САЛТАНАТ

Өмір-өзен
1 310 Views

Ауруханаға келдім. Салтанат апай аурухана алдындағы алаңға шығып күтіп алды.

– Жүрекке не болды?

– А, жүрек пе, жүрегімді ауыстырып, орнына арыстанның жүрегін салып алам, сосын көресіңдер.

– Жаныңызда арыстандай айбатты ағамыз жүргенде арыстанның жүрегіне неге құмарттыңыз?!

Жадырап күлді. Абысындарыма айтсам, «Иә, еңбегің сіңді, арыстанның жүрегін салып ақырсаң да көнеміз, жанымызда жүрсең болғаны дейді ғой», – деп ерекше сыйластықтың әдемі арқауындай әңгімелеп әдемі күлімсіреді.

Далада ұзақ отырдық. Ата-анасы Салтанат деп атағандай, сән-салтанаты келісті. Арқаның аруы атанды. Мәдидің жырын жаттап өсті.

Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады, –

деп қайталайтын. Жанында мұңы болғандықтан емес, ақын жанындағы мұңды түсінуге деген талпыныстан.

Әдемі өлең әдіптеді. Оңтүстікке сүйгені Ғанимен қол ұстасып келді. Жақсы отбасы болды. Жары жанына мұң түсірмеді. Арқаны, төркіні мен бауырларын сағынғанда ғана жүрегі алқынып қалатын. Сағынышын жырмен жеткізді.

Дүниеге перзент әкелді. Аяулы ана, мейірімді әже атанды. Өзгенің мұңына жаны егіледі. Қуанышына ең алғаш болып ортақтасады. Өзінің ғана денсаулығына салғырттау қарайтын. Себебі, өзгенің қамын көбірек күйттегендіктен болар деп ойландым.

Алғаш жүрегі сыр берген сәт есінде. Иә, туған бауыры Нұрлан кенеттен қайтыс болғанда жүрегі езіліп кеткендей еді. Бауыр қайғысын көтеру ауыр соқты. Күңіренді. Дүние жалған деп сан рет қайталаса да қабырғасын қақыратып тастап, бауырын суырып алған дүниенің қаталдығына көндігуі қиын болды. Жыр арнап, жүрегіне басу айтты. «Сабыр – иманның жартысы» деп көңіліне сабыр тіледі.

Жарық дүниені жанарына сыйғыза алмай жарық жалғанмен асығып қоштасқан Нұрлан бауырының бойындағы өмірге деген іңкәрлік, туыс бауырға деген тілек пен ниетті жиі сағынатын. Дүниені күлкісімен толтырып жүретін бауырының бақилық болғанына сене алмай сенделді. Заңғар көктен кіршіксіз көңілмен күлімдеп тұрғандай, бірде ақ сүт берген анасы мен қос емшекті таласа еміп өскен бауырларын, асыл жары мен желкілдеп өсіп келе жатқан перзенттерін қимай мұңға малынып тұрғандай көкке жиі қарайтын. Иә,сол сәттерде жүрегі сол көкке ұшып кетердей атқақтап соғатын.

Өмірде қайғыдан гөрі қуанышты сәттері аз емес. Сонда құйтақандай жүрегін қай жерде жаралап алды.

Қолына қалам ұстатқан сағыныш атты сезім болар деп өзі топшылайды. Төркінін сағынғанда төрт қатар болса да сезімін өрнектеп ақ параққа жазып қоятын. Өлең жазып болған сәтте-ақ бебеу қаққан көңілі байыз тапқандай жаймашуақ күндердің жетегіне ілеседі.

Тұла бойы тұңғышы Ернұр спортқа қызықты. Басқа қалаларға жарысқа кетер кезінде жүрегі аласұрып тұрса да жанарындағы жасты ұлына көрсетпейтін. Жас жүрегін жасытқысы келмейтін. Арыстандай айбатты бол деп тәрбиелесе де қара күші басым ұлының жүрегі тым нәзік екенін ана жүрегімен сезетін.

Күреске шығар сәтінде жазған жырын ұлына оқып беріп жігерлендіреді. Сайыста өзгеден соққы алып қалмаса екен деп Жаратқаннан тілейді.

Ернұрым,

Тілейтінім саған мәңгі

Алдыңнан жарқырасын бақыт таңы,

Тілеймін зор денсаулық, ұзақ ғұмыр,

Шақырсын жақсылықтың армандары.

Вокзалда шығарып салып, ақ жүрегінен шыққан өлеңін ана көңілінен төгілген батадай ұсынады.

Ердей туған Ернұрым,

Төксінші саған ел нұрын.

Ұзақ жолдан күтемін

Жеңіспен дәйім кел, Нұрым.

Сол алып денесімен мойына асыла кететін жүрегі нәзік құлыншағы да әке атанды. Бір үйдің отағасы.

Қызын да құтты орнына қондырды. Өзі төркінін аңсап, кейде қамығып қалатындықтан, қырмызыдай қызының жанынан алыстап кеткенін қаламады. Қызының қалауы өзіне жақын жердің жігіті екенін естігенде іштей қуанды да құптады.

Ауру деген не тәйірі, әлі-ақ жазылып кетесіз!

Иә, жазыламын ғой, деді. Ол мұңайған сәттерін сездірмеуге үйренген. Күлімдеп тұр.

Ауруханадан қайтып келемін.

Зылиха ЖАНТАСОВА,

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *