«ҚАТЕЛІГІМДІ КЕШ ТҮСІНДІМ»…

Руханият
619 Views

«Қазағым-ай, қазағым, тарттың талай өмір азабын» дегендей, расында халқымыз егемендік алғанша қаншама қиын-қыстау кезеңді бастан кешті. Мұнан кейін дамыған елдердің алдыңғы қатарына қосылу үшін ел тыныштығы мен ынтымағы өзекті мәселе болды.

Еліміздің керемет табиғаты мен байлықтарына көз сала қызығып отырған «саяси алпауыт мемлекеттер — өз саясатын енгізу үшін әртүрлі әрекеттер жасап келеді. Соның ішіндегі ең қауіптісі еліміздің тыныштығы мен ынтымағын бұзу, жұртшылықты бір-біріне қарсы қою идеологиясы. Сондай-ақ, қара ниеттілер өз дегенін жүзеге асыру үшін Ислам діні –Тыныштық діні болып аталған ата дініміз арқылы әр-түрлі жат ағымдарды (Хизбут тахрир, Зікіршілер, Уахабизм, Неосәләфизм, Таблиғи-Жамағат, тәкфиршілер) енгізу мақсатында көптеген құйтырқы әрекеттерді қолданып бағуда. Әрбір жамағат өздерін діннің жанашырымыз деп санағанымен, кейбіреулерінің сөздері дұрыс емес, ал енді біреулерінің сөздері де, істері де дұрыс емес. Соның ішінде «Таблиғи Жамағаты» деп аталған жамағаттың көше аралап, үйме үй есік қағып ер адамдарды мешітке, жұма намазына шақыру әрекеттері, Пайғамбардың (с.а.у) хадистерін таблиғ етулері (яғни жеткізулері) былай қарағанда дұрыс сияқты болып көрінгенімен, терең үңіліп қарағанында дұрыс емес екенін аңғаруға болады.

Мен өзім 2006 жылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстанға оралман ретінде көшіп келіп, қаладағы көп қабатты үйге орналастым. Күндердің бір күні есік қағылып, қоңырау басылды. Есікті ашсам екі егде жастағы, біреуі орыс, екіншісі қазақ әйел кісілер екен. Қолдарында кітапшалары бар. Тегін таратып және жақсы тілектерін білдіріп, өз орталарына «грейс благодать» дін сеніміндегі ұйымдарына шақырып үгіттеп жүр екен. Мен сол қазақ ападан сіз «Мұсылман» емессіз бе? – деп сұрағанымда, ол «жоқ» — деп жауап береді. Сосын арадан біраз күндер өткен соң тағы есік қағылды. Бұл жолы келіп тұрғандар екі қазақ жігіті мен бір орыс жігіті екен. Бұлар: «Аға, сіз өзіңіз бес уақыт намаз оқиды екенсіз, ал хадисте «үйде жалғыз оқылған намаздан мешітте жамағатпен бірге оқылған намаз 25 есе артық және мешітке қарай әрбір басқан қадамыңызға бір сауап жазылып, күнәңіз кешіріледі» деп жазылған, сондықтан мешітке келіңіз» — деп шақырды. Сөйтіп бұлардың сөзін дұрыс санап, мен де өз бетімше қазақтарды мұсылманбыз ғой деп мешітке шақыра бастадым. Сол азаматтардың айтқандарына еріп «Таблиғ-Жамағатының» ұстанымына өттім. Мен де үйме-үй жүріп теріс ағымдағы адамдарды дінге шақыра бастадым. Осы іс-әрекетіммен дінге пайда емес керісінше зиян тигізіп жатқанымды білмеппін. Өзім дінді білмей адасып қана қоймай, басқалардың да адасуына себепші болып қалдым. Шынтуайтына келгенде дінді тек қана мешіт имамдары ғана таратуға заңды құқығы бар екен. Өйткені олар сауатты, дінді тереңінен түсінеді. Ал біз кімнен нені есітеміз соны дұрыс деп басқаларға жеткіземіз. Естігенімізге талдау жасамаймыз. Ол үшін қанша жылдар діни білім алу керектігіне мән бермегенбіз және санамыз жетпеген. Имам теологтардың түсіндіріп, ескертулеріне құлақ аспай, ешкімді тыңдамай, ештеңені біліп-тануға ұмтылмайтын «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қазақ нақылындағы адам болдым. Соның кесірінен де 2019 жылы 14 маусымда 5 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы ИЧ-167/3 мекемесінде жазамды өтеудемін. Осы мекемеге арнайы тағайындалған имам-теолог мамандар жүйелі түрде жеке кездесулер өткізіп тұрады. Бастапқыда имам-теологтарды тыңдағым келмей қарсылық танытып жүрдім. Кейіннен өзімнің қателіктерімді түсіне бастадым. Дін мамандары дін идеология немесе саясат емес екендігін, деструктивті діни ағымдардың барлығы саяси мақсатта немесе идеология ретінде дінді пайдалана отырып, қоғам арасына іріткі салып, елдің тыныштығын бұзып жатқандығы жайлы кең ауқымда түсіндіріп берді.

Қазіргі уақытта мен бұл әрекеттер шетелдік саяси алпауыт мемлекеттерінің ойлап тапқан, бірнеше жылдан соң ел тыныштығы мен ынтымағын бұзатын діни ағымдар мен олардың кереғар іс-әрекеттері екеніне көз жеткіздім. Сондықтан да, осындай жағдайға түскеніме өзімнің сауатымның саяздығы және көзқарасымның жан-жақты емес бір жақты болуы, айналамдағылар мен санаспағандығымның салдары деп түсінемін. Себебі, Құранда «фитнә (бүлік шығару) адам өлтіруден де, ауыр күнә» — делінген.

Сондықтан да мұсылманмын деген барлық бауырыма айтарым: Пайғамбарымыз (с.а.у)пайғамбар бола тұрып «Я, Алла өзің мені жақсылықтың есігінің кілті қылып, жаманшылықтың есігінің құлпы етіп қой» — деп Алладан қорқып дұға сұрап жатса, ал біз кімбіз? Сол үшін кейбір іс-әрекеттердің дінге пайдасы бар екен деп, оған амал етпестен алдын ала ойланайық, жан-жақты салыстырайық. Себебі ол істің пайдасы үлкен болып көрінгенімен салмағы жеңіл болып, керісінше пайдасынан зияны көп және салмағы ауыр залалды зардапқа әкеліп соғуы мүмкін. Сол үшін де «орны толмас өкінішке қалмай тұрып» діни сауатымыз бен саяси көзқарасымызды жетілдірейік.

Алла Тағаланың Құрандағы сөзін «Әй имандылар, иман алыңдар» — деп бізге иман келтіргендерге айтылған, иман келтірмегендерге емес. Ал дана Абай атамыз өз сөзінде:

Мүмин болсаң әуелі иманды бол,

Пендеге иман-өзі ашады жол.

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық-иманымыз» — деп ынтымақты сақтау иманнан, имандылықтан екенін меңзеген.

Осы жоғарыда жазылған шынайы ой-пікірімді газет-журналдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауға келісімімді беремін. Себебі қоғамдағы діни мәселелерді жете түсінбей және саяси мәселелерге келтірген зияндарды өзімнің тарапымнан болған қателіктерден сабақ ала отырып, өзге адамдарға ҚР азаматтары діни жолда жүрген адамдарға діни мәселелерді талқылау кезінде білім иелеріне ғана жүгінуі керек екенін ескерткім келеді. Олай болмаған жағдайда адасушылыққа жол ашылады. Қорытындылай келе діндар қауымға айтарым, бәрін өзім білемін деген ұшқары ойдан аулақ болыңыз. Дін деген адамның екі дүниелік азығы болғандықтан бұл нәрсеге немқұрайлы қарауға болмайды. Яғни дінді түсінудің ешқандай қиыншылығы жоқ деген түсініктен арылыңыз. Кез келген мәселеде ресми орындарға жүгінгеніміз сияқты дінді түсінуде де, ресми орындарға жүгінгеніміз жөн болады.

Р. ЕРІМБЕТОВ,

жазасын өтеуші

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *