ЖАҢБЫРЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІНЕ КӨРШІ ОБЛЫСТАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУДА

Қоғам
1 221 Views

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының аумағында «Азық-түлік белдеуін қалыпастыру аясында іске асып жатқан жобалармен» танысты. Жаңбырлатып суару әдісін ендіруге бел буған «Ынтымақ агро XXI» ЖШС-і 782 га жерге бидай мен жүгері егуді қолға алған. Аймақ басшысы жас мамандарды жұмысқа тартып, жаңа жобаны жүзеге асырып жатқандардың беталысына оң баға берді.

«Түркістанның айналасына каналдар қазылып, су келді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары көбейгені қуантады. Аптап ыстықта ырысын қара жерден іздеген шаруалар мезгілі жеткенде бейнетінің зейнетін көреді. Осылайша біз қалада «Азық-түлік белдеуін» қалыптастырамыз. Жаппай жүргізілген «Жасыл белдеу» шаңды жел мен дауылдан қорғану үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалуда. Жасыл желекке бөленіп, қаладағы ауаны тазартып, климатты жұмсартады», – деді шаруалармен кездескен өңір басшысы.

Түркістан даласына тіршілік көзі су келіп, кең алқаптардың арнасы кеңігелі бері жерді тиімді пайдалануға аудан тұрғындары ғана емес, көрші өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Облыс әкімімен кездескен шаруалар жаңбырлатып суару тәсілінің артықшылықтарын түсініп, қыр-сырымен танысуға Жамбыл облысының сала мамандарының арнайы келгенін жеткізді. Жаңа технологияның тиімділігін пайдаланып, дала төсінде еңбек етіп, нәсібін кәсіптен тауып жүрген шаруа қатары көбеймек.

«SPK-SAURAN» АШӨК жаңбырлатып суару технологиясын 650 га жерге ендіріп, 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуды қолға алған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жергілікті шаруалар ақылдаса келе, ауыл шаруашылығы кооперативін құруда. Олар арық қазып, су әкелудің тиімсіз екенін түсініп, АҚШ-тан жаңбырлатып суару қондырғысын алдыртып жатыр. Арыс – Түркістан каналы арқылы су бірнеше жүйемен келеді. Үлкен бассейн салынып, қондырғыларға құбыр арқылы су құйылып тұрады. Осылайша агрономдар суды 3 есе үнемдейді.

Техника құнының 50 пайызын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Мыңдаған гектар алқап сусыз қуарып, осы уақытқа дейін бос жатқан жерлерді қайта жандануынан Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуі құрылды. Кешенді жоспар бойынша қала маңында 63 млрд. теңгенің 7 ірі инвестициялық жобасы жүзеге асырылады.

Түркістан облысында көктемгі егістік жұмыстары толығымен аяқталды. Ендігі мақсат – егістікті әртараптандыру. Яғни, дәстүрлі мақта, масақ дақылдарын азайтып, олардың орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейту қолға алынған. Бұл туралы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов баяндады.

Бұл сала еңбек өнімділігін арттыру үшін жан-жақты талдап, нақты нәтиже беретін 3 негізгі бағытта дамуда. Ең алдымен, агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологиялар енгізілген. Бұл бағытта Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру аясында жаңбырлатып суғару технологиясы іске қосылып, қурап, бос жатқан жерлерге су келе бастады.

«Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа технология қою керек. Білекті сыбанып осыған кірісу керек. Сала үш бағытта дамиды. Үлкен шаруашылық жасап, не орта шаруашылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Кейбір аудандар бар, бос жатқан, не тал жоқ, не егіс жоқ. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмау керек», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Өңірде 2-3 га алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беруде. Жобаның тиімділігі – 1 га жерден жылына 6-7 млн. теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. Бұл тәсіл – әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі – Израиль мемлекетінде кеңінен ендірілген.

Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *