САЛҒЫРТТЫҚҚА САЛЫНҒАНДАР ЖАЗАЛАНБАЙ ЖҮР

Денсаулық Мәселе
1 436 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВ,

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы БІРТАНОВ,

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы НҰРДӘУЛЕТОВ мырзалардың назарына!

САЛҒЫРТТЫҚҚА САЛЫНҒАНДАР ЖАЗАЛАНБАЙ ЖҮР

дертіне дауа іздеген жас жігіт дәрігерлер қолынан ажал құшқан

Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылы, Биназар батыр көшесі, №135 үйдің тұрғыны Ағнұр Жеңісқызы ӘЛИЕВА редакциямызға шағымданып келді. Ол өзінің бауырының өліміне дәрігерлер кінәлі деп шырылдап отыр.

Сіздерге арыздану себебіміз 2000 жылы 2 қаңтар күні дүниеге келген туған інім Мейіржан Жеңісұлы Әли дәрігерлердің кінәсінен ажал құшып отыр. Мұның үстіне олардың әлі күнге дейін кінәсі толық анықталмағаны бізді таңдандыруда.

2018 жылы 28 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 11.00-де Тұрар Рысқұлов ауылында тұратын анамБакит Пердешовна Рыспаева іші қатты ауырып, температурасы көтеріліп,сырқаттанған інімді Түлкібас аудандық ауруханасына (бас дәрігері – Б.Тұрлыбеков) апарды. Содан оны аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі,травматолог-ортопед-дәрігер Қуаныш Нұрлыбаев, жұқпалы аурулар бөлімініңмеңгерушісі А. Ахмедов, педиатр-хирург-дәрігер, анестезиолог-реаниматологМұхтар Кадиров қараған. Олар тым болмаса науқастан анализ де алмаған,температурасын да өлшемеген. Сол себепті нақты диагнозын қоя алмай, інімдіауруханаға жатқызып, анамды үйге қайтарған. Бұл оқиғадан хирург-дәрігер ЖандосБуданбаев (әкеміз Жеңіс Алиевич Буданбаевтың немере інісі), К. Тубеков, Б.Бусибаев, К. Тайлаков, П. Бостаев секілді дәрігерлер де хабардар. Түс қайтасағат 16.00-де мазасызданған Мейіржанның дене қызуы көтеріліп, 37,5С-ты көрсеткен.

29 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 9.00-де бөлім меңгерушісі Қуаныш Нұрлыбаев науқасты тексерген кезде ол түні бойы тыным таппай жатқанын баяндаған. Дәрігер Жандос Буданбаев анамның ұялы телефонына хабарласып, ауруханаға жетуін сұраған. Ауруханаға барғанда Мұхтар Кадиров: «Балаңыздың диагнозын таба алмай отырмыз, ішін кесіп көреміз, сосын сырқатын анықтаймыз», – деді. Сол күні сағат 10.40-тан 12.10-ға дейін Мұхтар Кадиров пен Жандос Буданбаев ініме алғашқы отаны жасады. Мұхтар Кадиров: «Бәрі ойдағыдай өтті, диагнозын таптық, тоқ ішегі қарайыпты. Бір аптаның ішінде сауығып, үйге қайтатын болады», – деп сендірді. Содан ертеңіне таңғы сағат 10.00-ге дейін емдеу шаралары жүргізілді.

30 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 10.00-де інім аурухананың хирургия бөліміндегі палатаға ауыстырылды. Сол күннен бастап оның мазасы болмай, іші қызып, дене қызуы көтеріліп, жыламсырай бастады. Анам дәрігерді шақыртып, қарауын өтінді. Алайда, ешқандай дәрігер інімнің жағдайын білуге әрекет жасамады. Ешкім қарап, тексеруге келмеді.

31 желтоқсандағы түнгі сағат 22.00-де Мейіржанның жағдайы қатты асқынып, анам хирург-дәрігер Мұхтар Кадировты үйінен шақыртып алуға мәжбүр болған. Ол келгеннен кейін кезекші дәрігер Б.Божбанов, реаниматолог-дәрігер А.Тубеков інімнің ішін көріп, қайта ота жасау керектігін айтады. Екінші отаны түнжарымда, яғни сағат 23.10-нан 00.40-қа (2019 жылғы 1 қаңтар) дейін Мұхтар Кадиров, Жандос Буданбаев, Д. Әсирбеков, Б. Божбанов жасаған. Түнгі сағат 03.00 пен 04.00-тің арасында жансақтау бөлмесінде аппаратпен комада қатты қиналып жатқан бауырымыздың жанына дәрігерлердің неліктен оншақты адамды біртіндеп кіргізіп жібергенін де түсінбей қалдық.

2019 жылғы 1 қаңтар күні таңертеңгі сағат 07.30-да жүрек соғуы бәсеңдеген, 08.00-де биологиялық өлім тіркелген.

Осылайша Жаңа жылдың алғашқы күні дәрігерлер інімді қайтыс болды деп хабарлайды. Оның не себепті, қандай жағдайда көз жұмғанын үлкенді-кішілі медицина қызметкерлерінің ешқайсысы нақты айта алмады. Тек қана еш қорытынды жасай алмай отырғандарын ғана алға тартты. «Мәйітханаға жібереміз, екі сағаттан соң солар науқастың қайтыс болу себебін анықтайтын болады», – деп қана жауап берді. Алайда, көрсетілген уақытта барғанымызда ондағылар: «Медициналық сараптама жасайтын маман жоқ, марқұмның денесін үш күннен кейін аласыздар», – деді.

Сол күні сағат 11.00-лер шамасында хирург-дәрігер Жандос Буданбаев үйге келіп, інімнің денесін мәйітханадан алу үшін қолхат жаздырып алып кетті. Бұдан бөлек мәйіттің иістеніп кететінін айтып, марқұмды жедел жерлеуімізді талап етті.

Сөйтіп, 9 қаңтар күні Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбековке арызданған болатынмын. Болған жағдаяттардың бәрін баяндап, одан інімнің қандай диагнозбен немесе қандай аурумен қайтыс болғанын анықтап, аудандық орталық аурухана дәрігерлеріне заңды шара қолдануды сұранған болатынбыз. Мұхтар Сейділдаевтың басшылығымен бұл істі тергеуші Ғалымжан Тәжібаев қараған. Нәтижесінде, шығарылған шешімге қанағаттанбайтынымызды мәлімдедік. Себебі, біздіңше, тергеп-тексеру қорытындысында жалған мәліметтер берілген. Сондықтан, Түркістан облыстық ішкі істер департаментіне және Түркістан облыстық прокуратурасына арызданған болатынбыз. Алайда, олардың тарапынан кінәлілерді анықтап, оларға тиісті шара қолданылған жоқ.

Содан Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына және Денсаулық сақтау министрлігіне осы мәселе бойынша шағым түсіруге мәжбүр болдық. 2019 жылы 17 қаңтарда анам Бакит Пердешовна Рыспаева Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровтың атына осы мәселе бойынша арыз жазған еді. Сөйтіп, 2019 жылы 21 қаңтарда Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Өтініштер және іс жүргізу басқармасының аға прокуроры Г. Жорақызынан: «Сіздің өтінішіңіз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктеріне қарау үшін жіберілді», – деген жауап хат алдық.

Өз кезегінде 2019 жылы 22 ақпанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары С. Атыхаевтан Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков, Түркістан облысы полиция департаменті Түлкібас ауданы полиция бөлімінің басшысы С. Майлыбаев пен Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаевтан жауап хат келген. Онда шаруашылық жүргізу құқығындағы «Түлкібас аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына құрамына бейінді маман тартылып, жоспардан тыс тексеру жүргізілгені жөнінде баяндалған.

2019 жылы 19-28 ақпан аралығында аудандық орталық ауруханада жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оған Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімінің басшысы Е. Курбанходжаев, бас маманы Ж. Мусаев, жоғары дәрежелі хирург-дәрігер К. Жумагулов қатысқан. Сөйтіп, олар 2018 жылғы 28-31 желтоқсан аралығындағы орын алған жағдаймен танысып шыққан. Нәтижесінде, аудандық орталық аурухана қызметкерлерінің консилиум шақырмағанын, екінші отаның кешіктіріліп жасалғанын, зертханалық және аспаптық әдіспен зерттеу жүргізбегенін айтқан. Сот-медициналық сараптамасы жасалмағандықтан, өлімнің нақты себеп-салдарын айта алмайтындықтарын мәлімдеген.

Түлкібас аудандық сотының 2019 жылғы 12 наурыздағы Мейіржан Жеңісұлы Әлидің мәйітіне эксгумация жасау жөніндегі қаулысын 15 наурыз күні қолымызға алдық. Ағайын-туыстарымыздың бәрі бұған түбегейлі қарсылық білдірген. Ата-анам Жеңіс Алиевич Буданбаев пен Бакит Пердешовна Рыспаева мұсылмандық шариғаты бойынша осылай істеген жөн деп отыр. Сол себепті аудандық соттың өздерінің шешімін уақытша тоқтата тұруын сұрағанбыз. Бұл жөнінде Түркістан облыстық сотына шағым түсіргенбіз. Қозғалған қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешімді ата-анаммен ақылдасып, жауап беретін боламыз.

Бұл іс туралы Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаев мырзаға шағымдандық, бірақ, ешқандай шара қолданылған жоқ. Тіркедік деген хат қана келген. Ең соңғысы – соттың келген мәйітке эксгумация жасау туралы шешімі. Оның қай жеріне эксгумация жасайды? Бұл туралы қорытынды шешім міне, алдарыңызда тұр. Берілген мәліметтердің бәрі жалған, ешқандай анализ алынбаған, бірақ, сараптама алынды деп көрсетілген. Бұған дәлел ретінде сол күні түсірілген бейнебаянды сақтап отырмыз. Онда ота жасаған хирург-дәрігерге тіпті қарапайым анализ алмағансыз дегенімізде біздің анализ мынау деп қолмен басып қана тексергенін айтқан. Інімді ешқандай сараптамадан өткізбей, ота жасай салған. Ал, бізге келген жауаптардың бәрінде анализ алынған деп жалған ақпар берілген. Осы мәселе бойынша Түркістан облыстық прокуратурасына, ішкі істер департаментіне, Түлкібас аудандық ішкі істер басқармасына шағымданып бардық. Ешқандай нәтиже де, қолданылған шара да жоқ. Қысқасы, істі тыныш қана жаба салмақ ниетте. Бізде «ауыздарын парамен жапқан» деген ой ғана туындап отыр. Себебі, інімді жатқызған аурухана қызметкерлері бізге ақша ұсынып келген. «Өтімін жасайық», қырық күндік асы өтпей жатып «қырқын көтерейік» деп келді. Біз бұл ұсыныстардың бірде-бірін қабылдамадық. Себебі, інімді ақшаға сатпаймыз дедік. Күн демей, түн демей молдасы бар, ақсақалы бар, сол аурухананың қызметкерлері бар, бәрі табалдырықты тоздырып, үйімізге қайта-қайта келген болатын. Аты-жөндерін нақтырақ айтатын болсақ, Түлкібас аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі Қуаныш Нұрлыбаев, хирург-дәрігерлер – Меңдібаев, Югай қолма-қол ақша ұсынды. Біз бас тарттық. Соттың шешімі шыққанша осылай үздіксіз келіп жүрген адамдар қорытынды шешім шыққан соң үшті-күйлі жоқ болды, үйімізге аттап баспады. Бұдан кейін қандай ой туындайды. Әрине, бізге ұсынып, абырой таппаған ақшасымен басқалардың аузын жауып, жалған қорытынды шешім шығартып отырған болар, бәлкім.

Бұл мәселе жөнінде Әсел Рыспаева:

– Дәрігерлердің салғырттығынан, қателігінен қаза тапқан жігіттің анасы Бакит Рыспаева – туған әпкем болады. Оның ұлы 2018 жылы 28 желтоқсан күні ішінің ауыруы салдарынан ауруханаға барып, дәрігерлерге жүгінеді. Бірақ, оның себебін анықтай алмаған дәрігерлер ешқандай анализ алмастан ішін ашып тексереміз, көреміз деп ота жасауға жөнелтеді. Жасалған ота нәтижесінде дерттің салдары анықталмаған. Бәрі жақсы, тамаша өтті, сап-сау деп көрсетіп, палатаға шығарған. 30 желтоқсан күні баланың дене қызуы көтеріліп, жағдайы күрт нашарлай бастайды. Хирург-дәрігерлердің бірі де жоқ болған соң анасы сасқанынан сумен ғана басып отырған. Демалыста жүрген дәрігерлердің бірін де таба алмаған. Ұлын уайымдап, жүгіріп жүрген әкесіне аурухананың санитаркалары: «Сендер еденді қанға боядыңдар», – деп оны сүрткізіп қойған. Ал өзін қоярға жер таппай, жаны қиналған бала қабырғаны соға бастайды. Ауруханада 29 желтоқсан күні жеделсаты (лифт) жұмыс істемей тұрған. Тіпті, қарапайым горшоктың өзі де болмаған. Сөйтіп, жездем баклашканы горшок ретінде пайдалануға мәжбүр болған. 30 желтоқсан күні науқасқа ешқандай дәрігер қараған жоқ. Ұлының қатты қиналып жатқанын көрген әпкем: «Дәрігер шақыртпайсыңдар ма?!» – деген сауалына медбикелер: «Балаңыздың мінезі шатақ екен. Босқа байбалам салып, айқайлап жатыр», – деп айтқан. Сол күні түнгі сағат 22.00-лер шамасында шақыртылған дәрігерлер ертеңіне әзер жеткен. Онда да жалғыз кезекші хирург-дәрігер Сәкен ғана келген. Жас жігіттің жаны қатты қиналып жатқанын көрген ол ота жасаған дәрігерлерді жедел шақыртыңдар деген.

Сөйтіп, оны екінші рет ота жасауға алып кеткен. Бұл ота түнгі сағат 23.00 мен 01.30 аралығында жасалған. Осы екінші отадан кейін бауырымның жағдайы тіптен нашарлап кетті. Үш-ақ күннің ішінде інімізден көз жазып, қапыда айырылып қалдық. Оған себепкер – дәрігерлер. Осы уақытқа дейін бала ауырмаған, денсаулығына ешқандай шағымы болмаған. Біз аяғымыздың жеткен жеріне дейін барамыз. Алайда, эксгумацияға түбегейлі қарсымыз. Ата-анасының, туған-туыстарының келісімінсіз соттың осындай шешімі шыққан. Бұған мүлде келіспейміз. Себебі, өздері салғырттықпен, жауапсыздықпен өлтірген баланың денесін эксгумация жасауға мүмкін емес етіп тастаған. Ата-ананы баласынан айырып, азапқа салғаны үшін жауап беруі тиіс, – деген пікірде.

Әкеміздің әпкесі Шәрипа Буданбаева мен әкеміздің келіні Райхан Өтіншиева:

– Анастизолог-дәрігер бірінші ота жасаған кезде науқастың ішін кесіп, ешнәрсе таппай, қайта тігіп қоя салғанбыз дегенді айтқан. Ал екінші отаға сепсис молненосная форма деген диагноз қойылған. Интернеттен қарасақ, ондай диагнозбен жасалған отадан кейін адам аман қалады екен.

Ал 2019 жылы 12 сәуірде Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Р.Абытовадан жауап хат алдық.

Осылайша бұл іс сиырқұйымшақтанып, созылып келеді. Түрлі деңгейдегі ішкі істер, прокуратура органдары, медицина мекемелері, департаменттер, тіпті, салалық министрлік тарапынан да толықанды жауап ала алмай қынжылып отырған жағдайымыз бар.

Бауырымыздың өліміне кінәлі дәрігерлердің әлі күнге тиісті жауапкершілікке тартылмай отырғанына қайранбыз. Сөйтіп, барар жер, басар тауымыз қалмағаннан кейін әділеттің ақ жолын іздеп республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясына келіп, басымыздан өткізген мұң-зарымызды айтуға ниеттендік. Сіздерден осы іс бойынша толыққанды тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, оның ақ-қарасын анықтап, кінәлі медицина қызметкерлерінің бәрін еліміздің қолданыстағы заңдарына сәйкес жауапқа тартуларыңызды сұранамыз.

Ағнұр Жеңісқызы ӘЛИЕВА,

марқұмның әпкесі.

Түркістан облысы,

Түлкібас ауданы,

Тұрар Рысқұлов ауылы,

Биназар батыр көшесі,

№ 135 үйдің тұрғыны.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *