ШЫМКЕНТТЕ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН САУДА ФОРУМЫ ӨТУДЕ

Экономика
857 Views

Кеше алғаш рет Шымкент қаласында тоғызыншы Орталық Азия сауда форумы өз жұмысын бастады. Екі күнге жалғасатын халықаралық бизнес-іс-шараны Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен АҚШ Халықаралық даму агенттігі өткізіп отыр.

«Жеміс-көкөніс секторындағы инновациялық және инвестициялық тәсілдер» тақырыбында өтіп жатқан ауқымды шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер, қала әкімі Ерлан Айтаханов пен 500-ден астам компания басшылары, мемлекеттік сектор өкілдері мен Орталық және Оңтүстік Азия, Еуропа және АҚШ-тың салалық сарапшылары қатысуда.

Іс-шараның ашылуында сөз алған қала басшысы Е.Айтаханов бүгінгі өткізіліп жатқан халықаралық форумның маңыздылығына тоқталып, Шымкент қаласының инвестициялық және экспорттық әлеуетін атап өтті.

«Бүгінгі форум бизнес-қауымдастыққа 70 миллионнан астам әлеуетті клиенттері бар Орталық Азияның дамып келе жатқан нарығындағы жеміс-көкөніс саласындағы жаңа әлеуетімен танысуға және Шымкент қаласына көптеп инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Біз мемлекет қорынан бөлінетін қаржыға қарап қалмай, әлеуметтік және кәсіпкерлік, ауылшаруашылық пен туризм саласына әлемнің барлық елінен инвестиция тартып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын жоғарылатуымыз қажет», — деді Ерлан Қуанышұлы.

Форум барысында халықаралық және отандық журналистер мен блогерлердің қатысуымен арнайы баспасөз-конференциясы өтті. Онда БАҚ өкілдері АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен шаһар басшысы Ерлан Айтахановқа өздерін қызықтырған сауалдарын жолдады.

Форумға қатысушылар жаңа технологиялар, инвестициялық мүмкіндіктер, сауда ынтымақтастығы мен жаңа серіктестерді іздеу үшін нетворкингтің перспективалары туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар, іс-шара ұйымдастырушылары қатысушыларға экспортты дамыту және сапа жағынан менеджмент бойынша практикалық сабақтар өткізеді.

Форум барысында қала әкімі Ерлан Айтахановтың мәлімдемесі осындағы журналистерді таңқалдырғаны анық.

Шаһар басшысы ең әуелі бағасы шарықтаған аграрлық өнімдерге тосқауыл болатындығын айтты. Ол үшін қала аумағында қарқынды бау бақшаны көбейтіп, жылыжайларды көбейту керектігін алға тартты. Осы мақсатта 169 гектар аумақта инфрақұрылым жүзеге асырылмақ. Бұған Түркістан облысы да көмекке келмек. Сондай-ақ жаңа аграрлық индустриалды аймақ құрылатын болады. Бұл туралы форумда Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясының басшысы Әбілсейіт Рабаевтан білдік. Ол шетелдіктерге аграрлық аймақтың қалай жүзеге асырылатындығын түсіндірді. Қазір түрлі тақырыптарда пленаралық отырыстар өтуде. Орталық Азия елдері мен шет мемлекеттен келген қатысушылар өзара тәжірибе алмасуда. Түстен кейін форум аясында шеберлік сабақтары өтетін болады. Ал ертең жиынға қатысушылар Халықаралық мамандандырылған ауылшаруашылық көрмесіне қатысады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *