АТАҚТЫ КҮЙШІ СҮГІР ӘЛІҰЛЫНА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛСА…

Қоғам
1 443 Views

2018 жылы 13 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен қоғамда ұлттықмәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту мақсатында шілде айыныңбірінші жексенбісін – Ұлттық домбыра күні деп белгілегенін бәріңіз жақсыбілесіздер. Бұл мереке былтыр 1 шілде күні тәуелсіз де егемен елімізде тұңғышрет атап өтілген болатын.

Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы, айтыс өнері төрткүл әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының мәдени мұра тізіміне енген. Тылсым табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның жан сырын шанағынан төгілткен киелі домбыра енді жыл сайын, күн сайын ұлықтала беретін болады. Қашанда жаңалыққа жаны құмар шымкенттіктер биыл екінші рет тойланып отырған Ұлттық домбыра күніне орай тамаша тосынсый жасады.

Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығының алаңында Ұлттық домбыра күніне орай домбыра аспабына орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Түркістан» сарайының алдынан орын тепкен ескерткіштің ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Әбдіғаниұлы Ташқараев, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев қатысты. Сондай-ақ қала тұрғындары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнер мектебінің оқытушылары мен шәкірттері де елеулі іске куә болды. Биіктігі жеті метрлік ескерткіш әсем ұлттық нақыштармен көмкерілген. Тағы бір таңқаларлығы – ескерткіштің жанына жақындасаң, күмбірлеген күй төгіле жөнеледі. Енді шымкенттіктер мен қала қонақтары мұнда халқымыздың отызшақты күйін тыңдап, құлақ құрышын қандыра алады.

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымов Домбыра күнінің маңызына тоқталып, жаңа ескерткіштің ашылуымен құттықтады.

– Бүгін барлығымыз үшін қуанышты күн. Домбыра музыкалық аспап қана емес, қазақтың жаны, философиясы деуге болады. Домбыраның күмбірлеген үнінен-ақ көп жайтты түсінеміз. Бұл құндылық қала тұрғындарына, жас ұрпаққа серпін береді деп ойлаймын. Осындай қазақы болмысымызды дәріптейтін ұлттық аспаптың ескерткішін жасауға өздерінің жобасын ұсынған Қазақстан Суретшілер одағы Шымкент қалалық филиалы мен ескерткішті орнатуға қолдау көрсеткен қала мәслихатының депутаттарына, меценат азаматтарға өз алғысымды айтамын,– деді қала әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Жиында айтыскер ақын Біржан Байтуов өз арнауын орындап, Ұлттық домбыра күні рухымызды асқақтататын мереке болуы тиіс екенін айтты.

Мерекелік бағдарламада халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары орындалып, мерекенің әрін кіргізді.

Осы орайда айта кетеріміз, 2018 жылғы 13 маусымдағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ұлттық домбыра күнін белгілеу туралы Жарлығы халқымыздың Рухани жаңғыруына қосылған тағы бір үлкен үлес болды. Егемен еліміздің туы секілді әр облыстың қасиетті нысандарының алдында күмбірлеген күйі ойнаған ұлттық аспабымыз домбыраның ескерткішінің орнатылуы – рухымызды асқақтатып, шетелдік азаматтарға да елдігімізді танытатын өнер туындысының қайталанбас үлгісі ретінде үлкен әсер ететінін ескеру керек. Халықтың мұң-зарын, қуанышы мен шаттығын жырлап, қасиеті бүгінгі күнге дейін сақталған тарихи қойнауы тереңде жатқан ұлттық аспап – домбыра. Сондықтан, Қадыр Мырзалиевтің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деуі де тегіннен-тегін емес. Киелі домбыраның қадір-қасиетін, тарихын ұрпаққа ұқтыру, келешекке жеткізу мақсатында сол домбырамен орындалатын күйлермен көңіл-күйімізді, қуанышымызды, шаттығымызды домбыра пернесіне түсіріп, шегіне жеткізіп орындаған ұлы күйшілеріміз де жетерлік. Домбырамен қатар дәулескер күйшілер де ұлықталуы қажет. Бұл біздің – перзенттік парызымыз. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Құрманғазының, Алматыда Жамбылдың ескерткіштері орнатылып, елдің көзқуанышына айналған.

Елімізде осындай ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеп, халықтың рухани қазынасына сүбелі үлес қосып жүрген «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қайырымдылық қорын ерекше атап өтуімізге болады. Аталған қор атақты күйші, бүкіл қазақ елі мойындаған шертпе күйдің атасы, «Қазақтың 1000 күйі» деген шығармалар топтамасында 68 күйі енген Сүгір Әліұлына ескерткіш орнату туралы Шымкент қаласы мен Түркістан облысы әкімдіктеріне ұсыныс білдіріп, мүсіннің жобасын ұсынған. Біздің халықтың басынан өткен ауыр зардапты жылдарды күйменен жеткізіп, мұңын жырлап, күйін күйлеп, шығармашылығына арқау еткен азаматтардың бірі – Сүгір Әліұлы еді. Бүгінге дейін облыс орталығында да, Шымкент қаласында да күйшіге арналған көрнекті ескерткіш жоқтың-қасы. Сондықтан бұл бірден-бір кейінге қалдырылмайтын шаралардың бірі. Әкімдік тарапынан жер берілсе, қалған жұмыстарды «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қайырымдылық қоры өз мойнына алмақ ниетте. Оған басты себеп – рухани жаңғыруға үлес қосу. Күйшіге ескерткіш орнату арқылы ұлттық аспабымыз – домбыраның да қасиеті арта түсетіні анық. Ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазынамызды дәріптеп, ұрпаққа ұлықтай білуді перзенттік парызымыз, ел алдындағы борышымыз деп санайтын азаматтарымыздың көбеюі – үлгі боларлық, қуантарлық дүние.

А.СӘКЕНҚЫЗЫ.

(«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралыққайырымдылық қорының қала әкімдігіне ұсынған дәулескер күйші Сүгір Әліұлына арналған ескерткіш жобасының суретін қоса ұсынамыз, 1-бетте).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *