ОЙ САЛАР

Әдебиет
548 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

38

Ей, досым жан-жағыңа қара мына,

Адамның кез қылмасын арамына.

Кейбіреу ойланбастан мәз болып жүр,

Мас болып ішкен күнде шарабына.

39

Қаншама қан төгілді тақталастан,

Қанша жан жапа шекті бақталастан.

Таппайсың артық нәрсе бұл өмірде,

Отырып шын достықпен татқан астан.

40

Бар жандар мақсатына жететіндей,

Иненің көзінен де өтетіндей.

Жинаған ішпей-жемей байлықтарын,

Өзімен бірге алып кететіндей.

41

Сезгейсің бұл өмірдің тар екенін,

Ескергін ең керегі ар екенін.

Күні ертең шалып сені құлататын,

Ұмытпа Батыраштың бар екенін.

42

Істеуге жақсылық іс ерінбегін,

Дұрыс қой еңбегіңмен көрінгенің.

Халықтың бар тілегін орындасаң,

Жарқырап тұрар сенің төріңде күн.

43

Көңілден шықса дәйім істегенің,

Ешкімді жолға салып күш темегін.

Көнбейтін ақымақты түзеймін деп,

Мен үшін отқа, суға түс демегін.

44

Дүнием бар екен деп таспағайсың,

Дұшпаннан қорқып босқа саспағайсың.

Көрсетіп дүниеңнің көп екенін.

Халықтан қарапайым аспағайсың.

45

Жігіттің әрбір ісі болаттай-ды,

Ешкімге жамандықты жолатпайды.

Бірлікпен тірлік қылса азаматтар,

Басына «Бақ» құсы кеп қонақтайды.

46

Қандай жау болса дағы ығыспаңдар,

Бірлік пен тірлігіңді нық ұстаңдар.

Жеңеді дұшпандарын тұрмастай қып,

Бір-бірін дос құшақпен ұғысқандар.

47

Ешкімге көрсетпеген жат қылықты,

Аяма қолдан келсе жақсылықты.

Өмірдің таттым мен де бал шырынын,

Қатыннан көргенім жоқ тапшылықты.

48

Дұшпанмен арпалыстым алдырмадым,

Қалғанша әрекет қып әл-дірмәнім.

Жігіт кез болсын мейлі, қартайсамда,

Көңілін сұлулардың қалдырмадым.

49

Ашқандай кеудемдегі жаңа сырды,

Жүрегім лүпіл қағып аласұрды.

Өзгеріп мына заман бара жатыр,

Іздесең табу қиын жанашырды.

50

Бойымды кернеп кейде қара күштей,

Ешбір жан жауыңды жең ара түспей.

Дегенге мен отырмын бүгін сенбей,

Шәмші аға ән жазбаған арақ ішпей.

51

Сөзімді кейінгі жас мақұлдауда,

Кетпесін деп тілеймін ақың жауға.

Қарттықтың белгісі ме, шошып қалдың,

Қорқамын сұлуларға жақындауға.

52

Жақсы адам жүред жолын дұрыс таңдар,

Танытып жаман мінез тырыспаңдар.

Даналық сөзін тыңдап үлкендердің,

Қырқысып, бір-біріңмен ұрыспаңдар.

53

Қатын көп байлайтұғын бағыңды да,

Сындырар жұрт алдында сағыңды да.

Патша боп шыға келсең сен бір күні,

Ол сенің сыйламайды тағыңды да.

54

Арқалап келдік қанша жүгімізді,

Сездірмей бүгіміз бен шігімізді.

Сұлулар көзін сүзіп қарағанда,

Үзіп кете жаздаймыз жібімізді.

55

Белгілі «Қазақ» деген ақын халық,

Дәлелді айтқан сөзін мақұлдадық.

Жаутаңдап қарай берем сұлуларға.

Сияқты бара жатқан ақым қалып.

56

Аспаннан жан сияқты дара түскен,

Әлемді таң қалдырып қара күшпен.

Алдында белдесудің түрікпенен.

Бір бөшке Қажекең де шарап ішкен.

57

Жасай біл, әруақта дұрыс қадам,

Оңбайды сөздерімде тұрыспаған.

Кемітсең біреулерді көп алдында,

Келместен теріс қарар «ырыс» саған.

58

Есіңе ал Аязбиді кетсең байып,

Жүрмегін досқа берген серттен тайып.

Мәңгілік сыйлап сені бас иеді,

Халқыңа құшағыңды өтсең жайып.

59

Біреуге жан ұшырып жалпақтайсың,

Алланы алдап кейде,жан сақтайсың.

Басыңа іс түскенде, тал қарманып,

Жанашыр ақырында жан таппайсың.

60

Маңдай тер, адалдықпен мал таппайсың,

Әркімге жалынышпен жалтақтайсың.

Қораңа он қой бітсе көтере алмай,

Несіне сорлы кедей шалқақтайсың.

61

Алмайсың алар жерде арсақтайсың,

Ашқұрсақ жем іздеген қарсақтайсың.

Дегендей «мың сіз-бізден» шыж-быж артық,

Бермесең досыңнан да алшақтайсың.

62

Ерлер бар ақылымен топ бастайтын,

Арам көп екі араға от тастайтын.

Артында бабалардың қалған сөз көп,

Алтынның сынығындай тот баспайтын.

63

Жандар аз сөз бен ісі жарасымды,

Таппайсың іздеп кейде жанашырды.

Кей кезде мән бермейміз дана сөзге,

Бағалай білейікші жаны асылды.

64

Жөндесең кемшілікті оқасы жоқ,

Көштің де ере білгін ботасы боп.

Дүние жинағандар өкінеді,

Кетерде «о» дүниеге опасы жоқ.

65

Көрдік қой өмірдің көп өткелдерін,

Кетпесін бостан босқа төккен терің.

Көрдік қой кей келіннің кердең басып,

Кес-кестеп алдымыздан өткендерін.

66

Патша да, даналарда батырың да,

Ананың өсіп-өнер жатырнда.

Әлемді түгел жаулап алам деген,

Не болды Гитлерің ақырында.

67

Халықты қойдай қырып айдап өткен,

Жер бетін қанға бояп майдан еткен.

Хан, патша, фараондар ел билеген,

Солардың біреуі жоқ қайда кеткен.

68

Ленинге басты идік атамыз деп,

Паналап саясында жатамыз деп.

Бұл заман күрт өзгеріп, ойладық па?

Дәмдерін «Тәуелсіздік» татамыз деп.

69

Қанішер зұлымдарды мақтамалық,

Кейбірін жатсадағы ақтап алып.

Бәріміз жеңілгенде Гитлерден,

Кетер ек еркек біткен ақталанып.

70

Қазақтың дана сөзін жаттап алып,

Ешкімнің ала жібін аттамалық.

Жау тисе Қазағыма, бір кісідей,

Жұмылып жұдырықтай аттаналық.

71

Жастар көп кірпіш болып қаланбастай,

Тірлік ет, кейбір итке таланбастай.

Елемей көре-тұра үлкендерді,

Кейбір жас өте шығар амандаспай.

(Жалғасы бар).

Ағман САБЫРХАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *