МАУСЫМ РЕФЕРЕНДУМЫ — «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ» ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ДАМУ НЕГІЗІ

Саясат
371 Views

«Маусым референдумы» деген атпен «Қазақстанның қазіргі заман тарихына» ентелей кірген уақиға әлі де біршама уақыт күнделікті айтыла да, зерттеле де береді. Бүгінгі күннің өзінде оның мазмұнын негізсіз қайталай берудің еш қажеті жоқ. Көпшілік естудей-ақ естіді. Талдап оқығандар да аз емес. Оқуға құлықтылық танытпағандар тыңдау арқылы оның мазмұнына үңілді. Сондықтан оқырманымыздың назарына ұсынылып отырған осы мақалада бүгінгі күнгі қоғамдық пікір алаңындағы маңыздылар қатарында дейтін бірнеше бағытына көңіл бөлу мақсат етілді.

Өткен референдумның басты мақсаты, әрине, құқықтық. Өзі конституциялық туынды болған соң, оның мәні әртараптанып тұрды. Себебі, Ата заңның өзі – әрі құқықтық, әрі саяси, әрі идеологиялық, әрі әдістік-экономикалық шешімдердің жүйесі. Нәтижесінде бүгінгі және ертеңгі даму принциптеріміздің квинтэссенциясы болып тұр…

Қарапайым халықтың, оның ішінде көңілі күдіктен арылмағандардың, ойына алдымен қандай фактаж келеді? Әрине, айтылмыш референдумды ұйымдастырудағы әділеттілік (немесе, әділетсіздік) деңгейі. Мен өз басым қанша іздесем де, әсіресе әлеуметтік желілерден, өз түсінігімше құлаққа кіретін «компромат» таппадым. Көргісі келгенін ғана көретін, естігісі келгенін ғана еститін көз бен құлақтың жөні бөлек қой!

Десек те, өткен уақыттардағы осындай саяси актылардың нәтижесіне деген сенімсіздік рецидиві әлі де біраз уақытқа дейін созылуы – таңқаларлық қоғамдық-психологиялық «қалдық» емес болар. Осы жолғы «ұйықтап қалуға» еш болмайтын тарихи қалыптасқан жағдай көп сыни көзқарастарды есте сақтайды деп ойлаймын. Келесі жолғы туындайтын осындай ел, қоғам, ұлт өміріне шешуші саяси-идеологиялық және қоғамдық-құқықтық тыныс беретін сәттерде өткеннің сабағы ескерілмеуі мүмкін емес.

Өткен «Маусым референдумын» жалпы алғанда сәтті даярланды және өтті дей аламыз. Ол рас. Сонда да, сандық-пайыздан жеңіл аттап өте салмауымыз керек. Дауыс беруге барлық тіркелген азаматтардың үштен екі бөлігі қатысты. Құқықтық талапқа сай. Өз кезегінде үштен бір бөлігі шет қалды. Көңіл бөліңіз! Әр үш «дені сау, есі дұрыс» азаматтың біреуі! Неге? Бәрі де «объективті және субъективті» жеке жағдайға байланысты ма? Мүмкін, «Жаңа Қазақстан», «Жаңа көшбасшы», «Екінші республика» саясатына қарсылардың, өздерінше «бұрынғы тәртіпті» уыстан шығармауға әрекеттенгендердің, бойкоттық тыраштануынан емес пе? Егер олай болса, қатыспағандардың шамамен қанша пайызы «бейғамдықпен», қаншасы қарсы оймен келмеді? Осындайда, егер қарсы болсаң, онда неге учаскеге келіп, «қарсы» даусын бермеді екен деген ой да айналып өтпейді.

Осыған тағы айтылмыш референдумда дауысқа түсіп, қарсы болғандардың пайызы 22-ден сәл асқанын еске алып, оны жоғарыда көрсетілген әдейі келмегендермен қосайық. Қорытындылаңыз: сонда, бір жағынан, маусым референдумы толық іс-қимылдағы заңдар мен талаптарға сәйкес өтті де, екінші жағынан, бірнеше миллиондаған қолдау, не қолдамау құқығы бар азаматтарымыз іс жүзінде қарсы болғаны ма!? Шылғи көп емес пе?

Біріншіден, біз әзірге демократияның тонын тоздырған, мұндай ірі саяси акциялардан «ығыры шыққан» елдерден емеспіз ғой. Екіншіден, «қаңтар қырғынына» дейінгі билік жүйесі мен оның «авторларына» бүйрегі езіліп, бұрылып тұрған қолдаушылар массасы осыншама екені қоғамдық пікір алаңы да көзге көрінбейтін сияқты ғой. Үшіншіден, ел тағдыры, оның болашағы шешілу іспетті осындай аспандаған маңызды таңдау қазіргі азаматтарымыздың өмірінде алғаш рет болған жоқ па? Бұған дейінгі референдумдар, сайлаулар, тіпті, отыз жыл бұрынғы жаңа мемлекет құру бастамасы да кернеуі жөнінен мұншалықты емес сияқты еді…

Артта қалған суперпрезиденттік билік жүйесі мен оның туындысы коррупциялық және клиптократиялық тәртіпті жақтаушылар «қаңтар трагедиясына» дейін де, онан кейін де ат төбеліндей ғана еді. Көзге анық көрінсе де, бірақ абсолюттік өлшемде түк емес сияқты көрінетін. Солай бола тұра, таңдау алаңындағы саяси-саналық көрсеткіш, менің пікірімше, ойдағыдан төмен шықты.

Бұл тұста үгіт пен насихаттың, түрлі кездесулердің аумақтық көрсеткіші жеткіліксіз болды деп айта алмаймын. Телевидение, газеттер, әлеужелілерді пайдалану – өз мүмкіндігінде болды. Ішкі саясат органдары, билік партиясы өзінің төл «сүндетінде» іс-қимылдағы депутаттарды мейлінше пайдаланды. «Халық қалаулылары» статусын ресми иелегендер түгелге жуық Тоқаев идеяларының үгітшілеріне айналып кеткендей әсер қалдырды. Ал, ішкі саясат құрылымдары әзірге құрамын жаңғыртып та, қатарын қабілетті де тәжірибелі мемқызметкерлермен күшейтіп те, үгіт компаниясы басталғанша үлгерген жоқ. Сондықтан да, қалыптасқан идеологиялық, үгіт-насихаттық кадрлық жағдайда акцент – журналистер мен депутаттар – ұтымды пайдаланылды. Жоғарыда көрсетілген нәтижелік сандардың қолда бар көрсеткіші тек мемлекет басшысының халыққа жағымды идеяларының ғана емес, осы категориялардың да үгіт нәтижесі.

Десек те, не себепті қолдау көрсеткіші күткеннен төмен сияқты болып көрінді? Біріншіден, жоғарыда түртіп кеткендей, жылдар бойы бойға сіңген психологиялық ұстаным: билік ресурсы өзі-ақ «жанға жайлы» көрсеткішті қамтамасыз етеді деген дәстүрге енген сенім. Сондықтан қолдау сезімі жеткілікті азаматтардың ішінде де «менсіз де өтеділер» аз болған жоқ. Екіншіден, тағы да жоғарыда айтып кеткендей, үгітшілердің әлеуметтік сегменті тар болды. Оның үстіне олардың сапалық құрамы негізінен ескіден қалған «халық қалаулылары» мен мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерден жасақталды. Олардың белсенді түрдегі әрекеті көзге айқын көрініп тұрғанымен, алдында отырған тыңдармандарында «кешегі әңгіме басқа, еді, ендігісі тасқа, енді…», «семіздің еті қалың, ұятсыздың беті қалың» дейтін халық мақалдары көкейіне иірілгендер де аз болмады-ау, өзі…Үшіншіден, бүгінгі күнгі саяси партияларымыз аталмыш референдумды да, оның мазмұн авторларын да, бір ауыздан, бір дауыспен хор болып қолдағанымен, сөзсіз түрде көзге үгітпен түсе алмады. Өкінішті. Саяси мәдениеті талапқа сай ел мен оның қоғамдық-саяси ұйымдарының ықпалы сәйкес болуға тиісті. Соңында, төртіншіден, телеканалдарда анық көрінгендей, Түркістан, Қызылорда және тағы бірлі-жарым облыстарда ғана сайлаушылармен олардың тұрғылықты жерлерінде – ауыл-селоларда, шағын аудандарда – референдум талаптарын жіліктеп түсіндіру орын алғандай болды. Сол себепті де, олардың бұл тарихи іс-шараға қатысуда да, оның ұсыныстарын қолдауда да, ел бойынша алда болғаны – заңдылық белгісі.

«Жаңа Қазақстанымыздың» алдағы мейлінше ұзақ болғай өмірінде демократиялық өмір салтының талабы бойынша әлі талай осындай саяси актілер күтіп тұрғанына сенімдіміз. Жабайылықтан, оның «сенімді серіктері» коррупциядан, ұрлықтан, зорлықтан, өтірікшілік, арамдықтан, бос мақтангершіліктен шыға бастау үдерісі басталған сияқты. Өткеннен сабақ алып, алға қателеспей қарауымыз керек. Аты көпшілікке белгісіздеу болса да, ой-түйіні көкейде сеніммен ұялайтын Шамиль Сұлтановтың: «Жүз жыл алдағыны болжайтын халықтың тіршілігі мен болашағы он жылын ғана көре алатын халықтан әлдеқайда баянды» дегені жадымыздан терең орын алуға лайық.

Ата заңымызды алдағы біраз уақытқа реттедік. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін әр салада не істеп, не қоятынымызды білетін сияқтымыз. Әлемдік саясат, құдай қосқан көршілерімізбен экономикалық аралас, күн өткен сайын күрделілене түсуде. Бұрынғыдай «алдағыны Алла біледі» деп беймарал аяқты сілтеп басып, алаңсыз жүре беретін заман өзінің қымбатшылығымен, күнкөріс мәселелерімен, әлеуметтік кернеулілігімен ешкімді де бейжай қалдырмайтын түрі бар. К.Маркстың «өмір дегеніміз – күрес» деген даналығы енді толығынан сезілетін, «айналаң толған дүние, байлық, бірақ оған көбінің қолы жете бермейтін – капитализм » дегені де күннен күнге есігін айқара ашуда.

Енді не істейміз? Біраз жылдардан бері ұрандатқан, бірақ ешнәрсе өнбеген «Рухани жаңғыру» дегенің енді алдан шығатын сияқты. Тек рухани ғана емес, прагматикалық та, кәсіби де, ғылыми-техникалық та, саяси-идеологиялық та, құқықтық та,… үстіп кете береді. Біртіндеп, жастан кәріге қарай, алға жылжып, «Қазақстан, алға!» деп ұрандатып, жаңғырып, жаңарып кете беретін шығармыз. Болашақтың түйінделген бүтін образы «Азаматтық қоғам идеологиясы» бейнесінен басқа даңғыл жол жоқ. Ең жаңа тарих басқа тиімді жолды көрсетіп тұрған жоқ.

Басқа да образ болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес. Біздің қоғам, біздің ұлт ұзақ «летаргиялық ұйқыдан» енді-енді ояна бастағандай. Отыз жыл бұрын ояндық па деген едік. Тәуелсіздігімізді ұйқылы-ояу ұзағынан тойлай беріппіз. Соңғы жылдары ғана тойдан шаршап, кредитке батып, кедейлікпен маңдай тіресіп, пандемия есімізді кіргізіп, ояна бастаппыз. Сүйтсек, Көк тәңірінің, ата-бабамыз аруақтарының, әулиелеріміздің мифологиялық идеологиясын өткізіп алыппыз. Үлгілі елдер капиталистік өндіріс қатынасын және соған сәйкес ұлттық мемлекет идеологиясын қолға алған жаңа тарих дәуірінде де діни идеологияның құшағында ұзақ ұйқымызды бодандықпен жалғастыра беріппіз. Енді кезінде феодализмнен социализмге бірақ секірген тәжірибемізді «пайдаланып» алдағылар рыноктық қатынасқа, постиндустриалдық қоғамға, демократиялық және құқықтық тәртіпке тереңінен енген тұста біз де АЗАМАТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ОБРАЗЫНА бірден секірудеміз. Қайтеміз. Ұлттық идеология заманында да қалың ұйқыны қимадық қой. Басқа ешқандай жолымыз жоқ. Поляктар айтқандай: «Пан или пропал!»…

Өткен жылдарда газетіміздің бетінде жарияланған бірнеше мақалаларымда тереңінен болмаса да «идеология» түсінігі бойынша өз білгенімше қаламымды бір түртіп кеткен болатынмын. Қалай болғанда да, қоғамдық пікір алаңында бүгінгі күні де бұл ғылыми және саяси түсінік бұрмалануда. «Идеология» деп көптеген азаматтар барлық салалардағы үгіт, насихат, ұрандар легін кесе-көлденең қойып жүр. Әйтеуір, бұл түсініктің көп жағдайда ол түсінікпен ара байланысы бар дейік. Сонда тіршілікте бірі бірімен қарама-қарсы мағынадағы насихаттар мазмұнының бәрі де «идеология» болғаны ма? Кейбіреулер саяси мазмұндағы үгіт мазмұнына осы түсінікті теліп жүр. Сонда, мысалға алғанда, әлеуметтік, немесе, мәдени мазмұндағы ұрандар идеологиялыққа жатпай ма? Үстіп, әрі қарай да, «әр кәлләда бір қиял» аулына» кете береді…

Қоғамдық-саяси ілімдер тарихында «идеология» деген терминді ХІХ ғасырдың басында (1806 ж.), Еуропа индустриалдық қоғамға, ұлттық мемлекеттілікке көшкеннен кейінгі даму кезеңінде кездестіреміз. Алғаш рет оны ғылыми айналымға енгізген ұлы француз ғалымы Дестюд де ТРАССИ. Бұл ғұламаның ғылыми қортындысы бойынша идеология дегеніміз: «экономиканың тиімді әдіспен қарқынды даму идеяларының жиынтығы және елінің сенімді қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары». Былайша айтқанда, экономика және қауіпсіздік. Жеке идеялар ғана емес. Осы арманға, мақсат-мұраттарға жеткізетін идеялардың ЖИЫНТЫҒЫ! Бұл шешуші құндылықтардан оның ілеспе құрылымдарының өзі маңыздылығы жөнінен «күні туған жағдайда» алға шығып кетеді. Мысалы, саяси идеология, ұлттық идеология, құқықтық идеология, тағысын тағылар…

Идеологиялық мақсат-мұраттардың «носительдері» болып ең алдымен саяси партиялар мен әлеуметтік-қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдар жатады. Ел аумағында халықтың негізі қолдаған, референдумдар мен сайлаулар қабылдаған, конституция мен заңдар легі орындалуына жауапты идеялар жиынтығы – «мемлекеттік идеология» болып табылады. Тап осы идеологияның конструкциясы бізде болған жоқ емес, болды. Біразы сыңаржақ «жетілдірулерге» ұшырап, біразының бары-жоғында жауаптылардың жұмысы да болған жоқ.

Қаңтар трагедиясының саяси дүмпуімен, маусым референдумының құқықтық жол ашуымен, халықтың шыдамының шегіне жақындауымен, «Жаңа Қазақстан» азаматтық идеологиясының негізгі компоненттері Қазақ елінің алдағы шынайы даму ракурсына айналғанын бәріміз де, оның перспективасына сенгендеріміз де, сенуі дүдәмалдарымыз да, күтіп отырмыз.

Енді халыққа ұтымды идеологияның, заң үстемдігінің, нәтижелі шаруашылықтың, әділетті тіршіліктің, уайымсыз өмірдің үміт отын тұтатып, оны біртіндеп лаулатудың әрекетіне бел шешіп кірісу керек.

Ол үшін қатарластыра шешетін көп тірліктің бірі ретінде қоғамның идеологиялық, саяси мәдениетін тиісті жоғары, постиндустриалды елдің деңгейіне сәйкес, биіктікке көтеруіміз керек. Ол үшін қандай арнайы бағдарлама, немесе шаралар легін жүзеге асыру керегін сала ғалымдары мен мамандары, нағыз қайраткерлері жақсы біледі деп ойлаймын. Менің айтатыным тек қазіргідей мәдени бірлігі жоқ, түсінігі төмен, шашыраңқы ел болып қала берсек, онда қазіргі айтып, көп үміт күтіп жүрген «Жаңа Қазақстанымыз» бос сөзге айналып кетуі әбден мүмкін.

Қолдасаңыздар келесі айтатыным, «коррупция» деген әлеуметтік-психологиялық мерезге қарсы күрес қазіргіден ашық, масштабты жүргізілуі керек. Бұл күрес – тек құқықтық маңыздағы, идеологиялық мақсаттағы ғана күрес емес. Бұл – халқымыздың рухани жаңғыруы, ментальдық жаңаруы, жас ұрпақты өркениеттік санаға жетелеу жолындағы күрес. Өткен референдум рухына сәйкес, қоғамдағы барша азаматтың құқықтық міндеті бірдей болуы керек. Осы ең жоғарғы құқықтық та саяси-әлеуметтік іс-шара ойдағы нәтижемен өте сала, «өткен кездегі билік иесіне осындай да осындай артықшылық» бергеніміз дұрыс деген «беделді» пікірлер көзге түсе, құлаққа кіре бастады. Мұндай «артықшылықтар» біздің жаңарған идеологиямыздың, конституциямыздың рухына сай ма!? Егер біз санамызда, тіршілігімізде «феодалдық, монархиялық преференцияны» бір жағдайда сақтасақ, онда, кейін, уақтысы келгенде, тағы да қайталауымыз заңды да, моральды да боп шығатынын қулық пен арамдықтан ада адам жоққа шығара алады ма??

Санамызды тазартпаса, алға қойған мұратымызды бос сөзбен ғана орындататын басқа да ертеден келіп жеткен факторлар аз болып тұрған жоқ. Әлгі айтылған коррупцияның аралас-құралас туысқаны «жемқорлық сана», «ұрлық әдет» дегендер де бар. Өткен 30 жылда кезінде «күнсіздерге күн болған, жер жүзіне нұр болғанның заманында» қорқыныштан мейлінше бәсеңдеп, кейін қайта құтырған әлеупсихолауру – қайта есіру мүмкіндігіне ие болды. Өндірістің өзі де парақорлық және тікелей ұрлықпен қатар Маркс ашқан «қосымша құнмен» бірге баға қалыптастыру үдерісінде «маржа», «салықтан қашу», «еңбекақыдан жону», тағы сол сияқты экономика саласындағы жемқорлық түрлері пайда болды. Басқада жұмысымыз жоқ, ал біздің қазақ қандай экономикалық әдіс болса да, бәрібір, ұрлығын ала жүру «қабілетінің» таптырмас иегері болғаны ма!??

Осындай ұлттық-әлеуметтік келеңсіздіктермен күресу әдістері мен жолдарын жақсы білемін деп айта алмаймын. Бірақ, өте ертедегі барымта мен қарымтадан келе жатқан сананың қалдықтарын түбірімен жоймасақ, онда да алдағы мақсатымыз бен ұрандарымыз, идеологиямыз бен күткен құқықтық құндылықтарымыздың бәрі бекер.

Бірі бірінсіз мұрат-мақсатқа жеткізуі екіталай, өркениетті елдің, азаматтық идеологияның, демократиялық қоғамның, құқықтық тәртіптің және әлеуметтік әділеттіліктің қалыптасу көзі – көпшіліктің пікірі, Батыстың және Оңтүстік Шығыстың үлгісі бойынша жоғары нәтижелі білім, денсаулық сақтау және құқық қорғау салалары, қорғаныс ісі. Голда Мейр атты еврей кемпірі, өткен ғасырдың 60 жылдарының екінші жартысында құрылғанына 20 жыл ғана болған Израильдың премьер-министрі, объективті қиыншылықтар мен араптармен соғыс уақтысында елінің болашағын жаңылыспай анықтап, ел бюджетінің негізгі бөлігін білім-ғылымға, медицинаға және погонды мемқызметкерлеріне бағыштады. Нәтижесі бүткіл алдыңғы қатарлы елдер мойындайтындай болды. Аз ғана уақыт ішінде 3,5 мың (!) жыл бұрын аттарына жайдақ мінген ассириялықтардан тас-талқаны шығып, жұмыр жерге бас сауғалап кеткендердің ұрпағы қандай үлгіге айналды!?! Бізге де басқасы басқа, тура осы мәселеде осы елден үлгі алсақ, шіркін!

Осы мақаланың соңында бұған дейінгі Ата заңдарымыздың ешбір нұсқаларында орын алмаған жаңалық – Республикалық құрылтай – жөнінде. Ертедегі ата-бабаларымыздың ел басшысы хандарын сайлайтын, ең маңызды дейтін мемлекеттік шешімдерін ұлықтайтын дәстүрін символикалық түрде болса да тірілткеніміз дұрыс әрекет. Әрине, заман ерекшеліктеріне сәйкес. Десек те, соңғы референдумның қолдауына сәйкес және Конституция аясында бұл жаңа қоғамдық құрылымды бұрынғы «қоғамдық кеңестің» шеңберімен шектемей, атына лайық кеңістікке көтергеніміз дұрыс деп ойлаймын. Алдымен «Республикалық құрылтайдың» Ережесін түзіп, онымен көпшілікті таныстырып, Президент жарлығымен, немесе, тіпті арнайы заңмен бекіту керек. Сол заңда, не ережеде құрылтайда қаралуы тиісті мәселелер легін шешіп алу және оны мемлекет басшысының бекіту тәртібін анықтаған дұрыс сияқты.

Ең бастысы заманындағы Құрылтайларда оған қатысушылар тізімін сол кездің билік иелері – хан, қағандар – тізбеген. Қатысушылар – жер-жердің, өңір-аймақтардың дала демократиясына сәйкес олардың толық құқықты өкілдері болған. Қазіргі жағдайда мүмкін болған қоғамдық өкілеттікті құрылтайшыларға да, жергілікті «қоғамдық кеңес» мүшелеріне де, тек тұрғылықты жерлердің, ірі өндіріс орындарының, немесе халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарының жиналыстарында ашық дауыспен сайлау арқылы ғана берілуі мүмкін.

Заманында Шыңғысты хан сайлаған, кезінде екі ғасырдай еркіндігін жоғалтқан қазаққа автономиялық мемлекеттігін жариялаған ҚҰРЫЛТАЙлардың беделімен «құрылтай» деп ат қойып, айдар тағып, оның беделін ойланбай «бес тиын» қылғанымыз дұрыс емес. «Қоғамдық кеңес» дейміз. Оның мүшесі өзі арызымен сұранып, биліктің сұрыптауымен, таңдауымен құрамына кіреді де, қоғамның, халықтың(!) өкілі ролінде бола салады! Логикалық ой-түсінікке сай келе ме!?… Референдум арқылы өткен екен, енді бұл тарихи істің оңтайлы шешімін, абыройлы орнын табу керек.

Ауыздан түспейтін «Қаңтардан» бері жарты жыл өтті. Аз да емес, көп те емес. Алдағы жолымыздың жарықтығы күңгірттік реңнен толық арылмаса да, идеологиялық бағыт, конституциялық қоғамдық келісім, әлеуметтік сенім контурында әзірге үміт күттіруде. Өткенімізден және үлгілілерден оқиық, үйренейік! Еңбектенейік, алға ұмтылайық!

Сапарбек САХОВ,

Оңтүстік Қазақстан медициналық Академиясы

«Қазақстан тарихы және қоғамдық-әлеуметтік пәндер

кафедрасының» доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *