Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Сезімге сәуле сіңірген» деп аталатын жыр кеші өтті. Бұл ізгілікті де игілікті іс-шара ақын, аудармашы, жорналшы, «Оқырмандар отауы» әдеби бірлестігінің мүшесі Нармахан Бегалыұлының өмірі мен шығармашылық жолына арналды. Оған бір топ зиялы қауым өкілдері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, белсенді жастар мен кітапханашылар, ұзын-ырғасы жүзге жуық адам қатысты.
Табиғат аясында, саясы мол талшын ағаштарының түбінде өткен кешті Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармонияның «Тұмар» фольклорлық ансамблі күмбірлеген күйімен ашты. Тыл ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Ә.Досанов, еңбек ардагері Сейдахмет Байдаулетов, ақынның қаламдас, қанаттас достары – Мархабат Байғұт, Сәрсен Бек Сахабат, Нариман Нұрпейіс, Момбек Әбдәкімұлы, Құрал Көмек ақынның алғашқы кітаптары – «Ботагөз бұлақ», «Жотадағы жол» және қостомдық шығармалар жинағы туралы әңгіме өрбітті. Көпшілікке ақынның өлеңдерін кеңінен насихаттады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері – С.Пазыл, Н.Исақ, Н.Балқыбек, Х.Сайлау, «Болашақ» колледжінің студенті Ә.Полат ақынның өлеңдерінен топталған «Шаттық күйі» әдеби-композицияны, ал Шымкент саз колледжінің студенттері мен Ордабасы ауданынан арнайы келген әнші жерлестері ақын өлеңдерінің сөзіне жазылған «Арысым – вальсім», «Сағыныш» әндерін нақышына келтіре орындады. Ақын Қ.Көмек табиғат әлеміне жан бітірген, сезімге бай Н.Бегалыұлының өлеңдерін оқып, жастардың поэзия әлеміне деген құлшынысын арттырды.
Кеш барысында оқырмандар ақынның жүрекжарды әңгімесін тыңдап, шығармашылығымен етене танысты, пікір алмасты. Университет, институт, колледж студенттері алдын-ала жарияланған эссе байқауына қатысып, ақынның шығармашылығына деген ерекше құрметін жеткізді. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері: А.Мөлдір (бірінші орын), Ф.Турабекова (екінші орын), Г.Оралбек, Ә.Полат (үшінші орын) марапатталды.
Соңында кітапхана директоры Зәкира Парымбекова Нармахан ағай мен Перне жеңгейге, Абайдың өлеңдерін жатқа оқыған Нар ағаның немересіне сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде Перне апай Зәкира ханымның иығына кестелі орамал жапты. Ақын Н.Бегалыұлы кітапханаға және жастарға қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйға тартты. Осылайша барша қауым поэзия кешінен мол рухани азық алып тарасты.
Құндызай ЕЛЕКЕЕВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкері.