Сириядан қазақстандықтарды Отанына қайтару бойынша»Жусан» арнайы операциясының басталғанына екі жыл болды. Осы уақытаралығында қауіпті аймақтан 600-ге жуық адам шығарылды, олардың көпшілігіәйелдер мен балалар. Олардың 17-сі қазір Шымкентте тұрып жатыр. Елге оралғандар жаңа өмірлеріне бейімделіп, өткен қателіктерінен сабақ алған. Сондай кейіпкерлердің бірі еске алғысы келмейтін естеліктерімен бөлісті.
Мадина балаларын террорист деп атаудан қауіптенгендіктен, өзінің аты-жөнін атағысы келмеді. Оның жасы әлі 30-ға жетпесе де, басынан біраз жайттар өткізіп үлгерген. Көптеген қазақстандық әйелдер секілді ол да Сирияға күйеуінің ықпалымен барған.
«Күйеуіммен осында, Шымкентте танысқанбыз. Ол өте мейірімді әрі жақсы болатын. Менен екі жас үлкен еді. Бірінші қызым өмір есігін ашқанда, ол Мысырға барып тіл мен дінді үйренуді ұсынды. Мен алғашында жаман нәрсені ойламадым, осыдан кейін қорқынышты оқиғалар басталатынын сезбедім де», – дейді Шымкент тұрғыны Мадина.
Мысырға келген күні күйеуі Түркияға баруға шешім қабылдағанын айтады. Тіпті ол кезде де әйел жұбайының қауіпті ұйымдардың жетегінде жүргенін сезбеген. Көп ұзамай ол Сирияға кетіп, кейіннен күйеуінің соңынан Мадина да аттанады. Ол жақта өркениеттен алыс қалған ауылда тұруға тура келген. Күйеуі келуін жиілетіп, туысқандарымен де байланыс үзілген. Арада екі жыл өткенде жұбайы көз жұмады, ал бұл кезде Мадинаның аяғы екіншісіне ауыр еді. Мадина күйеуінің денесін көрмеген, бүгінгі күнге дейін оның қайда жерленгенін білмейді. Қорғанышынан айрылған әйелді жесірлердің тобына жібереді. Олар содырлардың бақылауында болып, тамақ пен ақшамен қамтамасыз етіп тұрған.
«Бізге өз күйеулеріне екінші жар таңдап жүрген әйелдер келетін. Олардың біреуі маған да бірнеше рет ұсыныс жасады, мен бас тарттым. Бірақ кейін келістім. Ол жақта егер сен екінші әйел болып шықсаң, бірінші әйелдің сөзін тыңдайсың. Алайда біз бөлек тұрдық», – деп еске алады Мадина.
Екінші күйеуін ол танып та үлгермеген. Ол да үйге жиі келіп, көп ұзамай қаза табады.
«Ақшамыз мүлдем болмады, біз әбден ашындық. Одан кейін бізді күрттер тұтқынға алды. Онда үлкен лагерь болды. Айта кеткім келетіні, олар бізге тиіскен жоқ, балаларға қарап, біздің жағдайымызды жасады. Менің түсінігімде алғашында олар «ібіліс» болатын, бірақ барлығын өз көзіммен көргеннен кейін барлығын түсіндім», – дейді ол.
Лагерьде Мадина басқа қазақстандық әйелдермен бірге көп отырмаған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері келгенде, ол бірінші болып үйіне қайту туралы өтініш берген. Елге оралғандардың барлығымен қазіргі таңда теологтар мен психологтар жұмыс жасауда.
«Ең бастысы, адамдар өздерінің жасаған қателігін түсінеді. Бұл енді сыртқы күшке төтеп беруге көмектеседі», – деп есептейді теолог Айдос Оралбаев.
Мадина қазіргі таңда жұмыс істеп, балаларын мәпелеп өсіруде. Туысқандары оны қайта қабылдаған.
«Жусан» арнайы операциясы көптеген өмірлер мен отбасыларды құтқарды. Мен Сирияда болған өмірімді мүлдем есіме алғым келмейді. Мен онымен бірге бақытты ғұмыр кешкім келген күйеуімнен айырылдым. Ал ол діннің жалған қорғаушыларына алданып, бізді тастап кетті. Барлығына мынаны ескерткім келеді: не көріп және не оқып жатқандарыңызға баса мән беріңіздер. Бұл өте маңызды!» – деп сөзін түйіндеді Сириядан оралған Мадина.
А. МҰХТАРОВА