Түркістан облыстық сотында қоғамымызда дау-дамай тудырған резонансты істерге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне арналған брифинг өткізілді. Басқосуды облыстық соттың судьясы, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі құрам жетекшісі Тамара Смайылова жүргізіп отырды. Модератор Түркістан қаласының бұрынғы прокуроры Махат Зұлпықаровтың «Жер» ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалына қарасты Түркістан қалалық бөлімшесінің басшысы Көпбаевты қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін одан 100 мың АҚШ доллары мен құны сегіз миллион теңге тұратын бес жер телімін пара ретінде алғанын мәлімдеді. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 366-бабының төртінші бөлігімен айыпталған прокурорды он жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет етуден шектеп отыр.
Брифингте Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан сыбайлас жемқорлыққа жол берген Мақтаарал аудандық сотының бұрынғы судьясы Абай Ниязбековтің төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылғанын айтты. Ол биылғы қаңтар айында Фирдауси атындағы жалпы орта мектеп директорына қатысты еңбек дауын оның пайдасына шешуге жасаған қамқорлығы үшін мектеп басшысының хатшысы арқылы 500 мың теңге пара алу үстінде құрықталған болатын. Осылайша тура жолдан тайған судья өмір бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды
Басқосу барысында Төлеби аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Л. Серікбаев пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М. Сатылдиев Ленгір қаласына су құбырын жүргізуші «ҚМБ Шымкентгаз-монтаж» және «Мир-Строй и компания» өкілдерімен сыбайласып, мемлекеттің 344 миллион теңге қаржысын талан-таражға түсірді деген күдікке ілінгені жайында да сөз болды. Олар сметалық құжаттамаларға сәйкес орындалмаған жұмыстарды тексерместен мердігердің пайдасына қыруар қаражатты толығымен аударып жіберген көрінеді.
Облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясына қарасты тіркеу-емтихан бөлімінің басшысынан бастап 38 қызметкеріне қатысты қылмыстық істің сотқа келіп түскені белгілі болып отыр. Оларға осыдан екі жыл бұрын ұйымдасқан топ құрып, пара алып, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Қазақстандық және ресейлік жалған нөмірлер мен мөрлер жасап, жәбірленушілерге миллиардтаған теңге залал келтірген. Тергеу кезінде мемлекеттік баж салығын төлемеген бір мыңға жуық көлік анықталып, мемлекетке 4,4 миллиард теңге шығын келгені мәлім болған.
Облыстық көші-қон полициясының бұрынғы басшысы Нұрдәулет Төлегенұлының ісіне жүргізілген тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Ол Өзбекстан Республикасының үш азаматына Қазақстан Республикасының азаматтығын әперемін деп теріс жолға түскен. Осылайша прокурорлар мен полицейлер пара алып, судьялар сотталып жатса, жетіскен екенбіз.
Қолдарына қасиетті қалам ұстаған әріптестеріміз де темір тордың арғы-бергі жағында жүргені тым аянышты. Қоғамда үлкен дау-дамай тудырған А. Тұрмағанбетов, Х. Рахманбердиев, Б. Қадырбаева, А. Сүлееваға қатысты қылмыстық іске таяу күндерде нүкте қойылатын болады. Күдіктілерге жәбірленуші А. Тасқараев туралы мәліметтерді заңсыз жинап, оны еркінен тыс порнографиялық суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге таратқан деген айып тағылған.
Облыстық соттың «Түнгі сот» атты қанатқақты жобасы тәп-тәуір нәтиже беруде екен. Биылғы 4 маусымнан бері Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 610-бабы бойынша 44 іс қаралған. Жол жүру ережесін бұзған немесе оқиға орын алған жерден бой тасалаған осыншама адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жобаның тиімділігі жайында сөз ететін болсақ, осы тақылеттес оқиғалардың ақ-қарасын анықтауға небәрі үш-ақ күнде қол жеткізіледі екен.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңына сәйкес шешімін тапқан істердің өткен бес айдағы саны 1939-ға жеткен. Соның 1554-і сотта шешілсе, 734-і медиаторлардың көмегімен бітімге келген. Облысымыздың дау-дамайдың деңгейі жөнінен елімізде үшінші орын иеленіп тұрғанын ескерсек, бұған тоқмейілсуге әсте болмайды.
Ә. ҚАҢТАРБЕК.
Шымкент қаласы.