Аспанқора тауында қыстап қалғанбыз. Біздің киіз үй тас қорасы бар биік қара жартас қалқасында. Әкем бойдақ қой бағады. Сайда бетіне мұзы қатпайтын ашулы өзенге түсте отарын айдап апарып суарып, күнгейге жайып шығады. Өзеннің арғы қабағы Қақпатас, ары қарай Кішісаз, Үлкенсаз, Құлансаз деген жазда ұлан жайлау болатын алып таулар қырғыздарға дейін жалғасып кете береді. Тау іші жылы, күнгейлер алағаржақ, тұнып тұрған от.
Жаңа жылға қарсы әке-шешем бір семіз тананы соғымға сойып алған.
Түскі тамағымызды алдымызға ала бергенімізде екі итіміз қосарлана үрді. Темір пешке қақталып, арқасына тонын жамылып отырған әкем терін орамалмен сүртініп, далаға шықпақ болғанда бір адам аязды арқалай кіріп келді.
Әкем қалбалақтап ұшып тұрып сәлем берді.
– Ассалаумағалейкөм Сәке! Қане жоғары шығыңыз! Төрлетіңіз. Мақтап жүреді екенсіз, түскі шәйға жаңа отырып едік. Нариман қане ағаңның қолына су құй, жуынып алсын. Бұл кісі Сарқытбай деген сенің мұғалімің болады.
Сақал-мұрты қалқиып өскен, төртбақ кең жауырынды кісінің көзі өткір екен. Тура тесіліп қараса денең дір ете қалып, жанарыңды алып қашасың.
– Қаншадасың балам?
– Жетіде.
– Жігіт болыпсың ғой, енді оқуға дайындал.
Шешем шәйді шоққа демдеді. Сүтпен берген шәйді келген кісі терлеп-тепшіп ұзақ ішті.
– Сәке, итқұс қалың. Жақында ғана үш қойымды тамақтап кетті, – деп әкем өз жағдайын айта бастады.
– Қапаш, қазір жүр, екеуміз Қапсаланның үңгіріне барып келейік. Біздің елде жеті атасынан бері аңшылық кәсібі үзілмеген Қапсалаң деген атақты аңшы, мерген болған. Соғыстан бұрын Мәскеуге көрмеге барған, аю алатын дәу қақпанын сол жаққа музейге алып кеткен. Міне, сол кісінің қия жартастың астына жарып салған үңгірі бар. Қалың тікенді тоғайдың ішінен көрінбейді. Түнде шаршап-шалдығып сонда түнейін деп келсем, әлгі үңгірдің аузын тырмалап ашса керек, бір қасқыр апан жасап алыпты. Есігінің ашық қалғанын көріп мылтығымды дайындап жақындай бергенімде арс етіп шықпақ болғанда қақ маңдайынан тарс еткізіп атып салдым. Әлгі қасқыр сылқ етіп үңгір ішіне құлап түсті. Есік жағын қайта бекітіп, ішіне мызғып алайын десем, түні бойы үйірлі қасқыр торауылдап шықты. Таң атқан соң аузын тастармен бекітіп кеттім. Жылда қысқы каникулда тау-тауды аралап, аңшылық ететін әдетім бар.
Шәйға әбден қанған Сарқытбай қайта киінді, далаға бірге шықсам, сыртта мылтығын белдеуге іліп қойыпты.
Әкем шаңырақ мүйіз жуас өгізін жетектеп алды. Шешем соғымның етін қазанға салып, үй-ішін жинастырып, төрге екі қабат көрпе төседі.
Дәу барақ екі итіміз шабалана үргенін естіп, сыртқа шықтым.
Қырқадан әкемдер көтеріліп келеді екен. Кенет өршелене арпылдаған екі ит қыңсылап, құйрықтарын қысып, кері қарай зытты.
Өгіздің екі қапталын жапқан шұбатылған қасқыр терісін көріп олар сайға қарай безіп жоғалды.
– Мынау қасқырдың қаншығы екен, қасқырдың ұрғашысын құртқа деп атайды. Ішінен бес күшігі шықты. Оны да алып алдым. Өкіметке-заготскотқа өткізсем оның әрқайсына 10 сомнан, ал мынаның терісіне 50 сом төлейді. Кеше жолай тұзақ құрып кетсем, мына үш кекілік түсіп қалыпты. Келінжан, өзің реттеп, балаларға жеңсік ас қой пісіріп берерсің, – деп дорбасын шешеме берді.
Ет желініп біткенде әке-шешем далаға шығып кетіп еді, әкем тайдай тыпырлаған дөнен қойды ұстап:
– Сәке, күнде келетін жан емессіз. Өлі етпен жібере салмаймыз. Бата беріңіз, сыбағаңызды жеп қайтасыз.
– Онда мен кішкене жатып көз шырымын алып алайын.
Ал, бата берейін:
Иә, Құдай қолдасын,
Ақ жолына бастасын
Үйіңе кіріп береке,
Көп болсын Сізде мереке!
Жақсылық болсын жолдасың.
Асқар, асқар, асқар тау,
Арманға жол ашады.
Сеңгір, сеңгір, сеңгір тау,
Қиялды алып қашады.
Салқар дала, сар дала,
Сайын мұнар, кең дала.
Құлашын кеңге сермейтін,
Нариманда болсын ой-сана!
Аумин, – деп мен бұрын естімеген бата берді.
Ол кісі сол қос құрақ көрпе үстінде қисайған күйі ұйықтап кетті. Әкем үстіне сеңсең қызыл тонын жауып, басына жастық қойды.
Кешке жетілік шамды ортаға пырылдатып жағып қойдық. Кереге басына аспалы шам ілініп, үй іші кәдімгідей жарық боп қалды.
Мылтығын тазалап, ас ішкен соң, Сарқытбай:
– Үйде домбыра бар ма? – деді.
– Жоқ еді, – деп әкем міңгірледі.
– Әр үйде домбыра мен кітап болуы керек, – деп мұғалім маған қарап қойды. Мен ән-күйге құмармын, әттең домбырам жоқ, үйреніп алар едім.
– Онда қолыма ұстап отыратын таяқ әкеліңдер, – деп еді әкем малға ұстап жүрген қабығы сыдырылған ақ таяғын ұсынды.
Сарқытбай ақ таяқты алдына домбыра секілді көлденең ұстаған қалпы, сабалап-сабалап алды да бір жырды бастап кеп кетті. Алғаш дауысы қарлығыңқылау көрініп еді, екі-үш айқайлап алған соң, жорға мақамға ауысып, бүлкілдеп, селкілдеп алды да кетті.
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері,
«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті
редакциясының алқа төрағасы