ЕЛБАСЫ ТҮРКІСТАНҒА БАРУҒА КЕҢЕС БЕРДІ

Қоғам
796 Views

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құрутуралы қабылдаған шешімінен кейін жаңа дәуірі басталған Түркістанды барып,көруге кеңес берді.

«Екі жылдан астам уақыт өтті. Егер Түркістанда болмасаңыз, қазіргі қаланың қалай өзгергенін көруге келіңіз. Еліміздің астанасынан кейін бой көтерген жаңа қала болды. Бұл еліміздің зор мүмкіндіктерінің тағы бір дәлелі. Жаңарған Түркістанды көргендердің барлығы таң қалуда. Бұл – мәдениет орталығы, республикамыздың орталығы. Еліміздің оңтүстігіндегі тағы бір гүлденген қала. Жақында менің бастамаммен өткен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан ресми түрде түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы өтті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және онлайн форматта 550-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар. Сессия барысында Елбасы Ассамблеяның алдына қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Сессияда ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің басшылары, аймақтардан келген делегаттар, жұмысшы өкілдері, спорт, азаматтық қоғам өкілдері, жастар және т.б. сөз сөйледі.

«ОБЛЫСҚА СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» ТӨСБЕЛГІСІ ИЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ Сессиясына онлайн форматта Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен облыстағы Ассамблея мүшелері қатысты. Бүгінгі таңда қоғамда Ассамблеяның атқарар рөлінің маңыздылығын айтқан облыс басшысы өңірдегі ұлтаралық ахуалдың тұрақты болуына елеулі үлестерін қосқан азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапаттады.

«Ассамблея – еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этносаралық келісімді одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстарын жалғастыру қажет. Аталған міндеттерді орындау жолында ел бірлігін сақтай отырып, рухани жаңғырған бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға үлес қосу – бәріміздің қастерлі парызымыз. Баршаңызды алда келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен Түркістан облыстық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Нурсбек Капар-Пур, Түркістан облыстық «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Сарманбай Сафаров және Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Султанов марапаттады.

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА САЛА ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан облысында қазіргі уақытта Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 28 ардагер тұрады. Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуге байланысты олардың әрқайсысы 1 млн. теңге көлемінде біржолғы төлем алады. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 214 тұлғаға біржолғы материалдық төлем қарастырылған.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша 6808 ардагерге Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 233,2 млн. теңге қаржы бөлінді. Төлемдер 4 мамырға дейін толық аяқталады. Оның ішінде:

– 28 Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне – 1 млн. теңге;

– 6722 тыл еңбеккерлері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне – 30 000 теңге;

– 55 блокадалық Ленинградтың тұрғынына, соғыста қайтыс болғандардың жесірлеріне – 60 000 теңге;

– 3 кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарға, ҰОСҚ,ҰОСМ теңестірілген басқа да санаттарға – 100 000 теңге белгіленді.

Түркістан облысы бойынша Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің бейнесімен билбордтар орнатылады.

Сонымен қатар, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, құттықтау шаралары жүргізіледі. Ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен бірлесіп өткізілетін шара барысында карантин талаптары қатаң сақталады. Онда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан ардагерлерге құттықтау тілегі жеткізіліп, сый-құрмет көрсетіледі.

Облыс бойынша Ұлы Отан соғыс ардагерлері тұрғын үймен толық қамтамасыз етілген. Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында соғыс ардагерлеріне жасақталған әлеуметтік картаның нәтижесінде денсаулық сақтау саласы тарапынан 28 ардагердің үйіне барып, қажетті медициналық қызмет көрсетілді. Диспансерлік тексеруден өткізілді.

Жыл сайын облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерінің техникалық жағдайына мониторинг жүргізіліп, тиісінше жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Облыс бойынша 315 ескерткіш, 78 мемориалдар, монументтік кешендер бар. Бүгінгі таңда олардың бірқатары жаңартылуда.

Жыл сайын аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында 7,8 мың жекелеген санаттағы азаматтар демалып, емделеді (Ардагерлер үйінде – 4000, «Мейір» ардагерлер үйінде – 3800 соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, зейнеткерлер).

Бүгінгі таңда әлеуметтік қашықтықтың сақталуына байланысты 7800 орынға ардагерлердің 50% жайғастырылып, яғни 3900 зейнеткер денсаулығын түзетуге мүмкіндік алуда.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға басымдық беріліп, бірінші кезекте аталған демалыс орындарына жолдама берілетін болады.

ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ ГАЗ, СУ ҚҰБЫРЛАРЫ ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР

«Nur Otan» – тұрғындардың проблемаларын нақты шешетін жалғыз партия». «Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясына қатысушы делегаттар осылай деді. Партия белсенділері 2 жылда атқарылған жұмыстарды саралап, болашақ жоспарларды талқылады.

«Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ақментай Есбаев төрағалық еткен конференцияға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Роллан Шерімов, аудандық мәслихаттың хатшысы Арын Тотиков және бастауыш партия ұйымдарынан сайланған конференция делегаттары қатысты.

«Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахмет Жұмабеков «Келес аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлары туралы және партияның Келес ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасының жол картасын бірінші тоқсанда іске асыру барысы туралы баяндама жасады.

Ол өз баяндамасында Елбасы, Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – партияның 7 серпіні» атты партияны қайта жаңғырту бағдарламасы басшылыққа алынып, партия жұмысын ілгерілету, өңірлердегі мәслихаттардың жауапкершілігін күшейтіп, жұмысын ширату, қоғамдағы ең өзекті әрі аса маңызды мәселелерді айқындап шешу сынды жаңа межелер белгіленіп, саяси кеңес мүшелерінің жүйелі жұмыстары жанданғанын атап өтті.

Былтырғы праймеризде бақ сынаған 70 кандидат елді мекендерде халықпен кездесіп, дебаттарда бақтарын сынап, өзекті мәселелерді анықтап, партияның сайлауалды бағдарламасына енгізді. Праймериз қорытындысымен 38 кандидат, оның ішінде 30% әйелдер және 20% жастар болып, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркелді. Жетекші партияның аудандық мәслихатта 15 мандатқа ие болғанын атап өтті.

«Сайлаудағы лайықты жеңіс – бұл партиямыздың бүкіл ел тарапынан нақты қолдауы мен сенімінің нәтижесі», – деген бірінші орынбасар аудандық мәслихаттағы 4 мандатқа – әйелдер, 4 мандатқа – 35 жасқа дейінгі өрендер ие болғанын атап өтті. Бастауыш партия ұйымы төрағалығына 4 әйел және 2 жас партия мүшесі төраға болып сайланып, аудандық депутаттық жаңа фракция жұмысы жанданған. Депутаттар қоғамның өткір мәселелерін көтеріп, сайлауалды бағдарламаның жол картасын іске асырып, ай сайын қоғамдық қабылдау өткізуде.

«Әлемді шарлаған індетке байланысты жарияланған пандемия кезеңінде Елбасымыз бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан аудандағы 1400 отбасыға 50000 теңгеден бір реттік қаржылай көмек берілді. Аудандық филиалдың ұйымдастыруымен, кәсіпкерлеріміздің қолдауымен «Біз біргеміз» акциясы аясында 3724 отбасыға бір реттік азық-түлік себеттері берілді. Аудандық ауруханаға 8 тыныс алу аппараты табыс етілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша аудан әкімі, аудандық филиал төрағасы Ақментай Үсенұлы Есбаев бастаған Саяси кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім және мекеме басшылары тұрғындарды қабылдап, қолдау көрсетіп келеді. Филиал тарапынан ұйымдастырылған ашық қоғамдық жұмыстар нәтижесінде аудан тұрғындарының партияға сенімі арта түсті», – деді А.Жұмабеков.

2019 жылы партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жалпы 540 азамат өтініш білдірсе, 249 (46,1%) азаматтың өтініші оң шешімін тауып, 291 (53,9%) азаматқа түсініктеме берілді. Ал 2020 жылы партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтінішпен жүгінген азаматтар саны екі есеге жуық көбейіп, 949 азамат жүгінсе, 662 (69%) азаматтың өтініші оң шешімін тауып, 287 (31%) азаматқа түсініктеме берілген.

Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмалары және «Nur Otan» партиясының Келес ауданы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасына енген 136 жобаны алдағы 5 жылда іске асыру жоспарланған. Осы бағытта «Nur Otan» партиясы Келес аудандық филиалы жанынан 9 өңірлік қоғамдық кеңестің құрамы құрылып, ережелері бекітілген.

Келес ауданы бойынша Сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру бойынша бірінші тоқсанда Қошқарата ауылдық округінде 9 елді мекенге табиғи газ құбырларын тарту, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бозсу елді мекенінде және Біртілек ауылдық округіне қарасты 4 елді мекенде таза ауызсу құбырының құрылыс жұмыстары басталды.

Конференция делегаттары партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамын және облыстық конференцияға делегаттар сайлап, конференция қаулысын қабылдады.

САРЫАҒАШТАЖОЛ КАРТАСЫ АЯСЫНДА АУЫЛДАР САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округіндегі ауылдарын сапалы электр қуатымен қамту жоспары енгізілген болатын. Ол уәде орындалды.

Бүгін Жартытөбе ауылдық округі, Ынтымақ елді мекенінде партияның жол картасы аясында ауылды электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нысанға аудан әкімінің орынбасары Марат Сейтімбетов, «Nur Otan» партиясының Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Құдірет Қыстаубаев, аудандық мәслихаттың депутаттары Төрехан Жұмабеков пен Жәнібек Сүлейменовтер арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Құрылыс жұмыстарын мердігер «Строительно-монтажное фирма «Мехколонна №59» ЖШС мекемесі тарапынан жүргізген. Ынтымақ елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 596 үйге жаңадан жалпы ұзындығы 84 шақырымға жуық электр желілері мен 1211 дана электр бағанаcы, 12 трансформатор орнатылды. Елді мекен тұрғындары партияның бағдарламадағы уәдесін орындағанына ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.

Сонымен бірге Жартытөбе ауылдық округі, Достық елді мекені де сапалы электр қуатымен қамтылды. Құрылыс жұмыстарын «Строительно-монтажное фирма «Мехколонна №59» ЖШС жүргізген. Құрылыс барысында елді мекенге жалпы ұзындығы 62 шақырымға жуық электр желісі, 1012 электр бағанасы мен 10 трансформатор орнатылған.

«Nur Otan» партиясы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жан-жақты арттыруды қолдайды. Осы бағытта «Құтты мекен» партиялық жобасын іске асыру жалғасады.

Бетті дайындаған З.ДҮЙСЕНБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *