Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы – теннис бойынша Францияда өткен бірінші категориялық турнирде финалист атанды!
Франция астанасы әйгілі Парижде жасөспірімдер арасындағы Tennis Europe турнирі өтті. Бекзада өнердің түп тарихын қопарсақ, француздарға барып тіреледі. Яғни, француз тілінде алақанмен ойын деген мағынаны білдіреді. Қазақ баласы көбіне күрес пен боксқа үйір болса, әкесі Нұрлан Заңғарды төрт жасынан тенниске баулыды. Бүгінде небәрі он төрттегі Заңғар Нұрланұлы талай додада Еуропаны бағындырып, бірнеше дүркін чемпион болды, Қазақстанның көк туын жеңіспен желбіретті.
Дәл бүгін Париж төрінде өткен турнир бірінші санатқа ие және әлемнің 30-дан астам елінен ең мықты «сен тұр, мен атайын!» деген 160 спортшы жиналды. Бұл турнирде жарқырап көрінген көшбасшы өзіміздің қазақстандық, Түркістан облысының оғланы Заңғар Нұрланұлы болып табылады, өйткені барлық қатысушылардың арасында Заңғар чемпиондық жарыста (#1) ең жоғары еуропалық рейтингке ие.
Заңғар финалға жетер жолдағы бірінші айналымда Франциядан келген екі теннисші Ариана Калитераны 6:3, 6:2 және Кипрен Шивалир 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Әрі қарай, 1/8 финалда Заңғар итальяндық Рафаэль Чиуернеллиден оза шапты. Ал ширек финалда Египеттен келген Эйд Мохаммед Шерифпен тартысты күресте мысырлықтың мысын басты, яғни 7:6 (3), 6:2 есебімен есе жібермей жеңіске жетті.
Осы матчтағы сынақтардан кейін Заңғар жартылай финалда Франция лидерлерінің бірі, яки әлемнің 4 ракеткасы — Тимео Труфеллиді 6:1, 6:2 есебімен қапы қалдырды. Турнир финалында Заңғар Германияның ең мықты ойыншысы және әлемнің 3-ракеткасы Нильс Макдональд бақ сынады. Тартысты матчта Нильс пен Заңғар 6:7, 4:6 есебімен ойын ойнап, Макдональдтан кейінгі орынды иеленді. Дегенмен, қазақтан шыққан тұңғыш жас ұлан, теннисші, алақанмен ойнаудың хас шебері Заңғар Нұрланұлының Еуропа чемпионатындағы қадамын жеңісті келе жатыр деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Турнирдің финалы әлемнің басты теннис ареналарының бірі атақты Roland Garros кортында өткізілді. «Жарыстағы жасөспірім ұлдар мен қыздар өздерін ересек ойыншылар ретінде сезіну үшін осында өткізуді жөн көрдік» дейді ұйымдастырушылар.
Әлемді мойындатып, Еуропа елдерінің қақ төрінде топ жарған жас ұлан Заңғарға тек жеңіс пен жеміс тілейміз!
Қазақтың көк байрағын, әнұранын әуелете бер, түркістандық түлек!
«Әділет — ақпарат».