Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығында салынып жатқан Халықаралық әуежайдың және онда баратын автомобиль жолының құрылысын тексерді. Қаладан 16 шақырым қашықтықта орналасқан әуежай Халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен бой көтеруде. «YDA Group» түрік компаниясы салып жатқан Түркістан Халықаралық әуежай жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда құрылыс алаңында инвестордың 102 арнайы техникасы мен 300-ден аса құрылысшысы тынымсыз еңбек етуде.
Туризм әлеуетін арттыру үшін облыста арнайы бағдарлама әзірленіп, 2025 жылға дейін турист санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта халықаралық әуежайдан екі күнде бір рет Түркістаннан Меккеге тікелей ұшақ ашу көзделген. Бұл мәселе былтыр желтоқсан айында өткен Түркістан облысының Мәскеудегі күндері барысында айтылды. Іс-шараға туристік компаниялар, туризм саласындағы қоғамдық бірлестік ұйымдары, қауымдастықтар мен мемлекеттік ұйымдар қатысты.
Әуежай 900 гектар аумақты қамтиды. Онда терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынады. Әуежай терминалы жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Әуежайға баратын автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 16,3 шақырым.
Айта кетейік қазірдің өзінде киелі Түркістан шаһарына келушілерге барлық жағдай жасалады. Әр саяхаттаушы келер алдында онлайн таңдау жасай алады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қаланы дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстары мен жоспарлары туралы баяндады.
Жаңадан дайындалған туристік себетіне электрокармен аралап, гид пен аудиогид көмегіне жүгіну, энто және брендтелген кәдесыйлар дүкендеріне саяхат кіреді. Көлікпен Сауран қаласына сафари, бүркіттер шоуы, күн батқанда далаға түйелер керуенін жүргізу және қобыз үнінің сүйемелдеуімен кештер, көшпенділер шоуы, ыстық тандыр нан мен саумал ішіп, аттылардың алаулармен жарықтандырылған көріністері өтеді.
Түркістан қаласында бірқатар құрылыс жұмыстары шілде айында толық аяқталмақ. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру құрылысы 3 кезеңге бөлінген. Кәріз жүйесін жүргізуге жер қазылып, су бұрқақ алаңына бетон құю жұмыстары жалағасуда. «Тұңғыш Президент саябағында» бүгінгі таңда жалпы кәріз және электр жүйелері толықтай аяқталды. Жарық жүргізіліп, сыртқы су жүйесі іске қосылды. Саябақта 2 мыңдай түр ағаш отырғызылған.
Түркістан қаласы рухани-мәдени орталығының алаң ішіндегі инженерлік-инфрақұрылым құрылыс мен драмтеатр аумағын абаттандыру жұмыстары да қалыпты жүруде. Көне сәулет өнерінің көзі – «Керуен сарай» кешенінің құрылысы алдағы күзде аяқталады. Теңдесі жоқ аспан астында қалқыған театр, жергілікті қолөнер шеберлерінің ашық базары, ерекше су бұрқақтар мен демалыс орындары халық көңілінен шығары хақ.
Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ.