МИНИСТР ОРЫНБАСАРЫ ФАТИМА ЖАҚЫПОВАҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕГЕ ҚАШАН НҮКТЕ ҚОЙЫЛАДЫ?!

Білім Мәселе
1 013 Views


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы,

«Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВҚА;

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВҚА;

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы МАМИНГЕ;

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы НҰРДӘУЛЕТОВКЕ;

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы

Анар Нұралықызы ЖАЙЫЛҒАНОВАҒА;

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы

Алик Жатқамбайұлы ШПЕКБАЕВҚА

МИНИСТР ОРЫНБАСАРЫ ФАТИМА ЖАҚЫПОВАҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕГЕ ҚАШАН НҮКТЕ ҚОЙЫЛАДЫ?!

немесе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыпованың докторлық диссертациясының плагиат екенін әшкерелеп, шындықты шыжғырып айтқаны үшін қызметінен шеттетілген Анар Мерекеқызы Қайырбековаға қысым жасап қоймастан, бұған қоса-қабат оның ұлының дипломын тексерткізгені несі?!

Анар Мерекеқызы Қайырбекова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыпова мен жауапты хатшы Арын Амангелдіұлы Орсариев тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты дәйек-деректі алдын ала мәлімдегені үшін зардап шегіп, жәбірленіп отырғаны ел арасында және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыға түсіп отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тарапынан арнайы тергеу-тексеру амалдары тағайындалған.

Қайта өткізілген тәуелсіз сараптама Анар Мерекеқызы Қайырбекованың Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыпованың экономика ғылымы докторы дәрежесін алу үшін қорғаған диссертациясының өзгелердің еңбегінен көшіргенін, яғни плагиат екенін айыптағанын дұрыс деп тапқан.

Бұл жағдаят күн өткен сайын айқындала түсуде. Мәселен, 2019 жылы 18-19 қыркүйек күндері Ринат Маратович Искаков Еуропадағы аса беделді Plagiat.pi компаниясының StrikePlagiarism жүйесінің көмегімен диссертациялық жұмысты тексергенде оның плагиат екенін дәлелдеген. Бұл мәліметтер таяуда European Network for Academic Integrity (ЕNАІ) парақшасында жарияланған. Нәтижесінде, ұзақтығы 25 сөзден кем емес фразалардың, яғни 38,84 пайызы өзгелерден көшірілген болып шыққан. 258 беттік диссертацияның 115 бетіндегі 84119 сөздің 40802-сі немесе 48,5 пайызының көшірілгені дәлелденген. 35099 сөз немесе 100 беттегі мәтіннің 41,7 пайызында дәйектеме (цитата) келтірудің академиялық ережелерін бұзуға жол берген. 5703 сөз немесе 16 беттегі мәтіннің 6,8 пайызында өзге авторлардың еңбектеріне сілтеме жасалмаған. Пайдаланылған 157 еңбектің интернеттен алынған 25-інде түпнұсқа мәліметтері қате көрсетілген.

Академиялық адалдықтың Еуропалық желісі – European Network for Academic Integriti (ENAI) Еуропалық академиялық адалдық ұйымы өз парақшасында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрінің плагиат туралы ақпаратын жариялады. Плагиаттың сөзсіз дәлелдеріне қарамастан, қазір шет елдердің, атап айтқанда, Еуропаның сарапшылары Фатима Надырқызы Жақыповаға бүкіл ғылыми қауымдастық наразы. Ол неге доғарысқа кетпейді деп отыр. Осылайша қоғамға құрметсіздікті және саяси мемлекеттік қызметшіге тән емес моральдық қасиеттерді көрсету кімге абырой-бедел әпермек?!

Фатима Надырқызы Жақыпованың докторлық диссертациясы плагиат екенін бірнеше сарапшы дәлелдеп отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі жайлы жаңалық бүгінде бүкіл Еуропаға мәлім. Оның доғарысқа кету мәселесі неліктен шешілмей келеді? Егер оның ар-намысы мен ұяты болса, неге өз еркімен доғарысқа кетпейді?

Анар Мерекеқызы Қайырбекова Фатима Надырқызы Жақыповаға плагиатқа байланысты айып таққаннан кейін көп уақыт өтпестен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі (мұнда бұрын Фатима Надырқызы Жақыпова Мемлекеттік басқару академиясының ректоры болып қызмет істеген) кімнің анонимдік шағымының негізінде Анар Мерекеқызы Қайырбекованың ұлын университетте оқытуы бойынша тексеруді бастағанын айта кету керек.

Анонимдік шағымды кім ұйымдастырды немесе оның артында кім тұр деген сұрақ туындайды? Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі анонимдік шағымды неліктен тексере бастаған? Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес анонимдік шағымдар тексеруге жата ма?

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі неліктен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Амангелдіұлы Орсариевтің ұйымдастыруымен Анар Мерекқызы Қайырбековаға қатысты жасалған жағымсыз іс-әрекеттерге байланысты тәртіптік жаза қолданылып, қызметтен босатылуға дейін барған жәбірленушінің ресми түрде бірнеше рет жазған арыз-шағымына ықылассыз, атүсті қарап, оларды жауапсыз қалдырып, Арын Амангелдіұлы Орсариевке қатысты тексеру амалдарын жүргізбеген? Ал Агенттік анонимдік шағым бойынша неліктен Қазақ ұлттық университетіне едел-жедел тексеру жүргізген? Бұлардың бәрі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Нұралықызы Жайылғанова қойылатын сұрақтар.

Мұны өш алу деп түсінеміз бе? Алайда, осындай өткір мәселені антиморальды жолмен шешуге бола ма? Өзара жеке өкпе-реніштерді балаларға таңу дұрыс емес. Егер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Фатима Надырқызы Жакыпова мен Арын Амангелдіұлы Орсариев секілді жоғары лауазымдағы басщылығы осындай әдістерді өмірге енгізсе, мұндай адамдарға қазақстандық жастардың білімі мен тәрбиесін сеніп тапсыруға бола ма?! Олар қандай тәрбие беріп отыр?!.

Осыған байланысты біз Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовтен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі тарапынан жүргізілген тексерудің негізділігін және Анар Мерекеқызы Қайырбекова мен оның жақындарының соңына түсудің дерек-дәйектерін егжей-тегжейлі анықтауды сұранған болар едік.

Бұған қоса-қабат «Суға кеткен тал қармайдының» кейпіне түскен Фатима Надырқызы Жақыпованың жанында жүргендер Анар Мерекеқызы Қайырбекованың ұлының Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітіргені жөнінде дипломын домалақ арыз жазушылардың анонимді арызы бойынша тексеріп, одан ештеңе де таба алмаған. Сонда олардың адамдардың аты-жөні көрсетілмеген арыз-шағымды тексеру егемен еліміздің қазіргі қолданыстағы заңдары мен нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына қайшы келетінін білмегені ме?! Бір жағынан алып қарағанда, оның бұл іс-әрекетін түсінуге де болатын сияқты. Қайтсін енді. Анар Мерекеқызы Қайырбековаға қатысты құйттай болса да бірдеңе табамын деп тырбанған түрі шығар, бәлкім. Алайда, «Аққа Құдай жақ» дегендей, «ізденушінің» бұл іс-әрекетінен ештеңе өнбегені көрініп-ақ тұр.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздерден қайта-қайта өтінетініміз: әрқайсыңыз өздеріңіздің салаларыңыз бойынша заңбұзушылықты анықтау, егер қылмыстық іс орын алған жағдайда оны қадағалау, қажет болса, айыпкерді қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын жүзеге асырсаңыздар екен дейміз.

Сөз орайы келгенде, біздің республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті атына заты сай болып, Әділеттің ақ туын жоғары көтере отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының сарабдал саясаты мен қазіргі Президенттің парасатты пайымдарын жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыстар атқарып, зәбір мен жапа шеккен талай адамдардың тағдырына араша түсіп, оларға хал-қадерінше қолдау мен көмек көрсетіп, Әділеттің салтанат құруына белсене атсалып жүргенін тілге тиек еткіміз келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин егемен еліміздің өркендеп, мемлекетіміздің, оған қоса-қабат мемлекеттік қызметтің имиджі мен абырой-беделінің артуына көп көңіл бөліп келеді. Әсіресе, білім мен ғылым саласын өркендетуге барынша қолдау көрсетіп отырғаны қандай ғанибет десеңізші. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдап, мұғалімдердің айлық жалақысын екі есеге арттыру мәселесін көтеруде.

Біз Фатима Надырқызы Жақыпованың жеке өміріне, отбасылық жағдайына араласып, оның ар-намысына тигіміз келмейді. Тек оның мемлекеттік қызметіне байланысты ғана әңгіме өрбітіп отырмыз. Бір жағынан біз аталмыш министрліктің абырой-беделіне нұқсан келтіргіміз де келмейді. Еліміздің, министрліктің, ондағы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің атына жаман сөз ілескенін де мақұл көріп отырған жоқпыз.

Алайда, Мемлекет пен Үкімет басшылары тарапынан көрсетіліп отырған осындай ізгілікті де игілікті шараларға өздерінің теріс іс-қимылдарымен жауап беретіндердің де арамызда жүргені қандай өкінішті. Біздіңше, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыпова саяси сенім кредитін жоғалтқан шенеунік деуімізге толық негіз бар ма, әлде жоқ па деп отырмыз.

Неліктен қолына ұрланған диссертация ұстаған жалған ғалым қазақстандық ғылым мәселелеріне жетекшілік жасап, қазіргі күнге дейін жоғары оқу орындарын реформалаудағы және жоғары білім жөніндегі маңызды стратегиялық мәселелерді шешіп келеді?

Біз Фатима Надырқызы Жақыпова өз еркімен доғарысқа кету керек немесе оны доғарысқа жіберу керек деп есептейміз.

Сол себепті Сіздерден Фатима Надырқызы Жақыповаға қатысты тек қана әділ шешім қабылдауға ықпал етулеріңізді сұранамыз. Қайткен күнде де бұл мәселеге нүкте қоятын уақыт жеткен сияқты.

Әділ ҚЫРАН.

Qazaqstan Ұлттық телеарнасы 9 қазан күнгі кешкі жаңалықтарында шетелдік сараптама жүйесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Фатима Надырқызы Жақыпованың докторлық диссертация жұмысынан плагиат белгілерін анықтағанын хабарлады. Бұл туралы Plagiat.Pl Халықаралық компаниясының басшылығы мәлімдеді. Фатима Надырқызы Жақыпованың докторлық диссертация жұмысын Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық зерттеу университетінің проректоры Ринат Искаков Plagiat.Pl Халықаралық компаниясының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Еуропа елдерінде қолданылып жүрген «антиплагиат» жүйесімен тексерген. Сараптама қорытындысы бойынша докторлық диссертацияның жартысынан көп бөлігі басқа ғылыми еңбектерден алынғаны анықталды. Автор оны, тіпті өңдеместен сол күйінде пайдаланған. Plagiat.Pl Халықаралық компаниясының атқарушы директоры Али Тахмазовтың айтуынша, бұл – өрескел тәртіп бұзушылық.

Али Тахмазов, Plagiat.Pl Халықаралық компаниясының директоры:

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Фатима Надырқызы Жақыпова ханымның докторлық диссертациясында көшірме көп. Көпке үлгі болуы тиіс ведомствоның басшылығынан сондай келеңсіздіктің анықталғаны көңілге кірбің ұялатады. Жалпы Қазақстандағы заңнамалық вакуум мен қоғамның плагиатқа деген тиісті көзқарасының жоқтығынан мұндай жағдай қайталана береді.

Бұл мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрінің өзі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Жалпы, Фатима Надырқызы Жақыпованың докторлық диссертация жұмысына қатысты әңгіме бүгін ғана басталған жоқ. Бір ай бұрын аталмыш министрліктің бұрынғы қызметкері вице-министрдің жұмысын плагиаттыққа тексеру нәтижелері бойынша диссертацияның 40 пайызы ғана түпнұсқа екенін айтқан болатын. Бірақ шенеунік әлеуметтік желіде бұл айыптау негізсіз деп, оған дәлел ретінде Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы берген құжатты жариялады. Ол бойынша ешқандай заңбұзушылық анықталмаған. Ал плагиаттарды анықтаумен айналысатын Халықаралық ұйымының өкілдері ғылыми жұмыстың нақтылығына арнайы сарапшылар ғана баға береді деген пікірде.

Катя Левченко, Turnitin Халықаралық компаниясының өкілі:

Бірде-бір бағдарлама плагиатты анықтай алмайды. Пайыздық көрсеткішпен сәйкестіктерді көрсетуі мүмкін. Бірақ нақты бағаны тек арнайы сарапшылар береді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *