АҢЫЗ ДА АБЫЗ ТҰЛҒА

Өмір-өзен
1 250 Views

Бүгін мен үшін, менің әулетім үшін ауыр күн. «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» – деген сөзді дана халқымыз тектен-текке айтқан жоқ. Әуезхан атамның дүниеден өткенін естігенде түс көргендей болдық. Ол кісі сырқаттанып, төсек тартып жатқан жоқ. Сондықтан да шығар, бұл қаралы хабар барлығымызды есеңгіретіп тастады. Нардың жүгін арқалаған атамыз да арамыздан кетті. Ол кісінің өмір жолын өз замандастары айтар, мен атаммен бірге отырғанда айтқан естелік-әңгімелеріне тоқталамын. Ата өз өмір жолы туралы айтқанда бізге әрбір жүрген жолы өнеге болсын деген екен-ау. Әуезхан Салықбайұлы 1929 жылы 20 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс өңірінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1944 жылы Арыс стансасында вагондарды есепке алушы қызметінен бастаған ол Шымкент темір жол бөлімшесінің бастығына дейін өсіп, үлкен өмір жолынан өткен. 1944-1948 жылдар аралығында вагондарды есепке алушы, 1948-1950 жылдары пойыз құжаттарын реттеуші, 1950-1951 жылдары парк жолдарында кезекші, 1951-1965 жылдары дөңес кезекшісі, 1965-1967 жылдары Арыс стансасында да маневр диспетчері, 1967-1971 жылдары Арыс стансасы бастығының орынбасары, 1971-1979 жылдары Арыс стансасының бастығы, 1979-1993 жылдары Шымкент темір жол бөлімшесінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Әрбір қызметке оңайлықпен жетпеген. Арқасында сүйеу болар ағасы, алдында тынысы болар інісі болған жоқ. Өзінің адалдығымен, бірбеткейлігімен, іскерлігімен алдына қойған мақсатына жеткен. Қылышынан қан тамған Кеңес Одағында өзінің өжеттілігімен, білімділігімен ешкімнен тайсалмаған, бас имеген жас мамандар екеу болса, соның бірі де бірегейі Әуезхан атам болған. Еңбек еткен жылдарында тек теміржолға байланысты мәселелермен шектелмей, ел экономикасының өсуіне, Арыс қаласының қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан басшы. Мен басшымын демей, халықтың жоғын жоқтап, олардың өміріне етене араласып, жүздеген адамға қорған болып, мыңдаған жетім баланың аяғынан тұруына үлес қосқан үлкен жүректі ел ағасы еді. Әуезхан ата ұлтына, руына қарамай, халқына таза ниетпен адал қызмет көрсеткен. Қай жерде болсын әділдіктің туын жоғары көтеріп, өз ойын бүкпесіз айту арқылы «Турасын айтып, туғанына жақпаған», ардың, тектіліктің еншісін иеленген азамат болған. Өйткенi, ол өсек, өтiрiк сөздердi естiмейтiн, ескермейтiн қайта тыйым салуға әрекет жасайтын. Нендей ойы болса да көзбе-көз турасын айтқанды ұнатушы еді. 50 жыл қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан соң да ел өміріне араласып, халқының қуанышы мен қайғысын бірге бөлісті.

2019 жылдың жазында Арыс қаласында болған жарылыс кезінде халықты сабырлыққа, бірлікке, ынтымаққа шақырды. Арыста жарылыс болды деп елін тастап, Алматы, Астанада жатқан жоқ. Жасы 90-нан асса да халқының ортасынан табылып, халқымен бірге болды. Аудан, облыс көлемінде атқарылған істерді саралап, әкімдердің есебін тыңдап, өз бағасын беретін. Қызмет еткен жылдарында өз мектебін қалыптастырып, ізін басар шәкірттер тәрбиеледі. Осындай өмір жолы бар атаммен қай кезде де мақтанып, ұрпағыма үлгі ете аламын. Жүріп өткен жолы өзінің аңыз тұлға болғанының айғағы. Менің әкем Әбутәліп Сұлтанұлы 67 жасында өмірден өтті. Сол уақыттан бері Әуезхан атамның ақыл-кеңесін тыңдап, өмір жолымда аяқты шалыс баспауға бағыт-бағдар алып отыратын едім. Өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көрген ерекше жан еді. Әрбір айтқан сөзінің астарында терең мағына, өнегелі тәрбие аларлықтай астарлы ой бар. Мен атамның естелік-әңгімелерін тыңдағанда өзіме рухани азық алатынмын. Әкем Әбутәліп бізге былай дейтін: Мен, өмірдің ащысы мен тұщысын көрдім. Бірақ, Әуезхан аталарыңдай әулие жанды көрген жоқпын. Басқа кісіні ренжітсеңдер, кешіруім мүмкін. Әуезхан аталарыңды ренжітпеңдер, ол кісіні ренжіткен адам өсіп-өнбейді. Бұл сөзді жүректеріңе тоқып, менің өсиетім деп қабылдаңдар дейтін. Әкемнің сол сөздері біздің жадымызда сақтаулы. Әуезхан атам мен әкем екеуі қанша жыл қызметтес болды. Бір-бірін сыйлап, аға-іні деген құрмет, ізетін жоғалтқан емес. Сол құрметті әкем қайтыс болған кезде біз жоғары оқу орнын бітіріп, енді ғана қызметке араласқан кезіміз. Әкем дүниеден өтті. Жаназаға жиналған халықтың санында шек жоқ. Енді жетісін, қырық күндік асын өткізу керек. Біреу шын қайғырып келеді, біреу сынай келеді. Сондай қиын кезде Әуезхан атам бір үлкен жылқысын жетектеп келіп, сол бір қиындықтан алып шыққан. Сондай шақта әкемнің нағыз арқасүйер ағасы, адал досы бар екенін көрдік. Мұндай тірлікті екінің бірі жасай алмайды. Жүрегінен мейірімділік нұры шашылған осындай атамның барына тәуба дедік. Ол кісі бір барғанымда атам Сұлтанның теміржол саласын дамытудағы еңбектерін айтып, ол кісінің адалдығына тәнті болатын. Балам, сен солардың ұрпағысың, ата-бабаңның ел үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз, оны жалғастырар өздерің дейтін. Қасында отырған әрбір минутым менің бойыма қанша күш-жігер беретін еді. Атамның әңгімесін есітіп шықсаң, басқа бір серпінмен алға жылжисың. Бір барғанымда маған мынадай сұрақ қойды. Әбутәліптің барлық баласы теміржолшы, сен қайдан педагог болдың? – деген еді. Атаға екінші рет жолыққанымда балам, өткендегі сұрақтың жауабын өзім айтайын. Сенің әкең Бірлік ауылындағы мектепте мұғалім болып қызмет атқарған екен. Ол сұрақтың жауабын өзім таптым. Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көрген жоқпын. Айналайын, еңбегіңмен еліңе қызмет жасай бер, – деп әрқашан тілекшім болып отырушы еді. Ол кісі бірде 3 жасында әкесі Салықбайдан, 8 жасында анасы Ділдәгүлден айырылып, жетімдік азабын ерте тартқаны туралы айтып, сендер бақыттысыңдар. Бауырларың жандарыңда. Мен ата-анамнан, бауырларымнан буыным бекімей, қабырғам қатаймай тұрып айырылып, жас кезімде өмірдің барлық соққысына төтеп бердім. Ата-анамның қара шаңырағының есігін құлыптап, нағашымның елінде тәрбие алдым. Сол кезде арқама аяздай батқаны бауырларымнан айырылып, жалғыз қалғаным. Неге бұны саған айтып отырмын? Кеше ғана ағаң Арқалықты жер қойнына тапсырдық. Небәрі 37 жаста. Артындағы перзенттері елдің ортасында өссін. Соған қараңдар. Көппен араласып жүрген жігітсің. Сондықтан барлық мәселені әділ шешуге әрекет жаса, – деп аталық ақылын айтушы еді. Қиын шақта жанын жақсы түсінетін жары Рәтай апамыз қасында болып, демеп отырған. Кезінде Шыңғыс хан: «Ер кісі бір мезгілінде барлық жерді жарық етіп отыратын Күн емес. Олай болса, ері аңға не жорыққа кеткенде әйелі ерінің отбасын көңірсітпей, үй ішін үлбіретіп отыруы керек. Келген кісіге ерінің жоқтығын білдірмей, құрметпен қарсы алып, дәмді тағам беріп, адал пейілмен сыйлап жіберсе, өзінің абыройын арттырып қана қоймайды, ел арасында ерінің де абырой-беделін асқар шыңға шығарады. Ер кісінің абыройы әйелінің адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты» деген екен. Біздің Рәтай анамыз атамыздың мерейін арттырған, ел анасы болған жан. Әрбір қазақ келініне өзінің өнегелі істерімен үлгі болған ана. Ауылдағы көрші-қолаң, ағайын-жұрты ол кісінің қарапайымдылығын, ақылдылығын, ақылына көркі сай қайталанбас тұлға болғанын осы күнге дейін сағынышпен еске алып айтып отырады. Рәтай анамыз атамның иманының, жинағының, ырысының тұрағы бола жүріп, 7 перзентті дүниеге әкеліп, солардың білікті, жоғары білімді мамандар болуына сіңірген еңбегі шексіз. Ата мені жұмысымнан алаңдатпай, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген де Рәтай апаларың, – деп отыратын. Осындай жарасымды отбасының басшысы, Арыс өңірінің қазыналы қариясы, республикаға тоғыз жолдың торабы ретінде танылған Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының, Арыс қаласының Құрметті азаматы, теміржол саласының негізін қалаушы, Социалистік Еңбек Ері Әуесхан атамның еңбегі бағаланып, Үкіметтің ең жоғары наградаларымен: Ленин, 2 рет «Еңбек», «Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» және «Отан» ордендерімен және көптеген медальдермен марапатталған. Есімі Қазақ КСР-нің Алтын Құрмет кітабына енгізілген. 37 жасында Социалистік Еңбек ері атанды. Осындай тамырын тереңге жайған бәйтерегіміз болды. Біз үшін, еліңіз үшін аңыз да абыз тұлға. Біз Сізбен мақтанамыз. Амал жоқ. Тағдырдың салғанына көнеміз.

Қайран, Әуезхан ата! Еліңіз үшін орныңыз ойсырап қалғанын анық сезіндім! Әттең, мәңгілік өмір жоқ. Есіміңіз халқыңыз, перзенттеріңіз барда ешқашан өшпейді. Есімде жарқын бейнеңіз, құлағымда жылы үніңіз қалды. Орныңыз пейіште болсын, асыл Атам!

Әбдіжәлел АҚКӨЗОВ,

М.Тынышбаев атындағы

QazАТК Шымкент көлік колледжінің директоры.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *