ТӨРАҒА ҚАРҒА

Әдебиет
945 Views

ТӨРАҒА ҚАРҒА

Алғашқы қарда

Ала қарға,

Қабылдау комиссиясының

Төрағасы болды,

Торғай шағым жасады.

Азаматтық құқық қолданып,

Бір емес

Әлденеше рет жасады.

– Үйіміз уілдеген суық,

Жылымайды!

Едені еден емес,

Ырсиған

Арбаның шанағына ұқсайды.

Кім көрген мұндайды?

Қарға қарқ етіп

Торғайдан сұрайды:

– Тендірді ұтқан кім?

– Шау қарға!

– Жобаға қол қойған кім?

– Дәу қарға!

– Онда сөз бар ма

Кінә өздеріңде.

Ұшып-қонып,

Есікті жауып жүрмейсіңдер.

Үй салып берсе де,

Жақсылықты білмейсіңдер.

Енді олар

Үйлеріңе от жағып,

Ет асып бермейді ғой.

Келешекте осыны білгейсіңдер.

* * *

Оқырман сіздер де біліп жүргейсіздер

«Қарға, қарғаның көзін шұқымайды»

деген сөз сонан қалған.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

17.12.2019 жыл

БІР МЕКТЕПТЕ

Бір директорды білемін.

Білемін де күлемін.

Мектепке басшы болып,

Тайыншадай түледі.

Болмаса бұрын кім еді?

Жұмысқа физик пен химик,

Дәулет пен Сәулетті алып,

Үйлі болды.

Пәтер жалдап қаңғымай,

Күйлі болды.

Математик Малдыбайды алып еді,

Малды болды.

Сөйтіп,

Өңі өзгеріп,

Ауылдың алды болды.

Дәніккеннен құныққан жаман.

Сағатты да сатты.

Тәбеті тіпті қатты!

Күзетті,

«Платный» етіп түзетті.

«Пол жуғыш»,

Қол жуғыш

Оны да сатты.

Мұғалімдерді пультпен басқарады.

Анау алып келеді.

Мынау,

Жұмсаған жерге барып келеді.

Шетінен жорға!

Жағдайын айта алмайды.

– Неге?

Бәрі ілініп жүр зорға.

* * *

Осындай директорлар көбейді.

Басшылар бұған не дейді.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

7.03.2020 ж.

ҚАЗАҚТЫҢ КӘСТӨМІ НЕГЕ ЖОҚ?

Мына кәстөм Түріктікі.

Ісі

Тігісі

Өзі айтып тұр.

Сіз сияқты жігіттікі!

Ісі ұнағанымен, түсі ұнамайды.

Арзанын тап деп ыржидым,

Сыр берместен тыржидым.

Онда міне, ағы.

Сұрай қалдым:

Қандайы бар тағы?

Көгін көріңіз.

Сұрын киіп,

Қолыңыздағыны маған беріңіз.

Басқасын көрсетіңіз.

Міне, қырғыздікі, қытайдікі

Бізде бәрі бар.

Ананың арқасы кең,

Мынаның балағы тар.

Айнаға қараңыз

Өлшемі құйып қойғандай!

Сіз үшін бәрін табамыз.

Базар осылай жайнап тұр.

Сатармандар сайрап тұр.

Өңім бе, әлде түсім бе,

Қызғаныш түсті ішіме

Барлық елден тауар бар,

Қазақтың кәстөмі неге жоқ?

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

5.03.2020 ж.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *