САРЫАРҚАНЫ СІЛКІНТКЕН СЫРЛЫ САЗБЕН

Мерей Өнер
1 550 Views

Дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаеваның «Сырнаймен егіз сырлы әнім» атты шығармашылық кеші Астана төрінде жоғары деңгейде өтті

“Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді”

  Григорий ПОТАНИН.

 

МУЗЫКА – кез-келген ұлт түсіне алатын ортақ тіл. Жүректің қылын қозғап, сырын ашатын, табиғаттың болмысын бейнелеп, тарихын жеткізетін құдіретті нəзіктік. Оның ішіндегі ұлттың ұғымына сай, мінезіне тəн, өзіндік бояуы бары – дəстүрлі əн. Жаһандану кезеңіне қарамастан «Рухани жаңғырып», сананы тазартып жатқан жұртымыздың дəстүрлі əн десе делебесі қозып, рухының оянатыны бар емес пе?!

Сырнай мен күміс көмейдің үндесуі қандай ғажап еді. Əсіресе Біржан сал мен Иманжүсіп, Жаяу Мұса мен Мәди, Үкілі Ыбырай, Майра, Естай мен Нартайдың мұраларынан сусындап, шөл қандырудың лəззаты бір бөлек. Хəкім Абай: «Əннің де естісі бар, есері бар…» – деп, айтқан еді. Біз жақында құлақтың құрышын қандырған есті əндер шеруін көрдік. 2018 жылдың 13 сәуір күні Астана концерт залында дəстүрлі əнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаеваның «Сырнаймен егіз сырлы əнім» атты шығармашылық кеші өтті.

Дəстүрлі əннің дəмін талайға таттырып, өрендерге өнер құдіретін танытып жүрген хас талант Клара Төленбаеваның кешіне дəстүрлі əннің көрнекті өкілдері, ақындар жəне дарынның шығармашылығына сүйсінген əн сүйер қауым жиналды. Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің сүйемелдеуі арқылы «Бұлғын сусар» биімен ашылған кеш шымылдығы Клара Төленбаеваның орындауындағы халық əні «Ақ дариғамен» жалғасты.

Халықтық əндердің өзгелерден ерекшелігі оның мəн-мағынасында. Кеш барысы одан əрі «Ей, Қалқа», «Арман-ай» əндерімен өрнектеліп, түркі тілдес туысқан халықтарының оның ішіндегі Қырғыздың «Сарыой» жəне татардың «Ғалия Бану» əні көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

Ине шаншар орын болмаған концерттің келесі кезекті әуені Ноғай халқының «Қаңлы» əні болды. Сонымен бірге, Клара Төленбаева сахна төріне Аламан тобымен қоса Досымжан Таңатаров пен Нұрболат Құсайыновты шақырды. Халықтың толастамаған қол шапалағы олардың өнер иелеріне деген ыстық ықыласын танытқандай.

Кеш кейіпкері Клара Төленбаева өз сөзінде ұстаздары Қайрат Байбосынов пен Бекболат Тілеухановтардың қазақтың əн өнеріне қосқан өлшеусіз үлестерін айтса, кеш жүргізушілері сахна төрін əншінің шәкірттеріне ұсынды. Ұшы-қиыры жоқ кең даланы, гуілдеп ескен самал желдің салқынын, Сарыарқаның сұлулығын сырнаймен жеткізген шəкірттері халықтың əнге деген сағынышын басып, құмарын қандырды.

Керемет кештің қызған сəтінде Клара Төленбаева сырнайдың сырлы əуезімен: «Нартай» мен «Ақ қайың», «Майра» мен «Əдемі қыз» «Бұлбұлым», «Қырықта дəнеңе жоқ» əндерін орындап, халықтың шынайы қошеметіне бөленді.

Сахна қасиетті. Сахнаның киесін өнердің жүйесін түсініп, тереңіне бойлай алғандар ғана түсіне алады. Көптеген жылдар бойы халық əндерін насихаттаудан танбай жүрген Клара Төленбаева кеш барысында Теміржан Базарбаев, Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимов сынды қазақ ән өнерінің абыздары шыққан Семей өлкесіне деген, дəлірек айтқанда туған жерге деген махаббатын Болат Сыбановтың «Жайна,Семей!» əнімен жеткізді.

Кеш келесі бөліміне ойысты. Əн жүрген жерде поэзияның бой көрсетуі заңдылық іспеттес. Одан əрі Мұқағалидың қазақ сахнасындағы келбетін сомдап, көшін жалғап жүрген таланттылардың бірі Жанқалдыбек Төленбаев мұзбалақ ақынның өлеңдерінен оқып, көңілді кешті поэзиямен əрледі.

Қазақта «Ұстаздан шəкірт озар» деген асыл сөз бар. Өнер атты қиын да киелі жолдың бір ұшын ұстап жүру кез-келгеннің еншісіне тие бермейтін бақ. «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» дейді. Өнерде Клара Төленбаеваның өзіндік ұстаным қалыптастыру ісінде қолтаңбасы бар ҚР Парламент Мəжілісінің депутаты, дəстүрлі əнші Бекболат Тілеуханов та сахна төрінде өз ойын білдіріп өтті.

Ол өз сөзінде: «Бүгін шəкіртім Клараның кеші болғанымен, менің тойым болып жатқандай сезімдемін. Клараның өнер көрсеткен шəкірттері менің де шәкірттерім сияқты. Клараның əрбір жетістігі үшін қуанып отырамын» – деп, өтіп жатқан кешімен құттықтады.

Əн өнерінің отбасылық құндылыққа айналуы өнердің ұлылығын паш ете түседі. Концерт барысында Медет Салықов: Біз бұрын сахнада төртеу едік. Бүгін бесеу болып шығып тұрмыз. Кішкентай Нұрсаматымыз азамат болып алдарыңызда алғаш өнер көрсетуге шықты – деп, отбасылық өнер өрісінің кеңейгендігін жеткізіп, отбасымен «Аққу арман» əнін орындады. Сонымен қатар кеш қонақтары ретінде Өмірқұл Айниязов «Байтақ елім» əнін, Қарақат Əбілдина «Ал құрбым» əндерімен көрерменге шашу шашты. Кеш мəресіне жеткенде Клара Төленбаева «Ата-анам», «Жанай керім», «Сені ешкімге бермеймін» туындыларымен кеш көрермендерімен сусындатып, «Байжан» тобымен «Қос жүрек» жəне «Жібек сезім» сонымен бірге «Мың алғыс айтам саған, Қазақ елі» əндерімен аяқтады.

Көңілді кеш аяқталған тұста кеш қонақтарының бірсыпырасынан алған әсерлерімен бөлісуді сұраған едік.

Бекен ШОЛАНОВ, журналист, публицист:

– Бүгін өзімізді қазақ сезініп қалдық. Басынан аяғына дейін халық əндері болды. Ұлттық болмысымызды биікке көтеретін керемет əндер айтылды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, журналист, жазушы:

– Жаһандану заманында құндылықтарымыздың асқақтағаны жақсы. Бүгін бабалар сазынан бері тартқан əуездерді, əндерді тыңдадық. Нартай, Майралардың мұраларын тірілтіп, насихаттап келе жатқан бірден бір өнерпаз Клара деп білемін.

Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург:

– Қазақ руханиятында өзіндік орны бар əнші деп айтуға болады Клара Төленбаеваны. Өзіндік қолтаңбасы, өзіндік ерекшелігі бар, өзіндік мəнері бар. Мен болашақта Клара Төленбаеваға шығармашылық табыс тілеймін.

Аманжол ƏЛТАЙ, филология ғылымының докторы, профессор:

– Бүгін елордамыз Астананың төрінде, Есілдің жағасында Клара Төленбаеваның кешінен керемет əсер алып, көңіліміз марқайып, үлкен өнер мерекесіне куəгер болдым. Қазақтың дəстүрлі əн өнерінің туын көтергендерінің ішінде Клараның орны ерекше. Кешегі Майра апамыздан қалған сырнайдың үнін тəуелсіз Қазақ елінде қайта жаңғыртқан тұлға.

Камалхан ТОҚТАҒАЗИНА, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

– Күміс көмей әнші Клара Төленбаеваның концерті өте тамаша өткеніне қуаныштымыз. Қазағымыздың жауһар əндерін естіп, көңіліміз бір марқайып қалды.

Қалқаман САРИН, ақын:

– Бүгін мағынасыз кештерден жалыққан жұрттың жан дүниесін емдеген əсерлі концерт болды. Сол үшін Клараға алғыс айтамыз.

Сара ТОҚТАМЫСОВА, айтыскер ақын:

– Клара Төленбаева қазақ сахнасындағы саф өнердің иесі. Бүгінгі кештің жоғарғы деңгейде өткендігі халықтың қошеметінен анық байқалды. Əн əлемінде мəртебесі зор болсын.

Жанұзақ ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,

ЕҰУ студенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *