КӘСІПКЕР БОЛАМ ДЕГЕНГЕ МҮМКІНДІК КӨП

Қоғам
490 Views

Кәсіпкерлік еңбектің басқа түрлерінен үнемі оқшауланып тұрады. Бүгінгі күні әлемде кәсіпкерліктің жалпыға бірдей нақты қалыптасқан анықтамасы жоқ. Ол дербес бастамаға, жауапкершілік пен жаңашыл кәсіптік идеяға негізделген экономикалық белсенділіктің ерекше түрі деп айтуға болады.

«Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, боламын деген баланың, яғни, жастардың қолтығынан демеп, кәсібіңді аш, еңбектен деп қайтарымсыз несие мен грант беретін мемлекеттік бағдарламалардың бары бізді қатты қуантады.

Рас, Қазақстанда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жасалынып жатқан қолдаулар мен көмектер аз емес.

Өткен аптада «Жұмыспен қамту орталығына» қарасты жұмыс берушілер мен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы Бағила Ибрагимованың ұйымдастыруымен Шардара ауданы бойынша 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде республикалық бюджеттен жеке кәсіп ашу мақсатында 583400 теңге көлемінде грант ұтып алған жас кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысып қайтқан болатынбыз. Жас кәсіпкерлердің еңбегін бағалап, жасаған жұмыстарына тәнті болғандардың қатарында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Бектасов, осы басылымның бас редакторы Сәбит Лахановтар болды.

Республикалық гранттың иелері – жартылай дайын фабрикат тағамдарын ашқан Қалия Жолдасова, кондитерлік өнімдер бойынша Шолпан Нұранқызы, наубайхана ашқан Еркебұлан Әбіл, шаштаразшы Қуаныш Бекбенбетов, кондитер цехы Әсел Мүйтеновалар бүгінгі күні өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкерлер. Мемлекеттің берген қаржысын дұрыс, тиімді пайдаланып, өз кәсіптерінің жемісін көріп отырған жайлары бар.

Жас кәсіпкер Шолпан Нұранқызы «Кәсіп бастағысы келетіндерге айтарым, ешқашан ақшаны алдыңғы орынға қоймаңыз. Ең бастысы – жүрек қалауы, сосын ниет. Бір тиыныңыз болмаса да жүрегіңіз қалап тұрса, Құдай өзі қиыннан қиыстырады. Кәсіптегі басты ереже – адал жұмыс жасау. Ешкімнің ақысын жемеңіз» дейді.

Қазіргі заман – бизнестің заманы. Сол үшін де кәсіп ашамын, кәсіпкер боламын десеңіздер мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдау өте көп. Мүмкіндіктер де аз емес.

Адам өзіне өзі кедергі болмаса, жұмыс істеймін деп талпынған жан бір жерден шығады. Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Сондықтан да кәсіпкер болғысы келетіндерге: «қолымнан келмейді, жасай алмаймын» деп тартынбау керек, нақты ойыңыз болса, оны міндетті түрде жүзеге асырыңыз! Мемлекеттің беріп жатқан мүмкіндіктерін тиімді пайдаланыңыздар!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *