ЕЛБАСЫ БАҚЫЛАУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ МӘСЕЛЕ

Билік
985 Views

Оңтүстік берекелі де мерекелі аймақ, ол халықтық ғибратты дәстүрлерге де бай. Ел мен жердің, қазақ ұлты мен мемлекеттігінің тұнған тарихы да осында. Небір аласапыран қиын, зобалаң, қуғын-сүргін жылдары да, кешегі кеңестік идеологияның бір жаққа қарай бұра тартып, ұлттық құндылықтардан аластату, бас тартқызу саясатын ұстанған кезеңде де аймақ жұртшылығы ұлттық өнер мен спорт түрлерін ұмытқан емес. Соның жемісі-дағы тәуелсіздік алған тұста тамыры тереңде жақсы сақталған айтыс, көкпар сынды жауһарларымыз жарқырап шыға келді. Міне, бүгін сондай ғасырлардан үзбей, үзілмей жалғасып келе жатқан жалпы халықтық мерекеміз – Наурыз мейрамы бар болмысымен қайта жаңғырып, жаңарып, бүкіл елімізде тойлануда. Наурыз әдетте қасиетті Қазығұрттан бастау алып, одан әрі киелі Түркістанда, кең-байтақ ұлы далада жалғасып кете барады.

Бүгін барша Оңтүстік халқын ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, еңбекте табыс, отбасында бақытты болуларына тілектестік білдіремін.

Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн болар, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билік басына келгелі бері экономиканы дамытуға да, мәдениетті өркендетуге де жете көңіл бөліп келеді. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты, елді индустрияландыру бойынша жасалып жатқан жоспарлы, мақсатты жұмыстар, шағын және орта бизнесті дамыту, шикізат өндірумен шектеліп қалмай, мұнай мен басқа да қазба байлықтарға ғана иек артпай, тауар өндіруді дамыту бағытындағы реформалар ел экономикасының дамуына айтарлықтай серпін берді.

Экономика экспресін болат жолға салған еліміз әлеуметтік мәселелерге де, идеологияға да жете мән беріп отыр. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы және сол еңбекте алға қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бүкіл елдің жан-жақты дамуына, әсіресе жас ұрпақтың бүгінгі уақыт алға қойып отырған талаптарға сай қалыптасуына зор мүмкіндіктер ашты. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын да халық асыға, үмітпен күтеді. Өйткені әр жылғы Жолдаудың елге берері мол. Ал биылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі де көп жайдан хабар береді. Жалпы біздегідей Жолдау, Үндеу, реформаларды жариялау, жүзеге асыру елдің өскендігін, экономикалық әлеуетінің артқандығын білдіреді.

Ел, мемлекет болған соң, бұның үстіне бодандықтан босанып шыққан тәуелсіз жас мемлекет болған соң онда әр түрлі түйткілдер, түйінді мәселелер кездесетіні белгілі. Соның бірі – сыбайлас жемқорлық десек, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев кешегі посткеңестік елдері арасында осы жемқорлыққа қарсы кең көлемде алғаш күрес бастаған тұлға. Бізде басқалардан бұрын жүйелі жұмыс басталып, 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы құрылды. Барлық аймақтарда оның департаменттері жұмыс істейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаменті де өз жұмысын жоғарыда аталған заң талаптары мен Елбасы және Үкімет алға қойған міндеттерге сай жүргізіп келеді. Осы орайда мына нәрсені ерекше атап өткім келеді.

ҚР заңдарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа негізінен лауазымды, яғни басшы адамдардың қатысуымен, ұйымдастырып, топ құруымен жасалған қылмыстар жатады. Қызметін теріс пайдалану, өз өкілеттігін асыра пайдалану, пара алу немесе беру, осындай әрекетке баратын адамдардың арасында делдал болу сияқты қылмыстарды мемлекет тарапынан қатаң бақылауда ұстау қажет екені түсінікті. Бұл – біздің тікелей қызметтік міндетіміз. Алайда бұндай күрделі қылмыстарды ресми органдарға ғана жүктеп қоюға болмайды. Жемқорлықпен күреске әр адам өзіндік үлес қосуы тиіс. Бүкіл халық болып жұмыла күрескенде ғана біз жемқорлыққа, сыбайластыққа бастайтын қылмыстық әрекеттердің тамырына балта шабамыз.

Сыбайлас жемқорлық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, нарықтық экономиканы құруға, инвестиция тартуға кері әсер ететін, жалпы елдің дамуына бөгет болатын құбылыс. Сондықтан Елбасымыз Н.Назарбаев бұл мәселені әрқашан бақылауында ұстап келеді. Мысалы, «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында «Демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті.

Иә, сыбайлас жемқорлықпен күрес жемісті болу үшін құқықтық сауатты жақсартудың, түсіндіру жұмыстарын тұрақты әрі жүйелі жүргізудің маңызы зор. Біздің міндет – халыққа қызмет. Сондықтан да біз бүгінгідей мереке күні де бұл мәселені орағытып өтпей, көпшілік есіне сала кеткенді жөн көрдік.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске серпін берген тағы бір құжат – ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы болып табылады. Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, елімізде аталған қылмыспен нәтижелі күрес жүргізудің берік негізі қаланған.

Наурыз айы – берекелі де мерекелі кезең. Биылғы наурыз қоғам өмірінде ерекше тарихи оқиғаларға да толы болды. Соның қай-қайсысы да наурыз әкелетін жаңару мен жаңғыру идеясымен үндесіп жатыр. Табиғи жаңа жылымызда басталған жаңару бізді әрдайым жақсылықтар мен жетістіктерге бастай берсін! Елімізде бірлік, береке, ынтымақ болсын!

Нұрлан ҚАМБАТЫРОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *