ЖЕР ЖҮРЕГІ

Әдебиет
701 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Дүкеншінің үйінде ішкен сүт қатқан қою шәйі мен қуырдақтан терлеп, қайта-қайта жейде-мәйкісін ауыстырып, есін жиды-ау. Дүкеншінің күйеуі де ерігіп отырғаннан ба тым әңгімешіл, шежіреден бастап талай-талай ел, жер жайлы көп білетіндігін көрсетіп тастады.

– Қоныңдар, қой соямын. Ертең охотаға апарайын, – деп қанша қиылып тұрса да жолға шығуға асықты. Жалаңбұт жүгіріп жүрген қарасирақ бес-алты жасар томпақ немересіне тағы үш жүз доллар ұстатып, келер жұмада қайтып ораламын деп уәде беріп те кетті. Көрші үйдің келіншегі деп таныстырған жиырма бестегі сұлуға да жүз доллар ұсынып еді, алмай қашқақтап, ұялып, қызарып кеткен соң, тоқ омырауына ытқытып жіберді. Өзі соған мәз болып, келіншекке де бұрылып тұрып:

– Сізге де рақмет. Пісірген астарыңыз өте дәмді екен. Әлі келемін ғой, — деп еді келіншек наздана қарап, меруерттей ақ тістерін көрсете сылқ-сылқ күлді. Талайды көрген әккі дүкенші әйел де жорғалай сөйлеп: – Бәріміз күтеміз Сізді. Неше түрлі дәм әзірлейміз. «Қалағаныңыздың» бәрі болады – деп жұмбақтап үміттендіре тіл қатты.

– Аңға шығамыз, асықпай екі-үш күнге келгің. Мен домбыра тартамын, ал мына көрші Зылиха ән де салады. Күйеуі вахтада, екі айдан кейін келеді… Демалып, өзің жақсылап сергіп қайт, – деп дүкеншінің күйеуі де жік-жақпар болды.

– Келер жұма күні келіп, осында төрт-бес күн болып, балық аулап, күнге қыздырынып, аунап-қунап дегендей демалсам ба деп отырмын.

– Әп-бәрекеледі! Бізде бәрі бар. Киіз үй де тігеміз, шатыр да бар. Зылиха қонақ күтуге таптырмайтын арудың өзі. Түгел жағдайыңызды жасаймыз!.. – деп дүкенші күйеуі екеуі тіпті қуанып кетті. Өйтпей қайтсін-ау…

Бәрі мұны құда аттандырғандай машинасына дейін жапатармағай жапырлай шығарып салды. Қоштасарда қызылы-қызыл, ағы-ақ боп, күлімдеп жайнап жүрген Зылиханың балғын алақанын қысып-қысып қойды. Оның әсерлі жанары шоқтай жанып, ерке қылықпен бұрыла бергенде тізесінен келген шолақ етек көйлегінен тоқ бөксе, ақ сазандай балтырына көзі түсіп «шіркін-ай» деген тәтті қиял сезімі шуақтандырып ұйтқып өтті. Жігіт біткеннің діңкесін құртқандай бір ынтызар сәт. Машинасына мініп жүріп кеткенде байқады қашаға сүйенген келіншек бұлардың соңдарынан күлімсірей қарап әлі тұр. Аршын төстері жұқа көйлегінен анық жіктеліп көрінген, құлын мүшесі бұзылмаған сұлу мүсінді сұлуға «келемін» деп ишаралап, жүріп кетті. Жоқ, мұнда Райханды емес, құрылыс прорабын шақыруға бекініп, айдалада жапан түзде де осындай көрікті, қылықты перизаттар жүреді, ә, – деп таңданумен, тамсанумен болды. Күйеуге шыққанына жылдан асса да бала көтере алмай жүрген, толықсыған келіншек бейнесі, қылықты күлкісі естен кетпей тұрып алды.

Әбден рәсуасы шыққан ойдым-ойдым тозып біткен жолда селк-селк, шоқақтап, зірк-зірк еткен машинадан әбден зықысы шыққан Ғалымжан артқы орындыққа барып, жантайып жатып алды. Көбінше белін қорғайды.

Ойқы-шойқы жерлерден жанын қоярға жер таппай, арқа тұсы удай ашып, әбден қиналып, түннің бір уағында Алматыға әзер жетті. Үйіне шофері көтергендей қолтықтап әрең кіргізді.

Ертеңгісін орнынан тұра алмай белі шойырылып, қақайып қатып қалды. Жонарқасы мұздап, ауық-ауық жанын көзіне көрсете шаншулап, түні бойы көз ілдірмеді. Енді түрегелейін десе тұра алмайды, әуелі жаңа туған ботадай екі аяғы жөнді иіліп-бүгілмей белден төмен жағы өзіне бағынбай есін алды.

Таныс-білістерге хабарласып дереу жедел жәрдеммен Совминнің ауруханасына жеткізілді. Жеке палатада жатқызып, профессор дәрігерлер бірінен кейін бірі қарап, түрлі анализ алып, рентгенге түсіріп, аударып-төңкеріп тексеріп, консилиум өткізіп, үшінші күні сұмдық хабарды тұнжырап отырып жеткізді.

* * *

Бұған жабысқан айықпас дерт – рак. Дереу онкология институтына жөнелтті. Ғылыми-зерттеу институты деген дардай аты болғанымен кәдімгі аурухана. Тек дәрігерлердің бәрі оқымысты, атақты ғалымдар.

Зембілмен көтеріп, онкология институтындағы палатаға жатқызғанда алғаш көрде жүргендей өн бойын шошытқан үрей, қорқыныш биледі. Мұндағы науқастардың түрінде ажал бейнесі тұрғандай жаны түршігіп, шошынды. Өлім жазасына кесіліп, дарға асылатын қылмыскердей құты қашып, мына жарық дүниеден күдер үзіп, мәңгі қоштасамын-ау деп күрт сылқ ете түсті.

Химия алып, шашы сыпырылып түсіп, өлі мен тірінің арасында күйзеліп жатқанда Сан Саныч Сеулдегі хирург-онколог досына жіберемін дегені көңіліне демеу болып, үміт оты қайта тұтанғаны сол еді.

Рак емдейтін ауруханадан бәрі сырттап, қашып жүреді. Бейне бұл жер адамзаттың барса келмес ажал мекені-апаны деп пайымдайды. Науқастар бір-біріне дерттерін айтпайды, бәріне белгілі үкім біреу-ақ. Әлі күнге дейін бұл кесел жабысқан жан ерте ме, кеш пе шамның білтесіндей біржола өшеді, бұл жарық дүниемен қоштасады. Жер шарының күллі оқымысты-білгірлері қанша тырысса да аты жаман осы ауруға ем таба алмай бас қатыруда. Тек бір ғана жер – оқу-ғылымы шарықтаған Оңтүстік Кореяда бір жабық институт ғалымдары жаңа емдеу тәсілдерін тауып, тәжірибе жасауда деп интернет жар салғанына жылдың жүзі ауды. Онда небәрі 20 төсектік қана орын бар, әлемнің қолы жетер, қалтасы қалың осы дертке шалдыққан қасқа жайсаңдары қанша кезекке тұрса да көбісі оған жете алмай, көз жұмуда.

Ғалымжан міне, Сан Санычтың арқасында Сеулге операция жасатып, сауығып, аяғынан тұрып кететін болып ұшып барады.

Атағы аспандаған әулие хирург-онкологтың аты-жөні де қызық – У? Сол У мырзаның қолына түссе арқасындағы зақым келген қос омыртқасындағы қарайған жерлерді қыршып алып тастап, жұлынға дәрі салып тазартады. Бас аяғы он-он бес күнде қос аяғымен қайта жүріп, туған жеріне дін аман оралмақшы. У дәрігердің еңбек ақысы удан да қымбат, мейлі қанша сұраса да бір жанынан аяй ма?

Сеулге баратынын естігелі бері ерекше құлшыныс пайда болып, беті бері қарап, тіршілік жайлы ойлай бастады. «Ұнжырғасы түскен қарап жүріп ауырады, рухы мықты ауруынан сауығады» демей ме… Бұл жаман ауру деп атын атамайтын науқастар жататын ауруханаға да еті үйреніп, ем-домын қабылдап, жеке палатаға шыққан.

Қанша дерт меңдесе де, бәрінің өмірі бітейін деп тұрса да мұндағы аурулар тәулік бойы қайғы жамылып, қасіреттеніп, жылап-сықтап, күңіреніп жатпайды. Өзара әңгімелеседі, әзілдесіп, сырласып, дос жаран болып кетеді. Бір-бірін қонаққа, дәмге шақырысып, үйден әкелген тамақты бөліп жейді. Теледидардан тек әзіл-қалжың, ойын-сауық көріп, бір-бірінің көңілін көтерер жайттарды айтады. Қыз-келіншектер мен еркек кіндіктілер бір-бірімен тәтті әзілдесіп, кейде тіпті бір-бірімен қол алысып, жарасып жүретінін қайтерсің? Әл-қуаты барлар балконға, есік алдына шығып, дүкен аралап қайтады.

Туған-туыстары, дос-жарандары келіп бұларды көрде жатқандай, енді тірі көрместей жылап-сықтап, аяп, мүсіркеп жандарын жабырқатып, мұң-қайғы жұтқызып кетеді. Егер бір науқас көз жұмса, бүкіл ауруханадағылардың қабақтары қатып, қайғыланып, үн-түнсіз жаман күйге түседі. Әлгі байғұстың туысқандары келіп, мәйітті алып кеткеннен кейін бәрі оның қайдан, қалай келгені, отбасы, қалай емделгені жайлы сыбыр-күбір етіп әңгімелей бастайды. Күні ертең – бәрінің де барар жері осылай боларын болжап, ең жақындарын екшеп, елеп ойға ала бастайды.

Ғалымжанда асып-тасып жатқан жақын туыстары жоқ. Жалғыз ұл болып қақайып өсті. Бір тал қызы Үмітті өлердей жақсы көрді, үлпілдетіп не кием, не ішем дегізбей қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп еркелетіп әлпештеді. Мектепті жақсы оқыды, Америка мен Европаның бір үлкен университетіне оқуға жіберемін деп жүргенде аттестат алған қызы сынаптай сусып, сабындай бұзылды.

– Екі құрбым Малайзияға бармақшы, мен де солармен бірге Куала-Лумпурдегі университетке түсемін, – деп бой бермей отырып алды. Оған шешесі жақтасып, «құрбыларымен бірге болғаны жөн» деп әкесін – Ғалымжанды әзер көндірді. Қаражат жағынан сұрағанын беріп, уатсаппен шешесі күнде сөйлесіп тұратын.

Міне, қарны шермиіп, беті қарғаның жұмыртқасындай тарғыл-тарғыл болып, жайыла толып, ырсылдап әзер жүрген қызын көріп қайран қалды. Қасында тырнадай сұңқиған жат көрінісі бар қоңыр-қара күйеу баласын суқаны сүймей, қатты қапа болды.

Үкідей үлбіретіп өсірген сұлу бойжеткен қызының сықпытына қарап, жүзінен баяғы бұл еркелететін үлпілдеген қызғалдақтай құлпырған бейнені іздеп, әбден торықты. Әйелі қалта телефонмен «Қызыңа ұрыспа, сөкпе, қуып шықпа! Содан басқа екеуміздің кіміміз бар. Қайта ішіңе жақын тарт, ол байғұс та жетісіп жүр деймісің» – деп таптап-таптап, қайта-қайта айтып қойғаны дұрыс болыпты. «Маған келе берме, өзіңді күт, соткамен хабарласып тұрамыз ғой» – деп қызын тыныштандырды. Ал, күйеубаласын көріп қарадай көңілі қалғаны рас. Алтындай жарқыраған, гүлдей нәзік қайран сұлу қызы мына бір ұсқыны кеткен бадырақ көз арсиған қу сүйек басқа ұлттың, бөтен діннің осындай адамына күйеуге тиеді-ау деп кім ойлапты. «Психолог-дәрігер оқуын оқып жүрген студент» деп қояды. Дәрігер ме, психолог па жоқ жәдігөй сиқыршы шарлатан ба, қалай ғана Үмітті торына түсіріп алғанына аң-таң. Іші сахардай қайнағанымен өз қолыңды өзің кесіп тастай алмайсың, іштен тынып, жалғыз тал ұрпағыңның жат, суық болып бара жатқанына, енді оның ел-жерін тастап, бөтен жаққа жалғыз кететін ойлап, жүрегін ұстарамен шабақтағандай күйрей опынды. Қызын орысша оқытты, ағылшынша судай білетін дарынды болып өсті, шетелде білім алу жасынан арманы еді. Міне, Жартыбай жеті атадан жалғыз болды, одан тек Ғалымжан, ал бұдан қыз да болса Үміт деп, кейін оның бір ұлын баурымызға басып аламыз деп әйелі екеуі тәтті қиялдайтын.

Еріксіз ойына Райхан орала берді, неге соның баласын алдыртып тастадым. Неге десеңші? «Ұл екен, сенің атыңды шығаратын сол болар еді» – деп бір-екі рет көзіне жас алғанда зекіп тыйып тастаған. Райханы күнде хабарласып, қалта телефонға тыным бермейді.

Алғаш келгенде пора-пора болып, көзінен жасы тиылмай мұның қолын сүйіп жылағаны-ай.

– Сізсіз қалай өмір сүремін! Сіз маған мына жұтып жүрген ауадай, ішіп

жүрген судай керексіз, қалай ғана осындай жаман дертке душар болдыңыз? Неге маған ә дегеннен айтпай жасырдыңыз? Мен жай емделіп жатыр, енді жазылып келіп қалар деп күтіп жүрдім ғой. Қазір Сіздің орныңызда Бармақов бастық, кабинетіңізге баса-көктеп кіріп алды. Мен кабинетіңіздегі заттарды түгендеп, терезе алдындағы гүлдерге су құйып жүрсем:

– Сен мұнда енді кіруші болма. Жартыбаевтың бар қағазын, карталарын әкеп маған тапсыр, – дейді әкіреңдеп. «Ешқандай карта, құжаттарын бере алмаймын. Менде ештеңе жоқ» десем, ашуланып, қалшылдап, шаңқылдап кетті. «Жартыбаев енді мұнда келмейді, ол ракпен ауырып жатыр. Көзі тірісінде маған бәрін өткізіңдер, маған тапсыруға міндеттісіңдер» деген кезде есімнен танып қала сақтап, далаға атып шығып, саған звондадым ғой. Екі ай бойы айтпай менен сонша жасырғаныңыз не? Қалай дәтіңіз шыдады?

Ғалымжан тек сол сәтте ғана мына бой-бой жылап отырған қыз мұның жан сырын, бүкіл ой-жоспарын, шаруа жайын бәрін-бәрін түсінетін ең жақын адамы екенін ұқты.

– Жаным, қой, қойшы. Мен Сеулге барып, операция жасатып емделіп қайтамын. Көресің әлі-ақ күндей жадырап қалған ғұмырымызды қол ұстасып бірге өткіземіз. Жаным, сәл шыдашы, – деп Райханды жұбатып әлек болды. Көрмегелі екі айдың ішінде ол қатты жүдеп, сылынып түсіпті.

Кетерінде жастығының астынан алып, пұл ұсынып еді, – Ештеңе алмаймын, маған Сіздің амандығыңыз ғана керек, – деп қайта көзіне жас алды. – Неге менен жасырасыз? Жәй қаралып жүрмін, жұмысбасты болып Алматыдан шыға алмай жатырмын дегеніңізге сеніп қалдым ғой. Қандай жағдайға душар болдың жан аға! Алтын ағам, жан ағам Сізден басқа ештеңе керегі жоқ!

Көзінің жасын көл қылып жылап келіп, жылап қайтты. Күнде қалта телефонымен хабарласады. Таңғы сағат сегізде Райхан сөйлесіп, көңілін көтеріп, демдеп қояды. Кешке сағат бестен кейін Айнаш ас-суын көтеріп жетіп, бұған тамақ жеткізіп, жанына біраз отырып кетеді. Күндіз-түні бойы ем-домнан босамайды, қолы қалт етсе медбике қыз жүгіріп келеді. Қазір барлық жерде «платный» заң қаулап кетті, университетте де, аурухана, емханада да, түрлі қызметте де ақшаңды берсең бәйек болады. Міне, ауруханадан жеке палата алып, медбике қызға да жарты жалақысын төлеп, жеке күтуші етіп бекіттіріп қойды. «Инвестор ағай» деп ол күлмең қағып, құрақ ұшады. Қос аяғы қозғалудан қалса да екі қолы дін аман, ақыл-есі дұрыс, медсестра жеке келсе әзіл-қалжыңға көміп, мәз болып, екеуі арқа-жарқа бір-бірін қолдарымен сипаласып, уқалап жанын жадыратады. Алғашқыдай емес қыздың әр-әр қылықты жерін қысып, ептеп, аппақ мрамордай топ-толық санын сипалап, бұртиған қос төсіне қол жүгірткеніне де қымсына күледі де қояды. «Инвестор ағай, біреу-міреу көріп қойса ұят қой» – деп қызаратынын қайтерсің, қарсы болмай, қайта еті үйреніп, сүйсінетіндей қылық танытады. Тек химия алғанда ғана қатты қиналып, құсып, рәсуасы шықса да, бұл медбике үсті-басын жуып, сүртіп, киімін ауыстырып, жаны қалмайды. Соңғы кездері жотасына мың-миллион шеге қағып жатқандай қиналып, ойбайлап, айқайлап жанын қоярға жер таппай жатқанда морфий салып, тыныштандырып, терін сүртіп, әлдилеген бөбегіндей сылап-сипап ұйықтатып кетеді. Бұл бойжеткенге келген соң пәтер сатып әперемін деген ойға келді, жағдайы өте төмен. Медбикенің колледжін де «платный» бітірген, соның ақшасын төлеуге қаржысы болмай ресторанда даяшы, ыдыс-аяқ жуушы болып істепті. Кейін осында санитар болып орналасыпты. Ақысын төлеп, диплом алып жатқандар көп, бірақ жартысынан астамы укол да сала алмайды, дым білмей медик болып шыға келеді. Жалпы ақылы оқу дегенді тоқтатпаса қаптаған дипломы бар, бірақ дымбілмес дүмбілездер қаптап кетті-ау. Солар маман болған соң қайтіп жетісерміз?

Медбике қыздың осындай өз пікір-ойларын ашық айтып салатын өткірлігі ұнайды. Райхан үшінші мәрте келіп кеткеннен кейін «Инвестор ағай, мына кісі екінші жарыңыз ғой, иә?» – деп төтесінен тақ еткізгенде, не дерін білмей мүдіріп қалды. Сасқалақтап:

– Иә, жо-жоқ… – дегені қызық еді. Анау онан сайын қызыға түскендей үделетіп: – Некелесіп пе едіңіз?

– Жоқ.

– Бұл кісі Сізді өлердей жақсы көреді екен. Түрінде иман ұйып тұр. Мешітке барып некелеріңізді қидырыңыздар – дегенде тұтығып қалды.

Ақыры бар сырын айтып берді. Айнаштың бала көтере алмай қалғандығы, Райханның баласын алдыртып тастағаны жөнінде қалай айтып қойғанын білмейді, әйтеуір ішкі сырын жайып салды.

– Сіз он ұл, он қызыңыз болса да ауырсынбайсыз. Сіздей алтын айдарлы, ақылды, асыл азаматтан бала табу – бақыт. Қазір қу, алқаш, басы істемейтін дүндік, ештеңеге ебі жоқ көкжалқаудан әйелдер төрт-бес бала тапқанына мәз болады. Ертең оның балалары да әкеге тартқан қу береке, ақымақ болатынын ұқпайды. Бір ұл тапса да сіздей ай маңдайлы атақты оқымысты, істің көзін табатын бизнесмен, бастықтардан ұрпақ қалса, әне солар ертең елді алға сүйрейтін мықтылар болады. Сан емес, сапалы ұрпақ керек бізге!

Медбикенің осындай пікіріне қайран қалып, ойы бөлінеді.

– Ағай сізге бір кісі келіп тұр, төменде вахтада – деді бір медсестра асығып кіріп. – Жұмысыңыздан дейді, асығыспын деп режимге қарар емес.

– Кірсін – Бұл кім болды екен?

Үстіне ақ халатты желбегей жамылған Бармақов ұшатын құсша екі қолын екі жағына жая жымия күліп кіріп келді.

– Ғалымжан Жартыбаевич! Қалайсыз? Еркелеп жатырсыз ба? Естідім-естідім. Кореяға барып емделіп қайтуға жиналып жатыр екенсіз. Қол тимейді, қалай қыруар істің бәрін дымын білдірмей атқарып жүргенсіз. Тезірек оралыңыз, өзіңіз ие, болыңызшы – деп қатырма орындыққа отырып салдырлап сөйлеп жатыр. – Осында жиналысқа келген едім. Министр көкеміз де, орынбасарлары да сәлем айтып, халін біліп қайт деп тапсырды. Әсіресе, Жақан Сарбасов сізді көп еске алады, сіздің орныңыз опырайып тұр. Бізден не көмек керек айтыңыз, бәрін орындаймыз, қалайсыз өзіңіз? – деп өткір пышақтай лыпып тұр. Бұл кеткелі екі жарым айдан асты, түрі толысып, реңі ашылып, батыл-батыл сөйлейтін әдет тауыпты.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *