ХАНША ДАРИЯ ХИКАЯСЫ

Әдебиет
1 622 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Төңіректен көмек келе ме деген үміті сарқылған Шидүрге қамалдың қараң қалғанына қуанған да жоқ, ренжіген де жоқ. Енді ол мынау әбден титықтатып бітірген масқара тірліктен біржола құтылатынына қуана-қуана пейіл болды. Сонысын білген Шыңғыс хан Шидүргені үш күн бойы сарайына қамап, сыртқа шығармай, не өлтірмей, не тілдеспей пұшайман қып қойды.

Үш күн өткен соң жасауылдары жағы қуарып жүдеген Шидүргені алдарына салып айдап әкелді. Жасы отыздан енді-енді асқан, нағыз дер шағындағы әміршінің тек салдырап сүйегі ғана қалыпты. Басқыншының алдында намысын түсіргісі келмей ұлы тағына лайық киініп келген екен, басындағы ауыр тәжі қурайдай мойнын үзіп жібермей шаққа тұр. Қалған шаһар қанша жерден аш болса да, тап билеуші бұлай қалжырамаса керек еді, шамасы Шидүрге шыдамсыз, намысқой, күйгелек адам тәрізді.

Шыңғыс хан қашан да қақырайып таққа мініп отырғанды ұнатпайды. Ол күні де сары ала шатырдың төрінде аю бөстектің үстінде малдас құрып отыр еді. Есіктен бас имей аттаған Шидүргеге назарын тіктеп қарамағанмен, көзінің қиығын бір тастап өтті. Тізіліп отырған түмен басыларымен де тілдеспеді. Екі-үш қызметшіні шақырып алып, таңғұттарды жеңгеннің құрметіне ертең жасалатын тойдың жай-жапсарын айтты. Екі қызметшіден ертең болатын тойдың бүге-шігесіне дейін тәптештеп түгел сұрап алды. Қызметшілердің шатырдан шығып кетуіне сосын барып рұқсат берді.

Шатырдың іші сілтідей тынған. Шыңғыс хан Шидүргеге әлі де назар аударған жоқ. Сырттан екі уыз жас жүз басы жігіт кірді де, иін-тіресіп отырған игі-жақсылардан қысылып-қымтырылып, босағадан ілгері озбады. Шыңғыс хан назарын енді соларға тіктеді. Сыбырлап шығатын тарғыл даусымен баяулата сөз бастады. Әдейі, жұрт тып-тыныш тыңдасын деп, естілер-естілмес қып, әр сөзін баптап, бипаздап сөйлейді. Бірақ жүзінде мәймөңкеліктің, алдап шығарып салайын деген аярлықтың нышаны атымен жоқ. Даусы қаншалықты биязы болса, өңі соншалықты қатқыл. Тайпақ маңдайынан да, қысыңқы қоңыр көздерінен де не зірк-зірк еткен ашудың, ыза мен кектің, не өңменнен өтіп кететін үнсіз өшпенділіктің белгісін ешқашан көре алмайсың. Тек шалғы мұртының жіп-жіңішке қос құйрығы ғана астына кекесін жасырып тұрған кейіп танытады, мынау бұйығы тартқан күзгі даладай көз тоқтатар еш қасиеті жоқ тайпақ сұрғылт жүзінде кісіні қаралай қуысты қылатын да сол мұртындағы болар-болмас кекесін салқыны ғана.

Шыңғыс ханның кекесін күлкісінен де, оқта-текте қиығын салып өтетін жымысқы көздерінен де иманы сескеніп тұрған Шидүрге жоқ. Ол не тұлғасында, не келбетінде кісі тұшынар көркі жоқ, не алдына келгенді ә дегеннен мысы басатын асып жатқан ызбары жоқ, әншейін төр алдында тері бөстектің үстінде шүйке түтіп отыратын можа кемпірдей бір шөкім боп шөгіп отырған осы бір ұсқынсыз немеге күні кеше мыналар мың жерден жанталасса да, мұрындарына иісі бармайтын өнер мен білікке, дәулет пен көрікке ие боп, гүрлеп тұрған мұның елі қалай белін беріп қойғанына айран-асыр қалды. Ителгінің жетім шөжесіндей осы бір жапырақ адам талай-талай кеудесімен көк тіреген әміршілерді қалай-қалай жер соқтырып кеткеніне аң-таң. Қираған шаһардың жұртынан қызылды-жасыл дүние қазып алып, көбінің не екенін, не пайдаға асатынын білмей, аяғымен теуіп бір қарап, найзасымен шұқып екі қарап жүрген алаңғасар топ бұның қай жеріне табынады? Енді, міне, жарық дүниені өлі тоқтының кеудесіндей астына басып, айналасына өлексеге қойған күшігендей сығырая қарап отырысы мынау. Бұл немелер бір-бірінің кеңірдегіне жармасып, жердің оты мен судың мол көзіне таласып-тармасып жатқанда, бұның елінің талай ғұлама ғалымдары бір таудың арғы жағындағы халықтың не ойлап, не қойып жатқанына түсінбесе де, аспан астының құпияларын түгел тінтіп жатпаушы ма еді? Енді, міне, соларды өңшең наданға бас болған бір аяр сұм келді де, шегіртке тиген өрістей көктей солдырды.

Шидүргенің не ойлап тұрғанын іші біліп отырғанын сездіргісі келгендей. Шыңғыс хан бір ауық оған көзін аударып, ұзақ телміріп тінте қарады. Солай біраз отырды да, жүзін қайта бұрып әкетті.

Әбден жүйкелеп, зығырданы қайнап тұрған Шидүрге бұдан арғыға шыдай алмады, сары ала шатырдың ішіндегі құлағы барлар түгел естісін деп, жұрттың бәрін бір селк еткізіп, оқыс шаңқылдады.

– Әй, Шыңғыс хан…

Шыңғыс хан оған мойын бұрды, сосын аузын ашқанынша мұрша бермей, сырттан Касар мергенді шақырды.

1. Сен осы анада дүниедегі қардай аппақ еті бар қаса сұлу кім деп едің?

2. Тақсыр ием, жер бетінде ондай сұлу болса, тек жалғыз Шидүрге ханның ханымы Гүрбелжін ғана болуы мүмкін деп естігем.

3. Ендеше, Гүрбелжін ханымға бас-көз болуды өзіңе тапсырам, ертеңгі тойдың артынан маған әкеліп жолықтыр, ал оған дейін оның тәніне жел екеш жел тигізсең, басыңды алам.

Касар мерген шығып кетті. Шыңғыс хан Шидүргеге енді біржолата бұрылды. Шидүргенің сұп-сұр жүзі одан сайын қуқылданып, отты көздері шатынай түсіпті.

– Ей, асқақтаған ақымақ хан, жер бетінде таңғұттан тігерге тұяқ еркек кіндік қалса, сенің бұл қорлығыңның артын сұраусыз жібермес. Мені өлтіру өз еркіңде; қазір өлтірсең – өзіңнің басыңа қауіп, өлтірмесең – артыңдағы ұрпағыңа қауіп, – деді де, одан әрі ызаға булығып, шашалып, ештеңе айта алмады.

Сары ала шатырдың іші толы адамның ешқайсысында үн жоқ. Осы бір тізерлесе тізілісіп қалған айғыр топ екі адамның егесін емес, екі төбеттің таласын көріп отырғандай ынт-жынттары кетіп, телмірісе қалыпты. Ешқайсысының бетінде «бұл қалай болды?» – деген дағдарыс ой жоқ; «енді не болар екен?» деп ентелеген қызық құмар желіктерін Шыңғыс ханнан сескеніп, зорға жасырып отыр.

Шыңғыс хан Шидүргенің жүзіне қарап, қулана жымиып қойды. Ол таңғұттардың қасарған жерден қан алатын ерегіспе, кекшіл екенін әуелден білетін-ді. Кегі кеткен кісіні қашан қара қанын қасықпен ұрттағанша өкшелеп қыр соңынан қалмайтын салт та осылардікі. «Егер кісіге кегімді жіберіп қойсам басыма шаш бітпесін, алдыма ас түспесін, қатын-балам қағынып өлсін, малыма топалаң келсін», – деп қарғанатын да солар. Үйінде кек қайтарардай еркек кіндік болмаса, көрші-қолаңын тегіс шақырып, асты-үстіне түсіп сыйлап, дұшпанымнан кегімді алып бер деп қолқа салады. Қашан қас-дұшпанының бас сүйегіне не құстың, не иттің қанын араластырып, шарап құйып ішкенше таңғұт кегім қайтты демейді.

Ендеше, мынау Шидүргенің дәмесін қара! Жарты әлемді жамбасына басқан Шыңғыс ханның басына көк төбеттің қаны араласқан шарап құйып ішіп шалқымақ қой сабазың! Осы бір өздерінің қолдарынан келмейтін нәрсені кейінгілер істеп, кейінгілер тындырады деп ертеңге иек артатын есірік дәме-ай!

Шыңғыс хан Шидүргенің жүзіне зәрлене қарады.

– Менің басыма көктегі хақ тәңірдің өзінен басқа ешкім қауіп төндіре алмайды, алда-жалда басымды шауып алғысы кеп өреленер жау болса, кезінде көріп алармын, ал енді ертең ұрпағымның тынышын алатын жау болса, осы қазір қапы қалмай тұрып көзін жояйын! – деді.

Айбалта ұстаған екі сарбаз Шидүргені есікке қарай жетеледі.

Таңғұт әміршісін маңғұлдар солай атаған.

Таңғұттардың ақ сүйегі жасыл, қара сүйегі қара киініп жүрген.

VI

Ол орданың жермен-жексен боп құлап, әр жер-әр жерде үйіншектері ғана қалған кетік-кетік тас дуалына қанша қараса да, келе жатқан Шидүрге көрінбеді. Тапал қара ат мінген қара дулығалы сарбаздар арасына он қадамнан жер тастап, сап түзеп, самсап тұра қалыпты. Не әрі еткен, не бері өткен ешкім жоқ. Состиған-состиған сарбаздардың иықтарындағы шошайған көп найзадан әуедегі құс екеш құс та қорқып, бұл төңіректен безіп кеткендей. Бақтың іші жым-жырт. Тіршілік біткен демін ішіне тартып, ін түбінде бұғып жатқандай. Аумағы ат шаптырым үлкен сарайда тірі адам қалмағандай. Есік сықыры, аяқ дыбысы естілмейді.

Үш күн бойы осылай-ды. Мана сәскеде қақпа аузынан қайқы қылыш ұстаған бір топ адам көрінгенде Гүрбелжін ханым қалай «Уһ!» деп қойғанын өзі білмей қалған. Олардың сүйінші сұрап келе жатпағанын білсе де, әйтеуір мынау сарылтқан сартап тыныштықтан құтылатындай көрінген. Әйнек алдынан кетіп, айнаға барған-ды. Дұшпан қапияда тап болып, үсті-басымнан шашау тауып, табалап жүрмесін деп, пәлен күннен бері киімін, бет-ажарын – бәрін тәптіштеп тәртіпке келтіріп, сақадай сай отырса да, сырттағы баспалдақта тарс-тұрс аяқ дыбысы естілгенде абдырап сала берді. Ол бас алуға келе жатқан жендет екен деп қорыққандық емес, үсті-басында өзі байқамағанмен, өлімтікке түскен құзғындай тінте қарайтын жендеттің тіміскі көзі шалатындай олпы-солпы ештеңе жоқ па деген сақтық еді.

Айнаға қанша қараса да, өз бойынан ешқандай мін таба алмады. Сосын айлапат үлкен бөлменің қақ төріндегі піл сүйегінен жасалған төрт таған орындықтың үстіне шығып, тізерлеп отырды. Жан-жағын көйлегінің етегімен қымтап алды. Асыл. тастарды аямай төккен алтын сәукелені ауырлаған мойнын күшпен тіктеп, қолын қусырып, екі көзін есікке қадап қатты да қалды.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *