ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Саясат Қоғам
831 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді. Облыс әкімі өз баяндамасында аймақ дамуының негізгі деген бағыттарына тоқталды. Әлем экономикасын құлдыратқан пандемияның салдары ел өміріне де өзгерістер енгізгенін ескерген облыс басшысы өткен жылды жалпы алғанда, Түркістан облысы нәтижелі аяқтағанын айтты. Экономикада өсім, салықта түсім бар. Жалпы өңірлік өнімінің өсімі бойынша облыс республикада өңірлер арасында 1 орында. Бюджет қаржысы толығымен игерілген. Агросалада да айтарлықтай алға жылжу бар. Инвестиция тарту бойынша облыс өте жоғары көрсеткіштермен жылды қорытындылады. Ауыл шаруашылығы саласы көш ілгері. Өңір басшысы өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс пен әлеуметтік салаларға, туризм, инфрақұрылымды дамыту мен Түркістан қаласының дамуы туралы атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Екі жылда Түркістан қаласының негізі қаланды, деп айтуға болады. Халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келеді. Қаланы әрі қарай дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Биылғы жылы өңір үшін елеулі оқиға орын алғалы отыр. Кентау шекарасының кеңеюі, халық санының артуы, өңірдің қарқынды дамуы мен аумақты ұтымды басқаруға біршама қиындықтар туындатты. Осыған орай, жаңа аудан құру туралы ұсыныс енгізіліп, жаңа ауданға «Сауран» атын беру, ортағасырлық тарихи сабақтастықты жалғастырып, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі Түркістан ұғымымен байланысты болды», – деген Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарды 17-ауданның құрылуымен құттықтады.

«Сауран» ауданы «Наурыз» мерекесі қарсаңында құрылу жоспарлануда. Түркістан облысының әкімі жаһан жұртын құрсауына түсірген COVID-19 пандемиясы салдарынан орын алған қиындықтар мен төтенше жағдай уақытында Мақтаарал ауданында орын алған апатқа жеке тоқталды. Барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис», «Ашық әкімдік» ашылды. Пандемия кезінде арнайы «Call-орталық» ашылып, 109 нөмірі арқылы тәулік бойы 24/7 форматта жұмыс жасауда. Нәтижесінде 2020 жылы тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға азайған.

«Жалпы, өткен жылы облыста халықтың өмір сапасын жақсарту, өңірдің әлеуметтік-экономикасын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жасалды. Алдымызға іске асыруға тағы да көлемді міндеттер қойып отырмыз», – деді облыс әкімі.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері есептің қорытындысы бойынша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жұмысына өте жоғары баға берді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Ашық әкімдік» алаңында жеке азаматтарды онлайн қабылдады. Елдегі карантин жағдайына байланысты азаматтардың жеке қабылдауы онлайн форматта өтті. Әкімнің жеке қабылдауына өз мәселесімен 10-нан астам азамат қатысты. Облыс басшысының қабылдауына жазылған азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Аймақ басшысынан тұрақты жұмыс табуда көмек көрсетуін сұрағандар да болды.

Атап айтсақ, Келес ауданы Көкбұлақ елді мекенінің тұрғыны Әлия Жангелдиева ауылдағы көшелердің күрделі жөндеуден өтуі бойынша сауал қойды. Ауыл ішіндегі жолдың сметалық құжаттамасы өткен жылы әзірленген. Биыл жергілікті бюджетке енгізілді. Жол жыл соңына дейін толық жөндеуден өтеді. Әкім қабылдауында болған Арыс қаласының тұрғыны сирек кездесетін «целиакия» диагнозымен ауыратын егіз балаларына глютенсіз тағамдарын алуға облыс тарапынан көмек көрсетуін сұрады. Облыс бойынша осы дертке шалдыққан 60-тан аса бала тіркелген. Өмірзақ Естайұлы наурыз айында өтетін Түркістан облыстық маслихатының сессиясына мүгедек балаларға целиакия ауруы бойынша жергілікті бюджет есебінен глютенсіз тағам алуға ұсыныс дайындалатынын жеткізді.

Облыс әкімінің қабылдауына жазылған Қалдықыз Мұсаева облыс әкімінен 22 жастағы ұлын жұмысқа орналастыруға көмек көрсетуді сұрады. Бұл отбасы тұрғылықты мекен-жайы бойынша Шымкент қаласында тіркелген екен. Түркістан қаласында жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін тұрғылықты мекен-жайы Түркістанда болу қажеттілігі түсіндірілді. Содан кейін өз мамандығы бойынша «Жастар практикасына» қабылданып, жолдама берілетін болады. Түркістан қаласының тұрғыны Елтай Бимахамбетов Түркістан қаласында Қазыбек биге ескерткіш орнату мәселесін көтерді. Облыс әкімі мұндай мәселенің тікелей Мәдениет және спорт министрлігінің «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидалары» бұйрығына сәйкес іске асырылатынын түсіндірді.

«Мұндай мәселелерге біз өте мұқият, талаппен қараймыз. Оның өз тәртібі бар. Заң талаптарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қажетті құжаттарды ұсынады. Сосын облыстық мәдениет басқармасы тиісті құжаттарды жинақтап, министрлік жанынан құрылған арнайы комиссияға ұсынады. Комиссияның қорытындысымен мақұлданған жағдайда, ескерткішті орнату мәселесі қарастырылатын болады», – деді облыс әкімі.

Түркістан қаласы мен Мақтаарал ауданының тұрғындары ауыз су мәселесін көтерді. Мақталы ауылдық округі, Жайлаукөл елді мекеніне жыл соңына дейін жаңадан ауыз су құбыры тартылмақ. Ал, Түркістан қаласындағы жаңадан қоныстанған аумақтарды ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету бойынша сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалауға ұсынылады. Құрылыс жұмыстары 2022 жылға жоспарланды.

«Кезінде инфрақұрылымы жүргізілмей, бірден үйлер салынып кеткен жерлерге құбыр жүргізу қиын. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі.

Негізі құрылыс басталмас бұрын біз ең алдымен су, жарық, газ, жылу, кәріз құбырларын тартамыз. Әр өтініш, тілектің артында адам тағдыры тұрғанын мен жақсы түсінемін. Сондықтан, барлық мәселені өз бақылауыма аламын. Бүгін қозғалған тұрғындардың мәселелерінің толық заң шеңберінде шешу жолы қарастырылады»,– деді Өмірзақ Естайұлы.

Ал, Отырар ауданындағы Көкмардан ауылының тұрғыны Қуат Расиллаев жаз мезгілінде орын алатын ағын су тапшылығы туралы мәселе көтерді.

«Алтынбеков» және «Көкмардан» каналдары механикалық тазалаудан өткен. Қалпына келтіру жұмыстарын наурыз айынан бастау жоспарланған. Ағын су тапшылығы толық шешілетін болады.

Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың ұсыныс – шағымдарын жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға әр азаматтың мәселесін жіті талдап, қысқа мерзімде заң аясында шешуді тапсырды.

ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ 105,1 МЛН АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАДЫ

Қазақстан экономикасында ең үлкен әлеует ауыл шаруашылығы саласында екені белгілі. Жерінің көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын елімізде бұл саланың дамуы көптеген мәселені ретке келтіріп, экономикамыздың бәсекелестік қабілеті артары сөзсіз. «Адамның берге­ні жет­пей­ді, Алланың бергені кет­пей­ді» деп дана халқымыз айтқан­дай, өнім өн­ді­ру­дің молдығы, өнім­де­рінің өтім­ділігі жағынан еліміз біршама елдермен салыстырғанда жоғары деңгейде.

Дәл осы ауыл шаруашылығы бағытында Түркістан облысында Елбасы тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды. ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Өткен жылғы жұмыс нәтижесі бойынша Түркістан облысында өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортының көлемі бес есе өсіп, 105,1 млн. АҚШ долларына жетті. Биыл да бұл көрсеткішті арттыру көзделген. Осылайша Түркістан облысында бес жылдық жоспар қысқа уақытта артығымен орындалып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісінде мәлімденді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалуы барысын баяндады. Атқарылған жұмыс нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бір жұмысшыға шаққанда еңбек өнімділігі 2500 теңгені құрап, 2,2 есе өскен.

Жалпы өнім 1,8 есе өсіп, 729,7 млрд. теңгені құрады. Агроөнеркәсіп капиталы 8,7 есе өсіп, 58,1 млрд. теңге инвестиция тартылды (2015 ж. 6,7 млрд.тг.). Тамақ өнімдеріне 9,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, үш есе өсім көрсетті.

Облыста мал басының өсімі екі жылда 13 пайызға көбейген. Аналық ірі қара малды импорттау мен тұқымдық түрлендіру бойынша Түркістан өңірі елімізде екінші орында. Бұл мақсатта үш жылда 20 мыңға жуық мал сатып алынған. Екі жылда жалпы мал өнімінің өсімі 8,5 пайызға артты. Биыл да бұл көрсеткіш едәуір артпақ.

Облыста су каналдары күрделі жөндеуден өтуде. Күл-қоқыстан тазартылып, жаңаруда. Түркістан облысындағы барлық су арналары цифрлық жүйеге көшеді. Аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бұл жұмыстардың тез арада жүзеге асуын тапсырды. Су арналарын механикалық тазартудан өткізіп, бетонмен қаптап, ретке келтіру барлық аудан, қала басшыларына жүктелді.

Түркістан облысында 3-6 жастағы 100 мыңнан астам бала болса, олардың барлығы балабақшамен қамтылған. Облыста 1,5 мыңдай мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді және олардың басым бөлігі жекеменшік. Аппарат отырысында мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға қолайлы жағдай туғызу туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев баяндады. Облыста мектепке дейінгі ұйымдарды толығымен таза ауыз сумен, ыстық сумен және ішкі әжетханалармен (кәріз жүйесімен) қамту жұмыстары жүзеге асуда. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Өткен жылы салына бастаған 63 білім беру нысандарының құрылысы биыл аяқталмақ. Облыс әкімі мемлекеттік – жекеменшік серіктестік аясында салынатын білім ұяларының санын арттыруды тапсырды. Білім ұяларының иелері сапалы білім беруді мақсат етіп, ең білікті ұстаздарды жұмысқа тартуға міндетті.

Сондай-ақ, өңірде кешенді жоспар әзірленіп, оқу сапасын арттыру үшін білім ұяларындағы материалдық-техникалық базасы мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру қолға алынды. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасалып, облыстағы 900 мектептің арнайы пән кабинеттерімен жабдықталуы көзделуде. Мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиет қоры толықтырылмақ.

Білім және ғылым министрлігімен бірге облыс педагогтары оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуде белсенділік танытып келеді. Түркістан облысының педагогтары 300-ге жуық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің авторлары. Педагогтардан құралған авторлық ұжым әзірлеген «Өлкетану» оқулығы республикада ең үздік оқулық болып танылған. Оқулық екі тілде шығарылып, қазіргі таңда, облыс мектептерінде пайдалануда. Осы үлгі өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылды.

Біз мұның бәрін жаңа құрылған облыстың алдын­да­ғы тың бағыттың ашыл­уы деп түсіндік.

МЕМЛЕКЕТТІК АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ АХУАЛДЫҢ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасында облыстағы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы жөнінде жиын болып өтті. Шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов және облыстың аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімінің басшылары қатысты.

Жиынның күн тәртібіне қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыру, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау және облыстағы этносаралық қатынастардың мәселелері айтылып, жан-жақты талқыға түсті.

Сонымен қатар, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін санитарлық талаптарды сақтай отырып тойлау барысы баяндалып, мерекеге қатысты жоспарлар пысықталды.

Сондай-ақ, Наурыз мерекесінің қарсаңында тұсауы кесілетін «Түркістан» телеарнасының тұжырымдамасы таныстырылып, арнаның даму бағыттары жайлы сөз қозғалды.

«Түркістан облысы әкімдігі құрылтайшысы болып табылатын «Түркістан» телеарнасы облыс жұртшылығына ғана емес, күллі Түркі елдеріне 5 тілде хабар тарататын бірегей медиа кеңістік болғалы тұр. Арнаның өркендеуі – облыстың рухани-мәдени бағытта дамуына оң ықпалын тигізіп, өңір жетістігін кең көлемде насихаттауға жол ашады», – деген басқарма басшысы Дамир Жүнісов алдағы уақытта телеарна ұжымымен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырды.

Жиын соңында қатысушылар «Алатау» медиа орталығының материалдық-техникалық базасы мен «Түркістан» телеарнасының алғашқы шығарылымына дайындық жұмыстарымен танысты.

ЖЫЛ БАСЫНДА 35 МЫҢҒА ЖУЫҚ ПТР ТЕСТ ЖАСАЛҒАН

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және науқастарды емдеуге байланысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалы мен өңірдегі 29 стационарлық, 44 амбулаториялық қызмет көрсететін медициналық ұйымдары арасында ПТР (полимеразды тізбекті реакция) тест жүргізуге келісімшарт жасалды. Биылғы жылдың қаңтар айында 35 мыңға жуық ПТР тест бойынша қызмет көрсетілген. Бұл жөнінде қордың Түркістан облысы бойынша филиалының медициналық қызмет сапасын мониторингілеу бөлімінің басшысы Ғалима Төреханова мәлімдейді.

Өткен жылы облыста Ұлттық сараптама орталығында, облыстық физиопульмонологиялық орталығында, дермато-венерологиялық диспансерінде, Түркістан қалалық емханасында ПТР зерттеу бойынша зертханалар ашылып, жұмыс істеген.

«Бүгінде Ордабасы, Жетісай, Сарыағаш, Созақ, Сайрам,Төлеби, Жетісай аудандық ауруханаларында ПТР бойынша зертханалар бар. Алайда, медициналық ұйымдарда ПТР тестке қатысты жүргізіліп жатқан шаралар барысында бірқатар кемшіліктер анықталған. Медицина қызметкерлері ақпараттық жүйеге науқастың мәліметін енгізу барысында бірқатар олқылықтарға жол берген. Жалпы, анықталған кемшіліктерге Қор филиалы тарапынан 108 млн. теңге айыппұл салынды. Медициналық ұйымдардың ПТР тестке қатысты кемшіліктері бойынша Қор филиалының сарапшылары талдау жасап, тиісті ескертулерді жасады», – деді қордың бөлім басшысы Ғалима Төреханова.

Бетті дайындаған

А. СӘКЕНҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *