Иә, расында қырық жыл білім саласында еңбек етіп кележатқан Айткүл Асқарқызы алдымыздағы жылы асқаралы алпысты бағындырмақ.Тоқсаныншы жылдары нағыз тоқырау кезеңдері қазақ білімі мен ғылымы, жалпыпедагогика реформалауға бет бұрған шақта Айткүл Оспанова бойында жалындағанжігері бар, еңбекке ысылған, тәжірибелі, жұмысқа ынты-шынтысымен берілген маманеді. Ол Сыр өңірінің қызы — ауылы сонау Жаңақорғандағы орта мектепті бітіргенсоң, талаптанып Түркістандағы педагогикалық училищеге оқуға келеді. Бағы жанып,мектепте үздік білімінің арқасында бастауыш сынып мұғалімі бойынша оқуға түсіп,ойдағыдай бітіріп шығады. Міне, Айткүл апайдың ұрпаққа өнеге болар еңбек жолы осылай басталған.
Он тоғыз жасынан ұстаздықты серік еткен Айткүл Асқарқызы 1981 жылдары қазіргі Түркістан облысы, Сайрам ауданы №3 Балалар үйіндегі мектеп-интернатта сабақ берді. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Айткүл де бала күнінен білімге құштар болып өсті, үлгілі, озат болуды алдына үлкен мақсат тұтты. Сол тілегіне жетті де… Оның өзі оқытқан оқушылары өзіне қарап бой түзейтін, апайларын өнеге көретін.
Айткүл мектепте сабақ бере жүріп, таңдаған мамандығын әрі қарай тереңдете ұштастырып әкету үшін қайтадан іздене бастады. Білім алудан жалықпайтын қайсар Айткүл қыз 1983-1988 жылдары Шымкент институтының филология факультетіне оқуға түседі. Мамандығына деген құрметінің белгісі шығар, бар ғұмырын ұстаздық жолға арнауға бел байлады. Жоғары оқу орны қабырғасынан ұлттық мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бойынша диплом алып шыққаннан кейін көкжиегі шексіз білім әлеміне сүңгіді де кетті. 1988 жылдары Сайрамдағы №6 Киров атындағы орта мектепте орыс тілі пәнінен, 1990 жылдары Шымкент қаласындағы №12 М.Горький атындағы жалпы орта мектебінде орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен сабақ берді. Әр бала – бір-бірін қайталамайтын жеке тұлға. Әр баланың бұғып жатқан талантын ашу, жол көрсету, бағыт-бағдар беру де дарынды ұстаздың ғана қолынан келеді. Айткүл Асқарқызының бойына біткен ерекшелігі – ол әрбір баланың қабілетін бір көргенген танитын. Бала жүрегіндегі ізгілікті шынайылықпен тани білу де өнер. Айткүл апайдың облыстық, аудандық олимпиадаға дайындаған оқушылары ылғи жүлдемен оралатын. Бұл озат педагогтың мемлекетке қосқан үлесі деп білу керек. Өйткені, мемлекет болашағының кепілі — жастар, біздің қоғамда жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ.
Жанашыр, әрі өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Айткүл облыс көлемінде құрылған шығармашылық топ мүшесі ретінде «Қазақ тілін үйрену жолдары» атты әдістемелік нұсқаулық әзірлеп шығарады. Міне, содан бері Айткүл Асқарқызы білім саласындағы қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып келеді. 1991 жылдар мен 2008 жылдар аралығында Шымкент қаласы білім саласы қызметкерлерінің қалалық кәсіподақ комитетінде бас маман,одан кәсіподақ комитетінің төраға орынбасары қызметін атқарды. Айткүл Оспанова кәсіподақ қызметінде жүргенде еліміздің қиын кезеңдері еді, мектеп мұғалімдері жалақысына қол жеткізе алмай, әлеуметтік мәселелер қордаланып қалған шақта басы-қасында жүрді. Қиындықтан қашпай, керісінше түйткілдің түйінін шешу жолында жан аямай еңбек ете білді. Осы ерен еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғаны бар.
Сонымен қатар Айткүл Асқарқызы 2008 жылдан бері Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келеді. Білім саласы осынша жылдар ішінде түрлі реформаларды бастан кешті. Жаңа үдерістерге бет бұрған шақта еліміз әлемдік озық үлгілерді енгізді, педагогтарымыз әлемдік стандарттардан тәжірибе жинақтады. Білім саласы күрделі де, жауапты сала. Міне, осындай қауырт кезеңде тиянақты жұмыстар атқара білген Айткүл апайдың еңбегін ұжым емес, ел біледі. Жақында өзінің лайықты, қанша жылдық маңдай терін, білім біліктілігін елеп «Білім беру ісінің үздігі қызметкерлері» төсбелгісімен марапатталғанына барша әріптестері шын жүректен қуанды.
Айткүл Асқарқызымен бірге отыз жылдан астам уақыт бірге қызметтес әріптес болып келе жатқан Білім және ғылым қызметкерлерінің Шымкент қалалық кәсіподағы төрайымы Лариса Тургинбаева мен кәсіподақ қызметкері Валентина Ващенко былай дейді: – Мен Айткүлді 1989 жылдардан бері білемін, жұмысына жақсы қанықпын. Айткүл өзінің еңбекқорлығы, тиянақтылығымен еңбекке берілген жан. Тіпті, сенбі-жексенбі күні де жұмысқа кірісіп кететін адам. Адалдығы, адамдық қасиеті, сөз бен іске тұрақтылығы, мақсатқа жетудегі талапшылдығы бізге ұнайды. Біз осы қасиеттерін жоғары бағалап, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Алтын белгі» медалімен марапаттауға ұсындық».
Ұстаз еңбегі осылай бағаланып жатса – бұл да үлкен мерей, жылдары бойғы қалтқысыз қызметінің өтеуі деп білеміз.
Меруерт МАҚАЖАН