Енді автокөлік иелері қайта тіркеген көліктің тіркеу нөмірі мен техникалық паспортын алу үшін мамандандырылған ХҚО-ға жүгінуге міндетті емес. «Азаматтарға арналған үкіметтің» курьерлері көліктің құжаттарын өтініште көрсетілген мекен-жайға жеткізіп береді. «МТНБ және КҚТК-ны үйге жеткізу» қызметін электрондық үкімет порталында онлайн ресімдеуге болады.
Мәселен, биыл қаңтар айында шымкенттіктерге 30-ға жуық мемлекеттік нөмірлер мен тіркеу куәліктері қызмет алушылардың үйлеріне жеткізілді. 2020 жылы (қызмет іске қосылғаннан бері) бұл көрсеткіш 90 құраған еді.
«Өтінімді рәсімдеу үшін «Электрондық үкімет» порталына кіріп, іздеу жүйесі арқылы «Көлік және коммуникациялар» қызметін тауып, «Автомобиль көлігі» бөлімшесінде «МТНБ және КҚТК-ны үйге жеткізу» қызметін белгілеп, содан кейін авторизациядан өтіп, тапсырыс жасау қажет. Сондай-ақ жаңа және алынатын МТНБ, КҚТК, мамандандырылған ХҚО атауы мен мекен-жайын көрсете отырып, өтінімде көрсетілген барлық қажетті ақпаратты толтыру шарт және қызметке баж салығын төлеп, ЭЦҚ арқылы немесе бір реттік смс-пароль арқылы тіркелу керек (мобильді азаматтар базасына міндетті түрде тіркелу қажет)», – деді Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Үйге жеткізу қызметін пайдалану үшін 2240 теңге төленеді. Қызмет тек жеке тұлғаларға ғана қолжетімді. Қызмет көрсету мерзімі – 1 жұмыс күні.
Естеріңізге сала кетейік, нөмірлік белгіні таңдап, автокөлікті есепке қойып, тіпті мемлекеттік нөмір мен куәлікті үйге жеткізуді eGov.kz арқылы онлайн ресімдеуге болады.