ТІСІН ҚАЙРАП ЖҮР-АУ!

Қоғам
1 153 Views

АТАЛАСТАР

Жеті атасын білмеген жетесіз.

Қазақ мақалы

Кейде аталастар мен ағайындар туралы сөз болғанда, ең алдымен шежіреге жүгінген жөн. Біздер Ұлы жүз, …Дулат, Шымыр, Көкірек руының Қарасына жатамыз. Жетінші атамыз Тайлақтан Қойқара, Қолақ, Сасықбай, Жұмабай тараған. Осы үшінші атамыз Жұмабайдан үлкендік ретіне қарай Құрбанбай, Құрбанәлі, Дүйсенәлі деген ұлдар болған. Әңгіме арқауы Құрбанбай мен Құрбанәлінің көп перзенттерінің қатарындағы Күмісбек пен Ерестің, сонымен қатар олардың перзенттерінің өзара қарым-қатынастары туралы болмақ.

ӘМЕҢГЕРЛІК

Сұлтан сүйегін қорламайды.

Қазақ мақалы

Жалпы әмеңгерлік салт-дәстүр қазақ халқының арасындағы әлеуметтік-құқықтық, тәлім-тәрбиелік, гуманистік, моралдық-психологиялық қана емес, ұлттың өсіп-өнуімен беріктігін сақтаудағы мән-мағынасы зор болған…

Құрбанәлі бабамыз қайтыс болғаннаң кейін,оның бірнеше перзенттерімен жесір қалған әйелі Толайға Құрбанбайдың үлкен ұлы – менің әкем Күмісбек, қайнысы ретіңде әмеңгерлік салт-дәстүрмен жеңгедей үйленеді. Сондықтан, мен өз анам Сұлухан Күзенбайкызын да, Толайды де «апа» деп, Ересті «көке» дейтінмін…

1941-1945 жылдарғы соғыстан кейін ұрлықтың барлық түрі, әсіресе дәнді дақылдардың «бір қалтасын» жымқырғаны (киімнің қалтасы деп түсініңіз) үшін жауапқа тартылып, кейде сотты да болған екен…

Сондай қиында қатерлі жағдайда, өзіне қарасты екі отбасының төзгісіз тұрмысы мен шиеттей бала-шағаларының аш-жалаңаштығы жанына батқан әкем, өзі жұмыс істеуге шыққан қырманнан біраз бидайды беліне байлап алып кетеді. «Балалы үй базар» немесе «балалы үйдің ұрлығы жатпайды»дегендей, екі үйдің балаларының быламық көжеге тойғандары туралы Кеңес пен тергеушіге жетеді… Тексеру, тергеу нәтижесінде, әкемнің сотталуы мүмкін екені белгілі болады…

Шұғыл түрде екі үйдің естиярлары жиналып, не істеу керектігін талқылайды…

Екі отбасының бірлесуінің себепшісі, болашағын бағдарлаушысы, қиын жағдайда жол табушысы Толай апам: «…Күмісбектің мұндай әрекетке неге және кімдерге бола барғанын, ол үшін жауапқа тартылатынын бәрің білесіңдер. Ол қартаң тартқан, әрі денсаулығы да нашар. Егер Күмісбек сотталып, абақтыға жабылса, оған шыдауы және тірі оралуы екі талай.«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, егер солай бола қалса, онда біріншіден, Күмісбектің қолындағы диірменнен, одан күнделікті түсіп тұрған «қалдадан» айырыламыз. Екіншіден, оның қорасындағы малға кім қарап, кім бағады. Олардың басы құриды. Сонда екі үйдің енді қалқиып көріне бастаған ұл-қыздарының тағдырлары не болмақ. Ең күрделісі де, қиыны да осы. Сондықтан, біз қалай болса да диірменнен айырылып қалмауымыздың, мал басын және бала-шағамыздың өмірін сақтаудың жолын табуымыз керек»,– дейді.

Сонда істің қалай болғанын білетін, қалыптасқан жағдайды және анасы Толай апамның өзіне қарап сөйлегендегі, ойын түсінген және менің әкемнен кейінгі ең үлкені Ерес көкем: «… Апам бәрін дұрыс айтты және айқын түсіндірді. Екі отбасының бірлігі мен балаларымыздың болашағы үшін Күмісбек жәкемнің ісі бойынша жауаптылықты өзіме аламын. Тергеудің тура, соттың әділ болатынына тәуекел етемін», – дейді.

Бәрі Толай апам айтқандай және Ерес көкем тәуекел еткендей болады. Диірменнің қалдасы қарымды, қорадағы малы өсімді, әкем Күмісбектің ертелі-кеш еткен еңбегі еселі болып, Толай апамның қадағалауымен екі үйдің балалары мерзімдік ауыртпалықтан қиналмай өтеді. Тергеудің ел жағдайын ескергендігінен және соттың сарабдалдығымен сотталған Ерес көкем, абақтыдағы мерзімін өтеп, аман-есен отбасына оралады…

Бірақ, ауылдың кейбір күншіл әйелдері күндестіктен, енді біреулері пайымсыз, пасықтықтан, сол жылдары да және осы уақытта да Толай апамды «әмеңгер қайны-шалы Күмісбек үшін баласы Ересті соттатып жіберген», – деп табалайды екен.

Сол кездері әкем Күмісбектің Толай апама жеңгедей үйленуі, тек әмеңгерлік салт-дәстүрді сақтау ғана емес, ағасының жетім балаларының жаттық болып кетіп, өзгелерден жәбір көрмесін деген түсінік-түйсіктен туындаған болса керек. Сондықтан, аталастар, әулеттер мен елдің беріктігі, болашағы және қажеттілігі үшін, сондай жауапкершілік пен ауыртпалыққа өз еркімен «жегілу» ерлік сияқты.

АМАНАТ

Аманатқа қиянат жоқ.

Халық мақалы

Мен кіштентайымнан «Ата» дейтін, ауыл адамдары мен басқа да жекжат-жұраттар арасында «Дәу», «Палуан», «Диірменші» атанып кеткен әкем Күмісбек қыста диірмен арықтың қатып қалған мұздарын бұзып,су кешіп тазалап, диірменді жүргізгеннен аяғынан өткен суықтың зардабынан қуық ауруына шалдығып, жеңіл дәреті жүрмей, тілден қалды. Содан ұзақ жатпады. Оның қасында болған және күзеткен туысқандарымыз бен көршілеріміз, мені онымен қоштасуға шақырды…

Қасына келген мені әкем маған қарата бұрған оң қолының ортаңғы саусағын үш рет ашып-жұмып, Ерес көкеме көрсетті. Сол сәтте мен әкемнің «баласындай» болған інісі Ереске: «Жалғызыма қарайла, қолыңнан келсе көмектес. Тік тұрып жүріп түтінімді түтетіп, ұрпағымды жалғастырсын. Жұмылып қалмасын», – деген аманаты мен өтінішін жеткізгенін бала жүрегіммен сезген едім. Ол әкем Күмісбек Құрбанбайұлы қайтыс болған 1955 жылғы тамыз айының 23 күні еді.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Жалғыздың аты шығады, ақыл-ойы озық,

Еңбегі ерен, орасан болса ерлігі.

Жалғыздың шаңы шығады, құйрық жалы түюлі,

Жүйткіген қазанаттай зор болса егер екпіні.

Автор

Үй шаруашылығының негізгі ауыртпалықтары жесір қалған анама түсіп, өмірдің өзекті әрі сынға толы кезеңдері өтіп жатты. Бірде анам: «Балам, сен он үш жасқа толдың. Қазақта «Он үште отау иесі» деген мақал бар. Отау құрмасаң да, әкең бар үмітін артқан жалғыз ұлы, осы үйдің иесі сенсің. Бұдан былай ешкімге де қапа болмайық, бастарына «бәле» де болмайық. Өз күнімізді өзіміз көрейік. Ол енді саған байланысты болады» , – деді.

Мен Ленгір қаласындағы №2 мектеп-интернатына қабылданып, оның оныншы сыныбын алдыңғы қатарлылар ретінде бітірдім. 1962 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтының механика факультетіне, алғашқы ашылған «Химия өндірісін автоматтандыру және кешенді механикаландыру» мамандығына түстім. Оным үшін анам марқайып, еңсесі көтеріліп, мәртебесі артып, бақыт сезіміне бөленді. Бірақ олары ұзағынан болмады.

Институттың үшінші курсында оқып жүргенімде, 1964 жылы кеңес үкіметі қарулы күштерінің қатарында қызмет етуге шақырылдым. Содан кейінгі жалғыздықтан көрген ауыртпалықтан анам мерзімінен бұрын қартайып, денсаулығы сыр бере бастапты. Соны үйден алған хаттардан білгендіктен, КСРО-ның «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік туралы» Заңының бұзылып, «балалар номенклатурасының» маған қатысты қолданылуының дұрыс еместігін тиісті әскери комиссариаттарға мемлекеттік органдарға жазып дәлелдедім. Сөйтіп, әскер қатарында болуға тиісті үш жылдық мерзімінен бұрын, жеті айда, отбасылық жағдайыма байланысты1965 жылы қайтарылдым. Оның анама үлкен моральдық медеу, физикалық тұрғыдан сүйеу болып, институттағы оқуымды бір курс төмен топта жалғастырдым.

Келесі 1966 жылы жаңадан қалыптаса бастаған студенттік, жастық және әлеуметтік өміріме «сынадай сығылып» кірген арам пиғылды, опасыз, сатқын бір оңбаған «желпетектің» маған жазған хатын оқып беруді сұранғанда, ондағы: «Жесір қалған әйелдің жалғыз ұлы екенсің. «Анау-мынау» бола кетсең, «артыңда қалғанға» әмеңгер болатын ағаң немесе інің жоқ екен», – деген сөздерін естігенде, анам жүрегін ұстап, тынысы тарылып, есеңгіреп отырып қалды. Есін жинап, өзіне-өзі келгенде: «Құдай берген оншақты құрсақ көтердім. Екі ұл, төрт қызды дүниеге аман-есен әкелдім, бағып-қақтым. Олардың үшеуінен титтейінде тірідей айырылдым. Аман қалған екі қыздың ортасындағы бір жалғыз ұл сен болсаң, оған менің қандай кінәм,айыбым бар? Әлде жалғыз қалуыңды сен, мен немесе марқұм әкең қалады ма? «Құдайға ғана жарасқан жалғыздыққа» қарсы тұратындай, бізде қандай дәрмен бар, балам!?» — деп отырған орнында ұзақ егілді… Бірақ табиғатынан ешкімді сыртынан сынап, өсектеп, даттауға жоқ анам, өзін «жер шұқылатып», өзегіне «жегі құрт» түсірген «желпетектің» зымияндығының зәрлі уы қаны, жаны мен тәніне сіңіп, ешқашан тарқамайтын немесе сыртқа шықпайтын, дауасы жоқ «күйік» деген дертке шалдықтырғанының зияны өзінен бұрын маған тиіп кетпесін деп дықат болып, ішінен тынғанын сезгенмін. Анамның ондай ахуалы маған ауыр тиді, мені күрт өзгертті, әрекетшіл, қиянатшылға қатал етті.

Сондай зәрі жаман сөздерден сұлқ кеткен анамның жүрегі жараланып, жүйкесі жұқарып, көкірегін қарс айырған ауруы үдеді, қатты сырқаттанды. Ленгір ауданындағы және Шымкент қаласындағы ауруханаларда бірнеше реттен емделуден оңалмады. Сондай жағдайда кейде маған деген соңғы сөздері, өсиеттері, сенімдері, болжамдарымен өтініштерін айтатын. Бірде: «Балам, сен есейдің, қалыптастың… Әкең екеуміздің үмітімізді, сіңірген еңбегімізді ақтадың. Тек бір арманым мен өтінішім бар. Қарындасың жас қалып барады. Соған қарайла. Қолыңнан келсе көмектес», – деді.

Тағы басқа өтініштері, артар үміттері, айтар армандары, көрер қызықтары мен қуаныштары, бөленер бақыттары көп болуы мүмкін анам облыстық ауруханада емделіп жатып, 1966 жылы желтоқсан айының 26 күні қайтыс болды.

ЗӘБІРЛЕНГЕНГЕ ЖАҚТАСТЫМ,

СОНЫМ ҮШІН «ШОҚ» БАСТЫМ.

Кім біреуден алса, бірақ қарымтасын бермесе бақытсыз

Мен әркімнен алдым, соншама қарымтасын бердім,

Сол үшін бақыттымын.

Рудаки Абуабдулла

Мен отбасыммен 1968-1978 жылдары ауылдағы аталастар мен ағайындар арасында тұрдым. Олардың өзара және менімен болған арақатынастарының «қызықтарын» көріп, «шыжықтарының» дәмін де таттым. Алғашқы жары қайтыс болғаннан кейін, басқа әйел алған Ерес көкем өз перзенттерінің және келіндерінің кейбіреулерімен «қырық пышақ» болып, олармен сиыспай жүргені туралы әртүрлі өсек-аяң ауыл арасында желдей ескен кездер болған. Сондай жағдайдағы көкем бірде маған келіп: «Аманқұл, сен біздің үйдегі жағдайды білесің ғой. Күнделікті қырғи-қабақтық пен жанжалдан шаршадым. Бір баспана тұрғызып, өзім бөлек шықпасам болмайтын түрі бар. Сенде ата-анаңнан қалған жерлерің көп қой. Тұрғын үй салып алуға қасыңнан біраз жер бересің ба?», – деді.

Мен оны туған ағамдай көретінімді және егде тартқандағы тауқыметін ескеріп, қора сыртындағы жерді (шамамен 0,10 гектардай) көрсетіп: «Көке, осы жер сізге жетеді ма? Жаратсаңыз үй тұрғызып алыңыз», – деп тегін бергенмін. Ол сол жерге үй тұрғызып алуымен тынбай, менің бос тұрған қорамның бір бөлігін, өрік бауының орны болған жер мен қарағаш тоғайды (бұлар 0,15-0,20 гектардай) иемденіп, пайдалана бастады. Жасы үлкен адам әрі ағайынбыз, өзіме қалған жерлер де жетеді ғой деп, ештеңе айтпағанмын.

Институттағы оқуымды бітіріп, Еңбекшілер депутаттарының Ленгір аудандық Кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы қызметінде жүріп, Қазығұрт совхозынан жер алып, 1971 жылы кішігірім үй тұрғызып алдым. Болашақта Шымкент қаласынан пәтер алып, перзенттерімді оқыту мақсатында 1973 «Фосфор» өндірістік бірлестігіне слесарь-жөндеуші жұмысына кірдім. Онда көпбалалы отбасы екеніме қарамай, пәтер алу кезегінен шығарып тастағанының дұрыс еместігін заң тұрғысынан дәлелдеп, 1978 жылы төрт бөлмелі пәтерді «қысқартылған мерзімде» алып, Шымкентке көштік.

Келесі жылы Елтай ауылынан бір кепехананы (времянка) сатып алдым. Сөйтіп, қайтадан Ерес көкем мен қолындағы кенже ұлы Содырмен көрші болдым. Онымды ауыл адамдарының барлығы оң қабылдағанымен, жалғыз Ерес көкеме, онымен көрші болуым ұнамаған екен. Әсіресе, алды он жастан енді асқан бала-шағаларыммен азғындап кеткен жерді айдатып, ажырықтан тазартып, өңдеп, бау-дарақ пен жеміс-жидек егіп, оларды тырбаңдап теріп, шелектеп, сөмкелеп Шымкенттегі пәтерімізге әкеткеніміз, оның қызғанышын туындатса керек.

Бір күні, сондай қызғанышы қозып, төзімін түрткілеген сәтінде Ерес көкем өзінен-өзі: «Сен қалада тұрасың, ауылдан жер аласың. Онымен тынбай, досыңа да алып бересің. Досың екеуің әр сенбі, жексенбіде келіп, өзгелерге кезек бермей, бау-бақшаларыңды суғарасыңдар. Одан алған әртүрлі өнімдеріңді сатып, саудагершілікпен айналысасыңдар», – деп сұңқ-сұңқ етті. Оған қосыла, араққа сылқия тойып алған, басқа ұлы Сүлденің аузынан сілекейі сорғалап, әлде қашан маркұм болған, Ерестің анасы Толайға әмеңгер ретінде үйленген менің әкеммен қоса анамды балағаттады. Жұбайым Ділдәкүлдің әйелдік ар-намысын қорлайтын сөздерді сәпіріктеді. Оған мұның не? – деп, біздерден кешірім сұратқызудың орнына, Ерес көкем «қатырдың балам» деп қуанғандай кейіп танытты. Сондықтан, мен отбасымның ар-ожданын қорғау үшін әйеліме Ленгір аудандық халық сотына талап арыз түсіргіздім. Оны қарар алдында Ерес көкем: «Бұрын сенің әкең үшін мен сотталғанмын. Енді сен менің баламды соттатпақпысың», – демесі бар ма. Оған сол оқиғаның не үшін, кімдер үшін және қалай болғанының ақиқатын дәл қазір маған емес, бұрыннан өз ұл-қыздарыңа ұғындырып қоюың керек еді, – дедім. Сөйтіп, Сүлденің сәпіргінен туындаған талап арызды сот қарап, тиісті шешім қабылдаған болатын.

Уақыт өте келе, Ерес көкемнің кенжесі Содыр Мутант дегенге үйленді. Бұл енесімен ерегісіп, абысындарымен қырғы-қабақ болып, қайнағаларына қырын қарады. Қарым-қатынастары кері кетті. Тұңғыш ұлы Дәңкесті босанғаннан кейін, Мутант әйелдерге тән ауруға шалдығып, Шымкенттегі теміржолға қарасты ауруханаға жатып емделді. Оған Ерес әулеті жағынан келушілер болмады. Сондықтан, Шымкентте тұратын мен оның ахуалын білуге барып тұрдым. Кейіннен ұлы Дәңкес 4-5 жасында Шымкенттегі балалар аурулары диспансерінде емделді. Оған да туысқандарынан ешкім келмегендіктен, артынан мен іздеп баратынмын…

Ол орта мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсерде, әке-шешесімен бірге біздің үйге келген. Біз оларға барлық ақыл-кеңестерімізді айтып, ұсыныстарымызды беріп, Дәңкестің тиісті пәндер бойынша білім деңгейін байқадық, нашарларын жақсартуға көмектестік. Нәтижесінде, ол Қазақ химия-технологиялық институтының механика факультетінің «автокөлік және тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығына түсті. Отбасымның көпжанды екеніне, ұлдарымның үйленіп, келінді және немерелі болғаныма қарамай Дәңкесті бір жылдай пәтерімде жүргіздім. Оқуындағы пәндер бойынша үлгіріміне қажетті білімдерден өзімнің білгенімді үйреттім. Өз ұлдарыммен қатар тәлім-тәрбиемді беріп, өмірлік тәжірибемді сіңірдім. Азамат болып қалыптасуына және қоғамда өз орнын табуға баулыдым…

Бірде Дәңкестің көзіне жас алып, қөңілінің босап отырғанын байқадым. Не болды? – деген сұрағыма ол: «Сіз ұл-қыздарыңызбен тең, достарыңыздай әңгімелесесіз. Олар өздерін еркін сезінеді, ой-пікірлерін ашық айтады», – деді. Менің сендерде қалай? – дегеніме Дәңкес: «Бізде әкем таңертеңгі шаруасын жайлап болып, «шай бар ма?» дейді де, оны ішіп болып, жұмысына кетеді. Кешке малды жайғап болып «тамақ бар ма?» дегенмен шектеледі. Әркім өз ойымен өзі болады» – деген болатын. Келесі жылы Содыр мен Мутанттың өтініші бойынша, екінші курсқа өткен Дәңкесті грантқа ауыстырылып, стипендия алуына көмектестім.

1979 жылдары мен өзім біреуден және бұрындары әкем Әтем атадан сатып алған (шамамен 1925 жылдары) диірменге тиесілі жерлерге 2006 жылы ҚР «Жер кодексіне» сай Төлеби ауданы, Қазығұрт ауылдық округ әкімі шешімінің негізінде мемлекеттік актілер алдым. Оларды сол ауданның Әділет басқармасына тіркеттім (2007.05.22).

Содыр екеуміздің үйлеріміздің арасында ондаған жылдар бойы ел пайдаланған, ені 8-12 метрдей, ұзындығы 40 метрдей «диірмен жол» болатын. Ол менімен және басқа да адамдармен сөйлеспей және келісімімді алмай, сол 2006 жылы күзде, жолды қиғаштатып бөгеп, менің жер теліміме 1,0 метрдей кіргізіп, бетоннан мал қорасына деген іргетасын құйыпты. Мұнын дұрыс болмапты деп бірнеше рет айтқаныма, ол: «Менің сарайымның (малқора) бет алды оңтүстікке қарап тұруы керек. Не істейтінімді өзім білемін және сенен сұрамаймын. Қолыңнан келгенін істей бер», – деді. Сонда ғана менің пәтерімде бір жылдай жүріп оқыған ұлы Дәңкеске: «Азия халықтарында, солардың қатарындағы қазақтарда, тұрғын үйдің маңдай алды оңтүстік шығыс пен оңтүстік батыс аралығына қарай орналасқаны дұрыс деген ұғым бар», – дегенді айтқаным есіме түсті. Сонда, бұлар мал қорасының алдын оңтүстікке бағыттас, онда кейін өздері тұратын үлкен үйінің маңдайшасын қай жаққа қаратып салар екен, — деген ойға қалғанмын.

Реті келгенде ол екеуміздің арамызда қалыптасқан ауыр ахуал туралы туған ағасы Сайман мен жеңгесі Түленге айттым. Ағайын арасына алауыздық кіргізбей, көпшілік алдында берген уәдесін орындасын дедім. Сонда Содыр оларға: «Сендер менің ісіме араласпаңдар. Мен не істейтінімді, өз тірлігімді білемін», – депті.

Өздерінің өре баспайтын сол істеріне өкініш па, жоқ әлде табандылықпен талап қойғаныма маған деген қастандығы ма, әйтеуір олар (Содыр, Мутант және ұлдары Дәңкес) маған қарсы моралдық-психологиялық шабуыл ұйымдастырады…

Бірде ауылға барғанымда, олар құйған бетон іргетастардың бұрыш-бұрыштары мен қуыстарына тығып, скотчпен жапсырып қойған «үш бұрышты» қағаздардың оншақтысын тауып алдым. Оларды алдымен сол сәтте үйінде болған Дөңкеске көрсеттім де, «бұл не?» – деп сұрадым. Ол «білмеймін» деді. Одан кейін туысқан ағамыз Шербетке және жеңгеміз Оңалға көрсеттім. Олар: «Бұлар көршілерін, біздерді, ауыл адамдарын қойып, енді саған тиісіпті ғой. Одан (Мутанттан) әртүрлі бәлелерді күтуге болады», – деп оның біраз оғаш қылықтарын айтып берді.

Ауыл жігіттерінің бірі Дәңкеспен шекісіп қалғанда, олардың ісіне араласқан анасы Мутант, өзінің қөйлектерін жыртуға дейін барып, қиянат жасады деп есептеген ер азаматтың келіп табанын жалап, кешірім сұрауларын талап етіпті. Көкем сонысы үшін оны қатты сөккенін айтқан болатын. Мұндай асқынғандықты, әдепсіздікті, залымдықты өмірінде естімегенін, көрмегенін айтып: «Астапыралла! Бетін аулақ етсін ондайдың», – деп жағасын ұстаған еді…

Кейіннен бетонды іргетастың бұрыштары мен қуыстарына тығылған «үшбұрышты қағаздар» туралы сұрағанымда, Мутант: «Үйіміз бен сарайымыздан қарашұбар жылан шықты. Сол жылан ұлым Дәңкестің немесе басқа біреуіміздің басымызға түсіп, мойнымызға оралып, шағып алады ма деп қорқып, содан сақтану үшін жасатып, іргетасқа тыққанмын», – деп түсіндірген. Менің: «Егер жылан өздерің тұратын үйлеріңнен шыққаны рас болса, онда одан қорғайтын «қағазыңды» неге соның қабырғалары мен қуыстарына тықпай, бір шеттегі бетондарға бекіткенің қалай? Оның сыры неде? Тұмарды кімге жасаттың?», – дегеніме Мутант жауап бере алмаған еді…

Тауып алған үшбұрышты қағаздардағы (тұмарлардағы) арабша жазулар мен сандарды Шымкент қаласының мешіттеріндегі діни қызметкерлеріне оқытып, мазмұндарын түсіндіруді сұрандым. Олар:«Алла кек алушы қаһар иесі» деген арабша жазу бар. Ол әртүрлі сандардан құралған, он алты тордан тұратын құпиялы кестемен «кұлыпталғандай», яғни біреуге зиянкестік жасау ретінде дайындалған.

Сандармен толтырылған кестенің мазмұн-мақсатын тек тұмарды дайындаған және оған тапсырыс берген адамдар ғана біледі», – деп қысқаша түсіндірді.

Олардағы жазулар мен кестені қолжетімді дереккөздерден өздігімше зерттегенімде, қосымша төмендегілер белгілі болды: «Аллаһтың он алтыншы (16-шы) есімі Әл-Қаһһар. Кез келген уақытта жазалауға құдіреті жетуші. Алла-Таракайфа. Аллаха-Каххари. Көрмейсің бе, қалай. Аллах қалай қаһарлы», – дегендер екен. Мен болсам, бұларға қатысты: «Аллаһ кімнің адал, кімнің арам, кімнің зәлім, кімнің әділ екенінен хабардар ғой. Кімнің біреуге зиянкестік жасағысы келетінін, кімнің қайырым жасағанын анық біледі. Аллаһ әркімнің бөгдеге деген ақ немесе қара ниеті, түбінде басқа бір түр мен тәсілмен тікелей өзіне, ұрпағына немесе қандасына «бумерангтай» кері оралатынын ескерткен. Сондықтан, мен: «Дуа дайындатқан қара ниетті иесін табады, қайырым ақ ниеттіге қорған болады. Қарғыс – жала жапқанды алар, кие – адал жанды желеп-жебер», – деп топшылаған-тын.

Содыр мен Мутант өздері жасаған жөнсіздіктерін жөндер, бөгелген жолды ашар, «тұмарлары» үшін кешірім сұрар деп үш-төрт жылдай сабырлықпен күттім, аракідік сөйлестім. Оныма Содыр өзін қадағалау қабілетінен айырылып, қалш-қалш етіп дірілдеп, қанын ішіне тартып сұрланып, ашуланатын. Әлдеқашан марқұм болған ата-анамды балағаттап: «Менің не істейтінімді білмейді екенсің. Сені атып өлтіріп, көзіңді жоямын», – дегенге дейін баратынды шығарды. Ондайларына ар-намысым қанша қозса да, біріншіден, ортақ ата-бабалар мен ана-әжелер әруақтарын сыйлап, екіншіден, өз мәртебемді төмендетпей, әдеп сақтайтынмын. Ол менің онымды ынжықтық, қорқақтық, намыссыздық, дәрменсіздік деп түсінсе керек, уақыт өткен сайын әртүрлі есерліктерін еселей түсті. Онымен ымыраға келу мүмкін еместігін түсінген соң, істі сотқа бердім (2013.06.10 күні).

Талап арыз қаралған сотта, Содыр, үйаралық ортақ жолдағы («диірмен жол») бетон іргетасын бұздырып, құрылыс материалы ретінде төгілген шағыл тастардың менің жеріме тасталғандарын өз күші мен қаржысына алдыртып тастатуымды толық мойындап, оларды 2013.09.15 күнге дейін түзетуге міндеттелген арыз жазып берген болатын. Бірақ, ол бетонды бұзып, жолды ашқанымен, міндеттемесін толық орындамады.

Сөйтіп, 90 жылға жуық қолданыста болған әрі тұрған, ені 8-12 метрдей үйаралық «диірмен жол», келесі жылы Содыр қиғашынан тұрғызған малқорасымен бөгеліп, 5-6 метрге дейін жіңішкерді.

«Әке көрген оқжонады, ана көрген тон пішеді» дегендей, олардың ұлы Дәңкес пен басқа да ұрпақтары, Содыр мен Мутанттың мінез-құлықтарынан, іс-әрекеттерінен,туысқандармен, көршілермен және қоршаған ортасындағы адамдарменқарым-қатынастарынан үлгі алатыны түсінікті болса керек.

Оны, олардың өз туысқандарымен, менімен, көршілері Ыбыраймен, Сырбаймен және басқалармен ұзақ мерзімдік ашу-араздықтарын, оны тоқтатпай жалғастырғандары растайды. Мысалы, 2006-2013 жылдары үлкен дау туындатқан, Содырдың отбасының оспадарсыздығынан Төлеби аудандық сотында қаралған және өзінің кінәсін мойындаған арызына орай тазартқан «диірмен жолды», биыл (2020 жылы) менімен сөйлеспей және келісімімді алмай, ірі-ірі көшкін тастарды төгіп, тағы да бөгеген. Оның біраз бөлігін менің жеріме жайғастырған. Өздері иемденіп, өңдеп жүрген бірнеше жер аумақтарын арттыру мақсатында, 1955 жылдары шекаралық шем әрі сарқынды, тасқын сулардан қорғану үшін тосқауыл ретінде көтерілген, биіктігі 1,0 метрден астам жалды, ортақ жолдар мен арықтарды грейдермен сырғызған. Олардан жинақталған топырақтарды бетонды оң арықтан асырып, Ыбырайға тиесілі жерге төккен. Оған, Сырбайға және маған тиесілі жерлер шегіне кіріп , оларда болған қадалардың біразын суырып алып тастаған. Сол жерлерге және бұрыннан тұрған басқа қадаларының араларына өзінің арматура біліктерін қадап, металл торлармен жераралық (көршіаралық) ортақ суаттарды өзіне қаратып алған.

Сонда не, ондай арамзалықты бірлесе ойластырып, көршілеріне айтпай әрі келісімдерін алмай, олардың құқықтарын бұзып мұқатқан Содыр, оның жұбайы Мутант және ұлы Дәңкес өздерін дана, білгір санап, басқаларды басынып, бейшара, сауатсыз дегендері ме? Жоқ әлде…

Мұны халықта бөгденің екі (2,0) метр жеріне «жерік болу» десе, қазақта «көтензорлық» дейді. Заңдарда озбырлық (самоуправство) жасап, басқаның, құқығын бұзып, мүлкіне қол сұғушылық деп есептеледі. Ал, медицинада өзінің басына келген ойлары, сандырағы мен тоғышарлығынан арыла алмайтын, оларды жүзеге асыруда ешнәрседен тайынбайтын және қайталай беретін, тек өз іс-әрекеттерін ғана «дұрыс», өзгелердің айтқан сынын «бұрыс» деп, дұшпан көретін, «делқұлы» ретінде танылса керек. Осыларға қарағанда, олар отбасылық «Бермуд үшбұрышын» құрып алғанға ұқсайды…

«ОТТАСҚАННАН» ГӨРІ, СОТТАСҚАН ДҰРЫС-АУ!

Меніңше, жалпы өзім білетін және қарым-қатынаста болған адамдар, солардың қатарындағы бір отбасы мүшелері, ағайындар арасында бірін-бірі үшінші тарапқа қатысты қиянаттан тежеп, жамандықтан қайтаруға дәтіміз жетпей, көп жағдайда үнсіз қалып, «үндемеген үйдей бәледен құтыладының» кебін киюді көргенділіктің және тыныштықты сақтаудың «төресі» деп қабылдауға бейімдеуміз бе? – деп қаламын.

Ол өз кезегінде жоғарыда келтіргенімдей, түбінде адамдардың өзара түсініспей, кейде айтыс-тартыс пен дау-жанжалдың туындауына себеп болатынын өмір көрсетуде.

Содыр отбасының оспадарсыздығынан, арамзалығынан және зиянкестік жасау әрекеттерінен туындаған дау өршіп кетпесін деп, оған ақыл айтып, біздерді ынтымаққа шақырар деген ниетпен, осыдан бір-екі жыл бұрын туған ағасы Сарманмен және жеңгесі Түленмен пікірлескенмін. Ағасы өз жағдайына байланысты бұл іске араласпайтынын білдірген. Жеңгесі болса: «Сонда, сіздің көкейіңізде жүрген не?» – деп, өктем сұрақ қойған. Мен болсам, жалпы бұл әулетке деген туысқандық тұрғысынан ниетім аз. Тілектерімді, әсіресе қазір Содырдың үй-жайы тұрған орын мен басқа да жерлерімді кезінде Ерес көкеме тегін бергенімді және басқаларды есіне салуды артық көргенмін. Тек өзім туып-өскен жерім, ауыл адамдары мен үшін қымбат, – дегенмен шектелгенмін. Сонда, «атасы бөлек аттан түс» дегендей, біздер өзара тек бөлек қана емес, жат болып, жауығып кетпесек игі еді, – деген ойда қалғанмын.

Осында баяндалғандардың барлығын адамгершілік, ағайындық және заңдылық тұрғысынан зерделей келе, Содыр отбасымен «оттасып», уақытты оздырғаннан гөрі, соттасып тынғанымыз дұрыс-ау, – деп топшыладым. Мүмкін мен өз пікірлерім мен орын алған оқиғаларды нысаналы нүктелерге дәл тигізе алмай, кейде «мүлт» кеткен болармын. Бірақ, …

А.КҮМІСБЕКҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *