ТОМАР (Әңгіме)

Әдебиет
1 236 Views

(Соңы. Басы өткен санда).

Аудан орталығындағы военкомат алды ығы-жығы толған халық. Әскерге баратын әр жігіттің қасында қора-қора шұбырған туыстары, дос-жарандары. Жанымда әкеммен менен төрт жас кіші қарындасым Әсемкүл және досым Айқымбай.

Соғыстың басынан аяғына дейін болған мүгедек әкемнің қоштасарда дауысы дірілдей қарлығып, көзі жасаурап жіпсіп сала бергені. Титтейінен қолды-аяққа тұрмайтын, өткір, алғыр, томпақ Әсемкүл қарындасым: «Аға,хат жазып тұрамын. Мынау Сізге арнаған өлеңім»,–деп бір қағазды қалтама тықпалайды.

Біз мінген пойыз бүкіл Сібір, Қиыр Шығысты иір-қиыр аралап Хабаровскіге он бір күнде ыңқылдап-гүрсілдеп әзер жетті.

Жол таусылмайды, уақыт шіркін өтпейді. Әсемкүлдің шақпақ жол дәптер парағына жазған үш шумақ өлеңін қайта-қайта оқимын. Маған көрсетпей, айтпай бұл қарындасым жасырып өлең жазады екен ғой. Қарашы, «Асқар тауымызсың, биік бәйтерегіміз, аман барып, сау қайтыңыз, Жан аға», – депті.

Сонау Қиыр Шығыста шекарада күнге күйіп, түн қатып жүрген шақтарымда шешем мен қарындасымның сол бір ақ тілеулі бейнелері көз алдымнан кетпейді. От ішінде туған оттан қорықпайды, әлі көрерсіңдер бұл Қалиев талай-талай биіктерді алады. Тәуекел тау жығады, әке-шешемді үлде мен бүлдеге бөлеп, тамаша дәурен сүргіземін. Олар ұзақ, өте ұзақ жасайды, немере-шөберелерін ойнатып, рахат өмір сүретін болады. Иә, әлі-ақ көресіңдер…

Тәтті қиялға шомып, шекарада күзетте жүргенде таңның қалай атқанын, уақыттың қалай зырылдап өтіп жатқанын байқамай да қаласың. Арманыммен талай-талай жерге кетіп қаламын. Аман-сау елге оралайыншы, содан кейін…

Амал не желмен жарысып, көлеңкеңді қуып жете алмайсың. Тәтті қиял санаңда жүргенімен тағдыр сені бұрап, сынап, қиратып, сындырып жібергісі келетінін білмейсің-ау…

Әскерде алты айдай болғанымда жаналғыш әзірейілдей суық хабар келіп, елге аттандым. Құлақтан кірген суық сөз жүрекке барып сірескен мұз болып, есімді жия алмай, көз жасымды тия алмай үйге келіп жеттім.

Қайран асыл анам… жүрек талмасынан бұл дүниемен қоштасып жүріп кетіпті. Басы кәужіреп, әппақ қудай шашы ағарған, қартайып кеткен сорлы әкемді, ұлардай шулаған бес қарындасымды құшақтап, шешемді жоқтап бір күн жыладым, түн жыладым. Бейітіне боздап барып, аңырап боздап қайттым.

Апа-ау! «Күліп қарсы аламын», – деп едіңіз ғой… Неге ерте, тым ерте мәңгілікке кетіп қалдыңыз. Әскерге аттанарда неге мейірлене құшақтап сүймеді екенмін, неге тапырақтап оқыра тиген танадай асықтым сонша. Күліп тұрып, мен кеткен соң үйге кіріп төсегіне отырып алып өксіп-өксіп солқылдап жылапты ғой, жан анашым… Нені, нелерді ғана ойлады екен сонда?!».

Шешеңнің саған арнап жинап жүрген дүниелері еді, – деп басы қалтылдаған әкем бір дорба берді. Оның ішінен етегіне атымды әдемілеп кестелеп тігіп қойған әппақ қардай шымылдық пен ақ орамал шықты. Баяғы әскерге кетерде шетін тістеген тандыр нан мен газеттерге шыққан мақала, өлеңдерімді де осында сақтапты.

Қайран, анашым-ай, үйлендірсем, ел құсап келін түсіріп, немере сүйсем-ау деп армандап жүруші еді. Шешем түні бойы ұйықтамай кестемен етегіне атымды жазып тіккен ақ шымылдықты кеудеме басып, булығып, тұншығып, шерленіп, сағынып өксігенім-ай… Талай-талай арманым ішінде кеткен, жетем дегеніне жете алмай шерменде кеткен қайран әзіз Анашым. Жалған дүниеден, тағдырдың теперішінен шыға алмай өттің-ау. Соңында басы-қолы дірілдеген кәнтөжный соғыс мүгедегі мүсәпір сорлы күйеуі мен әлі бауырын жазбаған балапандардай аңыраған бес қызы қалды. Орны үңірейген үйде шешемнің орны бөлек еді-ау.

Бір айналдырғанды шыр айналдырады дегендей, кесапат қырсық мұнымен бітпей сұғанақ сүмелек иттей тістелеп, қыр соңымнан қалмай-ақ қойды.

Біздің үйге ажал әкелетін жаман түс көргенмін. Қап қара киінген қара шләпілі сыриған ұзын бойлы кісі қара таяғымен түртіп тұрады. Бет-әлпеті бұлыңғыр, құрықтай сұңқиған ұзын, қап-қара плащ киген сол түсіме кіріп, таяғымен түрткілеп оятқан күні біздің шаңыраққа бір әлемет қырсық кіретінін ұғып, жүрегім кеудемді жарып жіберердей дүңкілдеп, шошып жүремін.

Әскерден біржола қайтуға, дембілге төрт-бес ай ғана қалғанда осы қарғыс атқыр түсті тағы көрдім.

Жіңішке мұртты, замполит майор тағы шақырып алып, әңгімені әріден тартып айта бастағанда-ақ бір сұмдықтың болғанын аңғардым. Телеграмманы көрсеткенде тұла бойым қалшылдап есіріктене ойбайлап, тар кабинетте өкіріп жылай беріппін. Майор замполит құшағына қысып, арқамнан қағып, тұтыға сөйлеп көңіл айтты.

– Саған өте ауыр болды Қалиев. Бір жылда екі ауыр қаза. Командирге

түсіндіріп самолетпен еліңе барып қайтуға рұқсат алдым.

Үйіміздің сұлбасын көрісімен іші-бауырым езіліп, жүрегім шырылдап, Әсемкүл қарындасымды жоқтап боздағаным-ай.

Көрші-қолаң үздік-создық келіп құшақтап көңіл айтып жатты.

Ертесіне әкем екеуміз жотаға шешем мен қайран арманда кеткен Әсемкүл қарындасымның бейітіне барып қайттық. Қос бейітті құшақтап өкіріп жылап-жылап, әбден сағынған сағынышым мен өкінішімді айқайлап айтып-айтып, топырақ болған үсті-басымды қағып-сілкіп орнымнан тұрдым. Қой белімді буайын, ес жиып, шаңыраққа қарайын деп шештім.

Әкемнің бетін әжім торлап, бүкшиіп, шалынысып әзер жүретін болыпты. Күлге шөккен кәрі атандай жүріп-тұруы қиындап, кеудесін жарып уһлей береді. Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің. Жылай берсең көз жасыңа көміліп ағасың да кетесің. Бір үйлі жан маған жаутаңдап қарап отыр.

Қазанға салатын ас та, қайнататын шәй де таусылған, үй-іші тозып, берекесі кеткен. Жығылғанға жұдырық демекші, қызы өліп, қайғы жұтып отырған әкемнің мініп жүрген аты жоғалған. Колхоз жылқысын ұрлаттың деп оны мойнына салып, жұмыстан шығарып жіберген… Асы жоқ үйге ит те кірмейді, әкем кәңгіреп, меңіреуленіп кәрі шалға айналыпты.

Тас түйінделіп алып, сол жиырма күнім жиырма ғасырға татитын шығар, ширығып, зыр қағып жүріп бармаған жер, қақпаған есігім қалмады-ау… Ақыры үлкен екі қарындасым– Ақмарал мен Бақыткүлді ауылдағы интернатқа, ал кішкентай Шолпан мен Фариданы қаладағы балалар үйіне орналастырдым. Әкемді кеңсеге күзетші етіп алдырттым, көрші ауылдағы әпкемнен бір қой әкеп сойып тұздап, кептіріп бердім.

Әкем араққа үйір бола бастапты, дүкен төңіректеп кететінді шығарыпты. Бетінде, көзінің астында үлкен тыртық пайда болыпты.

Бір кеште әкеме:

– Андағы бетіңе не болған? Арақ ішіп, тапқан олжаң ба? – дедім.

– Қайдан, қарағым. Өткен қыс жаман жұт болып, колхоздың бар малы қырылып қалды. Суықтан өзендегі су түгел қатып, адам беліне жететін қар жауып, қыс өте созылып, ызғар боран ұлып тұрып алды. Азын-аулақ жиған отын Жаңа жыл өтпей-ақ таусылып, төңіректен қураған ағаш іздеп кеттім ғой. Шешең өлгелі Әсемкүлім бір жағына шығып, тамақ пісіріп, от жағып, балаларды қарап жүруші еді. Шырағым-ай, өте пысық, шешесі секілді іскер, тындырымды еді. Маңдайымызға сыймай кетті ғой. Тиын-тебен табамын деп шөпшілерге ілесіп, колхоз жұмысына шығып алды ғой. Қорабынан түсе бергенде машина дүр етіп жүріп кетіп, тас жолға шүйдесімен құлап, тіл тартпай кетті ғой қайран қызым. Несін айтасың, қыс бойы Әсемкүл екеуміз қырқа-қырқаны кезіп, отын іздеумен болдық. Қалың қар басқан далада түк жоқ, колхоздың алма бағындағы қураған бұтақтары да таусылған. Әзірейілдей қырық градус аяздан бір қора жан үсіп қатып өлетін болдық. Әсемкүл екеуміз колхоздың алма бағының ішіндегі қураған бір томарын қардан аршып, балтамен кесіп алайық деп ақ тер, қара тер болып жатсақ, «Найзағай» деп атап кеткен күзетші артымнан шауып жетіп келгені.

– Әй, ұрылар қолға түстіңдер ме! – деп бас-көз жоқсабай жөнелді.

Бишігінің ұшына қорғасын құйдырып алса керек. Тура көзімнің астына ұшы тиіп, бетімнен қан сау ете түсті. Әсемкүлім қолымнан жетектеп алып ұшып Шәйкүл медсестраға жеткізіп, қан тоқтамай аудан орталығына апарып, тіктіріп қайттық қой. Содан қалған тыртық бұл. Қыс қақағанда жанымызды қоярға жер таппай қалтырап, дірілдеп есіміз шықты. Байқадың ба, мына үйдегі еденге төселген бар ағашты алып, жарып отын еттік қой, – деп әкем аһылап-уһілеп жер еденге тесіліп қалды.

– Міне, мынаны Әсемкүлдің жастығының астынан тауып алдық, – деп бір дәптер мен фотоальбом берді. Фотоальбомда бәріміздің суреттерімізді желімдеп, шет-шетін әдемілеп өрнектепті. Қалың қара дәптерге өлеңдер жазыпты. Көбісі – есіл кеткен анасына деген сағынышын, аңсағанын, жылағанын, одан кейін маған, сіңлілеріне деген арнаулары. Сегізіншіні бітіріп, тоғызыншы сыныпқа өткенде желкілдеп өсіп келе жатқан шақта он ұйықтасақ ойда жоқта бізді мәңгілік мұңға батырып кеткен ай жүзді қайран қарындасым-ай!.. Сені есіме алсам болды әлі күнге дейін өзегім өртеніп, көзімнен жас саулайды!

Ертесіне көрші Шәйкүл жеңешемнен қарызға пұл алып, есік алдына бір трактор қорабымен көмір түсірдім. Жақсы, мейірбан жандар әлемді шайқалтпай ұстап тұр. Кейін бастық – аудандық газеттің редакторы болып тұрғанда арнайы Шәйкүл жеңешемді іздеп келсем, үйінде екен. Әппақ борықтай сұлу жеңешем басына кимешек киген ақ әже болыпты. Басына шаршы орамал тағып, пұл ұсынсам алмайды, әйтеуір қалтасына тыққылап әзер бердім.

Қали ағамнан түрің аумай қалыпты. Күлиман әпкем қандай еді шіркін…

Пісірген тамағы, тоқыған шілтері, тіккен кестесі керемет еді-ау. Біздің үйдегі ағаң ашуланып сабайын дегенде әпкеме жүгіріп қасына барып тығылатынмын. Әпкеме ешкім қарсы келе алмаушы еді-ау, –деп бетімнен сүйді.

Әкең де, шешең де бірге туған ешкімі жоқ жетім өскен ғой. Міне, сендер жетілдіңдер, солардың атын шығарып жүрсіңдер. Аман болыңдар, – деген ақ тілеуімен шығарып салды.

Шәйкүл жеңешем де бұл дүниеден өтіп, әке-шешем жатқан жотада мәңгілікке демалып жатыр.

Жиырма күннен кейін қайта әскерге кетерімде үйде жалғыз қалған соры қалың, бейнеті бес батпан әкем жапақтап ештеңе де айта алмай, көзін жеңімен сүрткіштеп, өксіп-өксіп жылай берді. Күні кеше шешем, Әсемкүл бастаған бес қарындасым, бәрі-бәріміз базар мен думан етіп, жаймашуақ күлкіге толтырып жүретін қарашаңырақ құлазып, қаңырап қалды. Шығар-шықпас жаны бар, қайғы басқан, өмір жүдеткен әкемнің есік алдында қураған томардай сорайып жападан-жалғыз қалғанын көріп қапаланып, езілгенім-ай…Бұл әкемді соңғы көруім екенін қайдан білейін?!

Жердің үстімен барып, қайғы-қасіреттен жердің астымен қайттым.

*   *   *

Уақыт шіркін зырылдап тоқтамайды. Өткен күндер, жылжыған жылдар бетіңе әжім, шашыңа ақ түсіріп, жасыңа жас қосып, балалы-шағалы болып шыға келесің. Бұл – өмір заңы.

«Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» демекші, көрші кемпірдің томар кесіп жатқаны, үй-іші, жағдайы – сонау бір жалаңаяқ жар кешіп, қызылаяқ қар кешіп жүрген сүреңсіз бір шақтарымды еске түсіріп кетті.

Ертесіне түске салым Марфуша әжейдің үйінде шәй ішіп отырғанбыз. Аядай бөлме іші ыстық, сырт киімді шешіп, рахаттана әңгіме-дүкенге кірісіп кеттік. Әжім торлаған бет-аузындағы терін орамалмен сүртіп қойып, алғысын жаудыруда:

– Сізге мың рақмет! Кеше шоферіңіз азық-түлік әкеп берді. Кешке балаңыз бір машина көмір мен тамыздыққа деп жарылған ағашқа дейін әкеп тастады. Мына қызыл иегіме қызыл тимегелі қанша болды, ауруханадан шыққалы ыстық сорпа болса ғой деп жүруші едім. Кеше ет асып, терлеп-тепшіп отырып ас іштім. Балаңызға нұр жаусын, екі білегін сыбанып, үйдің ыбырсыған заттарын жиыстырып, жуып-шәйіп, жаңа көрпе-жастықты кереуетіме төсеп, мына дастарханды берді, – деді шақпақ өрнегі бар күрең кленканы көрсетіп. – Алла разы болсын. Мейірман, бауырмал қазақ халқыма мың рақмет! Қандай шапағаты мол, мейірімді жандар қазақ деген. Көрші-қолаң, таныс-біліс солар жерледі ғой. Жаман өлмелі кемпірге бола сонша әуре болғандарыңыз не?

– Марфуша әжей! Ештеңе етпейді. Әке-шешем біздің қызығымызды, үйлі-баранды болғанымызды көре алмай, әттең ерте үзілді. Шынымды айтсам, сол ата-анамның замандасы Сізге қызмет істегеніме іштей қатты қуанып жүрмін.

Есік алдына тақай тоқтаған мәшине бипілдете бастады. Үстіме күртешемді іле сала жедел далаға шықтым. Белінде жолағы бар «Қазпочта» деген жазулы жүрдек кішкентай ғана «Нива» мәшинесінен шыққан сөмке асынған егде әйел қолыма жеделхат ұстатып, қол қойдырды да тез қайтып кетті. Қалың сыңсыған беткейдегі орманнан шайырдың жұпар иісі аңқиды.

Алақандай көк қағаздағы жеделхатқа көз салып, үстіме суық су құйып жібергендей селк ете қалдым. Марфуша әжейдің Санкт-Петербургтегі үлкен ұлы бір ай бұрын қайтыс болыпты. Университет проректоры оның қай қорымға жерленгенін ғана хабарлапты.

– «Неге проректор мұны хабарлап отыр? Әйелі, қызы қайда? Жалғыз шешесіне табандатқан екі ай бойы естіртпей, айтпағандары қалай?..».

Миымды осындай ойлар найзағайдай тілгілеп өтті. Мына сіңіріне ілінген кәужіреген, науқас меңдеген, жоқшылық түбіне жеткен кемпірге қазір естіртсем жүрегі тоқтап қалар. Әзірше мұны айтпай тұра тұрайын. Ас-су ішіп, емделіп күш-қайрат жинасын.

Үйге түк болмағандай кірдім.

Мені іздеп келіп, асығыс өте керек құжаттарға қол қойдырып әкетті, – дей салдым ішкі толқынымды жасырып.

– Шәйің суып қалды ғой, кел, қарағым ыстықтай құйып берейін. Күн де азынап, суып кетті,– деп кемпір жайбарақат шәй құйып, кесе ұсынды.

Қандай орта, қандай жер болса да тамақ талғамаймын, жиіркену, менсінбеу деген әсте жоқ.

Әжей тұңғышының Англияда, кішісінің Америкада болып, ғылыми жұмыстар жүргізгенін,атақтар алғанын риза пішінмен айта бастады.

Кенет алапат сатыр-сұтыр соғыс жүріп жатқандай, гүрс-гүрс бомба жарылғандай таулар күркіреп, шыңдар шайқалғандай ғаламат сұмдық құлақ тұндырып, есті аударды. Бүкіл әлем қопарылғандай, топан су сел жүргендей біз отырған кішкентай құжырхана сықырлап ала жөнелді.

Кемпір бұрышқа барып тізерлей отырып шоқына бастады.

– «Бісміллә, бісміллә» деп өзім жаттап алғаныммен, оқи бермейтін «Фатиха» сүресін суылдатып қайталай бердім, қайталай бердім.

Жер-Ана алас ұрып, аһылап-уһілеп, бүкіл Медеу сайы дірілдеп, қайран қара жер қарс айырылғандай қараңғыланып, жаңа ғана тұп-тұнық мөлдіреген қыстың күні әп-сәтте қаратүнектеніп сала берді.

Жүрегім аузымнан шығып кетердей атқақтай соғып, балбал тастай мелшиіп отырған күйі Құран сүресін ес-түссіз оқи бердім, оқи бердім.

– Балам, тұра ғой, тиылды ғой,– деп кемпір иығымнан қаққанда барып көзімді аштым. Қорыққанымнан ба, екі көзімді тас жұмып алыппын, содан төңірек қап-қара көрініпті.

Үй-іші жап-жарық.

Есеңгіреп есімді жия алмай, ұйып қалған қолдарымды уқалап отырып қалдым. «Сұрапыл сел, тасқын өтіп әсем Алматым қалай болды екен»,– деген қорқыныш жүрегімді суылдатты.

Кемпірді сүйрей-мүйрей далаға атылдым.

Тұманданып, бұлдырлап өз көзіме өзім сенбей, аңтарылып, жан-жағыма алақтай қарап состиып тұрып қалдым.

Жаңа ғана құлпырып, Алатау етегін көкжасылға бөлеп, жайнап, күнге ұшар бастарын жеткізем деп таудың бүкіл беткей-беткейіне дейін ұйысып сыңсып өскен қалың орман әп-сәтте тып-типыл болыпты.

Құлаған нән-нән қарағай, шыршалар өз-өзінен шарт-шарт сынып, сұлап-сұлап жатыр. Арасынан адам өте алмайтын қайран қалың орман орнында арсиып-ырсиып сынған,ағарып аршылған томарлар ғана қалған. Әйгілі Медеу сайында қайғы жамылғандай; қаншама жылдар осы өңірдің сәнін кіргізген, әрін келтірген ғажап сұлу ағаштар соғыста өлген солдаттардай ұзыннан-ұзын жерде сұлап, сұлқ жатыр. Зеңгір, заңғар көк аспанға қол созған, жыл бойы жап-жасыл жапырағын жайғанбиік-биік ағаш біткен әп-сәтте түгел қирап, сынып, опырылып, қара жерді құшақтай құлапты.

Кәужіреген кемпір екеуміз далада әбден жаурағанша состиып, жан-жағымызға шошына көз салып, үн-түнсіз көп тұрып қалдық.

Жер-Ананы әбден ашуландырып алдық-ау. Алатауды әбден жаралап, қорлап, піскілеп, тескіленген соң осындай мінез көрсетті-ау. Табиғатта фальш – жалғандық жоқ, оны қадірлеу керек. Міне, адам көрмеген, құлақ естімеген сұмдық жағдайға кезіктік, қарағым. Табиғат, Жер-Ана ескертіп жатыр. Адамзат емес, біз құрбан болайық деп қалың орман түгелімен құлап түсіп, көз жұмды. Арандарың ашылып, пейілдерің тарылып, ниеттерің бұзылып барады деп ескерту жасапты жарықтық Жер-Ана!..

Бір уыс әжей күбірлей шоқынды.

«Сұбханалланы» бір қайталап шықтым. Сай табанында төңірегі түгел жалаңаштанған ашулы өзен өкіре жылап ағып жатыр.

Жайқалған қалың орман орнында әр-әр жерде қарайып, қасіреттеніп, сорайып тұрған томарларға қарап, жүрегім шошынды. Қалың орманды базар етіп ұшып-қонып жүретін бірде-бір құс та көрінбейді.

Алатаудың жауһар-бойтұмары болған Алматым төменде мамыражай, жаймашуақ қаннен-қаперсіз әппақ күміске бөленіп, мөлдіреп, терең тыныстап тұр. Асыл Алматым, әрдайым сен аман болшы!

Сол түні мен жүрек талмасымен ауруханаға түстім.

2019 жылғы желтоқсан айы.

Медеу сайы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *