ЕҢКУ, ЕҢКУ ЕСКІ ЖОЛ (Әңгіме)

Әдебиет
791 Views

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Елубай екі көзі төрт болып сасып-салбырап, орамалы қисайып кеткен шешесін шетке шығарып:

– Апа, ана келініңді көшеден ұстап алып қашып келдік қой. Үстінде көйлек, аяғында киім де жоқ, – деді.

– Бетім-ай, әй бағана айтпайсың ба? Әй, Сәндібала, бермен кел! Ертеңгісін күйеуің екеуің келінге раймагтан гүлді-гүлді көйлек сатып алып келіңдер. Ал, қазірше менің сандықтағы жаңа көйлегімді киігізіп қой! – деп безілдеген қамытаяқ жеңгесін шақырып тапсырды.

– Әй, Серіжігіт қатын алған сен ғана ма, сонша жоғалып кеткендерің не? Қой сойып, қазанға салып пісіріп, күте-күте есіміз шықты ғой. Әкеле ме жоқ, құр мақтанғаны ма деп.

Шаранның тұңғышы орақ мұрын, шүңірек көз сидиған ұзын Хасан құшақтап, құттықтады.

– Екі шал біздің үйде отыр. Әкең «жалғызымды көбейте гөр!» деп еңкілдеп жылай береді.

– Әкем не мас па?

– Жоқ, ештеңе татып алған жоқ. Атам қажы ғой. «Әй, Малдыбай келіннің беташар тойы өткенше аузыңа арақ алма. Жолы кесілмесін» деп еді «Мақұл», – деп басын изеп, сап-сау отыр. Шаран әкем: үйден дөнен танадай қошқарды әкеп сойып, ертең беташар тойын өткізіп береміз деді. Мына Махмудқа не болған сонша?

– Жаңа ауылға келгенде ғана бір стакан ішіп еді…

– Әкең ана полковник Досов бауырынан сүйінші сұра, дәл қазір, – деп өзеуреп отыр. Не істейміз? – деп шешенше сөйлеп кетті. Бұл ауылда қазақша, шешенше бәрі сөйлей береді.

– Ертеңгісін аудандағы милиция бастығына барып айт, сол хабарын берсін! – деді көңілі жайланған Елубай алма ағашы арасында төсеген текемет үстінде алқақотан отырған құрдастарына қарай ыржия бет алып.

Түннің бір уағында жігіттерімен дуылдаса шөлмектерді сыңғыр-сыңғыр еткізіп, ду-ду отырған бұған тақай келіп:

– Әй, Серіжігіт жүрші бері, – деп жеңгесі қолынан тартып тұрғызды.

Жеңешем мені сағыныпты, – деп бас сап сүйіп еді:

– Шешек-ау, үлбіреп қалыңдығың күтіп отыр емес пе? Жүр қане! – деп назданған болды.

– Ал, енді бара қойыңдар бәрің, – деп әлі жас келін жанында отырған қыздарды шығарып жіберіп, шымылдық ішіне төсегін салды.

– Әй, қайным-ау, ал кел демал, – деп Мінәштің үстіндегі шешесінің көкшіл помбарқыт көйлегін шештіртіп жатқызды.

– Әй, Серіжігіт бірдеңе білесің бе, жоқ, жаныңда тұрып үйретейін бе. Неғып состиып киіміңді шешпей тұрсың? Бар келіншегіңнің жанына, – деп шымылдыққа кіргізіп жіберіп, шырт еткізіп электр шамын өшіріп, есікті жауып шығып кетті.

Жаз таңы жарқырап атыпты, терезеден рахман нұры төгіліп тұр. Елубай жанында бөденедей бұйығып жатқан жарына сүйсіне қарап, орнынан тұрып, киініп, шымылдықтан шыққаны сол еді:

– Әй, шешек, қазір келінге шәй құйдырып ішкіземіз. Далада қаңғып кетпе, – деп саңғырлаған қамытаяқ жеңгесі әңгімесін бітіріп үлгермей, Мінәші де шымылдық ішінен желеңай жасыл помбарқыт кең көйлегімен үлбіреп шыға келді.

– Апа, апа, сүйінші! Келініңіз ақ босағаңызды ақ адал аттапты! Міне, көріңіз, – деген түбі түскен шелектей даңғырлаған қамытаяқ жеңгесі шешесіне ақжайманы ашып көрсетіп жатты.

– Мә, ала қой, – деп апасы байғұс оған қалтасынан беторамалға түйілген пұл алып ұсынды.

– Абысын-ажындарыңа көрсетіп көрімдігін ал! – деп Қаракемпір балбұл жайнады.

Дәу ағашқа іліп, әппақ қардай семіз дөнен қойды сойып жатқан Хасан мен Махмудтан қасына келгенде:

– Досов көкеңе айтылды. Келемін депті, – деді Хасан. Үһілеген-аһылаған Махмудтың жүрелеп отырып, басын қос қолдап қыса бергенін аңғарып:

– Сен бір минутке бері жүрші, – деп оны алма бағының шетіне апарып қамытаяқ жеңгесі үшеуі бір шишаны бөліп ішіп алды. Жалғыз құртты бөліп жеген жеңгесі де жадырап, ал досы түннен қалған табақтағы суық етті қарбыта асады.

Малдыбай әкесі мен Шаран екеуі беташарда ағаш сәкіде жеке отырды. Мұртты мұғалім беташарын айтып, келіннің орамалын ашып:

– Ал, Малдыбай ақсақал бата беріңіз, – дегенде орден-медалін сыңғырлата тағып алған әкесі дауысы қарлығып «Бақытты болыңдар!» – дегенді әзер айтып, еңкілдеп жылап, бүкіл туыстарының көзіне жас алғызды. Шетен таяғына сүйеніп, үйге кірмей кешке дейін далада жол тосып, інісін күтіп жүріп алды.

Досов кешкі өрістен мал түсіп жатқан кезде қап-қара «Волгамен» келді. Іле «жигулиін» мінген аудандағы милиция бастығы жетті.

Төргі үйге дастархан жайып, жаңа түскен келін сызылып отырып шәй құйды, Елубай кесе әперіп тұрды. Малдыбай сызданып, ішін бермей кіржиіп, қабағы ашылмады.

– Мырзажігітке алып қойған сыбағамыз, – деп Қаракемпір елпілдеп табақ тартты.

– Ей, анауыңнан әкелмейсің бе? – деп қара шал зірк ете қалғанда жүресінен енді дастархан шетіне жайғаса берген Қаракемпір қайта ұшып тұрды.

– Нені айтасың?

– Әй, сен неге дымбілмес болып қалғансың? Дос атамыздың қара шаңырағына келін әкеп жатқанда ішпегенде қашан ішеміз, а?

– Мен ішпей-ақ қояйыншы, ертең жұмыс бар!

– Әй, Мақсат сандалмай тыныш отыр, – деп ағасы шырт ете түсті.

– Неге түсте беташарға келмедің, ә? Татар келін қайда? Қыздарыңды ерте келсең қайтер еді? Бүкіл ағайын-туған, ауыл-аймағым тойлап жатқанда соңымдағы жалғыз бауырым сен неге келмедің? Бүгін анау жотада жатқан Дос әкеміз бен Бүбіш шешемізге құран оқытуға ертіп апарайын деп, сені күте-күте екі көзім төрт болды. Дос әкеміз жалғыз еді, одан сен екеуміз, сенен үш қыз, ал менен мына жалғыз Елубай інің. Қалай дәтің шыдады? Кейін мен өлсем де келмессің сен?

Төрде екі иығындағы алты жұлдызы жарқыраған тығыршықтай полковник терлеп кетті.

Ауданның милиция бастығы жылжып, сырғып далаға безді.

– Стақандарыңды ары тарт. Мақсат екеуміз кесемен ішеміз, – деп қос шыныға ліпілдете арақ құйып:

– Ал, Дос ағамның ұрпақтары аман болып, өсіп-өнсін! – деп шімірікпестен тартып алған Малдыбай інісіне оқты көзімен қарап еді, анау да сіміріп салды.

Саған арнаған өзіміз жемдеген семіз тоқтыны сойып, асып жатырмыз, кішкенеден кейін дайын болады. асықпай жеп қайт!

– Жеңеше, рахмет. Қызмет бар ғой, қайтамын қазір.

– Әй, сен баршы ана жаққа. Келін қарағым сен де шыға тұр. Мына Мақсатпен жеке сөзім бар, – дегенде Елубай да тұра бастап еді – Сен үйлендің, отыр енді қатарымызға қосыл. Достан тараған үш еркек еркекше әңгімелесейік.

Әкесі әшейінде көп үндемей жуас өгіз секілді өз шаруасын күйттеп қана жүргенімен ашуланса көтеріліп, долданып жайпап, таптап тастайтын ожарлығы бар.

– Мақсат, менің төрімнен көрім жақын. Міне, жетпістің үстіне шықтым, жиырма жыл қой бақтым. Мына жүгермекке ақ таяғымды тапсырайын, екеулеп озат болып, дүрілдеп көтерілейікші деп көп үміттеніп едім. Бұл да өзің секілді бірбеткей, «қойыңның құлағын көрмеймін» – деп бір боқтады да, сиыр қора салып жатқандарға қосылып кетті. Тоқетерін айтайын, сен мына ініңді қасыңа ал, тәрбиеле. Өлсем – о дүниедегі аманатым, тірі болсам – қолғанатым осы балам!

– Қой-қой деп оқытпадың ғой, аға. Білімі қалай? – деп борша-борша терлеген полковникке Елубай сүлгі ұсынды.

– Әй, Мақсат, сен аспаннан салбырап түстің бе? Сені оқытқан, осы күнге жеткізген кім? Ол – мына мен, мен баққан колхоздың ақ қойы. Көп сандалма, менің ақ таяғымды алмаса, сен қасыңа алып ала таяғыңды ұстат! Әй, неге үндемей қалдың? Шаран құрдасым секілді арақты мүлде қойып, намазға жығылайын деп едім. Бұдан кейін енді ішпеймін, кел қалғанын алып қояйық! – деп екеуі екі кесені төңкере ішті. – Мақсат, біздің тұқым өспеген тұқым. Енді өсіретін осы сендерсіңдер. Саған ыза болып, мына тұрған долы әйел айқайы жететін Алматыдан келмегеніңе, тойымда болмағаныңа күйіп кеттім. Осы татар әйеліңді алғаш алып келіп, үйіме түсіргенде мына баққа палатка тігіп, жалғыз өгізімізді сойып, шерпек-шертпек араққа елді жығып, дүрілдетіп той жасаған мен едім ғой.

– Аға, ағатай, болды-болды. Кешірші жаман ініңді, – деп төрде отырған полковник атып тұрып, томашадай қара шалды құшақтай алғанда Малдыбай да інісінің арқасынан қағып дауысы дірілдеп:

– Соңымнан ерген жалғыз қоңыр қозым, – Махатайым сен аман болшы! Дос әкеміз «Мақсатымды жылатпай өсір, оқыт» деп табыстап еді жарықтық. Бетіңнен қақпай оқыттым, Мәскеуге жібердім милиция оқуына. Сен екеуіңнің бағыңа соғыстан жаралансам да аман қайттым… – деді өксігіне тығылып.

– Аға, Елубай барлық документін алып келсін маған, – дегенде Мақсат көкесінің көзіндегі меймілдеген жасты көріп іштей: «Мына ағалы-інілі екеуіне сонша не болған?» – деп қойды.

Полковник көкесі бір айдан кейін осы қара шаңырақтың жанындағы баққа шатыр тігіп, Елубайдың тойын өзі түгел көтеріп жасап беретін болып, ағасының әжім қақтаған бетінен қайта-қайта сүйді-ай кеп. Қаракемпір жеңгесіне әкелген үнді шәйі мен қант-кәмпитін беріп, Елубайды да қапсыра құшақтап, ағасының алдында баладай жүгіріп, жасқана қоштасып әзер кетті.

Үш күннен кейін әкесі жеке шығарып алып:

– Қойдың соңына салып қойып сені төртіншіден кейін оқытпағаным рас, жетіншіні бітірді деген қағазың бұрыннан бар. Ана Қарғалыдағы кешкі мектеп директорына екі қой беріп, міне мынаны жаздыртып алдым, – деп қолына табақтай аттестат ұстатты да, полковник інісіне жіберді.

Облыстық милиция бастығы Мақсат Досов қызметінде қатал, қаһарлы. Елубай бір апта үйінде жатып, машинасын жүргізіп жүрді, одан бір айлық курсқа жіберіп, ГАИ-ге орналастырып, ала таяқты ойнатып, сержант болып шыға келді.

– Елубай, ағаға барып айт. Келесі жексенбіде тойларыңды өткізіп беремін. Мә, мынаған келін екеуің киімдеріңді сатып ал, қалғанын жеңешеме бер, – деп полковник жолға шығарып салды.

Үстінде шырттай милиция формасы, қолында екі қапшық татар жеңгесінің сәлемдемесі, қалтасында полковник көкесі берген қызыл-ала ақша… асып-тасып, алып-ұшып жетіп келсе үйінің төңірегі тым-тырыс.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *