МЕРЕКЕЛІК МӘДЕНИ ШАРАЛАРҒА ТОЛЫ ЖЫЛ

мәдениет
718 Views

Қазақта «Тойың қабат болсын, өмірің абат болсын!» деген тамаша даналық сөз бар. Сол айтылғандай, биыл біздің сүйікті қаламыз қос бірдей тойды қатар тойламақ. Шымкенттің2200 жылдық мерейтойы Халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізіліп, ЮНЕСКОдеңгейінде атап өтіледі. Бұдан бөлек шырайлы шаһарымыз – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иеленіп отыр. Қос тойды қатарөткізетін көне кентте көптеген мерекелік мәдени шаралар өткізу жоспарланған.

«Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы – 2020» іс-шарасына дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитеті егемен еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары бас редакторларымен «Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы» тақырыбында кездесу өткізуді жоспарлаған. Іс-шара үшінші мегаполистің имиджін көтеруге бағытталған. Іскерлік басқосуға ІТ саласының өкілдері, соның ішінде баспа және электронды БАҚ журналистері мен қазақстандық танымал блогерлер қатысады. Негізгі іс-шаралар басталғанға дейін барлық шетелдік БАҚ бас редакторларының Шымкентке пресс-туры ұйымдастырылмақ. Мұндағы мақсат – осында ке-летін туристерге қаламыз туралы толыққанды түсінік қалыптастыру болып отыр.

22 наурызда ТМД елдері мәдени астанасы шарасының салтанатты ашылу рәсімі Шымкенттегі Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтеді. Бұл күні Достастық елдерінен келген өнер шеберлерінің Гала-концерті болады.

Жалпы алғанда, жыл бойына 34 ізгілікті де игілікті іс-шара өткізу жоспарланған. «Шырайлы Шымкент: Береке басы – бірлік» қоғамдық форумы осы іс-шаралардың бастамашысы ретінде тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. АSHYQASPAN aтты ІІІ Халықаралық әуе шарлары фестивалі ұйымдастырылады.

Сәуір айында Этноауыл ашылып, «Жібек жолы» деп аталатын Достастық елдері дәстүрлі және заманауи сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі, «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты фестиваль, фотосуретшілер көрмесі өтеді.

Мамыр айында Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерей-тойына арналған театр фестивалі, ТМД елдері симфониялық оркестрінің концерті, ресейлік фотосуретші С. Ларенковтың «Брестен Берлинге дейін» деп аталатын ашық аспан астындағы көрмесі, Халықаралық «Алтын сақа» атты анимациялық фильмдер фестивалі, ресейлік фильмдердің Қазақстандағы апталығының аясында қалың жұртшылықты КСРО халық әртісі В. Лановоймен кездесу күтуде.

Маусым айында Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өткізіледі. Оның аясында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. Цитадель қалашығы ашылып, арнайы кітаптың тұсауы кесіліп, Гала-концертке ұласады.

«Әлемнің Екінші Ұстазы» атанған даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай «Science. Heritage Nation» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Оған ғылымның барлық саласының өкілдері қатысады.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына ар-налған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, оның аясында қаламгерлердің шығармашылық кездесуі өтеді. Сонымен қатар «Meloman», «OZON», «Flip», «Кітап қаласы» онлайн дүкен желілерімен бірлескен жобалар әзірленуде. Театр ұжымдарының актерлері кітап клубын өткізіп, қалың жұртшылықты Абай шығармаларын оқуға шақырады. Ақынның туындыларына арналған бүкіл әлем суретшілерінің Халықаралық көрмесі өткізіліп, арнайы арт-салон құрылатын болады.

Мерекелік іс-шаралар бағдарламасында сондай-ақ, Халықаралық юмор, ТМД елдерінің театр, опера және балет, фольклор, халық билері, сан түрлі өнер, музыка, эстрада әндері, Шымкент – Қайырымды қала» атты балалар шығармашылығы фестивальдері, ұлттық тағамдар, мейрамханалар апталығы – гастрономиялық фестивальдері, шетелдік театрлардың гастрольдері, «Ұлттар достығы» атты цирк қойылымдары, ТМД елдері қаламгерлерінің кездесуі, әлемдік танымал авторлардың қатысуымен кітап жәрмеңкелері, балалар жазушыларының, жоғары оқу орындары шығармашылық ұжымдарының форумдары, «Өнерім саған, Қазақстан!» атты қазақтың ұлттық өнерін шебер меңгерген этнос өкілдерінің республикалық фестивалі, Қайырымдылық балы, музей көрмелері, көше театры, «Шымкентте жасалған» деп аталатын қала фермаларына саяхат туры, Shymkent Bike/Tour de Shymkent веложарысы, велосеруендеу, тағы басқа да көптеген қызғылықты іс-шаралар енгізілген.

27-30 қараша аралығында айтулы жылдың салтанатты жабылу рәсімі өтеді. Сөйтіп, эстафета Шымкенттен Тәжікстанның астанасы – Душанбеге ұзатылады. Осылайша биылғы жыл мерекелік мәдени шараларға толы болмақ. Достастық елдеріндегі барлық достарымызды шырайлы шаһарымызға шақырамыз! Көне кентке келіңіздер, кереметін көріңіздер!

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *