Түлкібас ауданының әкімі Н.Тұрашбеков аудандағы салынып жатқан білім саласына қатысты біршама құрылыс нысандарын аралап, мұқият тексеріп шықты. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасына мән беріп, олардың өз уақытында тапсырылуын міндеттеді.
Бірінші кезекте аудан басшысы аудан орталығында орналасқан А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінің 250 оқушыға арналған қосымша корпусының құрылысын аралады. Аталмыш мектепте оқушыларға жаңа спорт зал, асхана мен шеберхана салынуда. Нысандар ағымдағы жылдың қазан айында аяқталып, іске қосылмақ.
Мұнан соң аудан әкімі Азаттық елді мекеніндегі 600 орындық жаңа мектеп құрылысының бүгінгі таңдағы жұмысын тексерді. Өскелең заманауи талаптардың барлығы ескеріле отырып салынып жатқан бұл нысан жаңа 2019-2020 оқу жылында пайдалануға берілмек.
Аудан басшысы Түлкібас кентіндегі П.Шевцов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар 150 оқушыға арналған қосымша корпус құрылысының жұмысын аралады. Аталмыш мектептің күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жаңа оқу жылына дейін толық аяқталмақ. Ал, қосымша корпус құрылысы 2020 жылға өтпелі.
Сондай-ақ, аудан әкімі Шақпақ-баба ауылындағы жаңа салынып жатқан Бреусов атындағы мектептің 250 оқушыға арналған қосымша корпус құрылысын аралады. Келесі жылға өтпелі бұл нысанда бүгінгі таңда жаңадан асхана, кітапхана, спорт зал, шеберхана құрылысы қарқынды іске асуда.
Аталмыш нысандарды аралап болған соң аудан әкімі құрылыс бөлімінің басшысына жаңадан салынып жатқан нысандардың кемшілік тұстарын айтып, соларды жою барысында жұмыстар атқаруды тапсырды.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.