Кітап – білім қазыналарының кілті, жастық шақты жаман әдеттерден және жаман достардан қорғайтын қалқан. Адамның білімі мен ой-өрісін дамытатын, сезіну жәнеойлау қабілетін арттыратын құнды сый – кітап. Кітапты жақсы көретін адамның ішіпыспайды, арзан ойын-сауықтардың қажеті қалмайды. Тәуліктегі 24 сағат оған аздық етеді.
Осы орайдаШымкент қаласының жастар саясатында маңызды рөлге ие ұйымдарының бірі – Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы төтенше жағдай жарияланып, қала карантингежабылған соң үйде бос қалған жастарға қызықты челлендж-сайыс бастаған болатын.«Үйде бірге оқимыз» сайысының ережесі бойынша әр қатысушы үш кітап оқиды, сосынодан алған әсерімен желіде бөліседі. Осылайша 30 сәуір күні сағат 17:00-деЖастар ресурстық орталығының инстаграм парақшасының тікелей эфиріндежеңімпаздар рандомды анықтады. Дегенмен, ереже бойынша бағы жанған қатысушы өзіоқыған кітапқа байланысты 10 сұраққа жауап беруге тиіс. Бұл сыннан да сүрінбейөткен үш оқырман толыққанды сайыс жеңімпаздары атанды.
Бас жүлде иегері Құндыз Сейтке iPhone 11 Pro сыйлығы, екінші орынды еншілеген Отабек Шадиматовқа және үздік үштікке іліккен Назгүл Қарабаеваға фитнес сағаттары табысталды.
Осы орайда республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің тілшісі жеңімпаздарды құттықтап, олардың осы жоба барысында алған әсері мен кітап оқудың маңызы жайлы ойларын біліп қайтты.
Құндыз СЕЙТ, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің IV курс студенті, «Үйде бірге оқимыз» сайысының жеңімпазы:
– Кітапты сүйіп оқитын Шымкенттік жастар үшін Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Үйде бірге оқимыз» атты челленджі – көктемгі керемет бастамалардың бірі болды. Жастардың оқу мәдениетін арттыру, карантинде уақытты тиімді пайдалану мақсатында қолға алынған бұл марафон мені де еліктіріп, назарымнан тыс қала алмады. Нәтижесінде, ресурстық орталықтың инстаграм парақшасына «қатысамын» деп жаздым да оқитын кітаптарымды белгілеп көрсеттім. Осылайша 9 сәуір басталған марафонға 7 күн кешігіп, яғни, 16 сәуірде қатысушы атандым. Оған қоса-қабат шартқа сәйкес үш кітап оқу қажет болса, мен бес кітап етіп көбейтіп алдым. Неге десеңіз, оқығым келген кітаптарымды шикі етпей, толыққанды қамтуға әрекет жасадым. Ал, марафон барысындағы оқығым келген кітаптар: Қабдеш Жұмаділов атамыздың 12 томдық шығармалар жинағынан 5-6 томындағы «Соңғы көш» романының бірінші және екінші кітабы; 7 томдағы «Тағдыр» атты кітабы; 8-9 томдағы «Дарабоз» романының қос кітабы. Айта кететін бір нәрсе, менде әу баста сайысқа түсіп, анадан-мынадан озу, жарысу мақсаты болған жоқ. Бар ойым өзіммен қатарлас және үлкен-кіші жастағы достармен бірге білім арттыру уақыты деп бағалап, карантинді қажетті, керекті дүниеге арнау болды. Бұл ниет барша қатысушының парасат-пайымы, керемет пікірі болғаны сөзсіз. Себебі, оны қатысушылардың кітап оқу барысындағы және онымен бөлісудегі әсерлерінен аңғару қиын емес. Мұндай сәттерде жастар, соның бірі өзім де қайдан келері белгісіз бір шабытқа ие болғандай кітапқа сүңгіген балықша шыққым келмей, күндердің қалай өткенін де білмей қалыппын. Марафон аяқталып, нәтижесін шығаратын күні айналмалы дөңгелектегі 511 қатысушының арасынан аты-жөнім жазылған парақшаны суырып алып шығуы қатты таңғалдырды. Бірақ, одан кейін ойланып отыратын уақыт болмады. Өйткені, шарт бойынша маған оқылған кітаптарыма сәйкес сұрақтар қойылуға тиісті еді. Шарт сауалдарының қойылуы сол-ақ екен, әлгі жерде кітаптағы көріністер де қайта көз алдымнан өткендей сезімді кештім. Бұл сезім кітаптардың маған берген әсерінің ерекшелігі іспеттес дүние болғандай. Марафонды бастаған күні отырып, өзімнің кеш әрі екі кітап қосып оқып жатқанымды айтып күлімдеп: «Бастысы – қызығушылық, сонда ғана алға жылжи түсемін», – десем, сөздерімді естіп отырған анам: «Бастысы – махаббат», – демесі бар ма?! Ұялғаным-ай. Иә, орынды сөз. Бастысы – карантинде үйді түрмедей тұтпай, өз ісіңе бар махаббатпен пайдалы уақыт арнау. Қолдағы әр кітап әрпін махаббатпен оқу. МАХАББАТПЕН. Біздің бұрын-соңды көрмеген, кешпеген кезеңіміз – қазіргі төтенше жағдай екені бәрімізге мәлім. Ал, осындай кезеңдегі алтын уақытта Жастар ресурстық орталығының болашақ ұрпаққа үндеуіндей болған «Үйде бірге оқимыз» атты керемет бастамасы – ең мәнді және мағыналы марафон ретінде есте қалары даусыз. Келешекте кеудесінде жүрегі соғып, санасы: «тек алға», «самға», – деп тұрар жастарға арналған түрлі марафондардың көбеюін қалаймын. Себебі, біз өткен мен болашақтың алтын көпіріміз. Көпірдің мықты, болашағымыздың қуатты болуы үшін бізге білімімізді сәт сайын шыңдай түсу талабы артылуда. Ендеше, білімді әрі білікті болайық, достар!
Отабек ШАДИМАТОВ, Шымкент қаласындағы Ю. Сареми атындағы № 107 мектеп-лицейдің 9 “б” сынып оқушысы, “Үйде бірге оқимыз” сайысының жүлдегері:
– Әлемді жаулаған коронавирус індетінің кесірінен барлығымыз үйде отыруға мәжбүрміз. Басында бұл қызық болды. Бірақ бір аптадан соң мұндай өмір салты жалықтырып, сізде жаңа дос пайда болады. Оның аты – ерігу. Одан сақтанбасаң, қалай әдетке де айналып бара жатқанын байқамайсың. Ол Сіздің қабілетіңізді, әлеуетіңізді және ең бастысы – уақытыңызды ұрлайды. Бірақ бұл кесір достан құтқарған өз батырым пайда болды. Оның аты – Жастар ресурстық орталығы. Сол үшін оларға шексіз ризашылығымды білдіремін. Сіздер орталық қалай құтқарды деген ойға шомған боларсыздар… Өте оңай! Ал ең дұрысы сіздерге бәрін басынан айтып берейін.
Карантиннің ережесін барлығымыз білеміз: Үйде отыр! Бірақ үйде отыратындар да әртүрлі болады. Мәселен, мектеп оқушысы ең алдымен қашықтықтан білім алады. Содан соң бос уақытымен қалағанын істейді. Бейнеойындар десе алдына жан салмайтын досым бар. Ол сабақтан соң бар уақытын соған жұмсайды. Ал өзім бағдарламалаумен айналысамын. Шын мәнінде бұл да карантинде уақыт өткізудің ең үздік тәсілі емес. Осы сәтте Сіздер “Карантинде енді не істеу керек” дейсіздер. Міне бәрі де осы сұрақтан кейін басталды. Әңгімені бастамас бұрын Сіздерден кітап оқуға қалай қарайсыздар деп сұрағым келеді. Мысалы, өзім қатты әуес емеспін. Маған комикстер мен суреті көп кітаптар көбірек ұнайтын (бала сияқты екенімді мойындаймын). Ал шын мәнінде барлығымызға кітап оқу ұнайтынын көбіміз біле бермейміз. Тек оларды оқи бастағанда ынтамыз су сепкендей басылады. Неге дейсіз ғой. Ойлап қараңыз, қарапайым кітапты ашқан кезде біз не байқаймыз? Майда қаріппен жазылған біртектес жазулары бар жалықтыратын беттер ғана. Суреттің иісі де шықпайды. Кейде қаріптері тым кішкентай. Енді ойланып қарасақ, кітап оқимын деген ниетіміз жоғалған жоқ, тек біз бұл кітаптарын қорқып кеттік. Кітаптар бейнебір қылыш ұстаған еңгезердей батыр болып көрінеді. Осы сәтте біз берілеміз. Ал бейнеойындардан неге осылай қорқып, жеңіліске тап болмаймыз? Себебі, ол ойындардан сәл болса да ләззат алатынымызды білеміз. Ойын ойнай бастаған кезде де оның қандай екенін білмейміз ғой, бірақ ойынды жалғастыра береміз. Кітаппен де солай жасасақ қайтеді? Оның қандай кітап екенін білмесек те оқуды бастай берейік. Шекарадан шықсам айып етпеңіздер, бірақ біз өзімізге маңызды дүниелерді нық бекітуді үйренуіміз қажет!
Барлық сыныптың өз “оқымыстысы” болады. Бізде де ондайлар бар. Олар өзімнің достарым. Бір күні олар маған сайыс өтіп жатқан орталықтың сілтемесін жолдады. Челлендждің ережесі оңай. Қалаған үш кітабыңызды таңдайсыз, оқып болған соң әсеріңізбен бөлісесіз. Баста бұл шараға аса қызыға қойған жоқпын. Тек бас жүлде iPhone 11 Pro-ны көрген соң ғана қатысамын деп шештім. Талаптардың барлығын оқып шығып, досымнан оқитын кітапқа кеңес беруін өтіндім. Осылайша үш кітап таңдап, оларды оқуға кірістім. Кітапты ашқан алғашқы күні көңіл күйім түсіп кетті. Кітапты жапсам бас жүлде ойыма тыным бермей, қайта ашатынмын. Осындай жылдамдықпен бір бетті әзер дегенде аяқтадым. Бұл Сізге елеместей көрінетін шығар, бірақ өмірінде бірде бір кітапты қолына алмаған адам үшін бұл шынымен де үлкен еңбек. Күн санап оқылған беттер саны да арта түсті. Сөйтіп, бұл кітапты ұната бастадым. Бұрын маған кітапты елестетші десе ойыма қолында қалың энциклопедия ұстаған ессіз профессор ғана елестейтін. Ал қазір ғашық болған, өте қызық кітабым көз алдыма келеді. Кітап оқу қолымнан келе бермесе де оны тыңдауды жақсы меңгергенмін. Аудиокітаптарды жүктедім де күнұзаққа соны тыңдай бастадым. Сенесіздер ме, жоқ па, білмеймін, бірақ бір ай ішінде толық бір кітапты оқып та, тыңдап та шықтым. Ол туралы бейнеролик түсіріп, инстаграм парақшама салдым. Осылайша қобалжып, бойыңды қорқыныш жаулайтын күн туды. 30 сәуір. Осы жерде ең қызығы басталады. Ұйықтап қалдым. Иә ақымақ басым… Бірнеше күн бұрын түнімен бейнероликті өңдеп, жариялаған болатынмын. Оянып сағатқа қарасам, 17:45. Өз көзіме өзім сенбей, шамалы жылап та алдым. Дереу инстаграмға кірдім. Сөйтсем, бір желі қолданушысы “Құттықтаймын!” деп жазыпты. Көңіл күйім бірден көтерілді. Орталықтың тікелей эфиріне кірсем, бір ақылды әрі сүйкімді қыз сұрақтарға жауап беріп жатыр екен. Егер барлық сұраққа дұрыс жауап берсе, онда жеңімпаз сол болады. Соңғы сұрақ қалды. Оған не сәттілік, не жеңіліс тілерімді білмей кідіріп қалдым. Осылайша ойланып тұрғанымда ол қыз сұраққа дұрыс жауап берді. Сөйтіп, бас жүлдені жеңіп алды. Осы жерде әбден есеңгіреген шығарсың дерсіздер. Бірақ, жоқ. Неге екенін білмеймін көңілім түспеді. Сәлден соң iPhonе үшін емес, өзімдік ләззат алу үшін қатысқанымды түсіндім. Кітапты оқу барысында сан түрлі сезімге бөлендім. Бұл маған эстетикалық рахат сыйлады. Кешкісін ата-анам жұмыстан оралды. Бір сәтте әкем: “Құттықтаймын, балам, осы беттен тайма, – дейді. Дым түсінбей не болды деп таңырқай қарадым. Сонда әкем салмақты кейіппен: “Сенің атың Отабек емес пе? Егер жауабың “иа” болса, жарыстан екінші орын алдың, құттықтаймын! Ал “жоқ” болса, онда сен кімсің және менің үйімде не істеп жүрсің?” – деді. Қуанып әкемді құшақтадым. Бұл сәтті алдағы он жылда да ұмытпасым анық. Сөйтсем, Жастар ресурстық орталығы әкеммен хабарласыпты. Өзім смартфон қолданбағандықтан әкемнің нөмірін көрсеткен болатынмын. Сөз соңында айтарым, “Бейнеойындарда батыр болуды қойып, өмір атты үлкен кеңістікте мықты бол! Күн ұзаққа ойындағы кейіпкерлерді дамыта бермей, кітап оқып, кем дегенде күніне 20 минут өзіңді дамытуға жұмса. Жастар Ресурстық орталығына мың алғыс!
Назгүл ҚАРАБАЕВА, Шымкент қаласындағы №90 жалпы білім беретін мектебінің 9″а» сынып оқушысы, “Үйде бірге оқимыз” онлайн сайысының жүлдегері:
– Жарысқа қатысу жайлы қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі ұсыныс жасаған болатын. Маған неге қатысып, өзімді сынап көрмеске деген ой келді. Келісіп, үш кітапты оқуды бастадым. Мұның үстіне елімізде болып жатқан карантинге байланысты үйде отырғандықтан, осындай сайыстарға қатысып, мүмкіндікті пайдаланғым келді. Бір жағынан онлайн түрдегі электронды сайыстарға деген қызығушылығым болды.
Жалпы, кітап оқу – адамының сөздік қоры мен ой танымын кеңейтетін тамаша құрал. Әрбір адам жиі кітап оқуды әдетке айналдыруы тиіс. Әсіресе, жасөспірім балалар. Себебі, дамушы тұлғаға жан-жақты өмірді тану маңызды деп санаймын. Мен үшін кітап оқу жан тыныштығы мен қиялдау, және білуге деген құмарлық уақыты. Өйткені бір оқиғамен танысқанда кейін жалғасы қандай болатыны өте қызық. Өз басым әрбір өскелең балаларға міндетті түрде кітап оқуға кеңес берер едім. Әсіресе, өзім секілді болашақта журналистика саласында қызмет етуді армандайтын жасөспірімдерге.
Жарыстың жеңімпаздары тікелей эфирде анықталған болатын. Шынымды айтайын, күткен жоқпын. Себебі, қатысушылардың саны өте көп, ал орындар мен жүлде тек үш адамға ғана арналған. Бірақ, есімімді атаған сәтте қатты қуандым. Тіпті, қоңырау шалып құттықтаған кезде ауызыма сөз түспей қалды. Әрине, үшінші орын айтарлықтай мықты нәтиже емес. Бірақ осының өзін үлкен жеңіс деп санаймын.
Арнайы кітап оқу сайысын ұйымдастырған Жастар ресурстық орталығына айтар алғысым шексіз. Жасөспірім балалар мен студенттер уақытының тиімді өтуіне мүмкіндік жасап, кітапқа деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етуде. Алдағы уақытта да осындай жастар үшін пайдалы іс-шаралар мен сайыстар өтіп отыратынына сенемін.
Марафон мақсаты – жастардың оқу мәдениетін арттыру, карантинде уақытты тиімді пайдалану болатын. Жеңімпаздардың пікірін оқып, ол мақсат орындалғанына бізде дән ризамыз. Жастарды жалқаулықтан арылтып, жат жолдан сақтап, жақсылыққа бастайтын толағай бастамалар көп болсын дейміз.
Гүлнұр БАЙДУЛЛАЕВА.