ЖАҢАРҒАН ЕЛЖАСТАРЫНА ҰБТ ҚАЖЕТ ПЕ?

Білім
817 Views

Тәуелсіз еліміздің желкенді жаңа бағытқа бұрып, ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН болғанымызға көп бола қойған жоқ. Мемлекет басшысы барлық саланы жаңғырту, қажет болса, жаңарту қажет деп баса айтып отыр және тиісті тапсырмалар беріліп жатыр. Сең қозғалды!

Осы бір халық өте үлкен үміт етіп отырған өзгерістер аясында жүздеген мың жасөспірімді алаңдатқан, бүкіл елдің болашағына тікелей қатысы бар бір мәселе әлі де көлеңкеде қалып кеткен сияқты. Мәселе ҰБТ жайлы.

Қазақстанда жыл сайын 110-133 мың жас түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсырады.Түлектердің білім сапасын анықтайтын және болашақ мамандық таңдауы мен білім алуына тікелей әсер ететін бұл жүйенің енгізілгеніне биыл 18 жыл болыпты. ҰБТ-ны Қазақстанға ең алғаш 2004-жылы сол кездегі білім және ғылым министрі енгізді. Содан бері ҰБТ сынақтары ешқашан айқай-шусыз өткен емес. Ата-аналарға уайым, түлектерге стресс, кейбірі тіпті күйзеліске түсіп, өзіне қол жұмсап та жатады. Осы 18 жыл ішінде ҰБТ қорытындысы сәл де болса әділ өтті деген баға көпшілік тарапынан тек былтыр берілді. Оған дейін, тіпті қазір де оқушының білім деңгейін анықтауға ҰБТ-ның түк те қатысы жоқ, тіпті балдық бұл сынақтың мүлде керегі жоқ деушілер көп.

Шынында, осы ҰБТ – Ұлттық бірыңғай тест деген керек пе өзі? Негізгі түйінсөзге тоқтамас бұрын жұрт пікіріне құлақ асқанды жөн көргенбіз. Әлеуметтік желіде сұрау салып, ата-аналар мен ҰБТ тапсырған және енді тапсыратын жастардан көзқарасын сұрастырғанда, басым көпшілігі, тіпті бәрі дерлік тап осы сынақтың түкке де қажеті жоқ екенін жеткізді.

ҰБТ-ның шынында керегі жоқ. Бұлай деуімізге бірнеше себеп бар.

Бірінші – оқушының 5-11 сынып аралығында алған білімін бір-біріне тым ұқсас жаңылтпаш секілді бірнеше сауалмен түйіндеу өте қате. Себебі бұл жағдайда түлектер жаны сүйген, көңілі қалаған мамандықты емес, грантқа түсу үшін балдық негіздегі мүмкіндігіне сай келетін мамандықты таңдайды. Ал адам өмір бойы нанын жейтін кәсібін жанымен сүюі тиіс.

Екінші – білім ордаларында 7 немесе 8 сыныптан бастап өзі таңдаған мамандығына басымдық беріп, соған бейімдеп оқыту әдісін енгізген тиімді.

Үшінші – жоғары сынып оқушыларына 10-11 сыныпта кәсіби білім беруді қолға алу керек. Сонда мектеп бітіріп, үлкен өмірге бет алған жас түлек қолынан қандай да бір іс келетін, орта білімді дайын маман болып шығады.

Төртінші – жоғары оқу орындары абитуриенттерді емтихан негізінде өздері қабылдағаны дұрыс. Яғни болашақ студенттерін өзі іріктейді: білімін, бейімділігін, қызығушылығын, алғырлығына қарай таңдаған мамандығына лайық немесе лайық емес деп шешеді.

Бесінші – студенттерін өзі іріктеп, өзі қабылдаған соң жоғары оқу орындары түлектердің қолына дипломды ұстатып, қоштасумен құтылуға тиіс емес. Елдегі әрбір ЖОО Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, жас маманның сол замат жұмыспен қамтылуына жәрдем беруі керек.

Айналып келгенде, мұның барлығы білім беру, біліктілік, жұмыспен қамту мәселелерін ың-шыңсыз және оңтайлы шешуге жол ашады.

Әрине, бұл біздің ойымыз. Ал сіз ше, қалай ойлайсыз, жаңа – жаңарған қазақстанға ҰБТ қажет пе?

Бұған қатысты пікірлеріңізді «Аdilettv.kz» сайтына (осы мақала астына комментарий ретінде) немесе 8-778-987-12-21 (WhatsApp) желісіне немесе біздің фейсбуктегі «Әділет. Рухани жаңғыру» парақшамызға жазуыңызға болады.

Сіздердің пікірлеріңіз Білім және ғылым министрі, сондай-ақ ҚР Үкімет назарына жететініне біз кепілдік береміз.

Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені бәріміздің де ұл-қыздарымыз бар: шенеунік болсын, әкім, министр, диқан, жұмыссыз, шоумен болсын, бәрінің де ертеңінен үміт күткен перзентіміз осы ҰБТ сынағынан өтетіні анық. Баланы балл үшін оқытамыз ба, әлде мектеп қабырғасынан жаны қалаған мамандыққа бейімделгенін қалайсыз ба? Пікірлеріңіз қажет. “Келісіп пішкен тон келте болмас” деген. Ал «Әділет» көтерген бұл мәселе елдің болашағына тікелей байланысты.

Н. ЕРҒАРА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *