«АТАМЕКЕН» ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Қоғам
1 116 Views

Шымкент қаласында халықтың жұмыспен қамтылуына көмектесу мақсатында «Атамекен қолдау орталығы» жұмыспен қамтудың мобильді орталығы іскеқосылды. Орталықтың тұсаукесер рәсіміне қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қатысты.

– ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халықпен байланыста болу тапсырмасына орай мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында қала әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірге іс-шаралар жоспарын бекітті. Қаламыздағы 4 аудан әкімдігінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да мобильді орталық жұмыс істейді, – деді Г.Құрманбекова.

Орталықтар блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылады.

– Тұрғындарға бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау – біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен базалар интеграциясын жасап жатырмыз. Қай ауданда қанша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы, қаламыздың әлеуметтік картасын жасап, нақтылаймыз. Егер кәсіпкерлікке бейімділігі болса, ол азаматқа мүмкіндік көп. Қала бойынша 2000-ға жуық қысқа мерзімдік оқытудан өтті. Микро қаржы ұйымынан 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр. Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамтымақпыз, – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.

Мобильдік орталықтардың бір ерекшелігі, мұнда енді жеке тұлғаны дамыту кеңесшілері де отырады. Әр адамның қандай жұмысқа бейімі бар екенін анықтайды.

Менеджерлер өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу, жаңа мамандық алу (клиенттер 2 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді оқу курстарына жазыла алады, тыңдаушыларға шәкіртақы және ары қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған), «Жас кәсіпкер» жобасына қатысу (18-29 жас аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар кәсіпкерлік негіздері курсына жазыла алады), «Бастау» жобасына қатысу (жас ерекшеліктеріне қарамастан өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар бір ай ішінде бизнес жүргізудің негізгі дағдыларын үйренеді, микро несие алуға, кәсіп ашып немесе қолдағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алады) сияқты кеңестер береді.

Айта кетейік, «Атамекен» қолдау орталықтары» қанатқақты режимде Нұр-Сұлтан қаласында (8), Алматыда (12) және Шымкентте (10) іске қосылуда.

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *