ТӨРЛЕТ – БАС МАЭСТРО ТӨЛЕПБЕРГЕН ӘБДІРАШЕВ!

Өнер
1 933 Views

Есіміңді есте қалдыруға «Халық қаһарманы» Ж.Әубәкірова бастаған өнер саңлақтары атқа қонды!

Бисмиллаһи Ирахмани Ирахим!

Бауырым, Төлепберген, Төлепберген!

Қазаңа жете алмап ем себептермен…

Лентадай көз алдымнан өтіп жатыр,

Басыңнан тіршіліктер сен өткерген!

 

Ұлы едің «Бесарықтың» бетегелі,

Жасыңнан өнер жолы жетеледі.

Мініп ап періште әуен қанатына

Сен ұштың — парызыңды өтегелі!

 

Сен ұштың елден биік, елден ерек,

Көріндің көк жүзінен көзге бөлек.

Домбыра ішегінен – симфония,

Әуені алып қашты желеп – жебеп!

 

Әуені алып қашты – Ұлы әлемнің,

Қойыны толған жұмбақ мына Жердің.

Енгенде симфония – құшағына,

Шым-шымдап көзі жетті бұған елдің!

 

Шым-шымдап көзі жетті, шымырлады,

Қазақтың сені іздеді – тұғырлары.

Бір емес төрт сахна сені күтті,

Сарқылған тіршілігі, ғұмырлары!

 

Өң бердің сол сахна жүздеріне,

Керек ет осы қайрат бізге, міне.

…Білмеймін көз тиді ме, зорықтың ба

Зар болып қалдық бүгін іздеріңе!

 

Зар болып қалдық бүгін дидарыңа,

Жаратқан бізге сені қимады ма

Періште жаның ұшты сахнадан,

Тәніңді жер қойнына сыйлады да.

 

Ах ұрып елің қалды, жерің қалды,

Бірақ та, кім өшірер жалындарды.

Қазақтың ел болғаны рас болса

Есімің ұмтылмайды сенің мәңгі!

 

Атағы әлемге әйгілі дирижер Төлепберген Әбдірашевтың асында оқылған осы бір үзілген күзгі жапырақтай жоқтауымның соңына қойылған мерзімге қарасам он бір жылдан асыпты. Масқара! Тіршілік қандай — жалған, уақыт қандай суси жылжыған желдей – жылдам, ал адамдар қандай жайбасармыз. Әйтпесе, кеше ғана қасымызда жүрген, тума талант, атағы әлемге әйгілі дирижер, қыршын жасында-ақ өнер тұлғасына айналған, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Бүкілодақтық Ленин комсомол сыйлығының лауреаты, профессор Төлепберген Әбдірашевтей асыл азаматты күнделікті күйбең тірлікпен жүріп осыншама уақыт естен шығаруға болатын ба еді. Болмайды, бірақ «Есімің ұмтылмайды сенің мәңгі» дей отырып, біз сияқты пенделерге мына бір тұрлаусыз да мазасыз жалғанда бәрі болатын сияқты.

Басқаны қайдам, маған осыдан елу екі жыл бұрын Төлепбергенмен Алматыға бір ауылдан білім жолын іздеумен бірге келсек те, күнделікті етене араласып тіршілік кешудің реті келмеді. Тек сырттай әрі жерлес, әрі құрдас-дос ретінде бірімізге біріміз тілеулес болып жанашырлықпен тіршілік кешіппіз. Сирек кездестік. Ол көбірек сапар үстінде жүрді. Әке-шешеден жастай қалғанымен, жаратылысы ширақ, болмысы өте зерек азамат осы уақыт көлемінде алдымен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда әуелі қобыз класында дәріс алып, соңынан дирижерлық мамандығын игерген соң, 1977 жылы небәрі 29 жасында Қазақ Елі тарихының шежіресіне алтын әріппен қашалып жазылатын Батыс Берлинде өткен дирижерлардың халықаралық “Фонд Герберт фон Кароян” сайысында дипломант атанды. 1979 жылы Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында опера-симфониялық дирижерлеу класы бойынша Лениндік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі, әйгілі профессор Геннадий Рождественскийдің өзінен білім алып, оқуды өте үздік бағамен бітірді. 1982 жылы Вена музыкалық академиясында стажировкадан өтті. Осындай біріне-бірі моншақтай жалғасқан оқу мен тәжірибеден соң 1983 жылдан мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижері, 1985 жылдан Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері және 1987 жылдан тағы да мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижері, 2006 жылдан Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптары оркестрінің бас дирижері, 2007 жылдан бастап Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық этнографиялық “Отырар сазы” оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды.

Ол кәсіби шеберлігінің арқасында әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Аустрия, Германия, Ресей, Түркия, Куба, Корея сияқты көптеген мемлекеттеріне үлкен концерттермен шығып, өзінің басқаруындағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің репертуарына енген әлемдік классикалық музыкамен қатар Қазақстандық композиторлардың да шығармаларын насихаттай білді.

Әрине, бұндай ұлы шығармалар қазынасын насихаттауға жай оқып мамандық алған кез келген дирижердің дәреже болмысы жетісе бермейді, ол үшін кесек болмысты дирижер болып болмысыңмен туылуың керек. Бұл адамның бойында кәсіби біліммен қабат үлкен мәдениет, гармония, сергек сезімталдық, мейірімділік, сольфеджио, ұшқыр қиял, музыка тарихы, музыка тілі, философиялық тұжырым, оркестрдегі барлық аспаптардың қыр сырын зерттейтін аспаптану қасиеттері болуы керек. Мұнымен қабат әр музыкалық аспапты тыңдай білетін табиғи есту қабілеті ерекше болуы керек. Мұндай дирижердің өткір де нәзік назары оркестрдегі әрбір нүктемен көрінбейтін сиқырлы байланыста жалғасып тұрады. Бұл деген сөз оркестрдегі әрбір артистің ойы мен дирижердің ойы үзілмес сабақтастықта тұруы керек деген сөз. Концертке келген тыңдарманның алар жанына қажетті ләззаты да осы сабақтастықтың сұлулығында жатады.

Жалпы, дирижерлық қазаққа кеш келген өнер, кешегі Кеңес Үкіметі кезінде профессионалдық музыка өнерінің дамып қалыптасуымен пайда болған мамандық, соған орай тарихы да қысқа. Бұл мамандық Қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің тұңғыш дирижері болған, ұлттық музыка мәдениетінің ірі қайраткері Ахмет Жұбановтан бастау алса, жанындағы серіктері Латиф Хамиди мен Леонид Шаргародский, одан кейінгі толқындар Шамған Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансуров, Тимур Мыңбаев, Алдаберген Мырзабековтер болды. Олар — өздерінің композиторлық қызметтеріммен қатар қазақтың халық музыкасын, Қазақстан композиторларының музыка туындыларын насихаттауда үлкен еңбек сіңірсе, Төлепберген осы аталынған өнер майталмандары сабақ берген Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі болғанын мақтаныш тұтумен бірге осы саланы қазақ дирижерлары арасында әлемдік сахнада дамыта білген үлкен тұлғаға айналды. «Дирижер – дүниені тудырушы, музыканы туушы, онсыз оркестр ештеңені де көрсете алмайды» — деуші еді үнемі Төлепберген.

Төлепбергенді тіршілігінде гастрольдік және ізденіске толы үлкен сапарлар шыңдады. Бір ғана 1983 жылғы Ұлы музыканттар Отаны саналатын Венадағы симфониялық оркестрде бір жылдық стажировкадан өтіп қайтуы өмірлік әсері мол дәріс, бойына қаншама жаңаша шығармашылық шабыт қайнарын берді. Тарихи музейлерге бай ұлы композиторлар Бетховеннің, Моцарттың, Штраустың, Шуберттің, Брукнердің туған топырағында болып олардың басына гүл шоғын қойып тәжім ету Төлепбергеннің өмірін музыка әлеміндегі басқаша кеңістікке көтерді. Ал әлемдік мұндай сапарлар оның репертуарын байыту мен бірге классик композиторлардың туындыларын еркін игеруіне, оның сұлу құшағына еніп кетуге даңғыл жол ашты. Ұлы Демокрит «Өнерсіз өмір жоқ!» — десе біздің Төлептбергеннің «Музыкасыз өмір жоқ!» — деп өзі сүйген өнерге жақын тартатыны да содан еді. «Дирижердің бақытты шағы жақсы оркестрі мен жақсы музыканттары болған кез. Мұндай жағдайда сөзге шығындалмай өз ойың мен көңіліңдегі ойыңды ойып тұрып бере аласың» — деп ағынан жарылып отыратын. «Менің дирижерлік таяқшам – менің ұстазым, ол әлемнің барлық тілінде сөйлейді, мен осы сапарда неміс тілін ғана үйреніп қайттым» — деген де осы Төлепберген болатын.

Ол өзі дирижерлік қызметте жүрген кезде орыс және Еуропа композиторларының әр ғасырда, әр кезде жазған, дүние жүзіне кең тараған, әр алуан шығармаларын оркестр репертуарына кеңінен енгізді. Әсіресе, Гайдннің шығармаларын, Моцарт пен Бетховеннің симфонияларын, Берлиоздың «Фантастикалық симфониясы мен Листтің «Перелюды» және симфониялық поэмаларын, Шуман мен Дворжактың симфонияларын, Бартоктың оркестр үшін жазған концерттерін, Сибелиус пен Чайковскийдің көптеген балет музыкаларын, Рахмановичтің «Симфониялық билерін» Прокофьев пен Шостаковичтың шығармаларын, Хачатурянның «Лермонтов драмасына жазған вальсін» енгізуі сол кез үшін үлкен ерлік болды. Сол бір шарықтау кездерінің өзінде де өзінен бұрын өзі өмірінде қадыр тұтатын ұстаздары еліміздің халық артисі Тұрғыт Османов, КССР халық әртісі, Лениндік сыйлықтың лауреаты, дирижер Геннадий Рождественский, Вена музыка академиясының профессоры Карл Остер Райхеррдің өзіне сіңірген еңбегін алдымен атайтын.

Оркестрдің репертуарында Шуберт, Дебюсси, Штраус, Скрябин, Мендельсон, Глазунов Стравинский сияқты классиктердің туындылары да берік орын алды. Дирижер оркестр репертуарына Қазақстан композиторларының да түрлі жанрда жазған күрделі шығармаларын да сахналай білді. Бұл орайда әсіресе Ғ. Жұбанованың скрипка мен оркестрге жазған концерттері мен Е.Рахмадиевтың «Құдаша думан» атты симфониялық күйі, «Аманкелді» және «Толғау» атты симфониялық екі поэмасын тағы басқа композиторлардың шығармаларын ұлттық жарқын мазмұнмен әлемдік сахнаға шығаруы үлкен құбылыс болды.

Ол осындай үлкен өнердің ұлы мұхитына жүзгеннен бастап өзін аяу дегенді білмеді. Оның өнерге деген осы бір ыстық ықыласты махаббатына қамқорлық танытқандар, соңы насырға шабар үлкен ауыртпалықтың алдын ала сақтандыру туралы ойлай қоймады. Қайта сенім үстіне сенім артқандай болып, жұмыс үстіне жұмысқа жегіп, қара нардай қайқайтып жұмсай бергендерін міндет етті. Оның аяғы ол өмірінің соңғы күні қан қысымы 230 жиілікті көрсетіп тұрғанына қарамастан, денсаулығына мән бермей, үлкен оркестрмен дайындық жұмыстары жүріп жатқанда, қысқа үзіліс кезінде, жүрегінен инсульт ұстап, қызметі үстінде жанкештілікпен өмірден өтті. Тер жуған денесі көзден аққан жастай ақ көйлегін малшындырып жатты. Төлепбергеннің бұл жасап жатқан дайындық жұмысы соңғы 22 жыл көлемінде көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болған ұжымын, соңғы жылдары өзі дирижер болып, қатар алып жүрген Корей еліне алып бару болатын. Өнер тұлғасы үшін мұндай сапар — үлкен белес, зор абырой еді. Бұл биік шоқтық, нық басылған қадам, оңайлықпен қол жеткен шаруа емес-ті. Құрамы жүз адамнан тұратын үлкен коллективті жұдырықтай жұмылдырып бөтен ел жұртының көрермендеріне үлкен шеберлікпен алып шығу екі адамның бірінің маңдайына жазыла бермес бақ болатын.

Мәдениет министрлігімен келісе отырып, оларды абыройлы осы сапарға дайындау сол кезде Төлепбергеннің қаншама қажыр қайратын сарықты, маңдай терін төктірді. Бір ғана мысал 1998 жылы осы оркестрде ойнайтын 100 орындаушының 85 пайызы жан-жаққа тарап, ұжымды тұтастай жас мамандар есебінен қайта жасақтау осы Төлепбергеннің еншісіне тиді. Ескі құрамнан өз шеберлігіне сенім артқан талантты бір топ Мәскеу мен алыс шет елдерге жұмыс ауыстырса, екінші бір тобы өз ата жұрттары — туған елдеріне кетті, үшінші бір тобы еңбек демалысына шықты. Оның үстіне сол кезде олардың алатын жалақылары да түкке тұрмайтын 100 доллардың о жақ, бұ жағы немесе 6576 теңге көлемінде еді. Бұндай қаржымен кім қалай жан бақпақ. Бір сөзбен айтқанда осындай жағдайда жоғалып бара жатқан ұжымды қайта қалпына келтіріп, кеудесіне қайта жан берудің өзі оңай шаруа емес еді. Төлепберген сол шаруаны іске асырды, ұжымды қайта тірілтті. Тірілтіп қана қойған жоқ жалынды да жігерлі жастардан құралған, тұтастай жаңа десе болатын, көздің жауын алар жұтынып тұрған, көрерменді сүйсіндірер сұңғыла ұжымға айналдырды.

Солай бола тұра жалған — жалғандығын жасады, қаншама жыл басы қасында жүріп, өзі қолға алған сол үмітті қуаныштың қызығын көру бақыты Төлепбергеннің пешенесіне жазылмапты. Қандай өкініш, ол дайындаған коллектив — ұлы дирижерды жер қойнына берген күні ертеңіне, шәкірті Қанат Ахметовтың жетекшілік етуімен Сеулге ұшып кетті. Әйгілі ұжым, қыршын жасында жаны қиылған жетекшілерінің үмітін ақтау үшін – бөтен ел, бөгде жұрттың алдында орындайтын өз партияларын бұрын-соңды болмаған дәрежеде жаттап кетті. Мақсат – бас маэстрдің басында орын алған осы реквиемін, оның рухы алдында жауапкершілікпен сезіне отырып, барған жерлерінде өнер туындыларын биік деңгейде көрсетуде ұятқа қалмау болатын. Ол солай болды да, солай әлем БАҚ-тары шуылдап жазып жатты сол кезде…

Осыдан он екі жыл бұрынғы басы ашық бір шындық — Төлепбергеннің дәрежесіндегі маэстро өнер шебері Қазақстанда жоқ еді, қазір де шамалы. Ондай дәрежедегі маэстро дайындауға біршама уақытпен бірге сондай сұңғыла талантты ел ішінен іздеп таба да білу керек. Бұл орайда шешуші сөзді айту оңай шаруа емес. Ал Төлепберген дәрежелес шетел мамандарын жұмысқа шақыру сол кезде де, қазір де, көптеген келісім-шарттар мен үлкен жалақыны талап етеді. Ол да уақытша өміршеңдігі қысқа тірлік. Әлемдегі қазіргідей қалыптасқан жағдайда бұған да баруға тура келіп отырғанын көзі қарақты азаматтар күнделікті көріп біліп те отыр. Қазір, қаншама жыл маңдай терін төгіп Т.Әбдірәшов дайындаған ынтымағы берік коллективтің, бүгінгі таңда қол жеткізіп отырған осы биік дәрежесін сол қалпында сақтап қалудың өзі елімізде оңай шаруа болып отырған жоқ. Өйткені классикалық өнер қаншама қымбат тұрса, үлкен коллективті қаржыландырып ұстау онан да қиын шаруа.

Төлепбергенмен өмірден озар алдында, екі-үш ай бұрын өзінің қолынан тәлім-тәрбие алған ғалым інісінің баласына жасаған сүндет тойында бірге болуға тура келді. Айтпасаң сөздің атасы өледі, дегенін жасатқан қу тіршілік, өзін жас кезінде үйінде жатқызып тәрбиелеген сол інісі, осындай аты мәшһүр тұлғалы ағасы тұрғанда, тіршіліктегі қызметіне тәуелді бір дөкейді, аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап, баласына өкіл әке жасап, өзіне ат мінгізіп, иығына шапан жауып, көк пен жердің арасының тіреуішіндей аяқ қолын жерге тигізбей тойда таныстырып жатты. Сол тойда, көзі ашық, көкірегі ояу деген сол інісі, тойына Қызырдай болып әлемдік деңгейдегі бауыры қатысып отырғанын ойына да алған жоқ, сірә. Бірақ онысы той дастарқанынан шеткерілеу, дабыр-дұбыр дауыстан қашықтау орын алған екеуміздің еркін әңгімелесуімізге әдемі мүмкіндік болды. Арамыз жасқа толмайтын қатар өскен құрдас болған соң, екеуара өзімізге тән аралық жарасымды әзіл бола беретін. Соны пайдаланып Төлепбергенге:

— Ай, есіл ерім-ай! Қайран қазағың түгілі, өзің тәрбиелеп өсірген мына ғалым бауырың да әлі күнге сені танып болмапты-ау! – дедім. Сөз астарын түсінсе де пендешілікке бармай, нұрға толы тостақандай жанарын жалт еткізіп;

— Майда тірлікті сөз етіп не қыласың! Алдымен өз уәдеңді орындай алмай жүргеніңді есіңе алсайшы, келер жылы менің 60 жылдығым. Осы мерекелі датаны елде атап өту үшін облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедке продюсерімді арнайы жібергелі жатырмын! –деп, сол кездегі облыс әкіміне үлкен сенім арта сөз айтты. — Қызылорданың кіндік қаны тамған перзенті болған соң, елге барып, туып өскен жерде аунап-қунап творчестволық есебімді беруім керек. Сен де қарымды журналист болып қалыптасқалы қаламыңды талдырып мен жөнінде тындырғаның шамалы. Теледидарда бас редактор болған кезіңде де құйрығыңды ұстатпай кеткенсің. Тым болмаса елге шығар осы сапарда, менімен бірге жүріп, кездесуде жүргізушісі бола білсейші!… — деген.

Төлепбергеннің бұлай айтуының жөні бар еді. Мен «Қазақстан» телеарнасында он сегіз жыл жүріп комментаторлықтан бас редакторлыққа дейін жақсылы-жаманды өз кезінде қызмет атқарған тележурналистпін. Ол кезде ел бойынша мемлекеттік жалғыз телеарна болатын. Жүйелі үлкен хабарларды жүргізетін журналистер де көп емес-ті. Сол аздың қатарында болдық. Сол кезде, бүгінде ел мақтанына айналған талай тұлғалар, мемлекет және өнер қайраткерлерімен қатарласып отырып сұхбаттар жүргіздік. Талант иелерін көрермендермен таныстырдық. Сол кезде Төлепберген турлы хабар жасау да менің жеке жоспарымда болған, бірақ реті келмеп еді. Оның да аз кем өз себебі бар, Төлепбергеннің гастрольдық сапарлары көп болды. Елден сыртқары шет елдерде көбірек жүрді. Сонымен қатар ол өскен бір ауылдан шыққан сол кездің өзінде өнер шеберлері көп болды. Ералхан Сыздықов деген ағасы зооветинститутта оқып жүріп-ақ Орта Азия өнер шеберлерінің байқауында жеңімпаз атанып қайтса, Алматыға келіп, осында қалып қойған Досан Шпақов деген ағасы шертпе күйдің шерін шығарар тамаша орындаушы болды. Төлепбергеннің өз әкесі Әбдіраш кезінде ауылды аузына қаратқан күйші болғандықтан ба, өзінің екі бауыры Байтөре мен Жантөре де домбыраның құлағында ойнайтын.

1966 жылы екеуміз Алматыға оқуға бірге келгенімізде Төлепбергеннен бұрын Бәден Айсынов деген күйші бауырының орындау шеберлігі мені қатты баурап алды. Бәден сол кездің өзінде КССР халық артисі Бибігүл Төлегеновамен бірге бір ұжымда өнер сапарларына бірге шығып жүрді. Мен ә дегеннен өзімнің көзіме түскен Бәден күйші туралы сол кезде “Лениншіл жас” газетіне “Үкілі домбыра” деген тақырыппен көсілдіріп көлемді очерк жазғанмын. Төлепберген болса ол кезде одан жастау, әлі ел көзіне түсе қоймаған, бірақ домбыра десе жарқырап жанып шыға келетін нағыз талант болатын. Екеуміз сол очеркті әдемілеп жуғанымыз да бар. Сонда екпіндей отырып «ендігі кезек сенікі!» — дегенім бар-ды аузымнан қағынып.

Кезінде бәріміз де ел ағалары ықпалында өскен ауыл балалары болдық қой. Өз әңгімесінен есімде қалғаны Исатай деген шаруашылық басшысы ағасы орта мектепті тәп-тәуір бітірген қойшының баласы осы Төлепбергенді арқанмен тартқыштағанда әзер оталатын ескі Беларусь тракторына отырғызып, Қаратаудың жонының пәрі бидайлық жерін жыртуға жегіп қойған жерінен, қашып шығып, оқуға әзер жеткен ғой. Сол ынта-ықыласынан да болар, негізгі уақытын ол Алматыға жеткеннен білімге аударды. Өз бойына қалыптастырған осы ықылас-дағды оған өз жемісін беріп, оны профессорлық дәрежеге дейін көтерді. Ұялған тек тұрмас дегендей, мен тағы да әзілге шаптырып:

— Қырдың басында қалған тот басқан қалпы сол Беларусь тракторың Сені қашан келер екен? — деп жолыңды күтіп әлі тұр, барып мініп қайтатын болдың ғой, — дедім. Ол күлді, күлді де:

— Қайдағыны ұмытпайды екенсің. Дегенмен, елмен кездесу деген, елдегі өткен осындай жастық шақтағы оқиғаларды да еске алу емес пе. Өткеннен қалған осындай әдемі көріністер мен тағдыр штрихтарын ел алдында еске алудың өзі, адамды бір жасартып тастайды. Елден қашқан бала мен елге жеткен жігіттің тағдырын әзілдей отырып әңгіме жасау сенің де тақияңа тарлық етпес. Мен елге барғанда алақан жайып бірдеңе алу үшін емес, бүгінге дейін тапқан барымды беру үшін, басыма бақ болып қонған өнерімді көрсету үшін, сол жерде туып өскеніме рахметімді айту үшін барамын! – деген еді, сол жолы.

Беру дегеннен шығады, осыдан бір жыл бұрын Төлепберген елдегі орта мектепті бітіргеніне 40 жыл толу салтанатына қатынасып, өзі оқыған мектепті өте жақсы бағамен бітірген екі-үш оқушыға, түскен жоғары оқу орындарын бітіргенше төлеп тұратын өзінің атындағы стипендия тағайындап, мектеп коллективіне есте жүрерлік ескерткішін тапсырып қайтқанына куә болғаным да бар-ды. Біз осы тойдың үстінде көбірек әңгімелестік. Адамның әңгімесінен оның жылдар көлемінде өскен бүкіл болмыс-бітімі байқалады емес пе. Арада өткен аралық жылдар — ауыл баласы болып келген Төлепберген мен бүгінгі профессор Төлепбергеннің қаншалықты жер мен көктей шарықтап өскенін байқатты, оның музыка мамандығы саласында кесек тұлға болып қалыптасқанын көрсетті. Кейінгі кезде өзі қатарлас жастардың әкім-қаралардың шашпауын көтеріп, қастарынан ұзамай, мансап қуғыштап жүргенін, тіпті өзімен бірге сыйлық алған бір-екі өнер шеберлерінің депутаттықтан үміткер болып жүргенін әңгіме еткенімде:

— Саясаттың өнер адамына не қажеттілігі бар?! Өнер адамына – суретші ме, музыкант па, әдебиетші ме, бәрібір саясатқа араласудың қажеті шамалы. Ойың бөлінеді. Көп уақытың, күш-қажырың текке кетеді. Өнер – бүкіл болмысыңмен өзіне берілуді талап етеді. Солай еткенде ғана өзіңе де, өзге де қажетті ләззатты табасың. Оның үстіне “ақын әкімін емес, әкім ақынын іздеген ел бақытты!”- дейтін өздерің емес пе? Шын өнердің иесі — әкімдікті, өзіне қажеті аз лауазымды іздемейді, жатпай-тұрмай өнердің даңғыл жолын іздейді. Өнердің қасиетін түсінген әкім-қаралар ел құрмет тұтар сондай өнер иелерін шырақ жағып жүріп өздері іздейді. Мен қазір екі үлкен өнер коллективіне жетекшілік етемін. Ол аздай біраз болды мәдениет министрі Ермұхамед Ертісбаев Нұрғиса Тілендиев атындағы “Отырар сазы” фольклорлық оркестрі ұжымына да жетекшілік етуімді өтінді — деп сол кездегі министрдің есімін атады.

— Өз жұмысым да бастан асып жатқан жетерлік еді, уақыт жетісе бермейді, бірақ халықтың көзайымына айналып үлгерген, қара шаңырақ коллективі шаршаңқырап тұрғанын көзбен көріп отырып, өзіме көрсетілген мынадай сенімнен қалай бас тартуға болады? Министрден бар сұрағаным, сеніп берілген қызмет орыныма уақтылы жетіп отыру үшін қызметтік автокөлік қана болды – деді.

Ай, қанағатшыл, асыл азаматым-ай, басқа адам болса алдына келіп тұрған мұндай абыройды сол арда тәп-тәуір саудалап қалар еді ғой. Бұл Төлепбергеннің бір жағынан азамат есебінде адалдығы болса, екінші жағынан өзі секілді үлкен өнер иесі асыл азаматтың есімін де қадыр тұтқаны ғой. Осы әңгіме барысында теледидарда жүргенде тұла бойы сазға тұнған Нұрғиса Тілендиев ағамыздан осы Төлепберген туралы сұрағанымда: «Шырағым, Қадыр ағаң айтатын: «Нағыз қазақ қазақ емес — нағыз қазақ домбырасын» білесің бе, сол шын қазағың — мына менмін! Мен — домбыра болып сөйлеуге туылған жанмын, солай — сөйлеймін, ал Төлепберген бауырың болса, ол қазірдің өзінде әлемдік өнердің інжу-маржан тұлғасы. Оны қазақтан бұрын әлем мойындап қойды, анау орыстың бүгінгі төбесіне қойып отырған сұңғыла шалы, елдегі барлық атақ-абыройдың иесі атанған Геннадий Рождественский мойындап отыр оны. Мен де мойындап басымды иемін! Ал оны түсінетін қазақтар біздің елде енді өмірге келе бастады. Оның тыңдарман қазақи ортасы енді қалыптасуда, солар бас иіп, солар иелік қылады келешекте оған!» — деген әңгімесі есіме оралып, сол туралы айтып едім. «Біртуар» Нұрғиса ағасы туралы, үлкен музыка маманы көзқарасымен ойда қалар қан қыздырар жан, бір ауыз пікірімен ақ сазгерді: «Қазақ өнерінің Алатауына» теңеді де қойды. Өнердің нағыз майталман шеберлерінің бірін-бірі әділ бағалауы деген осылай болса керек!

Осы кездесуде ашылып әңгіме айтқан Төлепберген мені алдағы аптада болатын кезекті репитициясына шақырып әңгімені одан әрі жалғастыру керектігін айтты. Кешігіп бардым, үлкен залдың шеткі қалтарысына отырып алып Глинканың «Вальс фантазиясын» тыңдауға тура келді. Ұлт аспаптары оркестрі мен орыстың ұлы композиторының жазған шығармасын домбыра мен қобызда ойнады. Нәзік вальс әуені бойды алып барады. Менің көзім Төлепбергенде, оның алақаны мен саусағының ұшында маған беймәлім қимылдар, сиқырлы дирижерлік таяғымен бірге жымдасып соңына ерген оркестр аспаптарын өзіне ілестіріп алып, сиқырлы музыка әлемінің құшағына еріксіз алып бара жатты. Жалпы мен Төлепбергеннің сирек болса да жеңіл және үлкен концертін бұрын да тыңдаған жанмын. Классикалық үлкен концертке дайындығы мол адамдар болмаса шыдай да алмайды. Соны сезген Төлепберген «мұндай үлкен музыканы тыңдай білетін адамның өзі үлкен талант иесі» — деп, айтып қоятын. Дайындықтан ақ көйлегі малмандай шылқып терге оранып шықты. Шәкірттері еркелей келіп мойнын сүрткіштеп жатты. Сол бір аралық демалыс сәтінде ыстық кофемен екеуара біраз әңгіменің тізгінін қайырғандай болдық. Репертуарындағы Брусиловскийдің өзі кезінде «Сарыарқа» деп атап кеткен 3-ші симфония-сюитасы туралы айтқанда сөзін бұзбай тыңдауға тура келді. Осы шығарманы тыңдаған француздың гуманист ұлы жазушысы Роман Ролланның таңданып отырып айтқан пікірін тыңдағанда өзіңнің қазақ болғаныңа мақтанады екенсің. Ұлы жазушы «Біз қазақ жырын немесе қазақ поэмасын тыңдап оқыған шығармамыздағы қазақтың халық музыкасының сүйкімділігі, оның өзіндік дарыны мен поэтикалық көңіл күйінің күші көз алдымызға келеді. Қазақтың халық музыкасы бұл даланы безендіретін керемет әсем ән әуездің гүл жарып, шешек ату!» — деген ғой. Төлепбергеннің бұлай шалқуында да мән бар. Ол осы шығарманы және Брамстың 3-ші симфониясын Герберт фон Караян байқауында орындаған оркестрге дирижерлық еткен болатын. Әңгіме соңында сол ұлы дирижердің қабылдауында болған кездегі пікір алысуы туралы тереңдей айтқанда тыңдар құлақ болса қазақ даласына Ғайыптан басқа бір келе жатқан жаңа дүниенің хабарын сезінгендей болады екенсің. Осындай әңгімені естіп отырғанда Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сияқты дәулескер күйші өнерін дүние жүзілік кең ауқымда қабылдай бермейді дейтіндердің тіліне тоқтау салар түйінді тапқандай боласың. Ізбасары тұралы сұрағанымда «қиын сұрақ» — деп қиналып кідіргіштегенмен шәкірттері туралы сұрағанымда, Қ.Ахметов, Б.Байсағатов, И.Кифсль, Ю.Орт, В. Чернов сияқты музыканттарды мүдірмей атап-атап айтқанда, солардың аты-жөнін жаңылмай айтып тұрған жадының мықтылығына қайран қалдым. Біз кездесу соңында Төлепбергеннің 60 жылдығын атап өтуді барынша пысықтап алған едік, өзімен бірге мен де елге баратын болғанмын…

Бір әңгімені айтып отырғанда екінші бір әңгіме еске түседі әдетте. Белгілі сазгер ақын Жүсіп Қыдыров осы Төлепбергеннің жиен ағасы. Екеуі бір ауылдан. Осы жиен ақын ағасы өмірден озған соң сол кездегі аудан басшысы Сәмит Далдабаевқа ақынның есімін өзі оқып кеткен, совхоз орталығындағы Октябрь орта мектебіне беру туралы Алматылық Әбділла Тәжібаев бастаған бір топ ақын-жазушылардың Үкіметке түсірген ұсынысына қолдау көрсетуі туралы кіргенмін. Салқындау қабылдады. Менің көзімше сол кездегі аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Қоянбай деген азаматқа телефон шалып еді, оның жауабы, Үкімет атына жазылған ұсыныс хатқа орай “Талап” совхозында жиналыс өткізсе, елдің бір — екі ақсақалы: “Мықты ақындығына дауымыз жоқ, бірақ қатын тастап, қатын алған, “Талап” совхозына ешбір көмегі болмаған ақынға мектеп атын беруге болмайды!”- деген пікір айтыпты. «Ел ұйғарымын естідіңіз ғой» — деді Сәмит. Сосын, солай деп қаулы да алыныпты. Бәрін естіп отырмын. «Бұған не дейсіз?»- дегендей Сәмит маған қарады. Мен күлдім.

— Қатын алды — деп күстаналайтын болсақ, бәріміздің піріміз Абай мен Пушкиннің күні қараң болды ғой. Жүсіп марқұм қай жетіскендігінен қатын тастап, қатын алыпты. Ол әр адамның жеке тағдыры ғой,- дедім ентігіңкіреп. Менің осы сөзім басшыға батыңқырап кеткен сияқты. Бірақ оны сол сәт сездірген жоқ. Мұны осы ауданнан шыққан өнер саңлақтары халық ақыны Манап Көкенов пен композитор Бексұлтан Бәйкенжеевпен соңынан болған әңгімеде кештеу ұғындым. Сәмит Жүсіп Қыдыров мәселесімен ендігі жерде өзі айналысатынын айтқан. Айналысқан болуы да керек… Артынша бір топ белгілі жазушылардың сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С. Шаухамановтың атына “Қазақ әдебиеті” газеті бетінде Жүсіп ақынның атын есте қалдыруға орай жарық көрген Ашық хатына байланысты өзі оқыған Октябрь орта мектебіне ғана емес облыс орталығы Қызылорда қаласының үлкен көшелердің біріне де махаббат жыршысы атанған ақынның есімі берілген…

Мұны айтып отырғаным, мені өмірден озғанына он бір жыл болған Төлепбергенге осы уақытқа дейін іздеуші болмай келгендігі әттеген-ай дегізгенді. Естігенім Төлепбергенге соңғы үш-төрт жылда ауылдағы өзі оқыған №239 Кеңес орта мектебіне атын беру туралы әңгіме болған кезде Жүсіп ағасын қабылдамаған ауыл ағалары сияқты Төлепбергенді де «ол бар-жоғы музыкант» қой, оның бұл мектепке не қатысы бар?» — деп салқын көзқараспен, немқұрайдылық танытқан азаматтар да болыпты. Соңғы жылдары ауыл-ауылда орын алып, жазылмас дертке айналып бара жатқан бұндай көзқарасқа не айтарсың?! Ауылға әкесінің, ауданға бабасының, көшеге көкесінің атын беруді дәстүрге айналдырған бұл көрініс билік басына орынсыз келіп қалған кейбір басшылардың соңына қалдырар ылаңы болып тұр. Осындайлардың салдарынан мектепке кезінде «Еңбек Ері атанған»- деп өз атын да жаза алмай кеткен сауатсыз қойшының атын ұсынғандарды да көзіміз көрді. Солардың атын қыс қыстау, жаз жайлауға қойып жатса мейлі ғой, мектепке ұсынылғанын қайтерсің?! Осылардың салқынымен «ауырған» кейбір орайын тауып орден алған азаматтарымыз өзі өмірден өтпей жатып «Мен кімнен кеммін?» — деп ауылдарындағы мектеп пен мәдениет орталықтарының аттарын көздері тірісінде өздеріне бауыр басып иемдене бастаған сыңайлар танытуда…

Бұл көрініс бүгінге дейін қазақылығымыздың қаймағы бұзылмаған ауылымызға жазылмас дерт болып енуде. Осындай дертке жаратқанның жіберген жауабындай таяуда «Халық Қаһарманы» Жания Әубакирова бастаған, Ә.Дінішев, А.Мұсаходжаева, Г.Мурзабекова, К.Дүйсекеев, Ғ.Есімов, Н.Үсенбаева, Ю.Клушкин, О.Абдуллаев қостаған бір топ өнер қайраткерлері қолдаған Кеңес орта мектебіне Төлепберген Әбдірашевтің атын беру жөнінде тиісті орынға ұсыныс хат түсірді. Бұл ұсынысты облыс әкімі мен Мәдениет министрлігі де қолдап, қазір шүкір ҚР Үкіметінің тиісті қаулысы да шықты.

Төлепберген Әбдірәшев — Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кез келген мектепке берсе де лайықты есім. Мұндай тұлғалардың есімін иемденуге бүгінде тіршілік жасап отырған кез келген ұжым таласулары керек. Өздері жұмыс істеп отырған мектепке қазақтың маңдай алды өнер тарланының атын алу үлкен абырой ғой.

Атқа қонып, Төлепбергеннің есімін ұлықтауды қолға алған мына өнер қайраткерлері, бұдан соң оның есімін көзі тірісінде ширек ғасыр Төлепбергеннің өзі жетекшілік еткен, мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрге, Алматы мен Астана шаһарларындағы көшелерге беруге, сол көшелерге заман талабына сай дирижерлық таяғын көтеріп, өнер кеңістігінің шырқау биігіне ұмтылып, терең тебіреністе тұрған әсем де сұлу ескерткішін қоюды, Кеңсайдағы қойылған зиратын көркем өңдеуді, өзі тұрған үйді музей ретінде сақтап қамқорлыққа алуды билік алдына қойып жатса, құба-құп болар еді. Алып-қашпа әңгіме көп, соның бірі мемлекеттік симфониялық оркестрге жеке адамның атын беруге болмайды деген пікір. Есте болар жайт әр мемлекет өз ішіндегі мәселені қашан да өзі шешеді. Симфониялық оркестрге, өз кезінде замана тұлғасы болған қазақ азаматының есімі беріліп жатса, қазақ музыка өнерінің әлемдегі орынын көрсететін нағыз абройлы жарнама және нақтылық болмақ.

Иә, Төлепбергеннің рухы өте күшті. Ал күшті рухтылар еш уақытта өлмейді. Олар өмірден озған соң да тіршіліктегі өзіміз көрген қимылынан да белсенді жарқын өмір кешеді. Тек соңынан іздеуші кемеңгер ұлы халқы болса. Сондықтан, төрлет — Төлепберген Әбдірашев, еліңнің төріне демекпіз! Сенің мәңгілік өміріңнің өріс алар кезеңі енді басталды. Есіміңді еске алуға «Халық Қаһарманы» қарындасың Ж.Әубәкірова бастаған өнер саңлақтары атқа қонды. Бұл жай атқа қону емес, баянды бастамамен атқа қону! Ел мақтаныш тұтар үлкен өнер иелері әр қашанда ертеңі үлкен бастаманы ғана қолға алып атқа қонады. Алла жар болсын олардың бұл ниеттеріне! Осының бәрінен хабардар боп жүрген елдің азаматы болған бір інім хабарласып:

— Аға, біз оқыған мектепке Төлепбергеннің аты беріліп, оған өнер тарландары келіп жатса ұят болмасын! – деп 30 адамдық домбыра оркестріне қажетті барлық музыкалық аспаптар мен күшейткіштерін, сол аспапта орындаушыларға қажетті артистік киімдерін мектеп ұжымына сәлемдеме ретінде жібердім! – деп көктеммен бірге келген алғашқы жылы хабарды жеткізді. Өркенің өссін, бауырым! Сенің бұл бастамаңды ауыл, аудан, облыс, республика көлемінде қолдаушылар табылады әлі. Бірақ Сенің елден бұрын оянған осы ойлы қуанышың солардың көш басында тұрады.

Міне бүгін 2018 жыл, Төлепберген, Сенің 70 жылдығың да келіп жетті! Бұған үлкен дайындық шаралары жасалды. Осы орайда ең алдымен Мәдениет министрлігі осы жылғы республикалық деңгейде аталап өтетін атаулы күндер тізбесінің жобасына осы датаны енгізді. Соған лайықты Үкімет қаулысы да шықты! Келешекте бұл шараны ЮНЕСКО дәрежесінде атап өтуге күш салынса, елдігімізді көрсетер тіптен жарасымды тіршілік болар еді. Және алдағы уақыттарда осы мерекені Төлепберген Әбдірәшев атындағы дирижерлердің халықаралық байқауын өткізумен ұштастырып жатсақ нұр үстіне нұр болмақ…

Мен мұны неге айтып отырмын, Төлепберген өмірден озғанда «Заң» газетінде көз жасымды көлдетіп «Қазақ музыкасының бас маэстрі» деген мақала жазғанмын. Өмірден ойламаған жерде өтіп кеткен осындай тұлға жайлы топырағы кеппей жатып кімнен не сұрай қоясың. Дегенмен, сол кезде Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның бас директорының орынбасары Сәуле Тәнекеевамен тілдесіп қалудың реті келген еді.

— Иә, Төлепбергенді жоғалту, қазақ өнері ғана емес әлем өнері үшін орны толмас жоғалту болды. Бұл әрине, енді елде ешкім жоқ дегендігім емес, қайталанбайтын тұлға дегенім ғой. Оның өмірден ерте озуы бізден де бұрын даңқты дирижер, ұстазы Геннадий Рождественскойдың да қабырғасын қайыстырып кетті. Ұстаз үшін көз алдында шәкіртінің, өзі ғана емес, бүкіл халқы үміт күтетін шәкіртінің өмірден өтуінен артық қайғы бар ма?! Төлепберген алдына үлкен мақсат қойып отыр еді. Ондағы ойы Қазақстанға әлемнің көзі тірі ұлы музыканттарын шақыру болатын. Бұл ретте Мәскеуде оқып жүрген кезінде қалыптастырған байланыстарын одан әрі тереңдетуді көздейтін. Ол жоспарладың іске асуы ендігі жерде маған жұмбақ…

Мен осы жанды пікірді мақалама енгізіп едім. Сәуленің осы пікірін бүгін тағы да еске алуым Т. Әбдірәшев сияқты ұлы тұлғаның 70 жылдығы өзі туған ауыл, аудан, облыс, республика көлемінде ғана емес халықаралық көлемде кең көлемде аталып өтуі керектігін нақтылау! Ол соған лайықты бүкіл қазақ халқы мақтаныш тұтар жан! Бұл мәселеге осы бастан өзі басшылық жасап кеткен үш коллектив пен Мәдениет министрлігі арнайы комиссия құрып мақсатты жұмыстар жасағаны жөн! Комиссия жұмысы оңай болмайды. Комиссияның әрбір мүшесі Төлепбергеннің ғана емес, үлкен өнердің де нағыз жанашырлары болуы тиіс! Сонда ғана Төлепбергеннің 70 жылдығы ғана емес, 75, 80, 90 жылдықтары да «Бас маэстрдің» өзі жоқ болса да, оның ойындағыдай жоғарғы дәрежеде аталып өтеді.

Төлепберген, Сен бүгінгі Ұлы Қазақ Даласының қадірменді төріне лайықты, әлем таныған азаматының бірі ғана емес, бірегейісің! Менің бұл мақалам сенің 70 жылдығыңның алдында маған артқан сеніміңе сай — ел алдында Сен туралы айтылар әңгімемнің басы болсын! Қадірлі ағайын, Қазақ даласын, Қазақ даласы ғана емес сол халықтың тіршілігін әлемнің өнер көкжиегінде қалықтатып, өрнектей білген Төлепберген Әбдірашевтей ұлдарыңның Рухы төрге шығып келеді, құшақ жая қарсы алыңыздар!

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

Ілім иесі, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Алматы шаһары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *