ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУДЕН ҚАШҚАН ӘКІМ ЕЛ БАСҚАРУҒА ЛАЙЫҚ ПА?

Билік Қоғам
757 Views

Халықтың талап-тілегін орындап, арызына құлақ асу – әкімнің басты міндеті.Ол өз құзіретіне берілген аймақтың әлеуеттік-экономикалық тұрғыдан дамуынажауапты билік өкілі. Тұрғындардың арнайы шақыртуымен біз барып қайтқан Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінің әкімі осы критерийлерге сай ма?

Жамбыл ауылына жетісімен біз ең алдымен жергілікті тұрғындармен тілдестік.Себебі ел тілегі, халықтың үні бәрінен биік, бәрінен жоғары. Ал әкім-қаралар,жалпы атқамінерлер елге қызмет етуі тиіс. Олай болса, үнімізді естіп,тілегімізді тыңдап, мұң-мұқтажымызды жоғарыға жеткізер ме екен деп бізді арнайышақырған тұрғындардың талап-тілегін тыңдау – басты орында. Солай жасадық.Көңілде сұрақ: ел текке шуламайды, сонда әкім қайда? Жұрттың үнін естімей ме,әлде құлақ аспай ма? Жалпы, Жамбыл ауылы тұрғындарының өз әкімдеріне көңілітола ма өзі? Жергілікті жұртқа тап осы сұрақты қойдық. Тұрғындар бірауыздан«Жоқ!» деп жауап берді. Себебі әкім Дәулет Оразов халықпен кездесуден қашып жүрген көрінеді.

Арнайы іссапармен келгенімізді, ауылдың тыныс-тіршілігіне қатысты өзіне қояр сұрағымыз бар екенін, біз ғана емес, тұрғындар да тілдескісі келетінін ескерткенбіз. Бірақ әкім келе алмайтынын айтып, халықпен кездесуге мамандарын жіберетінін айтты. Айтты да… жоқ болды! Тілшілермен кездесуге барады деген мамандары да төбе көрсеткен жоқ. Алыстан ат арылтып барғанымызды қоя беріңіз, қарамағындағы қалың жұртының мәселесі дегенде әкім атаулы «хан алдында отырса да» мамандарын алдына салып, жұрт алдына жетіп келуі тиіс емес пе еді?! Ал біз жұртымның шешілмеген мәселесі, соған байланысты маған айтар шағымы бар деп шырылдағанын көрмедік. Жауапсыздық осы жерден сезілді.

Естеріңізде болса, Президентіміз Қ. Тоқаев бір ай бұрын ғана – 3 наурызда әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

«Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – делінген жарлықта.

Яғни әкімдер халықпен бірге, халықтың ортасында болуы тиіс. Десек те Президентіміздің Жарлығы, ел-жұрттың мұң-мұқтажы Дәулет Оразов үшін аса маңызды емес сияқты. Бұлай деуіміз текке емес. Ауыл тұрғындарының талап-тілек және мұң-мұқтажын жеткізейік деп біз әкімді және оның жіберемін деген мамандарын бақандай бес жарым сағат – 11.00-ден 16.30-ға дейін күттік. Не өзі, не өкілі жоқ. Тым-тырыс. Бұл жұрт алдындағы жауапсыздық, өз міндетіне немқұрайлы қарау емес пе?!

Не керек, таңнан түс ауғанша күте-күте шаршаған тұрғындар да, біз де әкімнің келмейтініне көзіміз жеткен соң тікелей Жетісай ауданы әкіміне хабарластық. Сол – сол екен, әкім Дәулет Оразов мырза көп ұзамай (және амалсыз) келді. Келе салып ауыл тұрғындарына дүрсе қоя бергені этикаға қаншалықты сай екенін оқырман өзі бағалай жатар!

Сонымен, әкіммен бірге тұрғындарды тыңдадық. Ауылда қордаланып қалған мәселер көп көрінеді. Алдына сан мәрте жүгінген ауыл тұрғындарының шырылын әкім Дәулет Оразов бұған дейін неге естімеген, тыңдамаған? Әлеуметтік-экономикалық мәселелері тікелей өзіне қатысты істе әкім қалайша немқұрайдылық танытты деген сауал көкейде қалды.

Осындай мәселенің бірі – наурызда және сәуірдің бас жағында сіркірей жауған жаңбыр салдарынан ауыл су астында қала жаздаған. Жаңбырлы маусым аяқталған жоқ, ал алдағы уақытта тағы да жаңбыр жауа қалса, жағдай одан да қиындай түспек.

Жамбылдықтардың жаңбыр зардабын тартып жүргені биыл ғана емес. Алдыңғы жылдарда да осылай болған. Осыған байланысты тұрғындары 2019 жылдан, яғни 3 жылдан бері «қашыртқы қазып бер» деп жүр. Айтуын айтқанмен, нәтиже жоқ. Жамбылдықтар қашанғы жаңбырға батып жүре береді, қашыртқы қазыла ма деген сұраққа әкім мардымды жауап бере алмады.

Ауыл ақсақалы Жолдасбай Ердешов: «Қашыртқы бар еді. Халықпен келіскен жоқ, бір ауыз сұраған жоқ, көмді де тастады. Енді қазып бер десек, сылтауы көп. Жаңбырда ауыл суға кете ме деп жылда уайым енді. Егістікті суармасақ, мақта өспейді, ал суарсақ, судың деңгейі көтеріліп, ауылдың етек жағын су басып кетеді. Ауылды қазір соның кесірінен сор мен жыңғыл басып кеткен. Бұл туралы ауыл әкімінің жиналысында да айттым. Бір үй сордың кесірінен ауласына қылтанақ та еге алмай отыр. Еккен ағашымыз да өспейді», — деп күйінеді.

Қазыбек би ауылдық округінің әкімі қашыртқы мәселесінен құлағдар екенін жасырмайды. Оны қазу үшін құжаттар дайын емес дейді. Шаруалар жерді әрқайсысы өз атына рәсімдеп алған, ал қашыртқы қазу үшін қайтадан мемлекеттік акт түзу керек көрінеді.

Ал арызданушылардың айтуы басқа. Ондағы әр шаруа қожалығының басшысы қашыртқы қазуға келісетіндіктерін айтып, қол қойып берген дайын құжат тұр. Әкім оның заңды күші жоқ дейді.

«Шаруалардың рұқсатын алған соң, мемлекет қабылдауы керек, қабылдаған соң қаржы бөлінеді» — деген әкім бұл жұмыстың 2 жылға жуық мерзімге созылатынын айтты. Тұрғындар болса 2019 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің тағы созылатынына наразы. Өйткені уақыт өткен сайын жағдай күрделене түспек: үйлерінің құлау алдында тұр.

Әкім мен әкімдіктен пайда болмаған тұрғындар бұл мәселені өздері шешпек болған. Яғни қашыртқыны өздері қазбаққа да бекініпті. Бірақ ол қашыртқы келесі жылы қайтадан жабылып қалады дейді.

Тұрғындардың негізгі мәселелерін тыңдап, әкімнің уәжін жазып алып, кері қайтқанбыз. Кейінірек тұрғындар қайтадан хабарласты. Айтуларынша, тілшілер кеткен соң әкім тұрғындарды балағаттап, былапыт сөздер айтыпты.

Әрине, бұл мәселені біздің елеусіз қалдырмасымыз анық. Нәтижесі мынадай: «Сіздің жариялаған материалыңызға байланысты Жетісай ауданы әкімдігі тарапынан қызметтік тексеру жұмыстарының басталғанын хабарлаймыз. Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Дәулет Уразовтың тұрғындарға жасаған дөрекілігі дәлелденіп, әдеп кодексі талаптарының бұзылғандығы анықталған жағдайда тиісті тәртіптік шара көрілетін болады.

Тексеріс қорытындысын қосымша хабарлаймыз». Жетісай ауданы әкімдігі осылай жауап жазыпты.

…«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Дәулет Оразов мырзаға қатысты емес секілді. Халқымыздың даналығын, Президентіміздің саясатын, халықтың мұң-мұқтажын ескермеген әкім ел басқаруға лайық па?

Бағлан ОРАЛХАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *