Жұпарбек Үмбет жастайынан жетім қалып, Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген екен. Ел басына ауыр күн туған кезде қанды майданға аттанған. Алматыда жасақталған атақты генерал Панфилов дивизиясына қарасты халық батыры Бауыржан Момышұлының батальонында ауыр артиллерияның зеңбірекшісі болған. «Қызыл жұлдыз», Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», тағы басқа да жауынгерлік медальдармен марапатталған. Туған елге екінші топтағы мүгедек болып оралған. Ұжымдық шаруашылықта бригадир, басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасары, тексеру комиссиясының бастығы қызметін абыроймен атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына елеулі үлес қосқан. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тыңға – 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Құдай қосқан қосағы Рәйлә жеңгеймен бірге бес ұл мен үш қыз тәрбиелеп-өсірген. Олардан қырықтан астам немере мен отыздан астам шөбере өрбіген.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, осы киелі қарашаңырақтың қазіргі иесі Жаппарбек Үмбет – сол Жұпарбек жәкемнің тұңғыш перзенті болатын. Ол 1950 жылы 24 тамызда Сарыағаш ауданының Жамбыл атындағы ұжымшарында дүниеге келген. Сондағы жыр алыбы атындағы орта мектепті бітірген. Ташкенттегі Гәнжәуи Низами атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түскен. Отбасылық жағдайына байланысты аталмыш жоғары оқу орнының сырттай бөліміне ауысады. Сөйтіп 1968 жылы бір кездері өзі тәлім-тәрбие алған білім ордасында еңбек жолын бастайды. Шәкірттерге дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. Футбол, волейбол, шахмат, дойбы үйірмелерін ашып, спорттық шараларды жандандырады. Көркемөнерпаздар үйірмесін ашып, ұстаздар мен шәкірттерді ән айтып, би билеуге, домбырада күй тартуға баули түседі. Жаз айларында кірпіш құйып, асарлатып үй салуға ұйытқы болады. Қысқасы, ауылдың қым-қуыт, қарбалас жұмыстарының бел ортасында жүреді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ол жастайынан адал да еңбексүйгіш болып өскен.
1969-1972 жылдар аралығында Солтүстік әскери-теңіз флотында Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарады. Елден жырақта жүрген үш жыл ішінде матрос жігіт саяси жағынан ысылумен қоса-қабат дене бітімі де шымырлана түседі.
Әскерден келе салысымен ерен еңбекке етене араласады. Жамбыл атындағы ұжымшардың тауарлы-сүт фермасында жұмыс істейді. Сиырларға су береді. Бұзау бағады. Осылайша қара жұмыс істеп, әбден шыңдалған жас жігіт арман қала – Алматыға аттанады. Сөйтіп, сондағы Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заңгерлер дайындайтын факультетіне сырттай оқуға түседі. Ізденгіштігі мен ерінбейтін еңбексүйгіштігінің арқасында оқытушылары мен курстастарының ыстық ықыласына бөленеді.
1973-1975 жылдар аралығында ұжымшардың комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. Жастардың жалынды жетекшісі ретінде талай тірліктерге ұйытқы болады. Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысындағы шұбартаулықтардың игі бастамасын қолдап, қуаттауға шақырады. Ауыл жастарын мал шаруашылығында еңбек етуге үндейді. Аудан көлемінде алғаш рет «Ұшқын» деп аталатын жас шопандар бригадасын ұйымдастырады. Сөйтіп, олар мал басын көбейту мен оның өнімділігін арттыру жолында еселі еңбектерімен көзге түседі.
Жігерлі жастың еңбегін ескерген аудандық комсомол комитетіндегілер оны 1975 жылы өздеріндегі нұсқаушы қызметіне шақырады. Кейіннен аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне көтеріледі. Осылайша қызмет баспалдағымен жоғары қарай жылжыған ол 1979 жылы халық депутаттары аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарады. 1981 жылы Ильич селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Еліміз Тәуелсіздік алған тұста Құркелес деп аталған осы ауылдық округтің тұңғыш әкімі болып тағайындалады. Кейіннен 1994-2001 жылдары Дербісек, 2001-2006 жылдары қайтадан Құркелес, 2006-2010 жылдары Қызылжар, 2010-2013 жылдары тағы да Құркелес ауылдық округтерінің әкімі қызметін абыроймен атқарып, қалың елдің алғысына бөленген. Сонымен қатар 2010 жылдан бері «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігінің Құркелес бастауыш партия ұйымының төрағасы, төрағаның орынбасары қызметін қоса-қабат атқаруда. Ол алты рет халық депутаттарының ауылдық, үш рет аудандық, бір рет облыстық кеңестеріне депутат болып сайланған. Халық қалаулысы ретінде бірталай ізгілікті де игілікті іс-шараларды атқаруға ұйытқы болған.
Атап айтқанда, Ақниет ауылындағы Комсомол орта мектебінің атауын Шәкәрім атындағы жалпы орта мектеп деп өзгертуге септігі тиген. Ардагерлер саябағын ашып, Ұлы Отан соғысына қатысқан 514 жауынгердің есімін мәрмәр тасқа жаздырып қойған. Жекешеленіп кеткен бұрынғы мәдениет үйін кәсіпкер Бақтияр Қунақұновпен бірлесіп «Нұр Ораз» спорт кешені етіп қайта ашып, қазақ күресімен шұғылданушылардың қатарын көбейткен. Бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пунктті ауылдық емханасы дәрежесіне дейін көтерген. Кітапхана, «Бәйтерек», «Бала-сәби» балабақшаларының, «Жібек жолы» ойын-сауық орталығы мен базарының, «Мереке» тойханасының, «Лидер НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, бірнеше жанар-жағармай бекеттерінің ашылуына ықпал еткен.
Құркелес ауылындағы бұрынғы Фурманов атындағы сегізжылдық мектепті Мұқағали Мақатаев атындағы жалпы орта мектеп деңгейіне дейін көтерген. Аталмыш білім ошағының 600 орындық жаңа ғимаратының пайдалануға берілуіне атсалысқан. Бұрынғы XVI партсъезд атындағы кеңшар тараған соң бастауыш мектепті жалпы орта мектеп деңгейіне дейін көтеріп, оған Төлеген Айбергенов есімінің берілуіне ұйытқы болған. «Ақбура» ауылдық емханасының құрылысын салуға атсалысқан. «Айна», «Алиазат», «Ерсаған», «Баланұр» балабақшаларын ашқан.
Дастан деп аталатын оралман бауырлар ауылында жүзге жуық отбасы жайғасқан. Мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункт салынған.
Алғабас ауылындағы Ілияс Жансүгіров атындағы бастауыш мектебі негізгі мектепке айналған. Тозығы жеткен фельдшерлік-акушерлік пункт толықтай жаңартылған.
Еңкес ауылындағы ішкі жолды тауарлы-сүт фермасына дейінгі төрт-бес шақырымын күрделі жөндеуден өткізіп, асфальттап берген. Ауылға газ желісін енгізген. Бұрынғы Макаренко атындағы орта мектептің атауын Қожа Ахмет Ясауи атындағы жалпы орта мектеп деп өзгерткен. Екі балабақша ашқан.
Дархан ауылындағы ұзақ жылдардан бері қараусыз қалған қосқабатты ғимаратты 2006 жылы күрделі жөндеуден өткізіп, клуб, кітапхана, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пункт ашуға ықпал еткен. Сөз орайы келгенде бұған «Сарыағаш» шипажайы (К. Сәрсенбеков), «Әсем-Ай» (С. Құдайбергенов), «Дина-Н» (Н. Асанов), «Асфальт» (А. Мамыров) ЖШС-тері мен жеке кәсіпкер Б. Қожамұратов пен ауыл биі М. Әшіров белсене атсалысқанын тілге тиек ете кетейік. Елді мекендегі 67 отбасының үй-жайын газ желісіне қосқан. Бұл жұмыстарға Қ. Көкеев, Ж. Сүлейменов, Ә. Жамиров, Е. Рахманбердиев, Ж. Байыров, А. Сейдуллаев, М. Әшіров өзіндік сүбелі үлесін қоса білген. Жаңа үлгіде салынған демалыс орындары мен заманауи гольф алаңшалары бүгінде халыққа мінсіз қызмет етуде. Осы орайда құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүріп оған жетекшілік жасаған майталман маман Шәмші Райымбековтің еселі еңбегін ерекше атауымызға болады. 600 оқушыға лайықталған Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектебі пайдалануға берілген. 500-ден астам отбасы ауызсумен қамтамасыз етілген.
«Береке» деп аталатын оралман бауырлар ауылында да берекелі тірліктер атқарылған. Бүгінде мұнда 100-ден астам шаңырақ бой көтерген. Бастауыш мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, ауызсу, газ, жарық, жол мәселелері өз шешімін тапқан.
Бұрынғы Мичурин ауылы бүгінде Нұрлы жол деп аталады. Аудандық оқу бөлімінің қолдауымен Омаров атындағы бастауыш мектеп алдымен негізгі, кейіннен жалпы орта мектепке айналған. Тұрғындар саны 400-ден астам отбасыға жеткен.
Жаңа арық ауылындағы жолдар жөнделіп, көшелер көріктене түсті. Абдуллаев көшесі жарықтандырылды. «Ай-Күнім» деп аталатын балабақшасы мен жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп отыр.
Кешегі Қызыл Қазақстан ауылы бүгінде Жылы су, Жаңа талап ауылдары деп аталады. Бұрынғы Алма Оразбаева атындағы бастауыш мектеп алдымен негізгі, кейіннен жалпы орта мектепке айналған. «Қызыл телпек» деп аталатын балабақша ашылған. Қос ауылды ауызсумен, газбен қамту жұмыстары өз шешімін тапқан.
Келес ауылында да келісті тірліктер тындырған. Ауған соғысының ардагері, кәнігі кәсіпкер А. Баймұхамедовтың бастамасымен ашық спорт алаңы салынған. 100 орындық «Кәусар» балабақшасы пайдалануға берілген.
Құлтума, Ақ үй, Бесқұдық ауылдарында да берекелі жұмыстар жүргізген. Мұнда ауызсу, газ, жарық мәселесі өз шешімін тапқан.
Жаппарбек Үмбет Құркелес ауылының әкімі қызметінде жүргенде өзінің ауылдық округінде алдымен Ақсақалдар алқасын, кейіннен Ауыл билер алқасын құрып, жергілікті билік жүйесін жетілдіре түскен. Аудандық құқық қорғау органдарымен бірлесе кеңесе отырып, жергілікті билік жүйесінің ережесін әзірлеп, оны аудандық мәслихаттың сессиясында бекіткен. Әрине, олардың бәрі бүгінде заман, қоғам талабына сай жаңарып, жаңғыра түсуде. Өзге ауыл, аудан, облыстармен тәжірибе алмасып, сан алуан семинар-кеңестер мен басқосулар өткізген. Иесіз қалған Ақбарақ, Кескен, Қаратұқым, Құлтума, Рамадан, Сарыүйсін, Шошым су каналдарын мемлекеттік коммуналдық меншікке өткізіп, оларға бюджеттен қаржы бөлдіріп, тазалау, жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізе білді. 13 шақырымдық газ желісін де мемлекеттік коммуналдық меншікке өткізген.
Дербісек ауылында шағын саябақ ашып, «Сарбаз-Ана» ескерткішін салдырған. Оралмандар қоныстанған Атамекен ауылының атауын заңды түрде рәсімдеп берген. Бастауыш мектептің жанынан салынған қосымша сынып бөлмелерін пайдалануға тапсырған.
Қызылжар ауылдық округіндегі әкім қызметі кезінде 300 орындық мектеп, пошта ғимараттарын салу, Жамбыл Жабаев, Бейімбет Майлин атындағы жалпы орта мектептерінің жылу жүйелерін жөндеу, емхана, фельдшерлік-акушерлік пунктті күрделі жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Ардагерлер саябағын ашқан.
Мүгедектер мен жетім балаларға жанашырлықпен қараған. Құркелесте –16, Дербісекте – 11, Қызылжарда – 7 жетім балаға пошта мен банктен арнайы жеке есепшот аштырып, қаржы аударып отырған. Бүгінде сол жетімектердің біразы жоғары білім алып, еңбекке араласып отыр. Ардагерлер кеңестері, әйелдер кеңестері, жастар ұйымдары, діни ұйымдар, жалпы зиялы қауым өкілдерімен, жекелеген адамдармен жүргізілген жүйелі қоғамдық жұмыстардың нәтижесінде ел-жұрттың құрметіне бөленген. Абыройы асқақтап, беделі биіктеген.
Ерен еңбек қашанда елеусіз, ескерусіз қалған емес. Жаппарбек Үмбетов «Тыңға – 20 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» (2011), «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» (2016) мерейтойлық медальдарымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойына байланысты Президенттің Алғыс хатымен (2001), сондай-ақ облыс, аудан әкімдіктерінің, облыстық, аудандық мәслихаттарының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар «Сарыағаш ауданының құрметті ұстазы» (2000), «Ардагерлер кеңесіне – 20 жыл» (2007), «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» (2010) төсбелгілерінің иесі. 2016 жылы Сарыағаш ауданының құрметті азаматы, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалімен және Дипломымен марапатталған.
Құрметті еңбек демалысына шыққанымен Жапакең қол қусырып қарап отырған жоқ. Жалпы алғанда, ол тыным таппайтын жан. Жеке шаруа қожалығына жетекшілік етеді. Түркістан облыстық Қызыл Ай қоғамы филиалының Сарыағаш ауданындағы уәкілетті өкілі. Құркелес ауылының төбе биі. Ақниет ауылының биі. Міне, осындай қат-қабат қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген жетпісті желкелегелі тұрған жігіт ағасының ширақ қимылына, іс-әрекетіне қарап, айрықша сүйсінесің. Келес ауданындағы «Абай автобус паркі», «Ер Дәуіт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің кеңесшісі қызметін атқаруда. Марат Базаровтың өтінішімен Сарыағаш қаласындағы автобус паркінің жұмысын жүйеге келтіріп, оның айналасын көгалдандырып, абаттандыруға айрықша атсалысқан. Банк арқылы жеті жаңа автобус алуына ықпал еткен. Бүгінде бұл ізгілікті де игілікті істерді жас кәсіпкерлер отбасымен сенімді жалғастыруда. 2014 жылдан бері қоғамдық негіздегі медиатор ретінде қаншама отбасын татуластырып, жас жұбайлардың сауабына қалды. 2017 жылдан бері Құркелес ауылдық округіндегі Ақниет ауылының биі ретінде тұрғындар арасында Елбасының Жолдауларын, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын насихаттау жолында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Білім ошақтары мен көшелерге қазақ зиялыларының есімін беру жолында көп тер төкті.
Жапакең әсіресе әдебиет, мәдениет, өнерге айрықша құштар. Осы орайда оның жерлесіміз, жаужүрек жауынгер, арқалы ақын Тоқаш Бердияровтың әдеби көркем дүниелерін насихаттау жолындағы еңбегі ересен. Ақиық ақынның 90 жылдық мерейтойын республикалық дәрежеде өткізуде айрықша белсенділік танытты. Тойға Тоқаңның үйіндегі Үміт Таласбаева, Клара Құдайбергенова секілді жеңгейлерді, қыздары мен немерелерін арнайы шақыртып, кешегі мен бүгінгі ұрпақты сабақтастыра білді. Тоқаш Бердияровтың «Адыраспан» атты таңдамалы жыр жинағы мен ол туралы «Көке» деп аталатын естеліктер жинағын құрастырып шығарған алматылық ақын Болат Шарахымбайға көп көмегі тиді. Кейіннен Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет, мәдениет және өнер бірлестігін құрып, ақын есімін мәңгі есте қалдыру шараларына белсене атсалысып келеді.
Айта берсек, жамағатқа жағымды Жаппарбек Жұпарбекұлының тындырымды тірліктері өте көп. Адал еңбек етті. Білімді де білікті басшы бола білді. Қос түрлі қоғамда басшылық қызмет атқарды. Отбасылық бақытқа бөленді. Жан жары Рахима жеңгей екеуі бес ұл мен бір қыз тәрбиелеп, өсірген. Олардан оншақты немере өрбіген. Бүгінде алпыстың сегізіне шыққанымен, әлі де ширақ, тың. Ел игілігі жолында еселі еңбек еткен жанды туған күнімен шынайы құттықтап, оған ұзақ та бақытты өмір, зор денсаулық, таусылмас табыс тілегіміз келеді.
Бауыржан ШЕРТАЕВ,
Қошқарата ауылының биі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медалінің иегері.
Келес ауданы,
Түркістан облысы.