КЕТПЕН ҰСТАҒАН ШАРУАНЫҢ ХӘЛІН КІМ ҰҒАДЫ НЕМЕСЕ «ТҰРАН-СУДЫҢ» ӘЛЕГІ…

Мәселе
897 Views

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВТІҢ назарына!

КЕТПЕН ҰСТАҒАН ШАРУАНЫҢ ХӘЛІН КІМ ҰҒАДЫ НЕМЕСЕ «ТҰРАН-СУДЫҢ» ӘЛЕГІ…

Көктем шыға кетпенін көтеріп, қос алақаны мүйізгектене жер тырмалап, жан бағатын шаруалардың жыл сайын жырға айналған зары – ағын су мәселесі.

Әсіресе, егіп қойған арпасына қыл аяғы су бармай тұрса, дихандардың қалай жаны күйетінін біле беріңіз.

Түркістан облысы, Ордабасы және Сауран аудандарының шаруа қожалықтары су тапшылығын сезініп отыр. Оның үстіне биыл судың тарифі қымбаттаған. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті 2021 жылы судың 1000 текше метрі қосымша құн салығымен есептегенде 328 теңге 60 тиын деп бекіткен.

– Бұл ала жаздай бейнет еткен еңбегімізді ақтамайды, – дейді шаруалар. – Мейлі, бітік шыққан күннің өзінде жанар-жағар май бағасы күннен-күнге аспандап кетіп жатыр, оған су бағасын қосыңыз, тұқым, тыңайтқыш, техникалық шығындары көп, түптің түбінде өнімімізді тиісті бағада өткізе алмаймыз.

Осылай екі ортада күйзелетін тек шаруа адамы болып тұр.

«Түркістан облысының халқы егіншілікпен, төрт түлікпен күнін көріп отырған аймақ. Олардың аяқтан тұруына, алдымен судан тапшылық көрмеуіне бірінші болып көмек көрсетуіміз керек» деген болатын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев. Дегенмен, қазіргі таңда осы екі ауданға су таратушы «Тұран Су» мекемесі мен жергілікті шаруалар арасында шиеленіскен түсініспеушіліктер туындаған.

ТАРИФ НЕГЕ САН ТҮРЛІ?

Шаруа қожалықтары төрағаларының айтуынша әр өңірде суармалы су тарифінің бағасы әртүрлі. Мәселен, Жеңіс, Бөген елді мекендерінде гектарына үш жарым мың теңге төлеп отырса, Қарақұм ауылының тұтынушылары гектарына төрт мың теңге төлейді.

Қазіргі таңда шаруаларға «Бөген су қоймасынан» су жеткізіп беруші мекеме«Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Дихандар бұл кәсіпорынныңқызметіне көңілдері толмайтынын білдірді. Себебі, қалай Тұран су мекемесіқұрылды, солай су тарифі шарықтай жөнелді. Бұрын «Бөген су арнасы» коммуналдықмемлекеттік мекемесі суды ың-шыңсыз жеткізіп келген. Ол кездері су мәселесімұншалықты күрделі болмайтын. Тіпті Бөгеннен сонау Шорнаққа дейін түгел қамтылатын. «Бөген су арнасында» 166 қызметкер тәп-тәуір қызмет көрсетіпкелген. «Тұран су» мекемесі құрылғалы жаңадан 90 қызметкерге артып, бас-аяғы256 қызметкер шаруалардың жайын жақсартқандай болады. Бірақ, бұл штаткестесінің артуы керісінше шаруалардың қалтасына салмақ салған. Яғни, дереу сутарифі қымбаттатылды.

Аман КӘРІБАЙҰЛЫ,

Ордабасы аудандық фермерлер одағының төрағасы:

«ЕКІ КЕМЕНІҢ» ҚОЛЫНА ҚАРАП ҚАЛДЫҚ…

– Мен «Бөген су қоймасының» іргесі қаланған 1965-67 жылдан бері осы өңірде еңбек етіп келемін. Қазір жасым 77-ден 78 қарады. Бұл аймақты суғару тәсілі бұрыннан қалыптасқан, яғни Бөгеннен Түркістанға дейінгі аралықты түгел сумен қамтып келе жатқан жүйе. Алайда 2019-2020 жылдары шаруа қожалықтарына су берілу жайы қиындап кетті. Сол кезде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен суғаруға қатысты біраз мәселе оңтайлы шешімін тапқан еді. Ал енді биыл 2021 жылы «Тұран су» мекемесі пайда болғалы қайта түсініспеушіліктер орын алды. Яғни, Ордабасы ауданы Төрткөл, Бадам, Сыпатаев, Қарақұм, Жеңіс, Қараспан ауылдық округтеріне су мәселесі жетіспеушілігі аз болғандай, судың құнын жоғарылатып жіберді.

Бүгінде фермерлер одағында үш жарым мыңнан аса мүше бар. Олардың барлығы өнімді еселеп алатын күн келер ме деп үмітпен жүр. Дихандар енді екі мекеменің қолына қарап қалды. Ақыры шаруалардың шырылдаған үніне құлақ түрмейтін болса, неге «Бөген су арнасында» қала бермедік? Халыққа көмегі жоқ «Тұран су» не үшін құрылған? Бұл жеке адамдардың мүддесін қорғау ма? Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев осы мәселені ақылға салып, жөнге салып берсе… Облыс басшысының Ордабасыдағы су мәселесін шешіп берген бұдан бұрынғы жұмыстарына алғысымызды айтамыз. Оны айтпай кете алмаймыз, енді осы шиеленісті қараусыз қалдырмаса екен деген тілегіміз бар.

Бұрын «Бөген су арнасы» мекемесінің қызметкерлерге мемлекет ақша төлейтін. Қазіргі таңда «Тұран су» штатын көбейтіп алды. Қызметкерлердің бәрі өз қызметіне ақы алу керек. Олар айтар уәжі, біз арықты тазалап, бетондап жатырмыз дейді. Олардың құрылысына, тазалық шараларына шаруалардың есебінен емес, мемлекеттен бөлек қаржы қаралуы керек еді, болмаса халықтың алдын-ала пікірін тыңдап, келісім-шарт жасасу керек. Неге бұл қызмет судың тарифіне кіреді? Осы жағы түсініксіз!

Оразкүл Құрбанқызы НАЙМАНБАЙ,

«Әсел» шаруа қожалығының төрайымы:

«БІЗ ӘЛІ АЯҚҚА ТҰРА АЛМАЙ ЖАТЫРМЫЗ»

– 2013 жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысып, мал және егін шаруасы бойынша қожалықты жүргізіп келемін. Кезінде ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, бірауыздан ауылшаруашылығы кооперативін құрайық деді. Оны да құрдық, біріктік. Кооперативті кеңейтіп жер алдық. Қазір иелігімде 38 гектар жер бар, енді соған егін егіп, өнім алып, кішкене табыс табайық десек, су жетіспейді, дұрыс өнім ала алмаймыз. Бұрынғы алып жатқан «Бөген су арнасы» тұсындағы суымыз дұрыс еді. Гектарына береді, уақытында келеді. Бұл күндері соған жете алмай отырмыз. Мақтамызды бір рет суардық, одан қайтып су көрмедік әлі. 2021 жылы 38 гектарыма ағынды су үшін 50 мың төледім, 3 гектарға қарбыз, 1,5 гектарға қауын, 13 гектарға мақта ектік. Мақтаның қара суын алып жатырмыз. 17 гектарға арпа егіп қойғанбыз, ол шөлдеп тұр. Су келмей жатыр. Келсе де аз мөлшерде ғана…

«Тұран су» мемлекеттік кәсіпорнының жұмысы бізге қолайлы болмай тұр. Біз әлі аяққа тұра алмай жатырмыз. Кооперативімізді кеңейтейік, мемлекеттік конкурсқа қатысайық десек, құжаттарыңыз дұрыс емес деп ол жақтан да шығып қалып жатырмыз. Керісінше, жердің мәнісін түсінбейтіндер конкурстан жеңімпаз болып шығады. Мұнан соң, ол жер құр жатыр босқа. Біз игерейік десек бізге бермейді. Жерді егетін адамға беру керек ғой, екі конкурсқа қатысып, екеуінде де өтпей қалдым.

Жылда мемлекет ауылшаруашылығына 25 пайыз субсидия беретін. Қазір ол да берілмейді.

Мәсәлі ЖАҢАТАЙҰЛЫ,

«Жаңатай» шаруа қожалығының төрағасы:

«ӨЗІМІЗ ТРАНСФОРМАТОР ОРНАТЫП, НАСОСПЕН СУ АЛЫП ОТЫРМЫЗ»

– Төрткүлдің байырғы тұрғынымен. Өзім ұжым болып 70 гектармен ағайынмен бірге бөлініп шыққам. Сол жерді бұрыннан Түркістан арнасынан су алып, алғашқы кезде гектарына 1,500 теңгеден орта есеппен бағасын шығарды. Былтыр екі мыңнан төледік. 70 гектардың 12 гектарына мүлде су бармайды. Оған мен өз күшіммен электр тартып, трансформатор қойып, насоспен су аламын. Насос сағатына 20 килловат электр энергия жейді. Шығаратын суы 150 литр. Мен бір күнде жеті гектар жерді суару үшін 20-30 мың жуық ақша төлеймін. Қазір маған биыл су қымбаттады деп арықтан су ішіп жатқандарға гектарына орта есеппен 3000 мың теңге төлейтінімізді айтты. Біз оны қалай төлейміз?

Суды арзандатыңыздар кішкене, жарымын төлейік десек көнбейді. Біздің артық шығынымыз бар ғой. Соны ескермейді. Төлеңіз, төлемесеңіз су жоқ, насосыңызды «пломбылаймыз» да, алып кетемін дейді.

Ал енді мына қара шаруалар не істейтінімізді білмейміз?

Жоғары басшылар мұны біле ме? Жоқ, ауданның төңірегіндегі басшылардың істеп отырған тірлігі ме бұл? Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мырза осыны ескерсеңіз…

*   *   *

Осы орайда мәселенің түп-төркініне үңіле келе, Түркістан облысы Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы Бадырақовқа туындаған бірнеше сауалымызды жолдаймыз.

1. Бұрын Бөген су қоймасы арқылы Арыс-Түркістан каналымен Ордабасы ауданы Түркістан қаласына су таратқан кезде Бөгеннен Шорнаққа дейін 145 км-ге судың табиғи жоғалуы немесе шығыны (әрі қарай қысқарған түрде «потери») 25% болатын. Қазір канал мен ішкі арықты қосқанда Бөген су қоймасынан 55 км-ге дейінгі аралықтың потериясы 13%, Түркістан қаласына дейінгі аралық 90 км – 30% потер деп есептелген. Яғни 43% – потер, бұл бұрынғы есептен 18% потерге артық. Мұның себебі не?

Мәселені әрі қарай тарқатар болсақ, тағы көптеген сұрақ туындайды.

2. Екіншіден, «потерді» анықтау үшін комиссия құрамы қалай бекітіледі, оған егіс басындағы дихандардың шығыны есепке алына ма? Шаруа қожалықтарының өкілдері комиссия құрамына енгізіле ме?

3. Сондай-ақ, көктемгі айларда (наурыз, сәуір, мамыр) тасқын болып, арыққа су сыймай жатады. Осы аралықты су арнасының толуын назарға алып, тарифті төмендетуге бола ма?

4. Не себепті бір каналдың бойынша орналасқан Ордабасы, Сауран аудандары, Түркістан, Кентау қалаларының потері әртүрлі. Мәселен, Ордабасы 100 гектар жерге 87 литр су бөлінеді, Түркістан қаласына 100 гектар жерге 50 литр су бөлінеді. Мұны қалай түсінуге болады?

Қазір шаруалардың суға аса мұқтаж кезеңі.

Ауылшаруашылығы басқармасы осы мәселені нақтылап, зерделеп, талдау жүргізе отырып, дихандар шығынын қаперге алып, оңтайлы шешім шығаратын, шаруалардың мәселесін ретке келтіретін бірден-бір құзырлы мекеме емес пе?

Керісінше немқұрайлы жүргізілген жұмыстың кесірі шаруалар мәселесінің ушығуына әкелуде.

Нұрбек Бақтыбайұлы, ҚР «БАҚ туралы» Заңына сәйкес жоғарыда көтерілген мәселеге нақты жауап беруіңізді сұранамыз.

Қ. БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *