ҰЛЫҚ ЕЛДІҢ ҰЛЫ ҒҰЛАМАСЫ

Таным
1 429 Views

Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшыөркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдіксауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты.Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі– Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының руханикөшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Яссауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы.

Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келген. Қазақ топырағынан көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтар бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыра білді. Солардың бірі күллі әлемге танымал ұлы тұлға – Әбу Насыр әл-Фараби. Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки. «Ат-Түрки» тегінің түркі екенін, «Әл-Фараби» Фараб қаласынан шыққандығын білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты – Мұхаммед, әкесінің де аты – Мұхаммед, атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлағ. Кейде оны «Тархани» деп те атаған. Әл-Фараби дәулетті отбасында дүниеге келген. Кей деректерде руының қаңлы-қыпшақ екені де айтылады.

Иә, Шығыс пен Батысты қатар мойындатқан ойшыл, әлемде Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған, өз заманының ең кемеңгер энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен мұрасын таныстыру арқылы біз болашақ ұрпақтың бойында ғұлама ғалымның өнегелі қасиеттері мен ғылымға деген қызығушылығын оятамыз.

Осындай ойшыл, кемеңгер тұлғамызды мақтан етіп, ұрпаққа үлгі ету мақсатында Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ұлы даланың ұлы тұлғасы Әл-Фараби» атты тарихи-танымдық ғажайып тұңғиық әсерге толы кеші болып өтті.

Ойшыл, дана, философ Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы мерейтойлар тізіміне енгені иісі қазақ еліне белгілі. Биылғы айтулы жылда бүкіл өркениетті әлем Әбу Насыр Әл-Фарабидің шығармаларын оқып, ғұламаның асыл мұрасын зерделеп, тереңнен тануымызға зор мүмкіндіктер тудыруда.

Айтулы кешке Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Фарабитанушы ғалым, әдебиеттанушы, өлкетанушы, этнолог Абдолла Жұмашев, Қазақстан Жастар Одағы және халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық университетінің бірінші проректоры Баршагүл Исабек, SILKway халықаралық университетінің профессоры, ҚР мәдениет қайраткері Сайлаубек Жақсыбеков және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, кештің шырайын кіргізді.

Салтанатты кеште сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов: «Мұндай рухани азық болар, келешек ұрпақтың саналы тәлім-тәрбиесіне үлесін тигізер шаралар жиі болғаны құптарлық дүние. Ең бастысы – әл-Фарабидің ғылыми мұрасын, оның руханиятын, оның ізгілік қағидаларын қанымызға сіңіруіміз керек», – деп жиынға қатысушыларды құттықтап, ақжарма ниетін білдірді.

Осы тұрғыда айта кетеріміз, Фараби өмір сүрген дәуір терең тарихы, төлтума мәдениеті, озық дәстүрі бар түркі даласына Ислам дінінің дендей еніп, түркі, араб, парсы мәдениетінің тоғысуы басталған күрделі кезең еді. Саналы ғұмырын ғылым-білім жолындағы ізденіске арнаған Фарабидің өмірлік ұстанымының қалыптасуына аталмыш факторлардың әсері үлкен болғаны анық.

Ұлы ойшыл, кемеңгер Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамдар бақытты болуы үшін біріне-бірі көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала – ізгі қала болады. Халқы бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отырған қоғамда ізгі қоғам болары даусыз. Сол секілді халықтардың бәрі бақытқа ұмтылып, біріне-бірі көмектесіп отырса, бүкіл жер жүзі ізгі болар еді» деген сөзін тілге тиек еткен Баршагүл Исабек осы асыл мұраларды, жалпыадамзаттық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытып, рухани адамгершілік тәрбиесін, қоғамның барлық саласына енгізген дұрыс, – деген оңды көзқарасын білдірді.

Әл-Фарабидің қазақ мәдениетіне тигізген үлесі орасан. Бірлік, ынтымақ, сабырлық пен парасаттылық, ең алдымен қоғам өміріне қажет құндылық. Осы айтылған ойдың мән-мағынасын түсінсек, ұлы ғұламаның бай мұрасындағы ғибратты сөздермен ұштасып жатқандай. Ойшылдық тарихындағы дара тұлғаның философия, таным теориясы, музыка, логика және саясат пен этика туралы пәлсапалық ойлары ұрпақтан-ұрпаққа мұра болар ой қазынасы, – деп Ұлықбек Есдәулет жылы лебізін жеткізді.

Әбу Насыр Әл-Фараби ғылым, білім іздеп, жер жерді аралап парсы, түрік, араб тілдерінен бөлек грек, қытай, латын, санскрит және басқа тілдерді де үйренеді. Сол заманда дамыған барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін жетік меңгеріп, оның дамуына өз үлесін қосады. Осылайша, кейінгі ұрпаққа мол мәдени асыл мұра қалдырды.

Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», – деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін түсіндірген.

Әрине, ғұламаның ғылыми философиялық еңбектерін байыптап, қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын да аңғарамыз. Ол Шығыс еліндегі тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы.

Әл-Фараби музыка туралы жазған кітабында музыка өнерін әдемілеп жіктеп береді. Ал «Логика» және «Диалектика» атты шығармасында әлемнің ішкі байланысын, дамуы қандай екенін түсіндіріп, әлемге паш етеді.

Музыка өнерін жанына жақын тұтқан Сайлаубек Жақсыбеков өз сөзінде: «Ғалымның музыкаға қосқан үлесі тіпті ерекше. Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г.Фармер: “Барлық ғылымдар саласында Әл-Фараби – «Екінші ұстаз». Ал музыка саласын алатын болсақ, Әл-Фараби бір өзі ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында Әл-Фарабиге үлгі боларлық бірінші ұстаз адам болмаған”, – дейді. Бұл – өте жоғары баға.Әл-Фарабидің музыка саласында жазған “Музыканың үлкен кітабы” атты еңбегі бар. Қазір музыкада жеті нота болса, әл-Фарабидің музыканы математикалық цифрлар арқылы қағазға түсірген еңбегінде нота саны – 12. Сол бес нотаны әлі күнге ешкім тапқан емес. Әл-Фараби музыканың тек теориясын зерттеп қана қоймай, сондай-ақ тәжірибе жүзінде де қолданып, көптеген аспаптарда тамаша ойнай білген. Өзі “канун” деген музыкалық аспап ойлап тапқаны баршаға аян. Оның шебер орындаушы болғанын бізге жеткен аңыздар айтады. Онда Әл-Фараби музыкада ойнағанда дала бір сәт күңіренсе, енді бірде құстар сайрап, жаймашуақ, көңілді сәт орнайтын көрінеді. Ол ойлап тапқан аспап бүгінде қазақтың ұлттық аспабы –домбыра деседі», – деп мәлімдеді.

Сонымен қатар айтулы кеште зиялы қауым өкілдері тарихы терең тағылымды Әбу Насыр Әл-Фараби туралы кеңінен әңгімелеп, еңбектеріне толығырақ тоқталды.

Іс-шараға Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының 9 және 10 сынып оқушылары да қатысып, ақын-жазушымыз М.Шахановтың «Арман» шығармасындағы жас Әл-Фарабидің арманы туралы «Әлем ойшылы Әл-Фараби» атты сахналық қойылым көрсетті. Өнер көрсеткен оқушыларымызды қала әкімінің орынбасары марапаттап, ізгі тілегін білдірді.

Әдеби-поэзиялық кештің керемет әсерінен ұзақ уақыт арыла алмай, тамаша сезімде болып, тағылымды дүниенің дәріптелгеніне іштей қуанып қалдық. Түйіндей кетеріміз, Түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан топырағынан шығып, аты әлемге жайылған Әл-Фарабидей бабамыздың толық тұлғасын барынша танып, еңбектерін ерінбей оқығанымыз абзал. Әл-Фараби біздің көгіміздегі жарық жұлдыз болуы, ұлттық идеологиямыз Әл-Фарабимен жасалуы тиіс-ақ. Әлемге ілім-білімнің шуағын шашқан «Екінші ұстаз» халқына қайырымды қала идеясын жасап беріп, бақытты болуға шақырған ұлы ғұлама әрдайым ұрпақ санасында жаңғыра түскені, шоқтығы биік тұрғаны дұрыс. Ендеше, ұлы тұлғаларымызды насихаттайтын мұндай кештердің жиі өткізіліп тұрғаны игіліктің белгісі болады.

Б.СҰЛТАНБЕКҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *