Келес ауданы әкімдігіне қарасты «Қазыналы қария — тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында дөңгелек үстел өтті.
Аудандағы кәсіпкерлердің басын қосқан жиынның негізгі мақсаты — жұмысқа икемі бар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі сөз болды.
Дөңгелек үстел барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнұр Құралбаева аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалынып жатқан жұмыстар жайлық ақпарат беріп өтсе, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрипа Темірбаева кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға мемлекеттен көрсетілетін және көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталды.
Жиын соңынан кәсіпкер Ұлбосын Рүстемова өзі ашуды жоспарлап жүрген тігін цехына тігіншілік қабілеті бар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуды ниет етіп отырғанын жеткізді. Кәсіпкердің бастамасына ауданға қарасты мекемелер өз құзіреттілігі шегінде көмектесетінін атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылып, нәтижелі жұмыс атқарылатын болады.