырымдық эстафеталық жарысында Қазақ спорт және туризм академиясының студенттері – Әсет Дүйсенов, Иван Люфт, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері – Никита Гридин, Олжас Климин (1:16:48,8) екінші орынды еншіледі. Ресейліктер (1:15:22,2) нәтиже көрсетіп, чемпиондық атақты жеңіп алды.

41 алтын, 39 күміс, 32 қола медаль иеленген Ресей құрама командасы бейресми жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Алты алтын, төрт күміс, төрт қола медалі бар Оңтүстік Корея екінші орынды еншіледі. Бес алтын, төрт күміс, төрт қола медальмен Жапония үздік үштікке ілікті.

Бұрынғы кеңестік кеңістік құрамалары арасынан екі алтын, бір күміс медальмен Беларусь 11 орынға, төрт күміс, үш қола медальмен Қазақстан 17 орынға, жалғыз қоламен Грузия 19 орынға орнықты. Жалпы 20 елдің саңлақтары олжа салды. Канада 13, Қытай 14, Ұлыбритания 20 орындарды місе тұтты. Америка Құрама Штаттары мұхиттың арғы жағына құралақан қайтты.

Осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткен қысқы универсиадада қазақстандықтар 11 алтын, сегіз күміс, 17 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Ресейден кейінгі екінші орынды еншілеген болатын. Өкінішке орай, биыл сол жоғары көрсеткіштен 15 орынға төмен қарай сырғыды. Осылайша Қазақстан ұлттық құрамасы өздерінің жанкүйерлерін ұятқа қалдырды.

Кезекті мерейтойлық ХХХ Бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындары 2021 жылы 21-31 қаңтар аралығында Швейцарияның Люцерн қаласында өтетін болады.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *