«ҚАЙНАР» ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ҚОМАҚТЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ЕЛІМІЗДІҢ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМЫН ЕЛЕҢ ЕТКІЗДІ

Білім
481 Views

Егемен еліміздің жоғары оқу орындары арасында еңсесі биік тұрған «Қайнар» академиясының ғалымдары Қазақстанның ғылыми әлемінен ойып орын алғанына да отыз жылдың жүзі болыпты. Жақында осы ордалы оқу орнының мәжіліс залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Білім – кітапта» атты Академия ғалымдарының ел тәуелсіздігі жылдары жарық көрген кітаптарының көрмесі өтіп, онда жаңа кітаптардың тұсаукесері болды.

Алқалы басқосуды кіріспе сөзбен ашқан Академия президенті-ректоры, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Еренғайып Омаров Қазақстан тәуелсіздігімен бірге түлеген тұңғыш Қайнар Академиясына да 30 жыл толып отырғанын айтып, жоғары оқу орнының атқарып жатқан қызметіне де қысқаша тоқталып өтті.

«Қайнар академиясы өзінің құрылуы мен даму барысында жоғары білімді білікті кадрлармен қамтамасыз етуде елеулі үлес қосып келеді. Ашылғаннан бері оның қабырғасынан ел мәдениеті, білімі мен ғылымы, экономика салаларында, басқару ұйымдарында қызмет атқарып жүрген 30 мыңға жуық түлек түлеп ұшты. Мектептен академияға дейінгі үздіксіз білім беру деңгейін қалыптастыру мақсатында жоғары білім ұйымының жанында «Бакалавриат» орта мектебі мен «Қайнар» колледжі қызмет етіп келеді. Болон үдерісіне үн қосып, әлемдік білім мен ғылым талаптарына сай болу үшін Академия әлемнің айтулы 60-тан астам университетімен келісім-шарт жасасып, халықаралық ынтымақтастықтағы бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Академия ғалымдарының 30 жыл ішінде экономика, заң, тіл білімі, педагогика пен психология, шет тілдері, журналистика мен информатика салалары бойынша шығарған мыңға жуық монографиялық еңбектері, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар мен электрондық оқу басылымдары жоғары оқу орнының профессор — оқытушылар құрамы әлеуетінің деңгейі жоғары екенін көрсетері анық. Ал, осы таныстырылымда зиялы қауымға көрсетілген жаңа кітаптар да университеттік білім беру талаптар үдесінен шығатын құнды еңбектер деп сенімді түрде айтуға болады» — деді ректор.

Академияның ғылыми жұмыстары бойынша проректоры, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжапар Сапарбаев ректор тілге тиек еткен академия ғалымдарының 30 жыл ішінде дайындаған еңбектеріне қысқаша шолу жасап, білім берудің әртүрлі бағыттарына арналған жаңа кітаптардың мазмұнына ерекше тоқталды.

«Қайнар Академиясының іргетасы қаланғалы бері мұнда еліміздің әйгілі ғалымдары мен педагогтары білімнің түрлі салаларында жұмыс атқарып, өздерінің ғылыми мұраларын көпшілікке ұсынған: филологтар – Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаев, Н. Оралбаева, К.Құрманәлиев; заңгерлер Е.Қайыржанов, М.Баймаханов, З.Ашитов; экономистер Я.Әубәкіров, А.Қошанов, Ә.Сапарбаев; тарихшылар Ж.Ибрашев, К.Хафизова, Т.Тілеуов; философтар Ж.Әбділдин, А.Нысанбаев, А.Қасымжанов; педагогтар мен психологтар А.Ахметов, С.Жақыпов, Х.Шеръязданова, С.Ұзақбаева, З.Мадалиева, М.Перленбетов және өзге ғылым мен білімнің өкілдері. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде, ғылыми монографиялар мен оқулықтар жазып, оларды шығаруда Академияның интеллектуалды және кадрлық әлеуеті зор. Соңғы жылдары Академиямызда көптеген ғылыми монографиялар мен оқулықтарды жарыққа шығаруда, ұжымымызда жұмыс істейтін Қазақстанның белгілі ғалымдары белсенділік көрсетуде. Олар: тарих және өркениет теориясы мен ұлттық тарих саласында — Е.Омаров, Г.Қәдірқұлова, Т.Тілеуов; экономика, қаржы және менеджмент бойынша — Ә.Сапарбаев, С.Әбдібеков, К.Сыздықова, Г.Калиакпарова, Е.Гриднева; құқық саласында – Б.Қалағанов, Н.Апахаев; тілдер және қазақ филологиясында — Г.Мұхаметқалиева, А.Құрманәлиева, Ф.Сәметова, Г.Балтабаева, А.Мұхтарова; педагогика мен психологияда — С.Омарова, М.Перленбетов, Л.Көмекбаева, О.Федорович, М.Еркінбекова және басқалар. Келешекте де Академиямыздың профессор-оқытушыларының ғылыми монографиялар мен оқулықтар жазып, оларды шығаруда қалыптасқан игі дәстүрі алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сеніміміз мол» — дей келе, академик Әбдіжапар Жұманұлы жаңа оқу жылында жарық көретін ғылыми монографиялық еңбектердің жоспарымен де таныстырды.

Тұсаукесерге Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп қатысқан әйгілі ғалым, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясын вице — президенті (ҚазҰЖҒА), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев «Қайнар» академиясының ғалымдары ҚазҰЖҒА академиясының белсенді мүшелері екенін айта келіп, қос академия ғалымдарының бірлесіп орындаған ғылыми жобалары, зерттеулері және монографиялық еңбектері қазақстандық ғылымды одан әрі дамытуға қосылған үлес деп бағалады.

Кітаптар тұсаукесерінде сөз алған «Қазақ психологиялық қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, психология ғылымдарының докторы, профессор Мұқан Перленбетов пен профессорлар Салтанат Омарова және Бақытбек Қалағанов жоғары білімді мамандар дайындауда және ел ғылымы мен білімін дамытуда үлес қосар еңбектер екенін, әрі ең бастысы, білім алушылардың кәдесіне жарар құнды кітаптар екенін айтты.

Тұсаукесер рәсімін қорытындылаған Қайнар академиясының президент-ректоры Еренғайып Омаров Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Академия ғалымдары шығарған 1000 кітап ҚР Ұлттық кітапханасына тарту етілетінін мәлімдеді.

Іс-шара Академия ұйымдастырған «Білім сапасын қамтамасыз етудегі заманауи трендтер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Өз тілшімізден

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *