МЫЛҚАУ МҰҢ

Әдебиет
113 Views

– Аһ-уһ!..

– Мынау қайтеді-әй, тоқтай тұрсаңшы,

– Ойпырмай, сонша жарысып не болған тәйірі? – деп екі сөмкесімен артынып-тартынып, аялдамадан ішке енген кең денелі, ақсары жүзді әйелге алдыңғы жақтағы жастар ұшып тұрып орын беріп жатты. Күз түссе де әлі өз қаһарына міне қоймаған жылымық шақ. Қалтасынан беторамалын суырып алып, маңдайындағы шып-шып терді арлы-берлі орағыта сүрткен ол айналасындағы адамдарға бейнебір таныс адамын көргендей бажайлай қарайды. Түсі де суық. Орындық тұтқасынан ұстап, төбесінен төніп тұрған мені де өткір жанарымен бір шарпып өтті.

– Мына заман не боп барады өзі?! – деп әлденеге көңілі толмағандай күбірлеп, беймаза әйел қасында отырған өрімдей қызға ал кеп шүйлікпесі бар ма?

– Әй, өзің жап-жассың, мына иін тіресіп құлауға шақ тұрған үлкендерге орын берсең қайтеді? Қаршадай болып өзі? Әлде, ата-анаң үйретпеді ме? Бедірейіп отырысың қарашы, өзінің? – деп ащы тілімен байғұс қызды бір түйреп өтті. Іштей: «Апамыздың адуындысын-ай, отыратын жайына жайғасты, енді кімге, несіне ренжиді?– деп қоямын таңданып. Ал, автобус ішінде сілтідей тыныштық орнаған. Жолаушылардың назары әлгі әйел мен жас қызда! «Қыз не дер екен?» дегендей, екеуіне ұрлана қарап қояды. Кім біледі, егер сол қыздың орнында мен болсам, орнымнан әлдеқашан атып тұрып кеткен болар ма едім? Өйткені, мына әйелдің сөздері өңменіңнен өтердей зілді. Оның үстіне дүйім жұрттың ауыз бағып отырысы мынау?!

– Бірақ, қыз тіл қатпады. Автобус әйнегінен сыртқа көз тастаған бойда меңіреу күйге енген. Терең ойға берілген сыңайлы. Байқағаным, екі беті нарттай қызарып, көзіне мөлдір моншақтар жиылып үлгеріпті. Онысын қолындағы желпігішпен білдірмегенсіп кептірген болады. Ол кезде мен де жас едім. Студентпін. Алматыдай әсем, алып қалаға бойымыз енді – енді үйрене бастаған кез. Бәлкім менен көп кіші болар, замандас болар, қалай деген күнде де әлгі қыздың сабырлы қалпынан айнымай отырған ұстамдылығына іштей сүйсіндім.

Ал, апамыз болса, қазіргі жастар мен отбасы тәрбиесі туралы тоқтаусыз сөйлеп, жұрттың әбден мазасын қашырды. Тіпті, жастар жағы «апамызға тегін лекция оқыттыру керек қой», – деген қалжың аралас сөздері әлдекімдердің күлкісін тудырса, біреулері оны жақтаған кейіппен үнсіз бас шұлғып жатыр. Қысқасы, бес-алты аялдамадан кейін қыз орнынан сақтықпен көтерілді де, жанталаса сыртқа беттеді. Мойынымды созып, оны көруге асықтым.

Қандай аянышты еді…              

Бейкүнә қыз сол аяғын сылтып басқан бойда қарақұрым халықтың арасына сіңіп, ұзап бара жатты. Айналасындағы адамдарға: «Менің не кінәм бар, Алланың ісі, көнбеске шараң бар ма?», – деп тағдырына налып еріксіз егілді ме екен, әлде?!..

Бұл сұрықсыз көріністі менен басқа да жолаушылар байқады. Тіпті, әлгі әйел де одан көз алмай қарап қалыпты. Неде болса ішінде..

Мына жайдан соң көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Бізді қойшы, әлгі мүгедек қыз қандай күйде болды екен? Үйіне жеткенінше ағыл-тегіл жылап барды ма, әлде айналасындағы тасбауыр ортаға әбден еті үйреніп, қолын бір сілтеп кетті ме екен? Жүрегімді тілгілеген оқиға әлі күнге көз алдымда тұр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *