Айдос КЕНЖЕХАНҰЛЫ: «КӨП ЕҢБЕК ЕТКЕН АДАМҒА БАҚЫТ БАСЫН ИЕДІ»

Сұхбат
1 086 Views

Әуелі Құдай жерге береді,

Жердегіні елге береді,

Елдегіні ерге береді,

Ерге бергенде төккен терге береді.

Нақысбек би.

Айдос Кенжеханұлы 1977 жылы қыркүйек айының 3-жұлдызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында дүниеге келген. Тарих пәнінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Түркістан қаласындағы 80 жылдық тарихы бар киелі оқу орны «Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі» директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. «NurOtan» бастауыш партиясының төрағасы, қалалық мәслихатының депутаты. Қазақстан Республикасы Президентінің, Түркістан қаласы әкімінің, облыстық білім басқармасының, ҚР білім және ғылым министрінің алғыс хаттары, Құрмет грамоталары және дипломдарымен, мемлекеттік орден, медалдарымен марапатталған. Өмір жолы – еңбексүйгіштіктің, қоғамға адал қызмет етудің, адамгершілік асыл қасиеттердің жарқын үлгісі болып табылатын осындай біртуар азамат – Айдос Абпазовпен сұхабаттасудың да сәті түсіп, өзекті мәселелер төңірегінде әңгімелескен болатынбыз.

– Бүгінде өзіңізге белгілі Қазақстан Республикасы сайлауға дайынгершілік жұмыстарын бастап жіберді. Халық қалаулылары үміткерліктерін ұсынып жатыр. Өзіңіз де Түркістан қаласының бұрынғы депутатысыз. Халық қалаулысыз. Жастар тәрбиесіне, педагогика саласына да сіңірген еңбегіңіз жетерлік. Осы туралы және жалпы әлеуметтік мәселелер төңірегінде айтып өтсеңіз.

– Иә, 2021 жылдың 10 қаңтар күні үлкен бір саяси болашаққа нық қадам болғалы тұр, яғни Сайлау. «NurOtan» бастауыш партиясының төрағасы ретінде біз сол саяси додаларға қатысып отырмыз. Биылғы ерекшелік – праймериздің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы. Бұл да бір жаңашыл бастама деп білемін. Партия ішіндегі іріктеулерден өтіп, партияның көшбасшыларын анықтау, жастар, әйелдер, яғни гендерлік саясатты қолдау, 70-80 пайыз корпусты жаңартсақ, жаңа ой, талпыныс енгізсе деген сынды көптеген маңызды мәселелерді қозғау мақсатынадағы оймен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының, партияның басшылары жасап отырған іс-шара. Осы Түркістан облысындағы бастауыш ұйымдардың көшбасшылары арасында дода, яғни Праймериз болды. Бұл да бір партияның жаңашылдығы. Праймеризге Түркістан қаласынан қатысып ең жоғары балды жинадық. Аталған шараға қатысуымыздың тағы бір себебі – өзімізді бағалау болды. Жоғары деңгейде болғанына өте қуаныштымыз. Әрекет етуші депутат ретіндегі, партия ішіндегі, жастар арасындағы жұмысымызды қосқанда праймеризде 10 қадамнан өттік. Алдағы таңда партияның мемлекетке тіркелген партиялар ішіндегі додасы басталды. Ол да үлкен сын. Енді бәріміз жұдырықтай жұмылып партияның маңызын көрсетуіміз қажет. Елбасының бастап отырған партиясы, мемлекеттің басқарушы партиясы ретінде қарапайым халық ішінде мол ақпарат бергеніміз жөн. Саяси дода болған соң қатысу құқығы бәріне ортақ. «NurOtan» партиясының жасап, атқарып жүрген еңбегін халық білуі тиіс. Сондықтан да олар сайлауға барғанда өз таңдауын дұрыс жасайды деген ойдамыз. Осы жолда «Нұр Отан» партиясына тіркелген үміткер депутаттар аталған саяси партиялардың додасына өз үлесімізді тигізгеніміз жөн. Қазір соған байланысты тың жұмыстар жүргізілуде.

Енді жалпы Түркістан туралы айтар болсам, Елбасының кемеңгер шешімімен Түркістан қаласы облыс орталығы болып жаңадан құрылды. Өмірзақ Естайұлы осы өңірдің басшысы болып облысты, оның ішінде орталығы Түркістан қаласына ерекше көңіл бөліп, дамуына зор үлестерін тигізуде. Қарқынды дамып келе жатқан Түркістан облысының өзінде саяси партияда, соның ішінде «NurOtan» партиясының қарқынды дамуына қарқынды түрде атсалысу керек. 2016 жылы депутат болып сайланған кезімде Түркістан қаласының бюджет көлемі шамамен 5 млрд. болатын. 300 мың халқы бар Түркістан қаласы дамиды деген үмітіміз де мол еді. 2018 жылы түбегейлі өзгеріс болды. 300 мың халықтың 150 мыңы көршілес Кентау қаласына аударылды. Қазіргі таңда 150 мың халқымен облыс орталығының екі жылдан бері 2020 жылды 130 млрд.-тай қаржымен қала бюджетін жауып отыр. Бұл дегеніміз Тұңғыш Елбасының және Үкіметтің ықпалы. Мұнда «NurOtan» партиясының да өзіндік үлесі бар. Себебі, партия тарапынан көптеген өзгерістер мен ұсыныстар болды. Нақтылап кетер болсам, Түркістан қаласы облыс орталығы болған соң жастар тәрбиесінде де, степендия, жалақы, т.б. көптеген мәселелер жолға қойылды. Әлі де аздаған қиындықтар бар, әрине. Облыс көлемі бойынша халық көп шоғырланған, 112 мыңдай мұғалім, 1000-ға жуық мектептер бар. Соның барлығын ары қарай дамыту қаржыға келіп тірелетіні рас. Ең басты біздің құндылығымыз партияның өзі белгілеп отырған – адам және адами капитал. Сол үшін Түркістан облысы ерекше бір жақсы ұрпақ тәрбиелеу, әрбір тұлғаның өмірдегі өз орнын көрсетсе деймін. Депутаттық корпуста жұмыс жасап жүргенде әр түрлі қиындықтарға да кезіктік. Қаржыны анда тартсаң, мында жетпейді, яғни «Бері тартсаң – арба сынады, ары тартсаң – өгіз өледінің» кейпін де кидік. Бірақ қарқынды жұмыстар жасалды, әлі де партия тарапынан игі істер іске аса береді деп нық сеніммен айта аламын.

Депутаттық корпуста осы «Nur Otan» фракциясы біршама ұсыныстар бердік. Қаланың дамуына қала әкімімен бірлесе отырып, жобалар жасалып, мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Мысалы, 2016 жылы газды кіргізуге 1 млрд.-тай қаржы бөлінсе, қазір бірнеше млрд. қаржы газға деп арнайы бөлінуде. Ол дегеніміз биыл Түркістан қаласының газ мәселесінің түйіні шешіліп, нүктесі қойылады деген сөз. Келер жылы басқа сала, дәлірек айтқанда қаланың дамуына, инфрақұрылымына көп көңіл аударылуда. Ол да ертеңгі күні қаланың дамуына өзіндік үлесін қосады деп сенеміз.

Білім саласы бойынша үш ауысымды мектеп мәселесін шешу, ескі мектептерді де жаңарту бағытында, жаңадан екі-үш мектеп бой көтерді. Қаланың ортасындағы ескі мектептер бұзылып, жаңа оқу ошақтары салынып, оған балалар жайғастырылды. Ал тұрғын үй мәселесіне байланысты жаңадан үйлер тұрғызылуда. СПК-мен бірлесіп тікелей бюджеттен қаржы бөлініп көптеген тұрғын үйлер салынды. Биыл әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мемлекеттік қызметкерлерге көп үйлер пайдалануға берілді. Спортқа да көңіл бөлініп жүргенін көз көруде. Еліміздегі карантиндік жағдай аздаған қиындықтар тудырды, әрине. Бірақ соған қарамастан балалардың өсіп, дамуына тиісті қаражат бөлініп келеді. Қаланың көркеюіне үлесін қосатын көптеген нысандар, ғимараттар бой көтеруде. Мысалыға алар болсақ, «Оқушылар сарайы», Музыкалық мектеп т.б. Енді соларды ары қарай дамыту үшін бюджеттен қаржы бөліну қарастырылуда. Әр ғимараттың ары қарай сақталуы, дамуына, сол спорт алаңдары, музыкалық мектеп, мәдени ошақтардың жағдайы төмен балаларға тегін болуына партияның әрбір мүшесі, депутаттар, болашақ үміткер депутаттар осының аясында жұмыс жасауы, ықпал етуі қажет деп ойлаймын.

– Өзіңізге белгілі биыл партиялар арасындағы дода басталып отыр. Бұған басқа да партиялар атсалысады. Соның ішінде «Nur Otan» партиясы несімен ерекшеленеді және халықтың бұл партияға сенімі қандай?

–2020 жыл біз үшін үлкен сынақ жылы болды. Коронавирустық пандемия біздің өмірімізді, басымдықтарды өзгертті, бұл көптеген сұрақтарға басқаша қарауға мәжбүр етті. Біз басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығы екенін түсіндік. Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты ұзақ мерзімді карантинге және шектеу шараларына байланысты үлкен қиындықтарға тап болды. Осы сын-қатерлерге қарамастан «NurOtan» партиясы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ облысымызды қауіпсіз және жайлы етуге бар күш-жігерін салатын болады. «NurOtan» партиясының ерекшелігі – соңғы он жылдың ішінде біз бастауыш ұйым болып жұмыс жасап жүрген кезден белгілі партияның ары қарай дамуы қарқынды болып келе жатыр. Технологиядан және тағы да басқалардан қалыспай, енгізілген бағдарламасының өзі жылдан-жылға қатты өзгеріске ұшырауда. Байқасаңыздар, Елбасының Жолдауы, партияның стратегиялық жоспары өз уақытымен сәйкес келуде. Кейбір мәселелері жоспарға алдын ала қойылып, қазіргі таңда іске асатындай. «Әрбір адамға, қарапайым халыққа нақты не нәрсе керек сол мәселемен айналысыңдар»,- деп Бауыржан Байбек мырза да әрбір кездесуінде айтады. Жай ғана жалпылама әлеуметтік мәселені, мәдениет, спорт, білімді дамыту керек демей ішінде нақты не қажет, қай жерде қандай мәселе бар соны анықтау маңызды. Елбасымыз айтқандай, тыңдайтын мемлекет болу оңды көзқарас. Осыған байланысты, журналистика саласындағы қызметкерлер, БАҚ өкілдері, блогерлер қоғамдық пікірді қолға алып, тынбай жұмыс жасап келеді. Депутаттық корпуста да жеке тұлға ретінде емес, яғни партияның атынан көптеген мәселелерді алға ұсындық. Партияның ықпалының нәтижесінде тиімді жұмсау көп іске асты. Әрбір мәселенің іске асуында осы партияның рөлі де, маңызы да көп әсер етеді.

– Талай жастарды болашақ өмірге тәрбиелеп, білім ошағын басқарып жатырсыз. Түркістан облысы бойынша Білім саласында да елеулі жұмыстар жүргізілуде.

– Білім саласының өзінде бізде көптеген мәселелер болды. Түркістан облыс орталығы болып, халық көп келгендіктен, қарқынды дамып келе жатқандықтан жердің, тұрғын үйлердің, азық-түліктің бағасы қымбаттап кетті. Бюджеттің 70 пайызын мұғалімдер алатын болған. Президентіміз айтқан 25 пайызға өсу т.б. барлығы бюджетке келіп тіреледі. Сондықтан облыстағы басшыларымыз сол мәселелерді жылдам, қарқынды түрде шешіп келе жатыр. Бізде облыстағы халық саны көп болғандықтан қаржы да мол бөлінуі тиіс. Мысалы, Алматы облысында бір баланың тамағына күніне 1000 теңге болса, бізде 700 теңге. Себебі, бізде баға да өсуде. Осыған байланысты басқа өңірлермен салыстырмалы түрде ұсыныстар бердік. Жағдайы нашар балаларға степендияны да экологиялық аймақтық жағдайды ескере отырып, Түркістан облысы, оның ішінде білім саласындағы, мүмкін майда мәселе дерсіз, бірақ осындай әр нәрседе басқа өңірлермен салыстырғанда ерекшелігіміз бар деп атсалысып келе жатырмыз. Қазақ халқы «Көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді» деген даналық сөзді бекер айтпаған. Еңбек етуден, халықтың мәселесін шешуге атсалысудан ешқашан сырт қалған емеспіз. Партия арқылы біршама мәселенің шешімін таптық. Кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізілуде. Білім саласының басқарушы ұйымдарына партияның үлесі аса зор деп ауыз толтырып айтуға болады.

– Көпшілікке белгілі, жастар тәрбиесі, олардың жағдайы, денсаулықтары жөнімен бүгін ғана танысып отырған жоқсыз, Сіз бұрынғы депутат кезіңізден түрлі мәселелермен айналысып келгенсіз. Сол жұмыстар төңірегінде тоқталып өтсеңіз.

– Әрине, маған олар таңсық емес. Біздің депутаттық корпуспен бірге тағы бір ерекшелігіміз – Түркістан облысындағы Сыбайлас жемқорлықтың облыс бойынша мониторингтің төрағасы болып сайланғаныма қазір екі жылдай уақыт болып қалды. Жұмыс жасап келеміз. Тек білім саласында ғана емес, Тұңғыш Елбасымыз айтқандай жемқорлықпен барлық адамзат бірігіп күресуі қажет. Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қатысты 20-25 жылға дейін жасалған бағдарламасында нақты қадамдар жасалған. Осының аясында депутаттық корпус ретінде бюджеттің әрбір қаржысының тиімді жұмсалуына қызмет атқарудамыз. Бұл мәселеде де үлесіміз ауыз толтырып айтарлықтай. Осы жолда текетірес болып қалатын мемлекеттік қызметкерлермен сөзге келіп, айтысып қалатын кездер де болып жатады. Себебі, әрбір бюджеттен бөлінген қаржы дұрыс жұмсалуы керек деген мақсатта атсалысып жүрміз. Осы бағыт бойынша Бекарыс Шойбеков сынды және облысымыздағы мықты зиялы тұлғалармен бірге арнайы ағартушы штабқа мүше болдық. Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы түсіндіру жұмыстары соңғы екі жылдан бері мониторингтің арқасында біраз іс атқарылды. Денсаулық саласында былтырғы және осы 1 жыл бойы карантин кезінде қанша қаржы бөлінді, арнайы мониторингтік топпен бірге облыстың қаржысын қадағалап отырдық. Әрбір ауруханадағы дәрі-дәрмектердің, дәріханалардағы дәрілердің бағасын қадағалау да үлкен жұмыс болды. Жол сапасын тексеруін де барлап шықтық. Білім саласындағы гранттар қалай бөлінуі қажет оның мәселесі де шет қалмады. Оған комиссия мүшесі, мониторингтік топтар өз үлесін қосып жатты. Сол секілді түрлі салаға да араластық. Партияда қойылған әрбір статистикалық жұмыстарға тыңғылықты атсалысып келе жатырмыз деген ойдамын.

– 2021 жыл осы сайлау науқанына байланысты жалпы Түркістан жұртшылығына айтарыңыз, толғандырар ойларыңыз туралы айтсаңыз. Және «Әділет» газетінің оқырмандарына қандай тілегіңіз бар?

– 2021 жыл саяси үлкен науқан — сайлаумен басталайын деп отыр. Қазір бізге сайлау жеңіл секілді көрінеді. «Барыңдар, келіңдер, дауыс беріңдер» дей салу оңай, әрине. Алайда, тарихшы ретінде айтарым, мұндай сайлауда дауыс беру негізінде дүниежүзінде небір төңкерістер, толқулар, революциялар болып өтті. Сондықтан сайлауға жүрдім-бардым атүсті қарамағанымыз абзал. Аллаға шүкір, Тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің арқасында қазіргі таңда мүмкіншілігіміз мол. Осы тұрғыда Түркістан жұртшылығына айтарым, бұл үлкен саяси додаға әрбір азамат борышым деп сезініп барса деген ниетім бар. Себебі бұл тарихи сәт. Ал, «Әділет» газеті ақпаратты шұғыл әрі шынайы жеткізетінін білеміз! Сондықтан, ең алдымен тілшілеріне шығармашылық табыс тілеймін! Жасай беріңіздер! Ал оқырмандарына денсаулықтарымыз мықты болсын! Жүрегімізге иман, денімізге саулық тілеймін! Еліміздің болашағы жарқын болғай! Қазақстанымыз гүлдене берсін!

– Ашық, сындарлы сұхбатыңызға рақмет!

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *