БАТЫР, БАЛУАН ДӨҢБАЙ БАБА

Тұлға
1 690 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында өткенімізге көз тастау арқылыкелешегімізге кемел жоспар жасайтынымыз жайлы жан-жақты баяндалғаны баршаңызғабелгілі. Осы орайда, «Туған жер» деп аталатын кіші бағдарламасы бойынша күншуақты өңірімізде өмір сүріп, ерен еңбек еткен, қажет кезінде елін, жерін жаудан қорғау жолында білек сыбана күрескен атпал азаматтардың, есіл ерлердіңесімін қайта жаңғырту барысында көптеген ізгілікті де игілікті жұмыстар атқарукөзделген. Шынтуайтында да өткенсіз болашақ жоқ. Өткеніңді білмей, алға қарайқадам баса алмайсың. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері өшкеніміз жанып, өлгенімізтіріліп, қазақ халқының рухы асқақтай түсуде. Ел билеген хандарымыз бенбилеріміз, туған жерін жаудан қорғаған батыр, бағландарымыз, шаршы топтаешкімге дес бермеген шешендеріміз мен көсемдеріміз барынша дәріптелу үстінде.Өткенге салауат, барына береке дейміз. Бір уақ тәубемізге келіп, шүкіршілік етеміз.

Дөңбай бабаның ұрпақтары

ҚОҚАН ХАНДЫҒЫ ҚАЗАҚТАРҒА АЗ ҚЫСЫМ ЖАСАҒАН ЖОҚ

Қазақ тарихы жайлы сөз еткенде Қоқан хандығының озбырлығы хақында айналып өте алмаймыз. Күншуақты Оңтүстік өңірін алпыс жылдай уақыт аямастан билеп-төстеген олар көрсеткен зәбір-жапа, қайғы-қасірет аз болған жоқ. Бейкүнә халықтың қанын судай төккен. Салықтың нешеме түрін ойлап тапқан. Қыз-келіншектерімізге зорлық-қорлық көрсеткен. Мұндай зобалаңды әсте ұмытуға болмас. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» алтыншы томының 28-29 беттерінде Е. Қартабаева мен Е. Жақыповтың Қоқан хандығы туралы мақаласы жарияланған (Алматы қаласы, «Қазақстан энциклопедиясының Бас редакциясы, 2004 жыл). Бұл жайлы белгілі жазушылар, тарихшылар, шежірешілер де өз еңбектерінде егжей-тегжейлі баяндаған-тұғын. Солардың бірі жерлесіміз Момбек Әбдәкімұлы өзінің қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Естемес би» атты тарихи романы (аударған Әсет Омартегі, Алматы қаласы, «Ғасыр-Ш» баспасы, 2007 жыл), «Ақпан батыр» деп аталатын деректі хикаятында (Шымкент қаласы, «Әлем» баспасы, 2015 жыл), тағы басқа шығармаларында байыпты баяндайды.

Хандықтың шекарасы түстіктен басталып, тәжіктер жайлайтын Ұратөбе маңындағы түркімен жоталарынан шығысқа қарай созылып, Алай тауларымен шектеседі. Қырғыздардың Қызылқия, Ош шаһарларын басып өтіп, Ұзынағашқа бір-ақ тіреледі. Ұзынағаштың күнгей жағындағы Шоқпар мен Сарысу бойы да хандық иелігінде. Теріскейінде – Созақ пен Түркістан. Батыс жағы – Жаңақорған мен Сыр даласы. Қатағантөбе мен Жызақ, Нұрата тауларының бергі етегі де хандықтың құзырында. Қоқанды қосқанда хандыққа қарасты 23 шаһар болған.

Қоқан хандығы XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бас кезіндегі Орталық Азиядағы мемлекет. Орталығы – Қоқан қаласы болған. Қоқан хандығының негізін салушы Шахрух би шамамен 1710 жылы Бұхара әмірлігіне тәуелсіз шағын иелік құрды. Немересі Ирдан би көрші елдермен қиян-кескі соғыстар жүргізіп, Әндіжан, Наманган, Маргелан аймақтарын қосып алды. 1758 жылы Бұхара оны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. 1760-1770 жылдары Қоқан хандығы оңтүстігіндегі қазақтармен қақтығыстарға барды.

Қоқан хандығы XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бас кезіндегі Орталық Азиядағы мемлекет. Орталығы – Қоқан қаласы болған. Қоқан хандығының негізін салушы Шахрух би шамамен 1710 жылы Бұхара әмірлігіне тәуелсіз шағын иелік құрды. Немересі Ирдан би көрші елдермен қиян-кескі соғыстар жүргізіп, Әндіжан, Наманган, Маргелан аймақтарын қосып алды. 1758 жылы Бұхара оны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. 1760-1770 жылдары Қоқан хандығы оңтүстігіндегі қазақтармен қақтығыстарға барды.

Аталмыш хандық ХІХ ғасырдың бас кезінде қатты күшейген. Әлім (1800-1810), Омар (1810-1822), Мұхаммед Әли (Мадали, Мәделі, 1722-1742) хандар тұсында оның аумағы барынша кеңейді. Кухистан тәжіктерінен шыққан Әлім бек жеке билігін күшейтіп, хан атанды. 1807-1809 жылдары Орталық Азиядағы аса ірі стратегиялық орталық –Ташкентті бағындырды. Қала маңындағы қазақ билеушілерінің бір бөлігі Қоқан хандығын қолдаса, қалғандары Бұхарамен одақтасты. Он мың отбасы Абылай ханның үшінші ұлы Әділ төренің басшылығымен Қытайға көшіп кетті. 1813-1814 жылдары Сайрам мен Түркістан қалалары бағындырылды. Хандықтың ресми тілі ортаазиялық парсы тілі (XVI-XIX ғасырлардағы тәжік әдеби тілі) болды.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қоқан хандығы қазіргі Қырғызстан мен Оңтүстік Қазақстанның көпшілік аумағын бағындырды. Басып алған жерлерінде олар Ақмешіт (қазіргі Қызылорда), Жөлек, Жаңақорған, Шымқорған, Күмісқорған, Әулиеата (қазіргі Тараз), Меркі, Пішпек (қазіргі Бішкек), тағы басқа бекіністер тұрғызды. 1821 жылы қазақтар Түркістаннан Әулиеатаға дейінгі аралықта көтеріліс жасап, Шымкент пен Сайрамды басып алды. Бірақ әр ру өз бетінше әрекет жасағандықтан, көтерілісшілер табысқа жете алмады. Хандық халқының негізгі бөлігін өзбектер құрады. Сондай-ақ оның аумағында тәжіктер, қазақтар мен қырғыздар да мекен еткен.

Хандыққа қарасты жердің едәуір бөлігі мемлекет меншігінде болған. Оны хан өз қалауынша пайдаланды. Бұл жерлерде еңбек еткен шаруалар мемлекеттен жерді жалға алушылар ретінде салық төледі. Жердің бір бөлігін хан өзіне ерекше қызмет көрсеткен адамдарға сыйға тартты. Негізгі жер салығы тағы басқа да мұсылман мемлекеттеріндей харадж еді. Мәделі хан билігінің соңына қарай күшейе түскен бүліктер мен халық көтерілістері Бұхара әмірі Насрулланың Қоқан хандығына соққы беріп, (1839 және 1841-1842 жылдар), Ташкент пен Ходжентті басып алуына жағдай жасады. Қоқанға Бұхарадан әкім тағайындалды. Алайда қоқандықтар шақырып алған Әлім ханның немере інісі Шир Али хан (Шерәлі, 1842-1845) Ташкент пен Ходжентті қайтарып алды. Шир Алидың мұрагерлері тұсында хандық қатты әлсіреді. Салықтардың өсуі халықтың жаппай көтерілістерге шығуына алып келді. Қоқан хандығының әлсіреуіне, сондай-ақ хандық ішіндегі өзара бақталастық және көрші халықтармен саяси күрес те әсер етті.

Қоқандықтар Жетісу мен Ұлытауға жорық жасаса, орыстар көтеріліске шыққан қазақтардың Қоқан хандығымен бірігіп кетуінен қауіптеніп, Ұлытаудағы Қоқан бекіністерін талқандайды. 1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс кезінде Ресей мен Қоқан хандығы қазақтарға қарсы одақ құрды. Бірақ 1853-1856 жылдары болған Қырым соғысынан кейін Орталық Азияға ағылшындардың еніп кетуінен қорыққан Ресей Жетісуға орнығып алды. ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдары патша әскерлерінің Орталық Азияға шабуылы басталды. Қоқан хандығын жаулап алу бірінші кезектегі мақсатқа айналды. Өйткені, ол Бұхарамен және Хиуамен күресте аса тиімді аймақ болып саналады. 1865 жылы 17 мамырда орыс әскерлері Ташкентті, 24 мамырда Ходжентті алды. Осындай аса ауқымды жерлерінен айырылу Қоқан хандарын салықты тағы да өсіруге мәжбүр етті. Мұның өзі халықтың наразылығын күшейтті. Бұл наразылық 1874-1876 жылдары Қоқан көтерілісіне ұласты. Қоқан ханы көтерілісті басу үшін Ресейден әскери көмек сұрауға мәжбүр болды. Екі ай ішінде орыс әскерлері көтерілісшілерді талқандады. 1876 жылы 19 ақпанда Ресей өкіметінің жарлығымен Қоқан хандығы жойылып, оның орнына Ферғана облысы құрылды. Ол Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына енді.

Тарих жайлы кітаптардан аңғарғанымыз, Қоқан хандығы отаршылдығы кезеңіндегі басты кейіпкер – қазығұрттық Шегір Естемес би екені екінің біріне мәлім жайт. Өзі би, өзі батыр, өзі шешен жиырмадағы бозбала Қоқан ханының сарайында қызмет еткен. Хан сарайында жүрсе де қарапайым халықтың мұң-зарына жан жүрегі ауырған. Қайраткер дәрежесіне дейін көтеріле білген.

ДӨҢБАЙ БАТЫР – ЕСТЕМЕС БИДІҢ СЕНІМДІ СЕРІКТЕРІНІҢ БІРІ БОЛҒАН

Әрине, Естемес би жалғыз өзі емес еді. Оның жанында қазақтың Ұлы жүзінің төбе биі – Жаныс Төле бидің тұқымы Қожамжардың Дербісәлісінен туған Шойбек датқа, Момбек датқа мен Байзақ, Шегір Дауыл би, Ақмолда мен Шымырбай, жас та болса кілең алпамсадай ірі денелі Тұрғынбай мен Қырғызбай, Төле бидің бірінші әйелінен туған Ниязбектен тарайтын Дөңбай батыр, Оймауыт Тұрта, Сәбек пен Кеншім, Шаңышқылы Молда Қошық пен Сыздық, тағы басқалар болатын.

Бірде таң бозарған шақта ауыл үстіне төнген тосын дүбір естіледі. Таңғы ауыл лезде азан-қазан болады. Момбек датқа шошып оянады. Естемес жанындағы Тұрта, Қырғызбай, Дөңбай секілді жігіттерді жұлқылап оята бастайды. Сөйтіп, тысқа шығып қараса, 200 қаралы аттылар бері қарай құйғытып келе жатыр екен.

– Күн шықпай жатып, бізді керек еткен бұлар кімдер екен? – дейді Дөңбай.

– Осы кісіні алдыңғы күні Қосыл мен Рәжіпханның қасынан екі рет көрген едім, – дейді Тұрта.

Аттарынан сыпырыла түскен үш-төрт жігіт Естемеске бассалады. Оған жабылғандардың қарасы көбейеді. Бірақ берілетін Естемес жоқ. Алысып жатыр. Момбек айқай үстінде:

– Ой, тоқтаңдар! Ей, паруанашы (қоқандықтардың ерекше тапсырманы күш көрсету арқылы орындап келетін жасауыл тобы басшысының мансап атауы), тоқтат мыналарыңды! Кімсіңдер өздерің? Бізде не ақыларың, қандай алашақтарың бар? – дейді.

Қазығұрттың арғы жақ, бергі жақ рулары ішінде жас болса да түйе көтерген балуан атанған Дөңбай да қарап тұрмай, ұранға басады:

– Ей, Тұрта, Қырғызбай, Тұрғанбай, неғып тұрсыңдар?! Неғып тұрмыз?! Естеместі, өзімізді мына сарттарға басындырып қоямыз ба? – деп биге жабысып тұрғандарды жұлып алып, қаңбақша лақтырады. Қырғызбай мен Тұрғынбай да қимылсыз қалмайды. Аналармен алыса түседі.

Айқайға басқан паруанашы:

– Уа, өңкей қорқақ, қатын тақылеттес сұмырайлар! Түк әлі жоқ, еркексінген бәлелер. Бәрің жабылып төрт қазаққа, қазақ болғанда жап-жас бозбалаларға шамаларың жетпегені ме?! Датқадан басқасының бәрін аямай тепкілеп тастаңдар. Аяқ-қолдарын найзамен түйреңдер. Жығып алыңдар да денелерін шандып байлаңдар, – дейді.

Сөйтіп, төрт қазақтың жігітіне жиырмашақты өзбек жабылады. Істің насырға шабатынын болжаған Момбек төбелесті тоқтатады. Сол кезде Жебей паруанашы аяқ-қолдары байлаулы Қырғызбай мен Тұрғынбайды Момбектің жанына апарып қамайды. Естемес пен Дөңбайды матаулы күйлерінде арбаға, Жұмабек бай ауылының малдарын алдарына салып, түстікке беттейді. Арада сегіз күн өткеннен кейін оларды Қоқанға әкеліп, зынданға тастайды.

Кейіннен қоқандықтар екеуін зынданнан босатып, жақсы жайға орналастырады. Жаңа киімдер береді. Тамақтандырады. Шақырылған молда оларға және ауыл балаларына діни сабақ өте бастайды. Молданың кейбір пікірлерімен келіспей, айтысып қалған Естемес екінші рет зынданға тасталады. Хан алдында таулықпен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткен Естемес би бостандық алғанда Дөңбай да азат етілген еді.

Тағы бірде Естемес пен Дөңбай сапарлас болады. Жасақ үшінші тәулікте Наманганнан өтіп, Қасансайға құлайды. Тура осы жерден батыс терістікке қиялай жүріп отырып, тауларды кесіп өтіп, Қазығұрттан бір-ақ шығуға болады екен. Сөйтіп, Естемес хат жазып береді. Дөңбай мен тау жолдарын жақсы білетін шыршықтық Шегір жігіт екеуі жолға шығады… Араға бірнеше күн салып Естеместер Үшқорғаннан өтіп, Қасансай маңына келгенде Дөңбаймен қайта кездеседі. Екеуі елдің аман-саулығын біліп, мәре-сәре болысады.

Шежіреге жүгінетін болсақ, Дулаттан бастап Төлеге дейін санағанда сегіз ата бар: Дулат, Жаныс, Жанту, Жайылмыс, Қожаберді, Құдайберді, Әлібек, Төле. Ал Төледен бастап санағанда алты, жеті, сегіз ата: Төле, Жолан, Жаңабай, Жанәділ, Шынәлі, Сұлтан, Сатылған, Анартай (соңғысының жасы қазір қырықтар шамасында).

Төле бидің Өзбек, Сүйіндік, Ниязбек, Қожабек, Жолан, Қожамжар, Жиенқұл, Тасыбек деген сегіз ұлы болған. Ниязбектен Дөңбай батыр тарайды. Бүгінде Төле би ұрпақтарының жалпы саны бір мыңның шамасында.

ДӨҢБАЙ БАТЫРДЫҢ ҰРПАҚТАРЫ ДАҢҚТЫ БАБАЛАРЫ ЖАЙЛЫ СӨЗ ҚОЗҒАЙДЫ

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясы таяуда Түркістан облысының Төлеби ауданына ат басын тіреп, Дөңбай батыр жайлы мағлұмат жинап қайтқан еді. Біздің алғашқы сұхбаттасымыз Тағабай Сәулембаев болды. Ол 1955 жылы 1 қыркүйекте Леңгір қаласында дүниеге келген. Осындағы №3 орта мектепті бітірген. 1982 жылы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) политехникалық институтты тәмамдаған. Ташкенттегі қалалық құрылыс басқармасында бас инженер болып істеген. 1988 жылы Леңгірдегі қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасына бас инженер болып ауысқан. Екі жылдан кейін осы мекеменің бастығы болған. 1993-1996 жылдары Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған. Кейіннен қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесіне бастық болып барған. 1999-2006 жылдары Леңгір қаласының әкімі, 2006-2008 жылдары Көксәйек ауылының әкімі, 2008 жылы жаңадан ашылған «Леңгір су» мекемесінің басшысы болып істеген. 2012 жылы Қоғалы ауылының әкімі қызметін абыроймен атқарған. 2014-2018 жылдары жеке кәсіпкер болып істеп, зейнеткерлікке шыққан. Зейнеткерлікке шыққалы бері жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеуде. Қазыналы қарияның Дөңбай батыр жайлы айтары аз емес екен.

– Біздің ауданның орталығы – Леңгір қаласы. Оның негізгі атауы – Іліңгір. Нұх Пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына қайырлағанда бірінші осы жерге іліңгірін (якорь) тастаған. Төбеге шығып, төмендегі сайға қарасаңыздар, қала бейнебір ілгекке ұқсайды.

Мына мазаратты әкеміз артельді басқарып жүрген кезінде қоршаған көрінеді. Былтыр сол қоршауды он метрге кеңейттік. Бұл жұмыстарды Бекет көкеміздің балалары және өзім бірігіп атқардық. Намазхананы Бекет көкеміздің жатқан жерінің тұсына орналастырдық. Әбдіқадір деген көкенің немерелері, Жаманқара бабамыз, Дөңбай атамның ұрпақтары да осында жерленген. Сүлейменқызы Құралай Төреқұл келіні, Дөңбай немересі Төреқұлұлы Бекет, Төреқұлов Бауыржан Есетұлы, тағы басқалар да осында мәңгілікке тыныстауда. Байжан, Оразбек, Төреқұл аталарымыз Құранды осында оқитын. Енді қайсы төбе екенін ойша шырамытып тұрмын. Ол кезде мұншама ағаштар жоқ еді, – дейді.

Төле бабамның сегіз баласы болған. Соның ең үлкені, яғни тұңғышы – Ниязбек бабамыз. Ол қазақтан шыққан батыр болған. Ниязбек бабамыздың анасы – Ташкенттегі Арғынның қызы. Кейінгі келіндері өзбек, қалмақ, қарақалпақтан болған. Ал ең кішкентай әйелін қалмақтар қырғыздарға тыныштық бермеген соң қол жинап барған ғой. Сонда бабаны да алып барған. Ол кезде билікте жүргендер жамағаттан жасырынып отырмайтын, елдің арасында жүретін. Сөйтіп соғысқа кіріскенде уланған садақ санына тиіп, Төле баба аттан құлайды.

Сосын Ниязбек атама «Әкең аттан құлады», – деген суыт хабар келеді. Киіз үй тігіп, есі кіресілі-шығасылы абдырап қалған әкесін сүйрелеп жүріп сонда апарады. Бір қырғыздың қызы «Мына шоң шалды маған берсе, аяққа тұрғызар едім», – деген соң сол қызға қаратады. Кіріп жуан санындағы садақ тиген тұсты кесіп жіберіп, уын сорып алып, қайта-қайта түкіріп тастайды. Таң ата баба есін жинап, су сұрайды. Ертесіне есін жиып қараса, жанында жап-жас қыз отыр. Үлкен ұлы Ниязбекті шақырып: «Мына қыз кім?» – деп сұрайды. Баласы болған жағдайды айтып түсіндіреді.

Төле бабамыз: «Қой, мына өрімдей қыз тым жап-жас екен, өз теңін тауып алсын, еркіне жіберіңдер», – дейді. Сөйтіп, бойдақ жігіттерге: «Кім мына қызды алатын болса, үстінен тоғыз түйе, тоғыз жылқы, тоғыз ірі қара, тоғыз қой беремін», – деп жар салады. Сонымен жігіттер сөз айтып жатса, әлгі қыз ешқандай ыңғай бермейді. Ырқына көндіре алмаған жігіттер: «Не болды саған, әлде бізді менсінбей отырсың ба?» – деп сұрайды. Сонда қыз: «Асқардай тауға шығайын деп тұрғанымда, кішкентай төбешікті не істеймін», – деп жауап беріпті.

Мұны естіп қалған Төле бабамыз молданы шақыртып, некеге отырады. Содан ұл туылады. Ең кішкентай атамыз Қожамжар деген. Төле бабамыздың бес әйелі болған. Үш әйелінен екі ұлдан, екі әйелінен бір-бір ұлдан болған. Бабамыз жалқы туған балаларын жалғызсыратпаңдар деген өсиет қалдырған. Ол кісі өмірден өткеннен кейін билікке талас туындап, Ниязбек атамыз ол кезде қария, ақсақалдық жасқа жеткен көрінеді. Сол кісі Қожамжарды билік басына қояды. Сонымен, Қожамжар атамыз Ташкентте 25 жыл бойы билеп-төстеген. Сол себепті Ниязбек бабамыздың ұрпақтары қоныстанған жердің бәрінде Қожамжар атамыздың ұрпақтары қатар тұрады. Ниязбек атамыздың Мұхаммед, Мадияр, Құдияр, Есалы деген төрт баласы болған. Мұхамедтен (Мәмбет) Ибрагим, Шолтай деген екі ұл болған.

Осында Мұхаммед Шәріп (Пайғамбардың есімі болғаннан кейін қарапайым жұртшылық оны тіке айта алмай Мамашариф деп атап кеткен) әулиеге арнап қабірстан, үлкен кесене-мешіт орнатылған. Мұнда зиярат етіп келушілердің қарасы қысы-жазы үзілмейді.

Шежіре жайлы айтар болсақ, Төлебидің үлкен баласы – Ниязбек батыр. Одан Мәмбет (Мұхаммед), одан Ибрагим (Жаманқара) тарайды. Жаманқараның тоғыз баласы болған. Соның екіншісі Байжаннан – Көзбай, Көлбай, Дөңбай, Серікбай тарайды. Дөңбайдан Төреқұл, одан Әбдіғаппар, Есет, Бекет, Әбдіжаппар, ал Әбдіжаппардан Абылай мен Сапар тарайды.

ИБРАГИМ АТА ҚАЛАЙША ЖАМАНҚАРА АТАНҒАН?

Ниязбек атам өзінің үлкен немересі Ибрагимді жанына алып жүреді екен. 19-20 жасар бозбала шағында Ташкентке келген Қоқан ханы «Қаланы жаулап аламын», – дейді. Содан дереу қол жиып, Шыршықтың арғы бетіне шығып, «жекпе-жекке» шақырады. Сонымен, Қоқан ханы: «Бүгінгі жекпе-жек басқаша болады», – дейді. Қалай деп сұрағанда: «Палуаным бар, соны күресте жеңсеңдер мен Ташкенттен айналып кетемін, ал жеңілсеңдер қаланы басып аламын», – деп шарт қояды. Баба ол кезде сексендер шамасында. Ойланып қалады.

Сонда немересі Ибрагим шығып: «Ата, батаңызды беріңіз, өзбек палуанымен алысуға өзім шығамын», – дейді. «Бұл жерде әулеттің намысы емес, бүкіл бір ұлттың намысы ортаға түседі, ойлан, балам», – деген атасына Ибрагим: «Алла Тағала маған қуат берсе, палуанды жеңіп шығамын», – дейді. Лажы қалмаған бабамыз батасын береді. Науша қарадан келген Ибрагим атамыз күреске шыға салысымен дәуқара өзбек қарсыласының белінен қысып, аяғына ұрып, белін үзіп жібереді. Сонда Ниязбек атамыз Қоқан ханына: «Біз жеңдік, енді не істейсің?» – дегенде жаны қиналмасын, палуанды өлтіре салсын дейді. Сонда палуанның шекесінен ұстап, желкесінен бір ұрып, сылқ түсіреді. Мұны көрген өзбектер «Мынау яман қора екан», – деп білек күшіне таң қалады. Содан бері Ибрагим Жаманқара деп атанып кеткен. Сонымен Қоқан ханы уәдесінде тұрып, Ташкентке тиіспей айналып өтіп, жөніне кеткен екен.

Жаманқара – батыр, дуалы ауыз шешен, көріпкел кісі болған. Одан тоғыз бала тараған. Жұт, оба келетінін алдын ала біліп, халықты сақтандырып отырған. Бірде ол балаларын түгел жинап алып: «Ертең өлгенімде ескі мазардағы бабамның жанына жерлеңдер», – дейді. Балалары әке, сап-саусыз ғой, – деп таң қалады. Сонда Жаманқара бабамыз өзіне аян келгенін айтады. Сол кезде Сайрамсудың жанында жатады. Қызыл білектен барып, қырық өзбек алып келіңдер, ертең өліп, жаназамды шығарған соң олар жаяу көтеріп алып барсын, – дейді. Оған балалары: «Ой, Жәке, Сізді онда алып барамыз дегенше шілденің уақыты, күн ыстық, бүлініп кетесіз ғой», – дегенде: «Барлығын Алла Тағаланың өзі реттейді», – деп жауап береді бабамыз.

Расында айтқандай, таңертең демі үзіліп, балалары қырық жігітті жалдап алып келіп, жаназасы оқылғаннан кейін зеңгір аспанды бұлт торлап, күн салқын болып кетеді. Қырық жігіт жолда ауысып-ауысып көтерісіп, осы қабірстанға жеткізеді. Жеткенше аспан бұлттанып, жерлеп болғаннан кейін ашылады. Міне, бабамыздың ерекшелігі осындай.

Қасиетті қанмен дарып, тоғыз баласының алтыншысы емші, сынықшы болады. Жаманқараның ең үлкен ұлы Елшібай, екінші ұлы Байжан. Байжаннан Көзбай, Көлбай, Дөңбай, Серікбай атты төрт ұл тарайды. Көзбай атамыздан ұрпақ жоқ. Көлбай атамыздан Қант көкем, Сұлтан көкем тарайды. Дөңбай атамыздан Төреқұл деген жалғыз ұл болады. Ал Серікбайдан Оспан мен Әбдікерім тарайды. Ал енді Төреқұл туылған сәтте әйелі ауырып өлейін деп жатқанда шешеміз шылбырды мойнына орап алып, Құдайдан дұға тілеп: «Е,Тәңірім, егер саған жан керек болса, менің жанымды ал», – деп жалбарынып, шылбырды тартқан кезінде баланың шыңғырған дауысы басылып, шешеміздің жаны үзіледі. Сол Төреқұлдан төрт ұл тарап, өсіп-өніп келеді.

Батыр болған Дөңбай бабамыз осындай шілдеде айғырын суытып, кешкі салқынмен сайда келе жатса ауылдың бәрі үркіп қашып жатқан көрінеді. Не болды деп себебін сұраса, біреудің жеті-сегіз жасар өгізі қиналып жатыр екен. Қайда деп жылдам жүгіріп барып, алып күшпен өгіздің құйрығын тартып құлатады.

Тасболат дейтін ет сататын кісі болатын. Бір күні соның төрт жасар бұқасы босап кетіпті. Дөңбай батыр тысқа шықса, әлгі бұқа жұрттың бәрін қуып жүр екен. Сөйтіп, Дөңбай батыр бұқаны ұстап алып, «қош бол!» деп асып, жеп қояды. Сонымен, иесі бұқасын іздеп шығады. Үйдің сыртында Мейірбек атамыз отыр екен. Әлгі бұқаның иесі өзбек: «О, Мейірбек ака, катта буқоны кординиз ме?» – десе, Дөңбай батыр өлтіргенін ыммен түсіндіріп, барсаң өзіңді де қосып сойып жібереді (күліп) деген екен. Сөйтіп, Дөңбай балуан сойылған бұқаның етін өзінің иесіне арзан бағаға сатып кеткен көрінеді.

Абылай баламыз Шымкент қаласындағы Рощада №2 қалалық емханада қызмет жасап жатыр. Өзінің адал еңбегінің арқасында осы дәрежеге жеткеннен кейін ниет етіп Құран оқытуға келіп отырған жағдай бар. Сейділда бауырымыз осында қара шаңырақта. Біздің ауыл тұрғындарының ерекшелігі – бауырмал, ақкөңіл.

Бірде Дөңбай балуан боза ішіп отырса, араларына Майлықожа ақын келіп қалыпты. Маңындағылар балуанға өлең арнаңыз дегенде ақын:

Дөңбайдың қол жетпейді өресіне,

Әр жерде ағайынның малы сіңген денесіне.

Ішіп жүре берген

Құдайдың бір жазғанын көресің деп, – деген екен.

ДӨҢБАЙ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛАР АҢЫЗ АЗ ЕМЕС

Дөңбай батыр шамамен 1853 жылы дүниеге келіп, 1928 жылы ұжымдастыру кезінде бақилық болған көрінеді.

Абылай: «Дөңбай бабам – Жаманқараның немересі. Дүниеге келген кезде есімін Түгенбек немесе Тұйғынбек деп қойған екен. Содан ер жеткен соң дұрыс жердің қызымен үйлендірейік, – деп Тұрар Рысқұловтың қарындасын әперген көрінеді. Содан Сәт, Дәмегүл атты екі қыз туылады. Бір апта күндіз-түні ұйықтамай жылай беріпті. Содан бабам әкесінің әкесіне барып: «Немерең осындай, бір апта болды, жылай беретіні бәле болды», – деп хабар айтыпты. «Атын кім қойдыңдар?» – деп сұрағанда Жаманқара бабамыз: «Тұйғынбек қойдық» депті. «Ойбууу, барып көрейінші», – деп келсе, үлкен ірі денелі бала екен. «Ей, мынаның өзіне лайықты есім қоймағансыңдар, сол себепті жылап жатыр ғой. Бұл кейін өскен кезде бір дөң мен екінші дөңді соғыстырып жүретін адам болады. Атын Дөңбай деп қойыңдар», – депті бабамыз. Содан ертеңіне азан шақырып атын Дөңбай деп қойыпты. Ол тоғыз ағайынды ішіндегі ең ірісі екен.

Ел кезіп, бір айдан кейін үйіне оралған Дөңбайға әйелі:

– Үйде ішіп-жейтін ештеңе қалмады. Екі қызыңның ыңырысып жатқаны мынау, – дейді жыламсырап.

Сонда Дөңбай тысқа шығып, үйінің маңында жайылып тұрған жылқыны әкеп сойып, етін асып, кешке ағайындарын бесбармаққа шақырады. Ет жеп отырған кезде ағайындары:

– Дөңбай, осы сен мал асырамайсың, егін екпейсің. Біздің малымызды айдап әкеп, соя саласың. Не рұқсат сұрамайсың. Мұның қалай, қубас? – деп ұл баласы жоқтығын бетіне басқан кезде Дөңбай ес-түссіз құлап, жатып қалады.

Әйелі ағайын-туысқандарына барып, күйеуіме не істедіңдер?! – деп зар еңірейді. Содан кейін ағайын-туысқан, бауырлары Дөңбайға дауыс көтеріп, қатты сөйлемейтін болыпты.

Дөңбай киелі Түркістанға зиярат етуге барады. Қасиетті Әзірет Сұлтан кесенесіне сыйынып, тәу етіп келеді. Көп ұзамай әйелі жүкті болады. Сөйтіп, шекесі торсықтай ұл табады. Оған Төреқұл деп ат қояды.

Тағы бірде ұзақ сапардан оралса, Дөңбайдың үйінде той болып жатыр екен. Ол жоқта інісі өзінің досына ағасының кіші қызы Дәмегүлді ұзатқалы отыр екен. Мұны есіткен Дөңбай ашуға мініп:

– Тоқтатыңдар, той болмайды! Тараңдар бәрің! Кетіңдер, құдалар! – деп бақырады.

Сонда Дөңбайдың інісі күйеу жігітті шетке шығарып алып, оның серігін ағасының үлкен қызы Сәтке үйлендіруге көндіріпті. Сөйтіп, Балуанның қос қызының тойы бірге болыпты.

Әңгімеге араласқан Дөңбайдың Төреғұлынан туылған Есет:

– Әкемнің бір досы Кіші жүздің баласы екен. Күндердің күнінде ол әкеме Кіші жүзде Бекет, Есет есімді әулие кісілер болған деседі. Соны есіткен әкем маған Есет, ал ініме Бекет деп ат қояды.

Ашаршылық жылдары әкеміз Ташкентке қарай қоныс аударған. Мен сондағы политехникалық институтты бітіргенмін. Шымкенттегі «МаслоЖирКомбинатқа» келсем, ондағылар: «Сен сияқты инженерлер толып жатыр. Жұмыс жоқ», – деп қайтарып жібереді. Онда жұмыс істейтін 1250 адамның арасында бірде-бір қандасымыз жоқ көрінеді. Сөйтіп, Өзбекстан астанасында тәлім-тәрбие алып жүргенде танысқан Шаймерденовке жолығуыма тура келді. Облыстық атқару комитеті төрағасының алдына барып, болған жағдайды толық баяндап бердім. Телефон тұтқасын көтерген ол комбинат директорымен бірауық сөйлесті. Содан сен оның алдына кірмепсің ғой, – деді. Мен: «Ол кісі Сізді алдап, өтірік айтып отыр», – дедім. Содан ертеңіне комбинатқа барып, жұмысқа орналасып кеттім. Кейіннен инженер, бастық та болдым. Бес-алты жылдан кейін амалын тауып, Костенконың өзін қызметтен қуып жібердім. Сөйтіп, комбинатта жұмыс істейтін қарадомалақтардың санын көбейтуге белсене атсалыстым. 41 жыл бір орында қызмет істеп, зейнеткерлікке шықтым. Облыстың Құрметті азаматы атандым, – деді.

Жаманқара мен Дөңбайдың атақ-даңқы алысқа кеткен. Олардың ауылын жау шаппаған. Малдарына ешкім тиіспеген. Дөңбай алпамсадай ірі денелі адам болғанымен, жүрегі тым нәзік екен. Ағайын-туысқа қамқорлық көрсетіп, шынайы жанашыр бола білген. Бай-бағландарға тиіскенімен, кембағал, тұрмысы нашар отбасыларға қолынан келген көмегін аямайтын көрінеді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында сырттан көщіп келген Арғын, Қоңырат тайпалары өкілдерінің осында орнығып кетуіне көмектескен.

Қуанышбек БОТАБЕК.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *