ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕН «ӘДІЛЕТКЕ» – 11 ЖЫЛ!

Мерей
1 356 Views

2010 жылдың 5-мамыры күні газетіміздің алғашқы саны жарық көрген еді. Яғни, бүгін бізге – 11 жыл!

Күн мен күн астасып, аптаны аяқтап келесі аптамен қауышып, ай артынан ай жетіп, зулаған жылдар еншісінде сынаптай сырғыған жүйрік уақыт жүйткіп жүре берді. Ал, осы уақытпен үзеңгілесе жарысып, тіпті одан озбаса да қалыспайтын сол уақыттың тамырын ұстап, тынысын білдіріп отыратын ерекше бір күш бар. Ол – мерзімді баспасөз. «Әділеттің» алғашқы нөмірін қазақ елінің ұлы тұлғасының бірі саналатын Шерағаңның (Шерхан Мұртаза) батасымен жарық көргендігі біз үшін де, оқырман үшін де тарихи дерек болып қала бермек.

11 жыл! Таралым аудиториясы Қазақстан Республикасының аумағы болып, 500-ге жуық нөмірі жарық көрді. Шығармашылықпен өткен 3960 күн, 3960 түнде редакцияда қызмет еткен аға буын өкілдері Нағашыбек Қапалбекұлы, Доқтырхан Тұрлыбек, Захардин Қыстаубаев, Алмас Ақылбек сынды әріптестерімізге алғысымыз шексіз. Әр нөмірдің өз парасаты мен рахаты, қуанышы мен мұңы бар. Мінекей, он бір жыл бойы шағын редакция ұжымы республиканың атқарушы органдарының сенімді көмекшісі, халықтың жанашыры ретінде, әділдіктің ақ туын арқалап қалың оқырмандарға мазмұнды, мәнді мақалалар жеткізуге өзінің ақыл-ойы мен қабілет-қарымын, кәсіби білімін жұмсаудан жалыққан емес.

Осы жолда талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, шындық, әділеттілік жолында тайсалмай қиындықтарға төтеп бере білді. Ғаламтор мен техниканың дамыған заманында да баспасөз басылымы әлі де тасада қалмайды. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай әрқашан да «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып қала бермек.

Басылымның әр санын асыға күтіп, жыл сайын тұрақты жазылып жүрген оқырмандарымыздың саны жылдан жылға арта түсіп, редакция ұжымына тың серпін беріп келеді. Ұжымда тәлімгерліктен өткен журналистеріміздің біразы қазірде жеке басылымдарда басшылық қызмет атқарса, біразы танымал қоғам қаламгерлері болып қалыптасты да.

Ең бастысы, осы жылдар аралығында өздеріңізбен арадағы қалыптасқан шығармашылық байланыстың одан ары да нығая беретініне бек сенімдіміз. Жақсы күндерде жарқын жаңалықтарымызбен бірге бөлісіп жүре берейік.

Қадірлі оқырман, шаңырақтарыңыз шаттыққа кенеліп, әулеттеріңіздің дәулеті арта берсін!

Ізгі ниетпен,

газеттің негізін қалаушы

Қуаныш БОТАБЕКОВ,

редактор-журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *