КЕК (РОМАН)

Әдебиет
361 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

– Өзінің жасы да қырыққа жеткен жоқ қой. Сондықтан болыстың өзін де ілу керек қой тізімге, – деді Мойнақ.

– Қазір оның тізімімен қосып, басын да ошаққа тығамыз. Кеттік, жігіттер!

Біреулері шиті мылтықтармен, біреулері шоқпар-сойыл­дармен қаруланған отыздан аса жігіт дүрік көтеріліп, Шиенге беттеді. Шөбі қураған жазғы даланың шаңын шығарып, ауыл ортасындағы болыс кеңсесіне ілезде жетіп келді. Кеңсе алдында болыстың күймесімен қатар оң жақтағы ұзын кермеде он-он бес ат байлаулы тұр. Есік алдындағы мұншама аттарға қарағанда. болыс өзіне қарасты старшын-шабармандарын, хаткер-хатшыларының бәрін шақырып қызу жұмыс үстінде отырған сияқты. Жолында кездескеннің бәрін таптап кетердей екпінмен шауып келген топ кеңсе алдына дүбірлетіп тоқтағанда, іштен Тұрап старшын мен екі-үш кісі атып шықты. Екі көзі шатынаған старшын салған жерден қолдарын ербеңдете айқайға басты:

– Ай, кілең бұзақы, басбұзарлар! Мына қылықтарың қай қылық?! Шеттеріңнен жынданып, естерің ауысқан ба, өзі?! Кеңсе алдына бұлай еліре шауып келуге батылдарың қалай барды, өңкей қуаяқ жалаңбұттар?! Ай, бұларың не деймін, сендерге?! Бастарың екеу, жүректерің үшеу боп кеткен бе, түге?! Қазір осы жетесіз әрекеттерің үшін шеттеріңнен аттан жұлып, тепкілеп тастасам, қой дейтін адам табылса, қанеки…

 Оған қасындағы шабармандар қосылды:

– Иә десейші, болыс-екеңнің шаруасы бастан асып, бәріміздің де миымыз ашып жатқанда бұлардыкі не желік?

– Соғысқа аттанатындарына қуанып, шапқылап жүрген шығар бәрі? Әй, Нүке, Мойнақ, солай ма? Болысқа, Тұрапқа, бізге алғыс айтуға келдіңдер ме?

– Иә, алғыс айтуға келдік. Бірақ алдымен сендерді өлгенше таяқтап аламыз. Содан өлмей қалсаңдар, алғыс айтамыз, – деп оны кекете сөйлеген Омарбек атын тебіндіріп алға шықты.

Кеңсе алдындағылар топ ішінен Омарбекті байқамаған-ды. Ол алдарына шыққанда, аналардың көздері бақырайып, бұл қайдан тап болды дегендей, айтарға сөз таппай, бір-біріне жабысып, сілейді де қалды. Құдды бір жер астынан шыға келген Мәдіні немесе шайтан көргендей демде үрейленіп, түрлері қуарды. Тұрап старшын «болысекеңе, болысекеңе…» деп, сөзінің аяғына тілі келмей, міңгірлей күбірледі.

– Болысекеңе менің келгенімді хабарлап, сүйінші сұрамақсың ба? Жүр, екеуміз оған бірге кірейік. Сүйіншіңді болысыңа менің тірі екенімді көрсетіп алсайшы.

Омарбек Тұраптың желкесінен сүйрей ішке кірді. Артынан жігіттері ілесті. Болыс кең бөлмедегі дөңгелек үстелдің басында он шақты кісімен отыр. Алдарында қағаз. Қолтығына қос-қос жастық қысып жантайып жатқан болыс топырды көргенде, атып тұрды:

– Бұл не бейбастық?! Тұрап, қасыңдағылар кімдер? — деп айқайлай беріп, Омарбекті көрді де, жүзі бұзылып заматта үні өшті. Жан-жақтағыларына алақ-жұлақ қарап, терең бір күрсінді. Сосын өзі осы жердің тірегі болыс екені есіне түсіп кетті ме, ақыра жөнелді:

– Ай, мына Омарбек деген қаныпезер қашқын қайдан келді?! Арыстанның апанына өз аяғымен келген бандының бұл келісі мұндай жақсы болар ма? Енді ешқайда құтылмас! Тұрап, ұстаңдар оны! Қалған қаратобырды сабап-сабап қуыңдар! Ай, неғып тұрсыңдар, мелшиіп?! Сабаңдар дедім ғой сендерге! Сөйтіңдер де, анау бандыдан басқаларын көзіме көрсетпей қуыңдар!

Жігіттер болыспен де, басқаларымен де сөзге келген жоқ. Омарбектің иек қағуымен Мойнақ Тұрапты, Нүке қасындағы шабарманды бір-бір ұрып, болыс алдындағы үстелге жалп еткізді. Отырғандар сес көрсете, қырып-жоярдай сөз айтып, тұра беріп еді, Омарбек артына жасырып тұрған мылтығын төбеге қаратып басып қалды. Құлақ тұндырған мылтық даусынан шошынған болыс пен өре түрегелген адамдары қайта отыра кетісіп, қолдарымен бас-құлақтарын басты. Омарбек ақырып берді:

– Біз сендермен ойнауға, болмаса балағат сөздеріңді есітуге келген жоқпыз. Тұрап, алдымен қағаздарды жинап ал! Сосын бәрінің арттарынан теуіп далаға шығар! Жаңа бізбен алысқылары келді ғой. Мықтылықтарын далаға шығып, кең жерде көрсетсін!

Қанша дегенмен Сабылтай – көкіректі, төбелес десе, бір иығын беріп тұратын тентектігімен аты шыққан адам. Тұраптар үстелдегі қағаздарды жинастырып, старшын-шабармандарды желкелеп далаға шығара бастағанда, екілене айқай салды:

– Әй, мына өңкей жалаңаяқ тобыр қайтеді? Әй, кіммен ойнап тұрсыңдар, өздерің?! Әй, тоқтатыңдар басбұзарлықтарыңды, әйтпесе, шеттеріңнен дүреге жығып, ол аз болса, итжеккенге айдатам! Әй, атаңа нәлет сұмырайлар… – Қайткенде де, болыс қара күшке мықты, қолы тигенді ұшырады, құшақтағанын алып ұрады. Аласұра айқайлап тұрып, өзіне таяй берген бір жігітті бір ұрғаннан жалп еткізді. Екіншісін белінен қапсырып, лақтырып жіберді. Отырғандардың көбі далаға шығып, босап қалған үй табанына екі жазған серейіп түсті. Сабылтай жынданған күйі оларды таптап өтіп бұрыштағы Омарбекке жетіп келді: – Тапқан екенсің, басынатын адамды, бұзақы! Әй, өзіңді мұнда – азап, болмаса ажал айдап келгенін білемісің?!

Тістеніп тұрып, Омарбекті құлаштай соқты. Бұл оның қолына сол қолының білек тұсын тосып қалды да, аса шапшаңдықпен бетіне басымен тіке соқты. Сабылтайдың жуан беті тыжыранып, ілезде қан басты. Дала-дала бетін қолымен баса бергенде, Омарбек іштен соқты. Ол екі бүктетілді. Осы кезде тура қарақұсынан кезекті бір соққы тиіп, басымен жер сүзе құлады. Омарбек заматта желкесіне жармасып, со бойда сүйреп, далаға бір-ақ шығарды.

Оны есік алдына лақтырып жіберіп, жанына старшын-шабармандарын қатар тұрғызып қойды. Тұрғандардың ішінен Тұрапқа сауал қойды:

– Ал, старшын, айт! Бүгін не мәселені талқылап жатыр едіңдер?

– Он шақты күннен бері бір-ақ мәселе ғой, қаузап жатқанымыз. Ояз бастықтары Шиен болыстығынан бір жүз сексен екі жігітті майданға аттандырасыңдар деп бұйырған. Солардың тізімін жасап…

– Осы күнге дейін қанша адамды тізімге алдыңдар?

– Ояз бастығы тамыз айына дейін бірінші кезекте аттандырылатын он тоғыз бен отыз бір жас аралығындағы жігіттердің тізімдерін беріңдер деп пәрмендеген. Сол жастағылардың барлығын бүгін түгелдеп, қаттап, оязға жіберейін деп отырғанбыз. Ал тамыздың ортасынан кейін майданға жіберілетін отыз бір мен қырық үш жас аралығындағыларды ертеңнен бастап іріктейік дедік…

Омарбекпен бірге ілесіп келгендердің ішінде арабша жазу жазып, оқи алатындар да көп. Тұрап сөйлеп жатқанда, топтағы сауатты жігіттер болыс тізімін жанындағыларға оқып беріп жатқан. Тізімді естігендер біресе таңғалып, біресе күлісіп тұрған. Солардың бірі Омарбекке айқайлады:

– Омеке, Тұрапты қайтесіз? Қызықтың бәрі мына тізімде екен. Есітіп көріңізші, уай, иә, бәріңіз де есітіңіздер! – Сөйтті де, ешкімнің жауабын күтпей, сөзін жалғастыра берді: – Ай, мынау Бекболаттың Ойсылы, Шаншардың Әзімбайы, Шолғынның Кесекбайы, Жәңгірдің Тасыбегі қырықтан асқан ғой, бәрін отыз жаста деп қойыпты. Мына Тәштайдың Айдар деген мұрынбоқ баласын он тоғызда депті. О, Құдай-ау, мұндағылардың көбісінің жастары дұрыс емес-қой. Ой, мына Сарыгүл кемпірдің екі баласы да кемтар ғой, бірінің аяқтары, бірінің қолдары істемейді. Екеуін де дені сау, жұмысқа жарамды деп тізімге қосыпты. Қарап тұрмын, қағаздағы жазуда болыс пен старшындардың, билер мен байлардың, атқосшы-шабармандардың бірде-бір туысы, не баласы жоқ. Тіпті болыс пен Асқар байдың бірде-бір жалшы-малшылары да кірмеген.

– Мына тұрған болыс пен қызметшілерінің, тек анау Садыр мен Қадірден басқасының бәрі патша жарлығына сай майданға баратын жаста. Тізімге осылардың өздерін тізіп, оязға беріп жіберейік те, – деді Мойнақ.

– Тізім жасап не қыламыз? Одан да, Сабылтай мен Тұрапты адамдарына қосақтап, майданға осыларды жөнелтіңдер деп, ояз алдына апарып тастайық та.

– Иә, қызық болсын, солай істейік, – десті біреулер.

Бағаналы бері тәніне батқан соққыны ауырсынып, тіл қатпаған Сабылтайға осы кезде жан бітті. Әлде де қорқатын емес, алғашқы сөзін тізімді ұстаған жігітке дөңайбат көрсетіп, одан қалың топқа тиісті:

– Өй, сорлы, сен қашаннан болыс қағазына ие болуды әдет еткенсің?! Қолыңдағыны әкел бері! Онда өкіметтің пәрменімен жазылған аса қат жазу бар. Қайтар оны, маған! Ал, сендер, жиылған тобыр, отпен ойнап тұрғандарыңды әлі түсінбегенсіңдер ме?! Әлде, бәрің ажалдарыңнан бұрын өлуге асығып тұрсыңдар ма?! Табандарыңда жалтыратыңдар тез, бұл жерден!

– Сабылтай, сен түкке де түсінбепсің, – деді Омарбек. – Бүгіннен бастап сенің күніңнің өткенін, ендігі ауылдағы билік пен құзырды біз қолға алатынымызды, жоқ, алғанымызды патша жарлығына қарсы көтеріліп, майданға жігіт бермейміз деп, қол құрағанымызды байқамай тұрмысың? Біз кешеден бері сендермен, ояз-ұлықтармен тайталасқа түсуге дайын, керек болса, соғыстан да тайсалмайтын жасақ құрдық. Сен, ұлықтардың итаршысы, осыны миыңа жақсылап құйып ал да, аман қалуыңды ойла, айтқанымызға ләппайлап көн!

Әлбетте, Сабылтай Омарбектің бұл сөзіне сенген жоқ. Ол бойындағы болыстық көкіректік пен астамдықтан, паңдық пен кеудемсоқтықтан әлі арыла алмаған. Бұрын алдында қоғадай жапырылып, талдай иіліп жүретін қалың кедейдің бұлайша бас қосып, өзіне, үкіметке қарсы көтерілдік дегені оны әлі титтей де ойландырған жоқ. Омарбектің сөзін – оның кәдуілгі бұзақылығына, Түке мен Мойнақтың қылығын – олардың бұрынғы басбұзар тентектігіне балады. Сондықтан да, ірі сөйлеуден таяр емес:

– Пішту, сөздеріңе! Омарбек, сен дүниедағы күшті адам болсаң, сол дүнияны осы күнге дейін неге төңкеріп тастамағансың?! Мықты болсаң, неге ояздан қашып, тау-тасқа тығыласың?! Түке мен Мойнақ, сендер ірі болсаңдар, ауылға келген он солдаттан қорқып, неге көртышқанша індеріңе тығылып қаласыңдар?! Ал, сендер, қу тобыр, жүректі болсаңдар, осыған дейін бір старшынның қамшысынан неге зәрелерің ұшып келді?! Әлі де ұшады зәрелерің! Жоғарыдағы хүкімет – ұлық, ауылдағы хүкімет – мен! Қаратабан тобыр қашанда хүкіметке бағынған. Омарбек! Қарақшылығың – ауылдағы жалаңаяқ пен өзің сықылды тау-тас кезген ұры-қарыға жүретін шығар, бірақ хүкіметке жүрмейді. Хүкімет арыстан болғанда, сенің тышқан ғұрлы қауқарың жоқ. Мына жетесіз қуаяқ ақымақтарды сен ертіп келдің бе?! Тарат бәрін! Ертең ауылға мені жақтап жандарм, жүз солдат келеді. Қолдарыңа қу таяқ ұстаған сорлылар, сонда күндеріңнің не болатынын ойладыңдар ма?

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *